НЕСЕП ЖҮЙЕСІ (organa urinaria)БҮЙРЕК(ren) Бүйрек, несеп түзуші және шығарушы, жұп ағза. Заты нығыз, пішіні бобтәрізді. Ересектердегі бүйрек көлемі: ұзындығы – 13 см-ге дейін, көлденеңі – 6-7 см.шамасында, паренхимасының қалыңдығы 5 см-ге жетеді.
Бүйректің ортаңғы салмағы 180 грамм. Бүйректің беті тегіс, түрі күрең-қызыл түсті. Бүйрек сыртынан үш қабықпен қапталған. Сыртқысы бүйрек шандыры (fascia renalis) екі жапырақшадан тұрады, оның астында бүйректің артқы бетінде анағұрлым жақсы жетілген, бүйрекмай (corpus adiposum pararenale) түзетін майлы қапшық (capcula adiposa) орналасқан, ішкісі бүйрек паренхимасына тікелей жанасып жатқан талшықты қапшық (capsulafibrosa).
Бүйректің екі бетін – алдыңғы және артқы (facies anterior et posterior) екі жиегін – медиальді, латеральді (margo medialis et lateralis), сонымен қатар екі ұшын – жоғарғы және төменгі (extremitas superior et inferior) ажыратады. Алдыңғы беті артқысына қарағанда дөңестеу, медиальді жиегі имек, ал латеральді жиегі томпақ.
Медиальді жиектің ортасында бүйрек қақпасы (hilum renalis) деп аталатын ұңғыл орналасқан. Ол арқылы бүйрекке, бүйрек артериясы, нерв сабаулары кіреді, ал несепағар мен лимфа тамырлары шығады. Аты аталған түзілістер жиынтығы бүйрек аяқшасын құрайды.
Бүйрек қақпасы перенхиманың ішіне еніп ауқымды қуыс, бүйрек қойнауына (sinus renalis) жалғасады. Бүйрек қойнауында, бүйрек тостағаншалары, түбек, нервтер, лимфа, қан тамырлары, сонымен бірге майлы тін орналасқан.
Бүйректер омыртқа бағанасының бел бөлігінің екі жанында, ішастар артында жатыр. Олар өзара аздап бұрыш құрайды , сондықтан оң және сол бүйректердің жоғарғы ұштарының қашықтығы 7-9 см-дей болса, төменгі ұштарының ара қашықтығы 11 см. шамасында.
Оң бүйрек солға қарағанда төмендеу орналасқан. Сол бүйректің жоғарғы ұшы ХІ-кеуде омыртқа денесінің ортаңғы деңгейінде, ал оң бүйректің жоғарғы ұшы осы омыртқаның төменгі жиегіе жанасқан, ал сол бүйректің төменгі ұшы ІІІ-бел омыртқаның жоғарғы жиегіне тұспа-тұс келсе, оң бүйректің төменгі ұшы осы омыртқаның ортасының тұсына жетеді.
Жоғарыда келтірілген мәліметтер орташаланған мөлшерлер, ал әрбір жеке тұлғаның өзіне тән үлкен ерекшеліктері болуы мүмкін.
Белдің шаршы бұлшықеті, іштің көлденең бұлшықеті, белдің үлкен бұлшықеті және көкет, бүйректің артқы бетіне жанасып бүйрек орнын түзеді. Бүйректердің жоғарғы ұштарында бүйрекүсті бездері жайғасқан.
Оң бүйректің жоғарғы бөлігінің алдына бауыр, төменгі бөлігіне жиек ішек, медиальді жиегіне он екі елі ішек жанасқан. Сол бүйректің алдыңғы бетінің жоғарғы бөлігіне асқазан, ортаңғы бөлігіне ұйқы безі, ал төменгі бөлігіне ащы ішек тиіп жатыр. Бүйректің айналасын қоршап жатқан ағзалар, құрсақішілік қысым, бүйрек аяқшасы, майлы қапшық, бірігіп бүйректің бекітуші аппаратын құрайды.