Р. Т. Наралиева, М. Ш. Тойғанбекова, Сұлтанова Б. М. Оқу сауаттылығы



бет48/57
Дата15.08.2023
өлшемі9,38 Mb.
#105300
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   57
Нағыз Төлеген осы еді

Жуырда ғана қорапта жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті.


Тақырыбы - «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт – сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет.
Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті.
Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», - деп жазыппын. Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін.
Мұны Қали Сәрсенбай мына “Егемен Қазақстандағы” көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас.
Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. “Қыз Жібек” операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін.
Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді.
Ал мына Төлеген ғасырлардың ар жағынан тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді-ақ.
Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.
Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», - деп.
Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.
Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.
Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», - депті анасы.
Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды.
Күншіл қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан. Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін өте сирек қазына.
Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті.
(Ш.Мұртаза)

1-тапсырма. Тырнақша жабылғаннан кейін қандай тыныс белгілер қойылатынын түсіндіріңіздер.


2-тапсырма: Сызықшаның, дефистің қойылу себебін түсіндіріңіздер.
3-тапсырма: Тыныс белгілердің қойылу себебін түсіндіріңіздер.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   57




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет