Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет33/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   107
ГЕНЕРАЛ-ГУБЕРНАТОР
Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді.
— Не болды? — деген сұрауға, оның берген жауабы, — барып кел деп
мені жұмсап жіберді.
— Не жұмысқа?
— Болысқа деген пакет бар, «тығыз жұмыс, тез жеткізсін» дейді.
Рамазан бір атқа мені салт мінгізді де, болысқа пакетті жеткіз деп
шаптырды. Болысымыз — Нұртаза. Оның болыс болуының қысқаша
тарихы былай: болыстыққа сайлану, ол кезде парамен байланысты.
Сайлауды жүргізуге келген крестьянский начальник те, сайлауға дауыс
беретін бибырнайлар
44 
да пара бермеген кісіні болыстыққа сайламайды.
Болыстыққа үміті бар байлардың қайсысы болса да, пара беруден бас
тартпайды. Бірақ мəселе параны беруде емес, қанша беруде. Параға əрине,
ақша жүреді. Бес болыс Керейде Əлтиден ақшасы көп кісі жоқ. Ендеше
сайлаушыларды да, крестьянский начальникті де, ол сатып алмағанда кім
сатып алады?
Ақшаның күшін еркін танып алған Əлти бертін кезде кімді болыс
қоярын үйінде отырып шешетін болған. Көңіліне жаққан біреуге ол: «Егер
болыстыққа көңілі болса, маған келсін де, ақша əкетсін» деп хабар айтқан.
Сол адам болыстыққа сайланатын да болған. Бірақ Əлтидің өз есебі түгел:
оның ақшасының күшімен сайланған болыстар, Əлтидің қалтасынан
шыққан ақшаны екі-үш есе ғып қайтарып береді. Сонымен Əлтиден де,
болыстан да шығар шығын жоқ, шығынды көтеретін — халық. Алғашқы
кезде Əлтидің бұл өктемдігіне өзге байлар тырбанып қарсы шыққанмен
кейін: «Əлти жəрдемдесетін бопты» десе, таласпай отырып қалатын
болған.
Осы Əлтиге бір уақытта Торсанның болыс боп тұрған баласы Шақан
жақпайды да, Əлти Ресейдің Мұстафасы деген кісіге:
— Болыстыққа көңілі болса, менен ақша алып кетсін де, Шақанның
болыстығын алсын — деп хабар айтады.
Торсанды ата жауы көріп өскен Мұстафа бұл хабарды қуанышпен қарсы
алады да, Шақанмен болыстыққа таласады, қанделетіне (кандидат)
даярлаған кісісі — Нұртаза.
Сайлау алдында Əлти ақшаны төгіп кеп жібереді де, Мұстафа болыс боп
шыға келеді. Жеңіліп қалған Торсан сайланған Мұстафаны тез түсіртіп
тастаудың амалын табады: «Мұстафа жасында жынданған, сол шалығы


оның бойында əлі де бар, нанбасаңыз дəрігерлерден комиссия жіберіп
қаратыңыз» деп Омбыдағы губернатордың атына арыз жолдайды. Арызға
бірнеше «куəлардың» қағаздарын тіркейді.
Губернатор бұл жұмысты қайдан тексеріп жатсын. Оның Торсан
жіберген арызға қайтарған жауабы қысқа болады: «Осы қағазды сізге
жолдап отырмын, — деп жазады ол Қызылжардың ояздық начальнигіне. —
Тексеріңіз де, жауабын беріңіз».
Ояздық начальник Торсанмен көңілдес кісі екен ол арызда айтылған
сөзді тексерместен, губернатордың атына: «Мұстафа расында жынды екен»
деген қорытынды қайтарады. Кешікпей: «Мұстафа Ресеев болыстығынан
түсірілсін, ісі кандидаты Нұртаза Оспановқа берілсін» деп бұйрық жазады.
Нұртазаның болыс болу тарихы осылай.
Байбан əкеліп берген пакетті, Достың басында отырған Нұртазаға мен
жеткіздім. Оның үйінде Андрей Кабаков дейтін хатшы бар екен қазақ тілін
шалағай білетін кісі екен. Кабаков конвертті ашып оқығаннан кейін
Нұртазаға жуық арада осы маңнан Омбыдағы генерал-губернатор
өтетіндігін айтыпты.
Бұйрық ояздық начальниктен келіпті. Онда тапсырылған сөздер:
«Губернатордың өтетін жерінен ауыл атаулы көшсін. Ол маңайға мал
жайылмасын. Губернатор өтетін күні бейсауат кісі жүрмесін. Иттердің бəрі
байланып қойылсын. Губернатор жүретін жолдың бойында шұқанақтар,
жарықтар кездессе, сол маңдағы ауылдар, не поселкелер тегістесін.
Губернаторға арнаулы үйлер тігілсін. Қажетті азықтар даярланып
қойылсын. Губернатор мен оның серіктеріне арналып, қырық пар ат
даярлансын. Əрбір пар аттың бойы да, түсі де бірдей болсын. Пар жегілетін
екі аттың, жалдары бір жағына емес, екі жағына жатсын. Жегілетін аттар не
шабан, не тарпаң, не үркек, не асау болмасын. Жиналған аттар бір жұма
бұрын жаратылсын. Губернатор келерден бір жұма бұрын, сол араның,
болыстары, ауылнайлары, беделді ақсақалдары жиналып тұрсын; село
болса, старосталары жəне десятниктері жиналып тұрсын. Қызметтегі
адамдардың бəрі губернаторды қарсы алуға шыққанда мойнына знактарын
салсын...»
Бұйрық оқылғаннан кейін Нұртаза əрі ауыр күрсінді, əрі өңі бұзылып
кетті. Өйтпегенде қайтсін, екінің бірі: ие мына бұйрықты орындайды, не
басымен жауап береді:
Сол күннен бастап, Нұртаза əбігерлікке түсті. Ауылнайларды,
бибырнайларды жəне беделді ақсақалдарды шақырып, жан-жаққа шапқын
кетті. Əлтидің Садуақасына да кісі жіберілді...
Со кезде хабарласқан урядниктің айтуынша, генерал-губернатор
Жаманшұбар арқылы емес, Дос арқылы жүреді екен. Достың маңайы —
сыңысқан қалың ауылдар. Бұйрық бойынша, оларды көшіру керек. Бұл


ауылдардың Достан басқа мекендей қоятын жайлауы жоқ.
Не істеу керек?
Ояздық начальниктің бұйрығын орындамауға амалдары қанша!
Жиналған ауылнайлар мен бибырнайлар, əсіресе Əлтидің Садуақасы
ауылдарды көшіруге ұйғарды.
Амалы құрыған ауылдар ар жағындағы Жалғызкөлге қарай сырғыды.
Ауыл адамдарына көшуден көрі, көшкен жұрттағы малдың жас тезегін
жинау қиын болды. Урядниктің бұйрығы: «Бұл маңайда бір малдың қиы
көрінетін болмасын...»
Дос пен Жайықбайдың екі аралығына губернаторға арналып он шақты
ақ үй тігілді. Ауылдың ол кездегі сыйлы қонаққа беретін асы — арналып
сойылған жас марқаның еті мен қымыз ғана. Наны — бауырсақ. Бұл
тамақтардың 
жайын 
білген 
урядник: 
«Генерал-губернатор 
сенің
ауылыңның тамағын ішпейді. Оған тамақты шаһарша даярлау керек» деген
əмірін айтты. Бұл əмірді де мақұлдаған жұрт маңайдағы орыс қалаларына
кісі шаптырып, қала тəртібімен ас пісіруге жарайды деген орыс əйелдерін
алдырды... Ояздық начальник айтқан мөлшерде аттар да тапсырма
бойынша жиналып, ерекше күтіліп жатты...
Ауыл осылай даярлану жұмысында жүрген күндердің біреуінде, Байбан
ауылы жақтан шапқын келді. Оның айтуынша, губернатор бүгін таңертең
Метропкеден (Дмитриевка) шықпақ та, кешке осы ауылға қонаға келмек.
Кішкене жəне арық денелі, əрі көксау, əрі со кезде жасы алпыстарды
алқымдап қалған Нұртазада мына хабарды естігеннен кейін өң-түс қалған
жоқ. Ол Садуақасқа:
— Менің беделім сендей емес, сені ойда орыс, қырда қазақ түгел біледі
жəне сыйлайды. Осы болыстыққа сен ие бола тұрсаң қайтеді! — деп
жалынып еді, Садуақас əуелі:
— Жемісті сен орып, мен жейін дегенің бе, бұл? — деп қалжыңдады да,
артынан Нұртаза жабыса берген соң:
— Жоқты айтып, басты қатырма! Сенің отыңа күйетін мені кім деп
отырсың, болыс болғанды жақсы көресің де, ұлық келгенде қашасың. Жоқ,
болмайды ол. Шатақты қой да, ісіңді басқар! — деп қатты қайырып
тастады.
Амалы құрыған Нұртаза қайтып жауап қайырған жоқ...
Күн кешкіріп келеді. Губернатордың қарасы əлі көрінбейді. Келген
шапқынның айтуынша, губернатордың қасына ерген жиырма шақты нөкері
бар. Олардың бəрі оң он бес шақты пəуескемен келе жатыр.


Бір кезде Байбан аулы жағынан бұрқырап көтерілген шаң көрінді.
— Ал, кеп қалды! — деп ду өте түсті жұрт. Біреулер:
— Мұның алдынан шығамыз ба, қайтеміз? — деп урядниктен сұрап еді:
— Жоқ, болмайды ол, — деді урядник. — Оның алдынан үш-ақ кісі
шығуымыз керек: болыс, хатшысы жəне мен.
— Бұйрық солай болды ғой, — деді Садуақас Нұртазаға. —Ал, енді мін
атқа!..
Өңі бұрынғыдан да қуқылдана түскен Нұртаза Садуақасқа:
— Оққа мені байлайын деген екенсіңдер, жарайды, мен-ақ құрмалдық
болайын жұрт үшін — деп ерттеулі тұрған атына жөнеле берді де, ашулы
адыммен барып, атына ырғып мініп алғаннан кейін:
— А, жасаған, бір өзіңе тапсырдым! — деп дауысы барқырап жылап
жіберді. Содан кейін урядник, Нұртаза жəне Кабаков үшеуі шаңдатып келе
жатқан губернатордың алдынан шапты да кетті.
Күтіп тұрған жұртта өң де, түс те жоқ. Сұрастырып көрсе, бұл тұрған
жандардың ішінде, жалғыз Əлтидің Садуақасы болмаса, губернатор түгіл,
ояздық начальниктің алдын көрген біреуі де жоқ екен. Енді біреулері өзге
əкімді былай қойып, урядник жүрген жердің өзінен қашады екен. Сондай
«бейшараларға» губернаторды қарсы алу оңай боп па!..
Үрейлі көпшіліктің ішінде батыл көрінгісі келгендей:
— Орыс тіліне қайсың жетік ең? — деп сұрады Əлтидің Садуақасы
өзгелерінен. Біреу тұрып:
— Қорғанға көбірек барып жүреді ғой, орыс тіліне Түркенің Қантайы
жетік дейтін — деп еді, бұл араға бибырнай болғандықтан келіп тұрған
Қантай:
— Атай көрмеңдер, менің білетін тілім орыстың купестерін ғана
алдайтын тіл, төре дегеннің алдын көрген кісі емеспін. Жанарал түгіл
кіпіралға
45 
да сөйлесе алатын жайым жоқ, — деп қашып шықты. Біреулер:
— Рамазан, сен жəмшік тартып, əртүрлі төрелерге жолығып жүрсің ғой,
соның тілін сен білерсің, — деп еді, ол тұрып:
— Мені қойшы, тəйірі, мен деген жəмшік емеспін бе, жəмшік деген
жалшы емес пе? Шені бар біреу сөйлессін — деп жуымайтындық белгі
көрсетті.
Орысша біледі-ау, деген əркімдерге ұсынысын өткізе алмаған көпшілік:


— Торсанға еріп Омбыға барып жүруші ең ғой, сен тегі, төренің тілін
білсең сен білерсің, — деп Мəшікке жабысты.
Мінезі салмақты Мəшік «көрерміз оны» деп бəлденгендей аз тұрды да:
— Жарайды, реті келсе сөйлессек сөйлесерміз, — деді.
— Е, бəрекелде, — деп шу ете түсті əркімдер. — Бізден де бір еркек
шықсын да солай!
— Шіркін, Мəшік жүректі екен ғой, — деп күбірлесті біреулер.
Мəшіктің ризашылығына көзі жетіп болғаннан кейін біреулері тұрып:
— Бұл «төре тілі» деген қандай тіл болады екен өзі? — деп сұрады.
— Өзі орыс болса, оның сөйлейтін тілі де орыстікі болады да, — деген
біреуге:
— Сен білгішсінбей тұра тұршы, — деді бір шал. — Қара орыс пен төре
орыс бірдей сөйлейді дегенді кім айтқан саған?
— Даурықпаңдар, — деді біреу тұрып. — Мына Мəшіктен естиік те,
төреге қалай сөйлесетінін. Оған қалай амандасушы еді? — деп сұрады осы
кісі Мəшіктен. — Кəдімгі, орыстарға айтатын «іздəстиді» айта ма, басқа сөз
айта ма?
— Ол қоқалдың амандасуы ғой, — деді Мəшік. — Төреге «Здраю
желаю» дейтін көрінеді ғой.
— Естідіңдер ме? — деп ду ете түсті бірсыпыралары. — Тыңдап
қойыңдар, төремен сөйлесе алады екенсіңдер! «Орысшылаймын деп
жанаралдың аузын боқтапты» деген осыдан шыққан ғой. Мынау Мəшік
біздің құлағымыз естімеген сөзді айтып тұр. Одан арғы сөзі не болады
екен.
Жұрттың бəрі жауап күткендей, Мəшікке үңіле қалысты.
— Ұмытып кеткен екем, — деді Мəшік «Здраю желаюдан» бұрын «ваше
благородие» деген сөзді айту керек.
Біреулер «Бəтен де сүрінді» деп күлейін деп еді:
— Қойыңдар, əрі — деп ақырып қалды Садуақас. Мəшік сен айтатын
сөздеріңді күн бұрыннан ойланып қой. Губернатор келгенде сасып қап,
масқара боп жүрме.
Осы кезде шаңдатқан пəуескелер жақындап қалды.


— Мойындарына знактарын салып, ауылнайлар ғана тұрсын, бұл арада,
— деді Садуақас, — өзгеміз үйдің артына қарай кетейік. Губернатор,
шақырса үстіне кірерміз де, əйтпесе сырттан-ақ сығалармыз.
— Мақұл, — десті көпшілік. — Топ екіге бөлінді. Бір топты бастап
Садуақас тігілген кигіз үйлердің сыртындағы сайға кетті.
«Ауылнайдың знагі» деген алақандай дөңгелек жез болады екен бетінде
орысша жазу — (кейін көрсем «Пəлен болыстың пəлендей ауылының
старшинасы» деген орысша жазу болады екен). Бір жақ шетінде, ұзын бауы
бар.
Жолаушылар таялып келген кезде топталған ауылнайлар мойындарына
знактарының бауын іле сап, қаз-қатар тұра қалысты. Жолдың шаңын
аспанға көтерген он бес шақты пəуеске жеккен аттардың бар пəрменімен,
шапқан екпінімен кеп тоқтай қалысты.
Пəуеске дегеніміз өзіміз көріп жүрген тарантастың үлкені сияқты екен.
Үстінде былғары күйме. Күймелердің бəрінің де алды жабық екен.
Көп пəуескеден біреуінің ғана есігі бұрқыраған шаң бəсеңдеңкіреген
кезде ашылды. Одан қалың Бары мұртты, шоқша сақалды, зор денелі, үсті-
басы жарқыраған жалаң бас біреу шыға келді де, жақындауға бата алмай
тұрған топқа келіп, əлденені сұрады. Тұрған топ қолдарымен ат үстіндегі
Нұртазаны нұсқады. Жаңағы төре Нұртазаны ымдап шақырды. Атын
тебініп, жақындаған Нұртазаның шаңнан бет-аузы көрінбейді. Төре оған
күлімсірей аз қарап тұрды да, орысшылап бірдемелерді айтып, пəуескесіне
қарай кетті.
— «Атты жегіңдер!» — деп айтады деді Нұртаза.
— Күн кешкіріп кетті, қонбай ма екен? — деді біреу.
— Қон десеңдер, айтыңдар біреуің, — деді Нұртаза, үнемі отқа күйе
беруді тəңірім менің маңдайыма жазып қойып па?
Байбан аулы жағынан келген, терге шомылған аттар .ағытылып жатыр.
Біздің араға жиналған жарау аттар жегілуге даярланып жатыр... Со кезде
ғана губернатордың пəуескесі қайда екенін білген Мəшік қасына барыпты
да, губернаторға тіл қатыпты, онысын ат жегудің əбігерінде жүрген біз
көрген жоқпыз. Тек қана біздің көргеніміз: тың аттар жегіліп бітуге
айналған кезде, үсті қайырылған бір пəуескедегі ұзын қою қара сақалды,
жуан денелі, үстіндегі жарқыраған манағы төреден де көп біреу түсті де,
кигіз үйлерге қарай беттеді, қасында Мəшік. Өзге пəуескелерден де түскен
біреулер ол екеуіне ере бастады. Қайсысының губернатор екені белгісіз.
Бəрі де жарқырай киінген, бəрінің үсті-басы тола шен.
Төрелер кигіз үйдің біреуінің алдына тоқтап, өзара бірдемелерді


сөйлесіп, қарқылдасып күлісіп тұрғанда, Мəшік үйге кірді де, сырлы аяқты
толтыра қымыз алып шықты. Аяқты ол манағы өзімен бірге барған
сақалдыға ұстатты. Сақалды қымызды ұрттап алды да, жерге түкіріп
жіберді. Содан кейін олар тағы бірдемелерді айтысып, қарқылдап күлісті
де, пəуескелеріне тарай бастады.
— Қонбады ма? — деп сұрасты біреулер Мəшіктен сыбырлап.
— Көрмей тұрмысың? — деді Мəшік.
— Енді, дəм де татпағаны ма, шіркіндердің? — деген біреуге:
— Дəміңді неғылсын сенің, — деді Мəшік.
Сөз сонымен доғарылды. Төрелер пəуескелеріне мінісіп жатыр...
— Бала, бері кел, — деді маған со кезде, қасымнан өте берген Рамазан.
— Бар, анау кейінірек тұрған үш пəуескенің оң жақ шеттегісінің божысын
сен ұстайсың.
Пəуескелердің алды қозғала берді. Екі құла ат жеккен «менің» пəуескем
де қозғалды.
Ауылдан шықпай-ақ шапқынмен кеттік. Жердің шаңы аспанға көтеріліп,
маңайдан түк көрсетер емес.
Осы шаңнан кісі тұншығып өлер ме еді, қайтер еді, — егер күн
батқаннан кейін қара жаңбыр төге жөнелмесе.
Бұл жаңбырдың, бұлты күн түстіктен ауғаннан кейін-ақ батысқа
қоңырланып жинала бастап, біз ауылдан аттанған кезде түтеленіп қап-қара
боп алған. Осы бұлт күн батар кезде бері қарай жылжи бастады да, ымырт
болмай-ақ төпей жөнелді.
Жəне ол мейлінше қатты төпеді. Аспаннан шүмектеп құйғандай жауын
шатырлаған бұлттан сарылдай төгілгенде, лездің арасында дала сел боп
кетті...
Жаңбыр жауған сайын қалыңдай түсті, бұлт аспанды қоршай түсті.
Біраздан кейін анда-санда жарқылдаған жай оғының жарығынан болмаса,
түнек қараңғыдан түк көруге болмайды...
Жаңбырдан миы шыққан сазды жерде аттың жортуға қаншалық күші
келеді. Мен божысын ұстап келе жатқан аттар біраздан кейін тырбыңдап,
болдырған қалып көрсетті. Күн жарқылдағанда көзіме түсіп қалатын
маңайдағы кейбір пəуескелердің аттары да осы халде сияқты... Жол
дегеннен алдақашан айырылған болуымыз керек, өйткені пəуескенің
селкілдеген түрі жаман. Бетіміз оң ба, теріс пе, оны біліп болар емес...
Біраздан кейін бытырай бастағанын білген жұрт, бірін-бірі айғаймен ғана


табуға айналды. Осы айғаймен бірнеше пəуескенің басы қосылғаннан
кейін:
— Енді қайтеміз? — деген сұрауларға:
Біз қайдан білейік төрелер біледі де, солардан сұрайық, — деген жауап
берді біреу.
— Төрелер тоқтайтын емес, жүріңдер деп тұр, ал, тарттық тəуекел ғып,
— деген айғай шықты бір уақытта.
— Бірінің елесі біріне зорға көрінетін пəуескелер төпеуі үдей түскен
жауында тағы да шұбыра тартты. Бірақ аттарда бұрынғы қарқын жоқ, олар
енді шабыс түгіл, жортақ түгіл, шоқақ түгіл, аяңның өзіне зорға жарайды...
Жаңбыр үдеп барады... Жер-дүние телегей-теңіз... шылқылдаған саз...
Аттар енді аяңнан да қалуға жақын... Үсті-басымызда малшынбаған киім
жоқ. Мойыннан аққан су бақайыңа сорғалайды...
Осы халде келе жатқан пəуескелер бір жерге кеп ошарылып, у-шу бола
қалды.
Дауыстаған адамдардың сөздеріне қарағанда, бір көлдің биік жарына кеп
тақалып тұр екенбіз. Егер жардан құласа, пəуескенің күл-пəресі шығатын.
Бұл кəдімгі Жаркөлдің биік жағасы екен. Биіктігі елу-алпыс метрдей бұл
жардан құлаған нəрсе, күл-пəре болудан бұрын, ар жағындағы келдің терең
суына күп береді. Оның аты — тұншығу...
Осы халді көрген губернатор пəуескелер кейін бұрылып, жардан
шыққаннан кейін өз пəуескесінен түсіп, шоқынып жатыр дейді. Сонда
оның не айтқанын Рамазан тыңдап тұрыпты. Кейін жұрт:
— Губернатор не деді сонда? — деп сұрағанда:
— «Қатынымды көрмей өліп қала жаздадым-ау» деді губернатор, —
дейтін еді Рамазан.
Тегі, губернатордың əйелің не аса сыйлайтындығы, не одан аса
қорқатындығы рас болу керек. Өйткені сонша көп адаммен, сонша көп
пəуескемен жолшыбайғы сонша жұртты əуре ғып, Омбыдан Қостанайға
генерал-губернатордың жол шеккен себебі, со кезде Қостанайға оның
əйелінің Петербурда оқитын інісі келеді екен. Губернатор нөкерлерін ертіп,
сол балдызына амандасуға шығыпты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет