Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет23/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   107
БЕСІНШІ ТАРАУ
ƏНГЕ ƏУЕСТІК
СІБІР ƏНШІ
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Əсем əн мен тəтті күй».
Абай
Жылқыдан босанып келгеннен кейін мен тағы да белгілі Жаманшұбарда
жүре бастадым. Маған тағы да өлеңнен басқа кəсіп табылмады. Бірақ мен
бұдан кейін көбінесе, қиссаға емес, əнге құмарттым...
Жұрттың пікірі мен туралы екіге жарылды: «Атасында бақсылық бар
ғой, — десті біреулер, — дəу де болса, осыны аруақ қысып жүр, бұл да
бақсы болады»; «Бақсы дегеннің түсінде ызғар болады деуші еді, — десті
екіншілер, — мынауың, бір шайқымазақ, осындайға бақсылық қонушы ма
еді? Бұл кəдімгі аха-хау, ехе-хеудің өлеңшісі болады да қояды».
«Бақсы болады» дейтіні мен ауылымыздағы «бақсы қатынның» үйіне
барғыштаумын. Оның аты — Қымбат, баласыз, байсыз жалғыз кемпір,
Қымбаттың күйеуінің аты Быламық екен жеңгелері оны «Кеже» қойып,
содан ел де «Көже» деп кеткен. Көже де бақсы болған адам. Ол біз есімізді
білмеген кезде еледі, қабыры Достың дөңіндегі зиратта. Өзге қабырдың
үстіне шоп шыққанда, оған шықпай, сары топырақтанып жатады. Жұрт
бұны екіге жориды: баласы жоқ қой, қабырына шөп шықпауы сондықтан
деседі біреулер; енді біреулер: Бақсының қабырына шөп шықпайтын, —
деседі.
Көженің бақсылығы қандай болғанын біз білмейміз. Қымбатты көрдік.
Қазіргі санамызда біз жын-шайтанды да, олармен «жолдас» болатын
бақсыны да танымаймыз ғой. Олардың жүзден тоқсан тоғызы, Шоқан
Уəлиханов айтқандай, шарлатандар екені рас та ғой. Солай бола тұра,
бақсылардың арасынан, біздің қазіргі тілімізбен айтқанда, кейбір
фокусшілер, немесе шын мағынасындағы гипнозшылар кездесетін сияқты.
Қымбатты сондай гипнозшылардың бірі ме деп ойлаймын.
Ол — қол тоқпақтай ғана кішкене денелі кемпір, со денесіне
лайықталып біткендей, бет-аузы да бір-ақ уыс. Пышақтың желкесіндей боп
біткен қып-қырлы мұрнының ұшы біз сияқты іп-істік. Шүңірек келген
кішкене шегір көзі қараған адамның өңменінен етіп кете жаздайды Кірпігі,
қасы, шашы жіп-жирен. Денесінің еті сүр болғандай сүйектеріне жабысып
қалған. Жəне түсі көп-көгілдір. Сол терілердің астынан білеулене біткен
тамырлары өрмекшінің ауына ұқсайды да, қызылы, көгі, жасылы аралас


сияқтанып талаурап тұрады. Тері мен еттің ішіндегі сүйектердің бөлшегін
сыртынан санап алғандай боласың. Қылқиған жіңішке мойнына жабыса
біткен өңеш пен кеңірдек бері қарай білеуленіп, сыртынан жапсырып
қойған сияқтанады.
Жұрттың айтуынша, Қымбат жас күнінде молаларға түнеп, жаз болса
есіз қыстауларды кезіп жүреді екен. Бақсылық оған бойжеткен кезінде
қоныпты-мыс. Кеже де со кезде бақсылық құрып жүрген жас жігіт екен
екеуі көңіл қосқасын Қымбаттың əкесі Көжеге қалыңмалсыз береді...
Қымбатты гипнозшы ма деп ойлайтын себебім, жынданған адамның
ілуде біреуі болмаса, одан жазылмай кетпейтін еді. Өзім көрген бір
мысалды алайын. Біздің кішірек кезімізде Дос басына қонған ауыл бір
кезде у-шу бола қалды, сөздері: «Бəйділда жынданды!..»
Бəйділданың əкесі Қосшығұлдан: Кəлен, Кəсен, Əлен, Əлмен, Əбділда,
Бəйділда атты алты ұл туған. Кəсені ғана ерте өлген, өзгесі біз көргенде
тірі, Қосшығұлдың тірі бес баласының бесеуі де өте зор денелі адамдар.
Жастары со кезде жиырма бес пен қырықтың арасында. Кəлен бір жиында
бас балуанға түсіп, бəйгесіне түйе алғандықтан «Түйе балуан» атаған.
Оның інілері де, бір кісіден жығылмайды. Шаруасы шағын үй
болғандықтан кейінгі төртеуі үнемі жалшылықта жүреді.
Сол кезде жиырма бестер шамасындағы Бəйділда Нұртазаның үйінде
жалшылықта тұратын. Жұрттың айтуынша, оның бір өзі бес жігіттің
жұмысын істейді... құдыққа түскен ірі қараны жалғыз өзі суырып алады...
асау жылқыны құлағынан алса, тырп еткізбейді, со күшіне тамағы да сай,—
бір өзі екі-үш жігіттің асын ішеді... Оның денесі, жұрттың осы мақтауына
сиғандай: бойы биік жауырыны кең, сүйектері ірі, жұдырықтары
тоқпақтай... со сияқты дəу жынданса, жұрттың зəресі кетпегенде қайтсін!..
Бəйділданың жындану себебі былай бопты: Жаманшұбарда ағаш жоғы
мəлім. 
Қора, 
қопсыға, 
басқа 
керек-жарағына 
деген 
ағашты
жаманшұбарлықтар «Отын ағаш» дейтін жерден ұрлап əкеледі. «Отын
ағаш» — Жаманшұбардың батысында, шамасы жиырма-отыз шақырым
жерде. Одан ағаш ұрлау жаманшұбарлықтарға жаугершілікке аттанумен
бірдей. Бір жағы Қанжығалы-Күрлеуіт аталатын рулардың, қыстауларына
жататын, бір жағы қазыналық кардонға саналатын бұл орманнан ағаш
ұрлауға барғанда, егер иелері көріп қап ұстамақ болса, жаманшұбарлықтар
төбелесіп құтылып кетуге əзірленеді, сондықтан ағаш артатын екі
доңғалақты қазақ арбаларға қарулы өгіздер жегеді де, «жаумен соғысуға
тура келсе...» деп, бірнеше жігіт салт атқа мініп, қолдарына сойыл сияқты
қарулар алады... Əдетте, олар ағашты жаз ортасында ұрлайды. Бұл кезде
тұрғын елдер жайлауына шығып кетеді де, қыстаулар есіз қалады.
Қазыналық ағашты күзетушілердің көзін алдау үшің жаманшұбарлықтар
күн бұрын астыртын барлаушылар жіберіп, ағашты жүрмейтін жақтан
кеседі...


Бəйділда жынданар жолы да жаманшұбарлықтар Отын ағашқа бұрынғы
дағдысымен аттанады. Олар Отын ағаштың есіз жатқан бір бүйіріне түнде
барып, керекті ағаштарын кесіп арбаларына артады да, іздерімен қайтады.
Мінезі ауыр, қақ-соқта жұмысы жоқ Бəйділда жолшыбай алысып-жұлысып
ойнағандарға қосылмай, Нұртазаның ағаш артқан арбасының үстіне
жатады да, ұйықтайды. Сол қалпымен түн ортасы ауғанша ұйықтайды да,
бір кезде, шалқасынан жатқан қалпында ақыра түрегеліп, арбадан түсе қап,
айғайлаған қалпымен, беталды құла дүзге қашады. Біреулер «бізді
қорқытпақ болған ойыны» дейді, біреулер «осының есеңгіреп қашып
барады» дейді, ақыры Бəйділда айқайлаған қалпымен ұзап бара жатқан соң,
салттылар тұра қуады...
Жынданған адам жүйрік болады екен дейді. Былай да сирағы ұзын
Бəйділда жынданып қашқаннан кейін жаяу түгіл салттыларға əрең
жеткізеді. Қуып жеткенмен, қарулы Бəйділданы тоқтатуға салттылардың
біразға дейін əлі келмейді. Ақыры көп боп жабылып, əрең дегенде
Бəйділданы ұстап, аяқ-қолын байлайды, əйтпесе ие бола алмайды...
Не істеу керек? Болған уақиғаны хабарламақ боп Нұртазаға шапқын
кетеді. Нұртаза Бəйділданың, алдынан тарантасқа жегілген пар ат жібереді
де, ағасы — Кəленнің үйіне апартып тастайды.
Кəлен, бізге мəлім — Тұртай байдың ауылында отыратын кісі. Əдетте,
ауылмен бірге Досқа жайлауға шығатын ол, со жылы Батпақкөлдегі
қыстауында қалып қойған екен. Доспен ол екі ара — он екі шақырым.
Аралары сондай шалғай бола тұра, «жынды» дегенді көрмеген біздің
ауылда зəре-құт жоқ. Жəне жігіт атаулының бəрі Бəйділданы күзетісеміз
деп Кəлен үйіне кеткен. Ауылда қалған қатын-қалаш, бала-шаға түн болса-
ақ үрпиіп, естияр кісісі жоқ үйлер өз үйлерінің есігін бекітеді де, естияр
кісі бар үйлерге барып жатады.
Бəйділданың жындануы үдей түседі. Енді ол кигізге бөлеп, арқанмен
шандып тастамаса, бой бермейді. Біраздан бөлеген кигізді де шыдатпай,
аузымен жұлып тастайды. Жұрт не істеуге білмей сасады. Кейбір
адамдардың ақылымен, жігіттер оны, арбаның, арысына тырп-етпестей
қып байлап тастайды.
Қымбат ол кезде бақсылық құрып, басқа елге кеткен екен. Жұрт оған қос
атпен кісі шаптырады. Шапқыншы іздеп тапқанда Қымбат «жыным
қыдырып кетті» деп, біраз бөгеліңкіреп келеді. Ол, əрине, бақсылардың
салтын құрып, сарнай, күңірене, құтырына келмекші ғой. Жəне оның даусы
да қасқыр жарып жатқан ешкінің даусындай, адамның жанын
түршіктірерлік болатын.
Кəлен үйінің төбесін көре құйындатып шапқан салт атты Қымбат
жаңағы тұрпайы даусымен бақырып кеп, Бəйділда байлаулы жатқан
күркенің қасына түсе қалғанда, құтырынып, аузына келгенін сөйлеп жатқан
Бəйділда, қасындағыларға: «Бетімді жабыңдар» депті. Қымбат жуан


қамшысын білеп, күркеге ақыра кіріп келгенде, Бəйділда: «Апатай, сабай
көрме» деп жылап қоя беріпті...
Бұл сөздерді бақсыға сенетін ол кездің адамдары есіріп айтты ма,
болмаса расы со ма, əйтеуір, Қымбат келгеннен төрт-бес күн кейін
Бəйділданың қол-аяғы шешіліп, Қымбаттың ырқына көнуі рас...
Сонда оның сарнаудан басқа емі: Бəйділданың қол-аяғын домалатып
байлатады да, жая тұсынан бір, жаурын тұсынан бір-екі жерден қолмен
ұстайтын тұтқа істетіп, жігіттерге қол тұтқадан ұстатып, кезек-кезек
үздіксіз айналдырта береді. Жүз шамалы жігіт бірінен соң бірі үздіксіз
айналдырғаннан кейін басы айналған Бəйділда есінен тана құсады... Ағыл-
тегіл терлейді.. Со кезде Қымбат оны əуелі — жабағы бөстекке, одан қалың
кигізге бөлейді де, жерден қалған терең шұңқырға жатқызып, басына күзет
қояды.
— Егер дыбыс берсе, — дейді ол күзетшіге, — үн-түнсіз маған хабар
айта қойыңдар!..
Шұңқырға кешке қарай салған Бəйділда ол түні, келер күні, одан келер
түні дыбыссыз ұйықтайды да, екінші күні таң біліне дыбыс береді. Күзетші
Қымбатқа кеп айтқан соң, бақсы-қатын шұқырға түседі де, бөленген
Бəйділданы шешіп алып шығады. Жұрт дағдысымен үрейлене қараса,
Бəйділданің дені дұп-дұрыс. Ол шұқырға иеге жатқанына, жұрттың, бұл
араға неге жиналғанына, бақсы-қатынның неге келгеніне қайран қалады!..
Со қалпымен ол сауығып кетеді. Осы сияқты, əлденеше жындыны
Қымбаттың жазып жібергенін көзімізбен көрдік
30
.
Балалық шағымда Қымбаттың маған өзгесі емес, сарыны ұнайтын еді.
Ол кейбір күндерде, жалғыз өзі ғана тұратын кигіз үйінде, түн бойы
бақсының жырын айтып, сарнап шығады. Кейбір сөздерінде, ол:
«Е, ер Домбай, ер Домбай,
Шақырғанда кел, Домбай,
Мұңды менен шерлінің,
Дертіне дем бер, Домбай», —
деп, «Домбай» дейтін біреуге сиынып зарланады. Кейде ол біреу
қуғандай үйінің ішінде дүмбірлеп:
«Уық бойы оқ жылан,
Кереге бойы кер жылан,
Шақырғанда кел, жылан!» —


деп келе жатқан жыландардан не қашқандай, не қашқан жыланды
қуғандай аласұрады. Соның бəрі балаларға да, маған да қызық көрінеді.
Біз — балалар, Қымбатқа еліктейміз. Оның кейбір жындыларды емдеген
түрін көреміз де, біз де Қымбат боп, бір баланы «жынды» қып, аяқ-қолын
байлаймыз, содан кейін біреуміз Қымбатша сарнап, өзгеміз оны кезек-кезек
айналдырамыз. Сөйтіп жүріп, біз, тентектеу бір адамның баласың 1913
жылдың жазында өлтіріп те ала жаздадық. Баланың əкесі біздің бұл
қылығымызды Нұртазаға шағып, «бəрін бастайтын, Мұқанның мына
жетімі көрінеді, мұны не тый, егер тыя алмаймын десең, бізге рұқсат ет,
мұны біз тыйып көрейік!..» деген соң: «Бұдан былай бүйтемісің?» деп,
Нұртаза əлгі адамның көзінше мені бауыр-сыртымды бірдей қып сабады да
салды... Содан кейін мен «бақсылыққа» жоламайтын болдым...
Ендігі ермегім əн үйрену болды. «Əу» дерлік дауысы бар жігіттің бəрі де
айтатын «Қалқам шырақ» сияқты əнді менің менсінгім келмейді. Жақсы
əндер үйренгім келеді. Ондай əндерді үйрететін біздің ауылда екі-ақ адам
бар. Біреуі — Жұбандықтың Кəсені, біреуі — Қабанбайдың Ғабдолы.
Бұлардың екеуі де ірі əншілер.
Əуелі Кəсен туралы. Ол — жасы со кезде елулерге келген, қысқалау қою
қара сақалды, жіңішкелеу ұзын қара мұртты, қара торы кескінді, кертештеу
мұрынды, қалың қабақты, бойшаң таразы денелі, ұзын мойынды кісі. Оның
сол мүшелерінің ішінде əлі күнге шейін менің көз алдымда тұратыны —
үлкендігі жұдырықтай жұтқыншағы. Осы жұтқыншағы ас ішкенде де, өлең
айтқанда да бұлтыңдап жоғарылы-төменді жүгіріп тұрады.
Кəсеннің дауысы баритон болу керек. Ол — зор дауысты кісі. Оның сол
дауысында иненің жасуындай жарықшақ жоқ, мөлдіреген таза болады.
Дауысын ол өте қадірлеп ұстайды. Өлең айтарда ол «дауысымды
тұтқырландырады» деп сүрлеген ет сияқты, ашыңқыраған қымыз сияқты,
құрт сияқты қышқылтым тамақтарды жемейді де, ішпейді де. Жалпы
алғанда ол — асты тəтті, таза қып қана азғантайлап, бипаздап ішетін адам.
Үсті-басын да ол қырымпазданып, сəнді ұстайды...
Бозбала күнінде Кəсен «Шəйгөз» аталатын Уақтағы Күрлеуіттің Балғасы
дейтін атақты байдың қолында əншісі боп тұрған. Балғадан айрылуына
себеп, жалғыз қызының қайнаған құртқа түсіп өлуі деседі. Содан кейін
Кəсен Балғамен араздасып кешеді де, қызының құнын даулап көп мал
алады. Одан кейін Кəсенде бала болмайды.
Кəсеннің əйелінің аты — Кəтіш. Ақбұжыр кескінді, ашаң өңді, бедеу
байталдай аяқ-қолы жинақ, сөзшең, ашуланшақ адам болатын. Мінезі солай
бола тұра, ол Кəсенді күтеді. Жəне күтуіне мүмкіншілігі де бар: қоңыр
төбел кигіз үйі болады, іші — жасаулы болады, бес-алты құлынды бие
сауады, сол шамалы сиыр сауады, қырық-елу қойы болады... Екі адамға
жетіп жатқан жоқ па, бұл дəулет...


Кəсеннің өз үйіне де кісі аз барады, өзі де кісі үйіне аз барады.
Манағыдай ірі əнші бола тұра, ол ілуде біреуге ғана болмаса, жабайы
жұртқа дауысын шығын қылмайды. Улы жиындарда ғана жұрт оған əнді
қолқалап əрең айтқызады. Ал, егер айта қалса, «құлақтың құрышы қанады»
дейтін əндер соныкі.
Кəсеннен менің əн үйренгім келеді. Бірақ мен түгіл, менің бабамдай
кісілер айтқыза алмайтын əнін Кəсен маған өлсе үйретсін бе?..
Кəсеннің бір əдеті, жаз ел жайлауға шыққанда күн түстен ауып,
қоңыржай тартқаннан кейін үйінің көлеңкесіне кигіз жайдырып, оның
үстіне жылқы терісінен иленген жұмсақ бөстек төсеп, шынтағына жастық
тастап, Кəтіш жасаған шайды тұщы сықпа құртпен сораптай ішіп отырып,
ара-тұра даусына үндес домбыраны ақырын үсік саусағымен іліп-қағып
шертеді де, өзіне тиісті əдемі бір қоңыр əндерді балбыратып басады да
отырады. Оның əнін со кезде үйренейін десем, Кəтіш: «Көкала келгір,
жоғал, ұры күшіктей жылтыңдамай» деп қолына не түссе, соны жіберіп қап
қуады...
Осы Кəтіштің бір күні маған ықласы түсе кетті. Оған себеп мынау
болды: Біздің ауыл Досқа қонғаннан кейін ауылдың желкесіне жаздай
шатырын тігіп, уақ-түйектерін сататын жəне жұрттың жүн-жұрқа, тері-
терсек сияқты заттарын сатып алатын Минхабир атты татар болатың оны
жұрт «Қырық-бойдақтан» келеді десетін. Минхабир айна, тарақ, сабың жіп,
ине, дəрі-дəрмек сияқты көр-жерлерді əкеп сатады. Əке-шешесі бар
балалар одан өздеріне керекті ол-пұлдарды алып жүреді. Менің əсіресе
қызығатыным — үш тиындық домалақ сабың бірақ оны алар ақшам жоқ...
Бір күні түнде қотанда жатқан қойлардың көтеріліп жүрген жүнінен
жұлдым да, Минхабирға бір құшақ қып апарып бердім. Ақысына маған
домалақ сабын берген Минхабир:
— Син малай, тағын да əкил, əлі, — деді.
Дəндеп алған мен ертеңіне тағы да бір қолтық жүн əкеп беріп ем:
— Иртəгə кил əлі малай, — деді, ол — сиңə мин алты түймə бирірмін.
Ертеңіне алты түймені алуға барсам, шатырда Кəтіш отыр екен. Ықласы
түсті ме, əлде дəндеп тағы да жүн əкелсін деді ме, — Минхабир маған алты
көк түйме берді.
— Түймең қалай əдемі еді? — деді Кəтіш маған. Бере тұршы, көрейін.
Ондай түйме өмірімде қолыма түспеген мен Кəтішке берсем,
қайтармайтындай көріп, қашқалақтап ем, Кəтіш маған күлімсірей қарап аз
отырды да:


— Əн үйренгің келе ме, əй бала? — деді. Мен жауап бере қоймап ем, —
неменесіне бұлданып отырсың? — деді Кəтіш, күнде сөмпиіп үйдің
маңайынан шықпайтын едің ғой. Соңыра келе ғой біздің үйге, Кəсенге
айтайын, саған əн үйрет деп.
Мерзімді уақытында барсам, Кəтіш пен Кəсен дағдылы орындарында
шай ішіп отыр екен ала тектен киген кең дамбалын тізесіне шейін түрген
Кəсен, екі жастықты қолтығының астына ала, бір жамбастап жатыр.
Қасында сүйеулі домбыра тұр.
Тегі, мен барғанша екеуі кеңесіп қойған болу керек күндегі дағдымен
жақындай қоймай, анадайдан орағытқан маған:
— Келе ғой, бала, келе ғой! — деді Кəтіш. Мен жақындағанда, Кəсен де
басын көтеріп отырды.
— Осы боқмұрынның өзі əнші жігіт болайын деп жүр білем,— деді
Кəтіш, күйеуіне қарап жымиып қойып. Бірер əн үйретіп жіберші өзіне.
— Үйретейін — деді Кəсен. — Бірақ ақысына не береді, ол?
— Е, ақыңды жер деймісің. Үйрет, — деді Кəтіш.
— Жоқ, мен беретінін алдыма салып қоймай, үйретпеймін — деді Кəсен.
— Кəне, нең бар еді, бала? — деп Кəтіш маған жымия қарап қойды да,
бетін Кəсенге бұрып, — көп ақы сұрамай-ақ қой сен, бала ғой ол, — алты
түймесі бар, соған үйрет енді, баланы құмарттырмай, — деді.
Одан кейін де Кəсен бұлданған боп еді, Кəтіш:
— Қой, болды енді, кейін тағы əкеп берер, əзірге ала тұр түймелерді, —
деді де, маған қарап қолын созып, кəне, əкеле ғой, айналайын, кешегі
түймелеріңді! — деді.
Кəсеннің əндеріне жаным құмар мен ол арада түймем түгіл, үстімдегі
жалғыз көйлегімді сұраса да беруге даярмын. Ескілеу бір шүберекке түйіп,
дамбалымның ышқырына қыстырып алған алты түймені суырдым да
бердім.
Кəсеннің маған ол жолғы үйреткен əні, — əрине, алтау түгіл, алты жүз
түгіл, алты мың түймеге берілмейтін əн. Ол маған «Біржан салдан үйреніп
ем» — деп, «Қаранар» аталатын бір тамаша əнді үйретті. Басы шырқай,
жоғары басталып, аяғы қоңырлап кеп, баяу бітетін бұл əннің екі ауыз өлеңі
күні бүгінге шейін менің есімде:
«Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң,


Бірге өскен ойнап-күліп беу қарағым,
Күлермін кіммен ойнап сен кеткен соң.
Шалшық су құдық болмас қазбаған соң,
Сауырдан ат шаба алмас саздаған соң,
Жете алмай мұрадыма болдым іңкəр,
Əзəлда хақ-тағала жазбаған соң».
Осы əнді үйренгеннен кейін Кəсен мен Кəтіш өзге əнді үйретуге менен
тағы ақы сұрады.
Ол ақыны мен қайдан табам? Ақы таппасам, маған əнді кім тегін
үйретеді?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет