Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет21/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   107
«АҚЖАМБАС»
Мақанның кеңестеріне біздің заманда болған кейбір уақиғалар да
араласады, соның бірі — Ақжамбас аталған айғыр туралы.
Мақанның айтуынша, айғырдың «Ақжамбас» аталу себебі былай болған:
ілгерірек уақытта Тұртайдың түйесі де көп болған екен деседі. Бір жылы ел
жайлауға шығарда Тұртайдың байлауда жатқан құтырған бурасы бұйдасын
үзіп шығып кетеді. Бура табылмайды. Сырт адамдардың айтуынша,
жоғалған бура жайлауда жатқан бір байдың түйесіне қосылып жүреді.
Бураны алып келу керек. Бірақ оған баратын кім? Қыбын тапқан біреу
болмаса, құтырған бура шайнап өлтіреді.
Баратын кісінің жайын қарастырғанда Бəкейден қолайлы кісі
табылмайды. Ол — Тұртайдың жылқышысы екен.
— Сен барып қайт, — деді Тұртай оған.
— Барсам барайын, — дейді Бəкей, — бірақ бұған қуса жететін, қашса
құтылатын білекті, жүйрік жылқы керек.
Лайықты жылқы, сол жылы бесті шыққан күрең айғыр болады. Бəкей
айғырды бірнеше күн жаратып, етін қатырып алады да, қолына қызыл
қайыңнан жасаған қақ сойыл ұстап, бураны іздеп кете барады.
Бура жайлаудағы бір сордың маңында ащылап жатқан түйелердің ішінде
жүр екен дейді. Салтты кісіні көрген соң-ақ, құтырған бура шабынып
түрегеледі. Тəуекелге бел байлаған Бəкей, атын борбайға қойып жіберіп
қарсы ұмтылады, бура да бұған ұмтылады.
Екеуі айқаса бергенде, Бəкей бураны қақ сойылмен салып кеп өтеді.
Сойыл мойынынан тиген бура ызаланып алады да, жалт бере бұрылып,
Бəкейдің соңына түседі... Бəкей қайрыла беріп бураны тағы да соғады.
«Əрине. — депті Бəкей бұл сөзді айтқанда, — бастан соқсам, ұшырып-ақ
түсірер ем, олай соғуға ыңғайы да кеп еді, бірақ соқпадым. Менің мақсатым
— бураны ұрып жығу емес, бетін қайтарып қайту ғой».
Сонымен, қысқасы, Бəкей мен бура біраз арпалысады да, ақыры
бураның беті қайтпайтын болған соң, амалы құрыған Бəкей қашуға
беттейді.
Қайда барады, қашқанда?
— Сол арадан он шақырымдай жерде Қарпық ауылының, ағашты
қыстауы бар еді, — депті Бəкей, — соған барып паналамасам, басқа
паналар жер жоқ.


Бəкей бураны біраз адастырып, тез өте алмайтын жыралы сазға бөгейді
де, өзі ете шығып, тұра қашады. Саздан ете алмаған бура жыраның басын
орап шапқанша, Бəкей төрт-бес шақырым ұзап кетеді. Құтырып, жарап
жүрген бура ізіне түсе қуады.
— Бура қуып келеді, — депті Бəкей, — мен қашып келем. Қуған сайын
ол мені ұтып келеді... Содан өлдім-талдым дегенде, қалың ағашқа кеп
кірдім-ау!.. Ағашқа кірген соң, адастырып кетем бе деп тырысып ем, исімді
сезе ме, немесе сыбдырымнан біле ме, қыр соңымнан қалмай-ақ қойды.
Құтылмасын білген Бəкей Қарпық ауылындағы бір бай үйдің қорасына
тығылады да, қақпасын жауып, атын ағаш үйге кіргізеді. Бір кезде қақпаны
əлде не кеп соғып кеп өтеді, қақпа қақ айрылып түседі. Қараса, бура екен!
Бəкей ағаш үйдің есігін жаба қояды. Бура, келді де, дəл есіктің аузына
шөгіп жатып алады.
Бура сол жатқаннан екі күн жатсың — депті Бəкей, — өзім де ашыға
бастадым, Атыма шөпті терезеден түсіп жұлып берем. Ана пəленің тұрар
түрі жоқ. Не істеу керек?
Не істерін білмей Бəкей сасқан кезде, жата беруге жалыққандай, не
қарны ашқандай болған бура түрегеп отқа кетеді. Бірақ алысқа ұзамай, сол
маңайдың алаботасын шалады. Со кезде Бəкей қораның басқа бір
қақпасынан шығады да, зытып отырады...
— Бура дегенің, кекті болады екен — депті Бəкей, — жеген таяғын
ұмытпайды екен олай дейтінім, бір жыл еткеннен кейін сол бура манағы
күрең, айғырға кездесіп қап, тура кеп бассалады. Қашып құтылмасын
білген айғыр, жалт бұрылып қарсыласа кетеді. Екеуі ұзақ алысады, жұрт
оларды айыра алмайды, сөйтіп жүргенде айғыр бураның тірсегін тістеп,
қиып жібереді. Бура айғырдың оқ жақ жамбасының үстін жұлып алып
қалады...
— Міне,— дейді Мақан, — бура кеңесін аяқтағаннан кейін сол күреңің
— осы Ақжамбас айғыр. Мұның жамбасындағы ақ жүн бура түсірген
жараның орнына шыққан.
Мақанның айтуына сенсең, бұл Ақжамбас айғыр — Тұртайдың ырысы.
— Өзі жүрген маңнан қасқырға мал берген айғыр емес бұл, — дейді
Мақан— көрмей қап қапы соқса, амалы жоқ, көре қалса, тұра қуады да,
айдап тастайды.
— Бұл ішінде жүрген жылқыдан ұры да мал алып көрген емес, — дейді
Мақан — ұрың былай тұрсың бөтен кісі атаулының бəрін де жуытпайды.
Танымайтын кісі болса, тұра шабады да, қашып құтылмаса, не өзін аттан
жұлып тастайды, не атын шайнап тастайды.


— Айғырлар, — дейді Мақан, — үйірлерін қызғанысып, бір-бірімен
төбелесіп жүреді ғой. Бұл өзге айғырмен төбелескен жылқы емес. Əлдері
келмейтінін білгендей, бұл айғырға өзге айғырлар ұмтылмайды да. Ұмтыла
қалса, қайтып беттеместей қып шайнап тастайды.
Мақан мені айғырдан алғашқы келген күні-ақ сақтандырды.
— Осында жамбасында ағы бар «Ақжамбас»» аталатын бір күрең айғыр
бар, — деді ол, — бесенеден белгілі өзі: өзге жылқыдан денесі үлкең жал-
құйрығы да мол. Бөтен кісіні алып тастайды ол. Өзіңе көрсетіп қояйын,
үйренгенше байқап жүр!
Мақан апарып көрсеткенде, айғырдың тұлғасына мен расында қайран
қалдым. Биік жəне мол денелі айғырдың жалы шұбатылып шашасына
түседі екен құйрығы табан құшақ!..
Мені көкесіз бала көрді ме немесе көзі үйренді ме, — айғыр маған
алғашқы күндері «сен кімсің» дегендей одырая бірер қарағанымен,
артынан қорқытатын белгі көрсеткен жоқ.
Бір жағынан Мақанның асын істеп беріп, бір жағынан жылқысын
бағысып, мен жүріп жаттым. Алғашқы кезде жерсінбей, əрі тоңазыңқырап
берекем қашқанмен, бұл тұрмысқа да мен қоңсы қонып болдым. Аз күнде
мен Мақан айтқандай, үрген қуықтай томпиып, етейіп алдым.
Енді мен ұйқыны да аз күтетін болдым. Сонда күткім келмейді емес-ау,
қоста жалғыз қалуға қорқам.
Жылқы алыстаңқырап кеткен кезде қостың маңайына қасқыр келімпаз
болады. Түнде ол қос маңайына тастаған сүйек-саяқтарды кеміріп те
жүреді. Қазақ «қара қосқа қасқыр шаппайды» дейді, сондықтан ба «қасқыр
от иісіне жоламайды» дейді, содан ба, немесе ішінен адам иісі шыққан соң,
бала емес, үлкен деп ойлай ма, — əйтеуір қосқа сұғынып кіре қоймайды
олар. Сондай қорқынышты басымнан бірер рет өткізгеннен кейін мен де
Мақанға еріп күзетке шығып, күндіз оныменен кезектесіп ұйықтайтын
болғам.
Алдағы күннің ауа райы қандай боларын жылқышының өлшейтін
барометрі — жылқының өзі. Келер күні боран болатын болса, жылқы оны
сезе қояды да, пысқырынып, ішін тартып, тиышсыздана бастайды. Жылқы
пысқырынса-ақ:
— Ал, бала, — дейді Мақан — ертеңгі күн ыңғайсыз болатын болды.
Боран боп кетер ме екен қайтер екен. Жылқыны жинаңқырап ұстайық. Ие
бола алмай қалармыз.
Бір күні мен қоста қап, ас пісіріп отыр ем, Мақан жылқыдан келді де:


— Жылқының бүгінгі жөңкіліп, ішін тартуы ыңғайсыздау, бала, — деді
маған. — Асты ертерек ішейік күннің өзі де бүгін бұлтқа батып, со жақ
мезгілсіз қоңырланып кетті. Кешке қарай жел де көтеріле бастағанын
байқадың ба? Ала қаншықтанып үрлесін жүріп кетті ғой кешке. Ал, енді
асты ертерек ішейік те, жылы киініп алып, жылқыны ыққа қарай айдап,
тебіні мол жерге салайық. Жылқы ықтай қалатын күн болса,
«Шошқалының» қопасына килігіп жүрмесін.
Мақан екеуміз асты тойып ішіп алдық та, жылы киініп, атқа қондық.
«Осындай бір күндерге керек болар» деп Мақан кейбір қарулы
айғырларды жүгендеп, қаңтарып, тоқ-жараулау қып ұстайтын. Екеуміздің
мінгеніміз де сондай, əрі жараулау, əрі семіз, білекті айғырлар.
Мақанның айтқаны келді. Қас қараймай-ақ, дауыл көтерілді де, жердегі
қардың бəрін қопарғандай боп, төңірек ұйытқыған қалық боран болды да
кетті. Өзге жылқы түгіл, мінген аттың құлағын да зорға көретін хал
болды... Орай, ышқына соққан жел ауыздан шыққан лепті қайырып қайта
тықты... Біразға дейін дыбыс берісіп, жақында жүрген Мақан екеуміз, аздан
кейін айрылдық. Ық қай жақ екені, жел қай жақ екені аздан кейін білінбеуге
айналды. Бетіңнің ашық жерін орай ұйтқыған қар тыныс алдырмады...
Осы арпалыста көрер таңды көзден атырдым... Сонда Мақанның не істеп
жүргенін өзі біледі, мен өзім жылқы бағу түгіл ат үстінен өзімді жел
ұшырып əкете жаздап, кейде ердің қасың кейде аттың шоқтығын құшып,
əрең ғана жүрдім... Əйтеуір, астымдағы айғыр əрі мықты, əрі жуас... Мені
қайда бастаса да, со бастап жүр. Өз қолымнан келері жоғын көрген мен
қолымдағы тізгінді алдақашан ердің қасына орағанмын да, айғырды еркіне
жібергенмін. Бұл — менің өз тапқан ақылым емес, Мақанның үйреткен
ақылы.
— Егер, — дейтін ол, — боран боп əлдеқалай адаса қалсаң, — ерікті
атыңа бер. Ол сені жылқы маңынан ұзатып, ешқандай əкетпейді...
Түн мұндай ұзақ болар ма!... Еркіне қарай жүрген айғырдың үстінде əлі
жүріп келем, əлі жүріп келем... Өтер мезгіл, өтер түн жоқ сияқты... Біраз
жүріп қалжыраған маған енді қайтып таң атпастай, боран ашылмастай
көрінді...
Бір кезде боран ыдыраңқырады ма, не таң біліне бастады ма, іңірден
көмірдей қап-қара боп тұнған түннің реңі бозамықтануға айналды...
Бозамық күшейе түсті... Таң екен!...
Ескі ауылдың ұғымында, «жын» деген түнде жортады ғой. Мына жанды
боран сол «жынның» ағайыны ма немене, түні бойы құтырған бурадай
зіркілдеп, көбігін бұрқырата шашты да, таң біліне бəсеңдей бастап, күн
шығар кезде недəуір толастады. Сонда қарасам, менің астымдағы жануар


бір топ жылқының ішінде жайылып жүр екен.
Боран күн түске тармасқан кезде ғана ашылды. Бірақ Мақан екеуміз бір-
бірімізді кешке қарай таптық.
Боран ашылып, жер мөлшерін байқағаннан кейін мен маңайда
бытыраған жылқы көрінсе жинастыруға кірістім. Мен жинаған жылқылар
біз баққан, жылқының əлденеше бөлігінің біреуі ғана сияқты. Өзге
жылқылар басқа бір жаққа тұтас ықты ма, болмаса мына жылқылардай
бытырап бөлініп кетті ме, ол арасы маған мəлімсіз.
Мақан қайда?
Бұл сұраудың жауабын мен кешке қарай таптым. Күн батқанға еңкейген
кезде ық жақтан бері қарай шұбырып келе жатқан жылқылар кезге
шалынды. Əрине, олар — біздің жылқылар!
Расында, біздің жылқылар, саумалай қайырып, Мақан айдап келеді.
Мақанның бірінші сөзі:
— «Ақжамбастың» үйірі бар ма?
— Бұндағы жылқыда жоқ, — дедім мен.
Шаршағандық белгі көрсетіп, сұрланыңқыраған Мақанның, өңі, одан
жаман сұрланып кетті.
— Анық жоқ па? — деді ол.
— Анық жоқ, — дедім мен. –
— Ендеше, құдай ұрды десейші, өзге жылқыдан бөлінбесе керек еді, ол.
Қалай бөлінді екен — деп Мақан сұраулы кескінмен аз уақыт тұрды да:
— Ендеше мына жылқыны сен бері қарай айдай бер. Мен өзім барып
мұндағы жылқыларды аралай түсейін— деп, мен жинаған жылқыларға
шаба жөнелді.
Түндегі боранда əр айғырдың үйірі де бытырап, бөлініп кеткен екен əр
биенің құлын-тайлары да бөлінген екен. Есін жиып алған жылқылар
жақындарын енді жоқтасып, арқырап кісінесті де, айрылған туыстар бір-
бірінің дауыстарын танығандай айдаусыз-ақ қарсы шапты. Түнде үйіріне ие
бола алмай қалған айғырлар да енді қоқырайысып, бытыраған биелерін
арқырай кісінеп жинасып жүр...
Жылқыларды біраз аралаған Мақан маған шауып келді де:
— Құдай шынымен ұрған екен — деді. Ақжамбастың үйірі тұтасымен


жоқ. Өзге айғырдың үйірлерінен бірен-сарандап жоқ. Шамасы қырық
шақты жылқы жоқ-ау деймін, жануардың үйірі өзге жылқыдан бұлайша
бөлініп кетпесе керек еді. Оған бір жазым болды.
— Не жазым? — деп сұрадым мен.
— Не болушы еді, — деді Мақан кейіп, — қасқыр қамайды да!
Өткен боранның алдында бірер күн бұрын, түнде жылқыны торыған екі
қасқырдың ізін кесіп, Мақан екеуміз біраз жерді шолып қайтқанбыз. Сонда
жылқы ықтаған бет жақта сортаңдау бір көл кездескен. Ақжамбасты
жоқтаған Мақанға «сол сорға түсіп кетіп масқара болмады ма екен?» деп
ем:
— Тəйірі, жоқты айтады екенсің ғой, — деді ол кейіп.
— Ақжамбасты сен ақмақ айғырлардың біреуі деп тұрмысың, үйірінен
түнде айрылып, күндіз іздейтін? Өзі өлмей түсірсін бе сорға үйірін. Ол
жаман-жұман адамыңнан да ақылды. Қандай қатты боранда өз үйірінен ол
бір жылқы да шашау шығарып көрген емес. Үнемі иіріп, бағып жүреді.
Қасқырдан басқадан, оған көр келеді екен деп ойламаймын...
— Бұ қайда кетті екен? — деп Мақан аз ойланып тұрды да, со бір екі
қасқырдың ізі, — деді, Атантай көліне қарай тартқан еді... Қамысы қалың
көл еді, кəпірің. Бұл маңайда Шошқалыдан кейін қасқыр сонда ғана
жатады. Шошқалыға жылқыны айдап бара алмайды қасқыр, ол жел жақ
бетте. Егер қасқыр болса, жылқыларды Атантайға қарай айдайды. Дəл ықта
болмағанмен, Атантай бір қырында.
— Неге айдайды? — деп сұрадым мен.
— О, тəйірі, бала екенсің ғой, — деп Мақан кейіп алды да, — «сен
қозғалма, мен жейін» деп айтады деймісің, қасқыр? «Кел, мені жей ғой»
деп жылқы тұрады деймісің. Жайылымдағы жылқыны ғана қасқыр
алдастырып жей алады, босып жүрген жылқы жегізе ме, оған. Ондайда
қасқырлар жылқыны қамап, үркіте айдайды да, болдыртып апарып, не сай,
не көл сияқты бірдемеге қамайды. Жылқыны сол арада жейді, олар.
— Дұрыс. Сол Атантайдан басқа қасқырдың жылқы қамайтын жері жоқ,
— деп Мақан тағы да, аз тұрды да, — ал, бала, — деді маған, — мен енді
жоқ жылқыларды іздеймін. Қарулы, тың айғырдың біреуін ұстап мінейін.
Мына жылқыны сен қайыра тұр. Боран ашылды. Ай жарық. Өткен түні
жөңкіліп, ашыққан жылқы енді тебіннен бас алмайды.
Мақан таңдаулы айғырын ұстап алды да, ерттеп мініп, ойдағы Сор көл
жағына қарай жөнеле берді.
Жылқының түнгі күзетінде бұл — менің бірінші қалуым. Қарным


ашады, бірақ қосқа баруға қорқам. Оны маңайлап қасқырлар жүрген
сияқтанады... Со қасқырлар жылқы арасында қаптап жүрген сияқтанып
кетеді... Жылқы тепкен жерде үйілген қарлар да, қалың қырау бүркенген
қурайлар да маған бір-бір қасқыр боп көрінеді. Бір орында тұрсам, соның
бəрі маған шабуыл жасайтындай, əлгі Мақан кетерде ауыстырып алған
жуастау биемді жылжыта берем... Қорқыныштан басым айнала ма, немене
қасқыр сияқтанғанның бəрі, биемді жылжытқан маған қарай жылжып келе
жатқан сияқтанады...
Біраздан кейін етім өлді ме, болмаса көзім үйренді ме, мен енді
жүрегімді орнықтырып, бекініп алдым. Содан кейін менің көзіме іліккен
əрбір зат өзінің шын мағынасындағы қасиетімен ғана танылды: қурайы —
қурай, күртігі — күртік жылқысы — жылқы...
Əрбір боранның, əрбір жаңбырдың артынан əдемі бір күн райы
басталуы дағдылы іс. Бүгінгі түн де тамаша. Аспан бұлттан түгел
аршылған. Өткен түнгі бораң бетін жуып тазартып кеткендей жұлдыз
атаулының бəрі өзге түннен артығырақ жарқырап тұрған сияқты. Жəне олар
бүгін ерекше молайып, төңкерілген аспанның өнбойына симай тұр... Ай да
бүгін күндегіден анағүрлым ашық жарқырайды. Жұлдыздардың арасын
кезген ай, бүгін аспаннан бері қарай жақындап, айқай жетер жерде ғана
қалқып бара жатқан тəрізді...
Расында, ашықты ма, немесе мына сияқты желсіз, айлы, тымық жылы
түннің мейіріне рахаттанды ма, жылқы атаулы алғашқы кезде қарды
сабырмен ғана теуіп, біраз отығып алды да, түн ортасы ауды-ау деген кезде,
кейі түрегеп, кейі жатып жусауға айналды.
Далада əдемі бір тыныштық басталды. Жел тымық... Ай жарық...
Жылқылар түп-түгел жусауда!.. Төңіректің тымықтығы мен үнсіздігі
сондай, қурай басының қырауы жерге түссе естілерліктей...
Төңірекке орнаған тыныштық пен ұйқы, мені де өз құшағына ала
бастады. Мен де енді маужырап, қалғуға айналдым...
— Шаршауын шаршадың ғой, бала, бірақ шамаң келсе, ұйықтамауға
тырыс, қасқыр деген кəпір, пəле ол. Жылқыда адам жоғын жақсы біледі ол.
Қапыңды тауып, соғып кетпесін. Жылқы ішінде адам жүргенде, бала
болсаң да қаймығады, — деген Мақанның сөзі құлағымда əлі де ызың
қағып тұрғанмен, ұйқының салмағы ауырлап бара жатыр...
— Һап, бəлем! — деп ақырып қалған дауысқа мен оянып үлгергенше,
біреу мені атымның үстінен жұлып та алды. Мен қорқыныш үнін
шығарғанша, ол менің бетімді əлденемен тұмшалап та үлгерді. Сөйтіп бет-
аузымды орап алғаннан кейін алдына бөктерген мені ала қашты. Сонда
ғана есім кірген мен ішімнен «ұры ғой, бұл» деп жорыдым.
— Бала, — деді əлгі адам, даусын бұза сөйлеп, мені біраз алып


қашқаннан кейін — жылқының жартысын беремісің маған.
Енді ғана жобаладым: бұл, əрине, Мақан!.. Өйткені, дауысын бұзып
сөйлеп, ұрының жыны бар ма?...
— Мақан аға, босат! — дедім мен.
— Қайдағы Мақан? — деді ол тағы да дауысын бұзып.
— Тұншықтым,— дедім мен.
Со кезде Мақан өз дауысымен қарқылдап күлді де, бетімді ораған
нəрсесін жазып:
— Қалай, үрейіңді ұшырдым ба, бала? — деді.
— Ақжамбасты таптың ба? — дедім мен.
— Таптым,— деді Мақан.
— Ия, қалай?
— Ол, көп кеңес, шырағым, — деді жадыраңқы жүзді Мақан. Əйтеуір,
аман табылды. Қалғанын қосқа барып айтайын. Қарным өлердей ашып
келеді. Сенің қарның да ашқан шығар, ал, тарттық қосқа....
Алдына өңгерген мені Мақан жерге түсірместен, манаты мен мініп
жүрген, үстінен мені жұлып алғаннан кейін қар теуіп тұрған жуас атына
əкелді де, жерге содан кейін түсіріп, — ал, атыңды ұста да мін! — деді.
— Енді қасқыр тимей ме жылқыға? — дедім мен.
— Ол итің де шаршамайды деймісің, — деді Мақан — таң жақындап
қалды. Торитын мезгілі өтті, олардың. Қосқа барып қаужалайық.
Жылқышының қосында əруақытта даяр тамақ тұрады, ол суытып қойған
ет пен езіп қойған құрт. Расында да суыққа қатпайтын жылқының майлы
етің жылқышылар жылытпай да жей береді. Бақырда қатып тұрған езулі
құртты қыздыру əп-сəтте...
Мана атымның үстінде əлсін-əлсін қалғып-оянып жүріп, ұйқымды
қандырып алдым ба, немесе Мақаннан Ақжамбас туралы кеңесті естуді
қызық көрдім бе, қосқа барғанда менің ұйқым шайдай ашылып кетті.
Мақан болса, болмаса да ұйқыны алдақашан құл қып алған кісі...
Тұртайдың үйі анда-санда жадағай шанамен əкеп тастайтын қойдың
кепкен қиы біздің қосымыздың қасында үнемі үюлі тұрады. Қи өзге
отыннан əрі қызулы, əрі оның шоғы ұзақ уақыт сөнбейді. Қи сөне қалғанда
тұтатып алу үшін аздаған тамызықтық ағаш бар. Оны сіріңкемен


тұтатамыз.
Біз келсек, боранды түні қар басып қалған қостың қарайып, шошайған
төбесі ғана көрінеді.
Қостың алдына үйілген қарды жырып, жабық төбесін ашып ішіне
кірсек, əр мүлік өзінің орнында, тек қана қидың шоғы сөніп қапты.
Қу тамызық тез жаңқаланып тұтанды, қи жағылды, ішінде езген құрт
мұз боп қатып тұрған бақыр да асылды...
Екі күнге жақын нəр татпаған аш өзек, астың иісі шыға бастаған кезде
тіпті ашығып, іш ұлып, жүрек төмен тартқан сияқтанды. Мақанның іші де
сөйтті білем:
— Бала, — деді ол, — кешегі бір қапшыққа орап тастағаныңды əкел!
Бұрышта бүктеулі жатқан қапшықты мен бері қарай тарта бастадым.
Əдетте ет атаулының бəрін суыта бермейміз, қазы мен қарта сияқты, не
майлы қыртыс сияқты семіз еттерді ғана суытамыз. Менің қапшыққа орап
тастағаным: шамасы екі сүйемдей жуан қарта мен қатаған басынан
бөлінген сүйемге жақын қазы да.
Қапты жазып көрсек Мақан айтқандай қарта да, қазы да былбырап, жұп-
жұмсақ боп тұр екен. Қостың пышағы өткір болады. Қапқа етпен бірге
оралған сол өткір пышақпен қазыны да, қартаны да кесектеу тіліп, асап
жатырмыз...
Майлы етке қаужалғаннан кейін ұлыған іштің үні өшіп, ауыл-үй орнына
қона бастады. Мақан Ақжамбастың кеңесіне содан кейін ғана кірісті.
Оның ептеп мақтана сөйлейтіні де болушы еді. Сол дағдысымен ол
алған аңының қанды жүрегін жұтып көңілі жай тапқан бүркіттей
қомданыңқырап алды да, көңілді кескінімен:
— Ал, бала, — деді, — сен тыңдай бер, мен айта берейін...
Мақан ол кеңесін ысытқан құртты ішіп болғанға шейін бітіре алмады.
Одан кейін буынға тамақ түсті ме, болмаса қабаққа қатқан ұйқы жеңді ме,
— Мақанның бойы маужырай бастады. Мен əлі тың сияқтымын.
Құрт ішкеннен кейінгі əңгімесінің арасында Мақан бірер рет қалғып
кетті де:
— Бала, қалжыраған екем мен — деді, — сен тыңдау көрінесің, таң да
біліне бастады, жылқыны қарай тұруға жараймысың?
— Жарайды,— дедім мен.


Егер күн жылы болса, жылқы күн көтеріле жусайды. Со кезде қосқа
қайтып келсем, Мақан оянып, күндегі дағдысымен жалаңаш денесін
қармен ысқылап жатыр екен.
— Сондай тамаша ұйықтаппын, — деді ол. — Қыстайғы несие ұйқының
бəрі өтелген сияқты. Қарға аунаған түлкідей жайнап қалған сияқтымын.
Таңертеңгі асты даярлаумен қатар, екеуміз тағы да Ақжамбастың
кеңесіне кірдік.
Бұл ұзақ кеңестің қысқаша мазмұны былай боп шықты: жылқы ықтаған
жаққа қарай жортқан Мақанның алдынан қасқырлар қамаған бір топ
жылқының ерсілі-қарсылы үрке жөңкілген іздері көрінеді. Қасқырлардың
қанша екенін із санынан айырып боларлық емес.
— Бірақ, — дейді Мақан — шамасы он шақты бар-ау деп ойладым.
Қасқырлардың да ерсілі-қарсылы шапқан түрлеріне Қарағанда,
жылқыны қоршап алған сияқты. Қасқырға қамалғанын білген жылқылар
біраздан кейін топтанып алып, жұбын жазбай шабады. Қасқырлар оларды
қаусыра қуады.
— Қасқырдың, қанша екенін сонда ғана шамаладым, — деді Мақан —
тоғыз екен. Тоғыз қасқырдың əрқайсысына бір ұмтылған жалғыз
жылқының ізі көрінеді. Ішім сезе қойды, ол — біздің Ақжамбас.
— «Жануар-ай!» деп аядым, — дейді Мақан — арпалысып бара жатыр
екенсің-ау! Бірақ көп қасқыр ең алдымен қақпақылға сені алып,
болдыртады-ау!..
Жылқылар со қалпымен жұбын жазбай үркіп қаша берді. Қасқырлар
қаусырып қуа берді. Ақжамбас та үйірін қорғай, қасқырларға бір ұмтылып,
жылқыларының жұбын жаздырмай бір қайырып, арпалысып барады...
— Іздерінің жобасына қарасам, — дейді Мақан — қасқырлар жылқыны
боран толастамай-ақ бөліп əкеткен сияқты, өйткені жылқылардың, да,
қасқырлардың да іздерін көп жерде қар басып, көмескі боп қалған.
Сол бетпен қуа берген Мақанның құлағына бір кезде алыста арқыраған
айғырдың дауысы шалынады.
— Елең ете қалдым, — дейді Мақан — өз құлағыма өзім сенбегендей,
атымның басын тежеп, тоқтатып қойып тыңдадым. Тағы естілді арқырап,
кісінеген дауыс. Алыстан талып келеді, бірақ тани кеттім, — Ақжамбастың
дауысы...
— Со кезде «алда, жануар-ай» — деппін де, — дейді Мақан, — көзімнен
жасым ыршып кетіпті!..


— Жақсы жылқыдан садаға кетсең болмай ма, — дейді Мақан —
астымдағы айғырым да со кезде жаңа ғана ұстап мінгендей тыңая қап,
қарды қара жердей басып, сілтей кеп жөнелді...
Мақанның көзіне иірілген бір топ жылқы шалынады. Мақан атына
қамшыны баса түсіп, жақындайды...
— Со кезде, — дейді Мақан — жылқының айналасынан бірнеше қасқыр
созылып жөнеле берді... Мен танығандай, айғыр да басын көтеріп, арқырап
қоя берді!..
Жүйесі босаған Мұқан кеңесінің ар жағын айта алмай, көзін орамалмен
сүртіп, солқылдап жылап алды да:
— Қайтіп қана дəтің шыдар жыламағанда, — деді, — жетіп келсем,
айғырым бақайшағына шейін қара терге малынған, үсті ақ көбіктеніп, буы
бұрқыраған, өлердей ентіккен!.. Мен бəлкім кешіксем, қасқырлар айғырды
талап жейді екен өйткені айғырда енді қару қыларлық əл қалмай, əбден
болдырыпты... Содан айғырды ұстап алып, көзінің терін орамалыммен
сүртіп, үстіне шекпенімді шылбырыммен таңып, жүгенімді сыпырып ап,
басына кигізіп, алдыңғы екі аяғын белбеуіммен тұсап, тізгінді шоқтығына
қаңтардым... Енді қауіп жоғын сезгендей, айғырым сол арада қалшиып
тұрып қалды. Мен жылқыларға кеттім.
— Барып қарасам, — дейді Мақан — айғыр жылқыны бір жерге иіріп
қойыпты да, өзі соларды айнала шауып, қасқырлармен алысыпты. Сонда
алдына келсе тарпыған, артына келсе тепкен іздері көрініп жатыр... Не
деген ауыр азап дейсің: əрі иірген жылқыны сол арадан қозғамай ұстап
тұру керек, əрі айнала шабуыл жасаған қасқырларға жылқыны бермеу
керек!..
— Неге иірген? — деп сұрадым мен.
— Оның мəні бар екен. — деді Мақан. — Ар жағында терең сай бар
екен. Жылқы оған киліксе-ақ, қасқырлар тұсаған малдай ұстай.тын. Айғыр
соны білгендей жылқылардың алдынан шығып, қайырып ап иіріп қойыпты.
— Кейін неге айдап кетпеген? — дедім мен.
— Əй, бала-ай, баласың-ау! — деді Мақан — кейін айдап кететін ол бос
жүрген жылқы ма, қамаған қасқыр жібере ме, оны? Ол қулардың ойлап
келе жатқаны да сол алдындағы сайға қамау емес пе?
Айғырдың да, қасқырлардың да ақылдылығына қайран қалған мен:
— Апырай, бұларың сондай ақылды болушы ма еді? — дедім.
— Қасқырды қоя тұршы, — деді Мақан — ол жауыздың ақылдылығына
ешкімнің таласы жоқ қой. Шіркін, ақылды деп мына Ақжамбасты айтқан


дұрыс қой. Малдың ырысы ғой, жануар!..
Мақан биыл, 1969 жылы тірі, жасы 95 те. Былтыр іздеп барып көрсем
бір жас кіші немере інісі — Ноғай мен екеуі, жекеменшік малдарына
шалғымен пішен шауып жүр екен бел-буындары талатын түрлері жоқ!..
Ондай қуаттарың тұрмыстарының жақсылығына жориды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет