Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет28/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   107
ПАРАҚОР СУДЬЯ
Саумалкөл сотындағы істің тиянақталуы ұзаққа созылған жоқ. Бұл істі
«отказ» қылу үшін судья алғаш бес жүз сом сұрап, саудаласа келе үш жүзге
келісіпті. Судьяның бұдан төмендемейтініне көзі жеткен менің серіктерім
«отказға» шығын шығармай құтылмайтын пəле екенін көрген соң, төлеуге
мойындады. Бірақ үш жүз сомды қалтадан суырып бере қою оңай боп па!
Аттың əулиесі ол кезде отыз, қырық сом ғана. Үш жүз сом — он шақты
аттың құны...
Елден шыққалы «əй-шəй» деспей тату-тəтті болып келе жатқан менің
серіктерімнің арасына осы жөнде кикілжің түсіп, өзара біраз ұрысып алды,
сонда Шери бір Жақ та, өзгелері бір жақ. Шериге батып сөз айтатын Ботпай
екен.
«Бастап əкел» дедіңдер, əкелдім: «судьямен келістіретін кісі тап»
дедіңдер, таптым; судьяны көндірдік. Ендігісінде менің шаруам жоқ, — деп
Шери шалқақтайын деп еді, сыпайылаған сөзге Шери иліге қоймаған соң:
— Өзің не оттап отырсың? — деп Ботпай тік келді. — Кім бұл пəлені
тұтатқан? Əкең! Нақақтан күйіп келіп отырмыз. Бізге атымыздың тері де
шығын. Он қол, оймақтай ауыз таза отырып, одан əрі неге шығынданамыз
біз? Қолыңнан салған өртің. Қалай сөндірсең мейлің. Бізге күйесін жақпа
оның. Жағам десең шық былай!.. Біз де көріп алайық ар жағын!..
Өзара дауларын өздерінен басқа кісіге білдіргісі келмегенмен, білдірмей
отыра алмады, олар. Біреуі барып айтты ма, əлде араларында реніш барын
қас-қабақтарынан сөзді ме,— Қоқыш бір күні олардың басын қосты да,
мəн-жайларын сұрады. Өзара келісімге келе алмауларына көздері жеткен
менің серіктерім Қоқышқа шындарын айтты. Екі жағын түгел тыңдап алған
Қоқыш кінəні Шериге қарай аударды.
— Солай-ақ болсын дейік — деді көнген болған Шери, сонда қалай
төлемекпін мен бұл ақшаны? Саудамен келген кісі емес, мініп келгенім —
жалғыз ат. Төлеуге жете ме, ол?
Серіктерімнің суырып берер ақшалары жоғына көзі жеткен Қоқыш:
— Торсанға не болған?! Судьялардың ол білмейтін жайы бар ма еді?
«Əкімге бара берме, пара бер» дегенді өзі айтатын еді ғой Торсанның. Сол
жайды біле отырып, осындай қуыс қалта ғып неге жіберген, сендерді? —
деп бастап, бірталай салмақты сөздер айтты.
— Қатасы жоқ, — деді Мəшік — осыны байға мен де ескертіп ем: «Бір
тəуекел, барып көріңдер, тəңірі бергенін алып кетпесе, еншалла ештеме


сұрай қоймас, біз араласқан жұмыс солай бітетін де» деп болмады.
— Қайтсін — деді Қоқыш. — Оның да баяғы күйі бар ма? Жасы жетіп,
билігі балаларына ауып бара жатқан кез. Дəулеті болса, дөңгеленген
уақыт!.. Торсанмен құрдас, — деді Қоқыш аз кідіріп, — əрі сыйласып өскен
кісі еді. Маған сеніп жіберіп отыр ғой сендерді. «Жақсылық қылсаң,
(«түтін қыл» депті. Сендер үшін емес, Торсан үшін тағы бір қиналам.
— Сөйте көріңіз, енді! — деді Таспай,— сүйенішіміз — əуелі құдай,
қалды — Сіз!..
— Ғалиянұрды судьяға тағы жұмсағым келеді, — деді Қоқыш, — бірақ
жұмсар алдында сендермен пысықтайтын сөз бар.
— Айтыңыз! — деді Ботпай.
— Судьяға «біраз күн шыда» деген сөзді жолдағым кеп отыр. Осыған
менің табаным тұрғанмен, өздеріңнің табандарың тұра ала ма? Соны білгім
келеді.
Менің, серіктерім бір-біріне қарасып, үнсіз аз уақыт отырғаннан кейін:
— Қоқа, жеңіл сөз емес қой, бұл — деді Ботпай,— жауабын ақылдасып
берейік. Бізге биенің бір сауымындай мұрша беріңіз.
— Болсын, — деді Қоқыш.
Қоқыштан оңашаланғаннан кейін:
— Ал, Шери не дейсің? Ендігі сөз сендерде! — деген сұрауға:
— Ең алдымен, — деп жауап берді Шери, — судьяның үш жүз сом алам
деуіне күдігім бар. Бірер аттың құнымен де көңілі аулана қалатын судьялар
неғып шіреніп кетті, бұл жолы!..
— Не деп ойлайсың, сонда?—деді Таспай, — ойынан шығарды дейсің
бе, Ғалиянұр?
— Ғалиянұрдың емес, Қоқыштың ойынан шығады, бұл сөз.
— Неге?
— Білмей жүрмісің «неге» екенін? Екі иініп жұлып жегендей боп аштан
өлгелі отырған төре бізді бір майлы жілік көріп алды, шетінен кеміріп сора
беретін!.. Судьяға барып сөйлесші, осының к... сонда ашылады.
— Бар, сөйлес, ер болсаң! — деді Мəшік кекетінді дауыспен.
— Əттең, айыпталушы мен емеспін — деді Шери, — егер мен болсам,


осы аш төрені араға салмай-ақ өзім жүрер ем.
— Сол əнге бастың ба? — деді Мəшік. — Олай болса, бізді отқа итер де,
өзің тартып отыр!..
Екі жағы тағы да біраз керілдесіп алды. Бала да болсам байқаймын:
Шери бұл жақтан емес, ел жақтан ығысатын сияқты. Сөз əлпеттеріне
қарағанда, Торсан тұқымын Сибандар жеңіп ап, Шери бұл сапарға еріксіз
шыққан сияқты. Сондықтан Шериге қарсылар оны:
— Артына шыдайтын болсақ, біз тұтқынға-ақ түсейік! — деп қажытады.
Маған өзгелерінен Шеридің халі қиын сияқтанды. Пара жөнінде судьяға
өзі барып сөйлесуге батылы жетпеген Шери, параның мөлшері туралы
күдіктенгенмен, сол мөлшерде төлемеуге болмайтынын көрген Шери
қайдан тапса да осы мөлшердегі параны өзі тауып беру керектігін ұққан.
Шери расында, қысылды.
«Өлмегенге өлі балық» дегендей, амалы құрып Шери қысылған кезде
оны бұл тұйықтан алып шығушы табыла кетті. «Саумалкөлге Жұдырық
келіпті» деген хабар естілді. Шери астыртын кісі жіберіп білдірсе, рас екен.
Ол кім?
Оның кім екенін айтпастан бұрын, мен осы адамның атына байланысты,
сол арада бұрын естімеген бір сұмдықты естідім. Менің оған шейінгі
ұғымымда: ұрлықты кейбір кедей адам жоқшылықтан ғана қылады... Енді
естісем: мына шеті Көкшетау, Баяң Қарқаралыдағы: мына шеті Қызылжар,
Қостанай, Торғайдағы кей байлар өзара байланысып жылқы ұрлығын
жасатады екен де, бірден бірге сырғытып өткізіп, мал иелеріне теңдік
бермейді екен.
Желісі осылай кең тартылған ұрлық жолының бір мықты қазығы Торсан
үйі болады екен. Жаңағы Жұдырық жəне оның серігі Сыздық, Есіл өзенінің
Қызылжарға жақын жағасын мекендеген Ақкиік Атығайдың ұрылары екен.
Шығыстан келген ұрлық малын олар Торсанға жеткізіп, батыстан Торсан
үйіне келген ұрлық малдарын шығысқа айдайды екен.
Жұдырық пен Сыздық бертінде тұтқынға алынады да, соттың үкімімен
Торғай үйезіне жер ауады. Олар Əбдіғапардың (Аманкелдіні өлтіретін)
қолына барады. Əбдіғапар оларды ұрлыққа жұмсап жүрген кезінде, Сыздық
оның тоқалымен көңілдес боп қап, Əбдіғапар атып өлтіреді. Жұдырықты да
өлтірмек болады... Жұдырық Саумалкөлге Əбдіғапардан қашып келеді екен
беті — өз елі. Оның келгенін естіген Шери ат шаптырады да тез алдырды:
орта бойлы, жуантық кесек денелі, қоңыр кескінді, қалың қара мұрты бар,
сақалын қырып жүретін кісі екен. Жұдырықпен оңаша кекескен соң-ақ
Шеридің ажары кіре бастады. Сол түні Шоқпыт жоғалып шықты да, үш-
төрт күнде оралып келіп қалды. Артынан білсем: Жұдырықтың ауылда


қалған Жетпіс дейтін інісі бар екен. Ол да бау кеспе ұры екен. Оның
Мұстариза
38 
дейтін басшысы болады екен. Жұдырық Шоқпытты соларға
жібереді. Олар ақшадай бес жүз сом жібереді жəне Жұдырыққа қоса
Шериді де қонаққа шақырып хат жазады...
Үш жүз сом қолына тиген соң-ақ судья істі «отказ» қылады да, копиясын
жауапкерлердің қолына береді. Содан кейін қайтуға асыққан Мəшік пен
Таспайды Шери бөгеді. Сонда айтқаны:
— Судьяның бізге тағы да керек күні болмас деймісің. Көптен тұрған,
үкіметке жағымды судья көрінеді өзі. Бір малдың басын қыяйық та,
қонаққа шақырып таныс болайық.
— Желкемнің шұқыры көрсін енді судьяны!.. Құдай өңім түгіл түсімде
көрсетпесін! — деп зырылдаған Таспайға Мəшік те ерер ме еді, қайтер еді,
егер, Шери оған:
— Сол судьяның үйінде грамафон бар деп естідім, — демесе жəне
Таспайдың «ол не?» деген сұрауына «адамша сөйлейтін машина. Ірі
шаһарларда болмаса, поселкеде кездеспейтін еді, судьяда бар екен!.. Жəне
жай ғана сөйлемейді, адамша əн салады» демесе.
Мəшік грамафонды естіген екен де, көрген жоқ екен. Көруге құмар екен.
Оған Ботпай қосылып, екеуі Таспайды жеңді...
Саумалкөлге аттандық. Оны орыстар бекерге «Криво озерное»
39 
демейді
екен. Көп үйлі, əлденеше көшелі үлкен поселкенің күнгей жағын қоршай
біткен телегей теңіз бұл көлдің түрі өгіздің имиген сыңар мүйізіне ұқсайды.
Жағасы — қалың қарағай. Саумалкөл дейтіні — суы саумалдау екен бірақ
ішуге болады.
Жұдырыққа ерген жолаушылар Саумалкөлдің жағасында отырған
бақташы қазақтың кигіз үйіне түсті. Судья сол үйге шақырылды: сары
буырыл ұзын сақалының иек тұсын ғана қырып, өзге жерін қалың мұртына
тұтастырып кеудесіне түсіре өсірген, таңқы танау, қушық бет, үлкен көк
көзді аласа бойлы, быртиған семіз ақсары кісі екен. Күлмей сөз сөйлемейді,
жəне бүкіл денесін солқылдата күледі, трубкасы аузынан түспейді, мұрты
араласқан сақалын екі қолымен кезек ширата береді...
Арақ ішсе, судьяның кескіні күреңденіп, маңдайының, мойнының
тамырлары білеуленіп шығып кетеді екен жəне өлең мен жай сөзді
араластырып даурығып мазаны алады екен.
Арақты судьяға еріп Жұдырық пен Шери ғана ішті. Өзгелері «ауызға ап
көрген жоқпыз» деп жоламады.
Судья грамафонын ала келген екен. Бірақ өзі мас боп құлағанша, жұртқа


грамафон тыңдатып оңдырған жоқ. Грамафон айтқан əнге қосылып, қасқыр
жарып жатқан сиырдың өкіргеніндей тұрпайы дауысымен бақыра жөнеледі
де, құлағыңды керең қылады.
Жұдырық — арақты сілтегіш пəле боп шықты. Алғашқы рюмкені
көтергенде, қазақшаны шалалау білетін судья түсінбейтін сөздермен:
— Сары текені сұлату керек бүгін — деді ол Шериге.
— Қалай? — деді түсіне қалған Шери.
— Суару керек мықтап. Шекесі жұқалау екен қанша сімірер дейсің, бізге
осы текенің шоңқиғаны керек.
— Қандыруға мен ере алар ма екем, — деді Шери, — өзің болмасаң?
— Тəуекел деп тартайық, — деді Жұдырық, — тəңірі бергенін əкетпесе,
бұл текенің сілесін қатырармын.
— Мен де еріп көрермін— деді Шери...
Осы сертпен екеуі судьяны қақпақылдап суарып отырып, лезде
сұлатты... Сойған қойдың еті пісуге шыдау түгіл, судья қуырдақтың өзін
аяқтай алмай, күрмелген тілмен біраз оттап отырды да, əлсіреп сөнген отқа
ұқсап, баяулап барып қылжиды...
Грамафонның қызығын үйдегі жұрт судья қылжиғаннан кейін көрді.
Орысша тамаша əндерді сұңқылдатып басты ол.
Жансыз мүліктің жанды адамдай əндету мəніне ешкім түсіне алмай-ақ
қойды.
— Шіркін, орыс-ай! — деп қайран қалысты олар, — Сенен құтылатын
да өнер болар ма екен!.. — Өзгенің бəрін істеп боп, енді темірге де əн
салдырып қойдық-ау!..
— Осыны ойлап шығарған адамның өркені өссін деп айта беру керек, —
десті менің серіктерім, — үйден шыққалы қобалжыған ренішті көңілді
көтеріп, бір жасап қалдық-ау!..




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет