Миға жалпы шолу
Миды (encephalon) сыртынан қарағанда оның үш бөлігін: үлкен миды, cerebrum, мишықты,cerebellum және ми сабауын,truncus encephalicus,ажыратады.
Үлкен ми екі сыңардан, hemispheriae cerebrales,тұрады.Үлкен миды (encephalon) екі терең саңылау бөліп жатады: бойлық жүлге, fissura longitudinalis cerebralis,- үлкен миды (cerebrum) оң және сол ми сыңарларына бөледі, ал көлденең жүлге, fissura longitudinalis cerebralis, - үлкен ми сыңарларын мишықтан (cerebellum) бөліп тұрады. Әр ми сыңарының маңдайлық, шүйделік, самайлық полюстерін және жоғарғы-латералды, медиалды, төменгі
беттерін ажыратады. Ми сыңарларының бетінде көптеген жүлгелер, sulci cerebrales, пен
қатпарлар, gyri cerebrales, орналасады.
Мидың әр сыңарының жоғарғы - латералды беті бассүйек төбесінің бедеріне сәйкес дөңес, ал мидың медиалды беті жалпақ болып келеді. Бұл саңылаудың тереңінде мидың үлкен дәнекері – сүйелді дене, corpus callosum, жатады.
Мидың төменгі беті бассүйек негізінің ішкі бедерін қайталайтындықтан тегіс емес. Оның артқы бөлігі - ми сабауының, алдыңғысы – бойлық саңылаумен бөлінген маңдайлық үлестердің, ал бүйір жақтары - сәл алға және төмен қарай шығып тұрған самайлық үлестерінің төменгі беттері болып табылады,
Маңдайлық үлестердің төменгі бетінде орналасатын пішіні ұршықтәрізді иіс сезу буылтығы, bulbus olfactorius, артқа қарай иіс сезу жолына,tractus olfactorius, одан әрі иіс сезу үшбұрышына,trigonum olfactorium, жалғасады. Иіс сезу буылтығына бассүйек нервтерінің I жұбы – 15-20 жіңішке иіс сезу нервтері, nn.olfactorii,келеді. Әр иіс сезу үшбұрышының артқы жағында, ми затына ұсақ тамырлар өтетін көптеген тесіктері бар алдыңғы тесіктелген зат, substantia perforata anterior,орналасады (мидың жұмсақ қабығын алған кезде жақсы көрінеді). Оң және сол тесіктелген зат арасынан өтетін көру қиылысының, chiasma opticum, нерв талшықтары артқы жағында көру жолына,tractus opticus,жалғасады. Көру қиылысының артында орналасқан сұр төмпе, tuber cinereum, төмен қарай құйғышқа, infundibulum, ал ол бассүйек негізіндегі түрік ертоқымының шұңқырында орналасатын гипофизге, hypophysis, жалғасады.
Артқа қарай бір-бірімен жанасып орналасатын емізіктәрізді денелер, corpora mamillaria, мидың ақ затымен жабылған. Олардың ішінде орналасатын жасушалық ядролар иіс сезу миына жатады. Емізіктәрізді денелердің артында, бүйір жақтарынан ми аяқшаларымен, pedunculi cerebri, шектелген аяқшааралық шұңқыр, fossa interpeduncularis, орналасады. Шұңқырдың түбі артериялар өтетін көптеген тесіктермен тесілген,сондықтан артқы тесіктелген зат, substantia perforatаe posterior, деп аталады. Әр аяқшаның медиалды жүлгесінен көзқозғалтқыш нерв,n.oculomotorius, (ІІІ жұп), аяқшаның латералды жағынан бассүйек нервтерінің IVжұбы – шығыршық нерві,n.trochlearis,шығады. Бұл XII жұп бассүйек нервтерінің ішіндегі,мидың негізінен емес,артқы (дорсалды) бетінен (ортаңғы мидың төменгі шекарасынан) шығатын жалғыз нерв.
Одан кейін пішіні төртбұрышты, көлденең жатқан, алдынан үлкен ми аяқшаларынан, артынан сопақша мидан терең жүлгелермен бөлініп тұратын көпір,pons, орналасады. Көпір бүйір жақтарынан біртіндеп мишық затына енетін мишықтың ортаңғы
аяқшаларына, pedunculus cerebellaris medius, жалғасады. Көпір мен мишықтың ортаңғы аяқшасының шекарасында-V жұп,үштік нерв, n.trigeminus,шығады.
Көпірдің арт жағында жұлынға жалғасатын сопақша ми ,medulla oblangata, жатады. Сопақша мидың ортасында оның оң және сол пирамидаларын бөліп тұратын алдыңғы орталық саңылау көрінеді. Әр пирамиданың латералды жағында сопақша келген құрылым – олива,oliva,орналасқан.Сопақша ми пирамидасы мен көпірдің арасында орналасқан саңылаудан әкететін нерв, n.abducens, (ҮІ жұп) шығады. Одан бет, n.facialis, (ҮІІ жұп) және кіреберіс-ұлу нервтері, n.vestibulocochlearis, (ҮІІІ жұп) шығады. Оливаның артында тіл-жұтқыншақ, n.glossopharyngeus, (ІХ жұп), кезбе, n.vagus, (Х жұп) және қосымша, n.accessorius, (ХІ жұп) нервтер орналасады. Ал пирамида мен оливаның арасындағы алдыңғы латералды жүлгеден, sulcus anterolateralis, тіласты нерві, n.hypoglossus, (XІІ жұп) шығады.
Көпір мен сопақша мидан артқа және латералды мишық орналасады. Мишықтың бүйір бөліктері - мишық сыңарларының, hemispheria cerebelli dextrum et sinistrum, құрылымдары – миының төменгі бетінен жақсы көрінеді. Мишық сыңарларының беттерінде оларды көптеген үлесшелерге бөлетін саңылаулар болады.
Достарыңызбен бөлісу: |