3. Неміс классикалық философиясының көрнекті өкілі Людвиг Фейербах 1804 жылы Ландсугутта туып, 1872 жылы Нюренберг қаласының маңында, Рейхенберг деген жерде қайтыс болған. Негізгі еңбектері: «Христиан дінінің мәні», «Діннің мәні», «Гегельге қарсы сын», т.б.
Фейербах Гегельдің қарама-қайшылықтар бірлігі қағидасын, оның диалектикасын жоғары бағалап, жас гегеляншылар қатарында болды. Кейін келе, ол Гегель бірлікті идеалдытүрде ғана түсінеді, ал оның диалектикасы өмір шындығынан тыс жатыр деп сынға алып, идеализмді дінің рационалданған түрі, сондықтан философияның бірден-бір міндеті дінге қарсы күресу деп тұжырымдады. Құдай – адамға тән қасиеттерді, мәнді одан бөліп алып, жеке өз алдына мән ретінде қалыптасқан ұғым. Шындап келгенде, Құдай деп жүргеніміз адамның өзі. Ал адамның өзі физиологиялық және психологиялық бірліктен тұрады. Оны ажыратып, бөліп қарау тек абстракцияда ғана мүмкін. Сондықтан Кант пен Гегельдің адамды рухани құбылыс ретінде қараулары негізсіз. Жан мен тән, рух пен дене бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Тән өлгенде, жан да өз өмірін тоқтатады. Адамның мәні – ақыл-ой, жігер, жүрек (жан мағынасында) және физиологиялық процестерге жатпайтын өзіндік ерекшеліктері бар дененің ұйымдасу қабілетімен тығыз байланысты. Адам – табиғаттың ең жоғары нәтижесі, сондықтан онытабиғаттан бөліп қарауға болмайды. Демек, жаңа философияның негізгі міндеті – табиғатты зерттеп, оның адамға тигізер әсері негізінде адамның осы өмірдегі мән-мағынасын түсіну. О дүниеде жақсы өмір жоқ болғандықтан, адамдар бірігіп, осы дүниеде қалай жақсы өмір сүруге болатын жолдарды іздестірулері керек. Осындай жақсылыққа апаратын жол, Құдайға жлбарынуды уағыздайтын дінің орнына, адамдардың бір-біріне сенімін арттыратын сүйіспеншілік діні деп есептейді Фейербах.
Фейербах Канттың таным тұжырымдамасын сынға ала отырып, адам ақыл-ойы объективті нақтылықты дұрыс бейнелейді деп сенеді. Таным процесінде басты рөлді сезім атқарады, ал ойлаудың қызметі – сезім берген деректерді басқа деректермен байланыстыру.