Анықта
Неліктен Қазақстан аума-
ғына өзге ұлттар күштеп
қоныс аудартылды? 1937 жылы Қиыр Шығыстан корей халқы да жаппай күштеп қоныс аударылды.
Герольд Бельгер Түркия мен Иран шегараларына жақын орналасқан аз ұлттарға сенімсіздік күшейе түсті. 1937–1938 жылдары Кавказдан шегара аймақтарында тұратын күрд, ирандықтар мен түріктер «сенімсіз халықтар» деген желеумен көшірілді.
1937 жылдың соңында Әзірбайжан, Армения КСР-і елдерінен мыңнан астам күрд, түрік отбасылары Қазақстанға әкелінді. Оларды, негізінен, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысының ауылдарына орналастырды. 1938 жылдың қазан-қараша айларында Әзірбайжаннан осы облыстарға ирандық 2000 отбасы қоныстандырылды.
Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударылғандар КСРО ХКК қаулысымен 1940 жылы Қазақстанға Украинаның батыс аудандарынан – 6478, Батыс Белоруссиядан – 203 қоныс аударушы-поляк отбасы және Бессарабиядан 8 мың адам көшірілді.
Күштеп қоныс аударылған корей балалары 5. Соғыс жылдарындағы кеңес өкіметінің депортациялық саясаты. Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанның этнодемографиялық жағдайы үлкен өзгерістерге ұшырады. Қазақстанға жүздеген мың адам еріксіз көшіріліп әкелінді. Жалпы соғыс жылдары алпыстан астам ұлт өкілдері күштеп қоныс аударылды.
Ойлан Қоныс аударылған ұлт өкілдерінің басым бөлігі неліктен Қазақстан аумағына көшірілді?
КСРО-ға шабуыл жасаған «фашистік Германия әскеріне көмектесуі мүмкін» деген сылтаумен 1941 жылы қыркүйек айында депортацияның алғашқы легі кеңестік немістерді көшіру науқанынан басталды. 1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 92 мың неміс ұлтының өкілдері тіркелсе, соғыс жылдары 462 мың неміс күштеп көшіруге жоспарланды.
1941 жылдың аяғына дейін Қазақстанға 420 мың неміс жер аударылды. Оның ішінде 30 мың неміс ұлты – Алматы облысына, 60 мың – Ақмола облысына, 30 мың – Қарағанды облысына, 40 мың – Қостанай облысына, 50 мың адам – Солтүстік Қазақстанға қоныстандырылды.
Арнайы қоныс аударылғандар көбінесе тек елді мекендерге орналастырылды. Үй-жай, мал-мүлігін тастап, көшу кезінде оларға өзімен бірге тек қажетті заттарды ғана алып кетуге рұқсат берілді. Ұлты неміс әскери басшылар мен әскер қатарындағылар армиядан аластатылды. Неміс халқы республиканың облыс орталықтарынан көшіріліп, соғыс кезінде өндіріс орындарындағы ауыр жұмыстарға жаппай жұмылдырылды, МТС, совхоздар мен колхоздарға жіберілді.
Көшірілген халықтардың арасында адам өлімі көп болды. Ауру мен аштық жиі орын алды. Адамдар бір ауылдан екінші ауылға қатынаса алмады. Жеке құжаттары болған жоқ. Бәрі де арнайы комендатураның қатаң бақылауында еді. Барлық құқықтарына тыйым салынды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді, олардың қатарында қазақтардың саны 200 мыңға жетті. Мәселен, 1942 жылы қыста Магнитогорск металл балқыту пештерінде 10 мың қазақ жұмысшы істеген. Еңбек армиясындағы адамдардың өмірі өте ауыр еді. Шақырылғандардың негізгі бөлігі ауыл тұрғындары болды, оларды қара жұмысқа пайдаланды.
1943 жылы қазанда Қарашай автономиялық облысы таратылып, қарашайлар күштеп көшіріле бастады. Облыстан 14 774 отбасы, жалпы 70 мыңдай адам депортацияланды. Сол жылы Еділ қалмақтары елдің шығыс, солтүстік аудандарына және Оралға жер аударылды. Жалпы 100 мыңға жуық адам көшіріліп, оның 648 отбасы немесе 2 268 адамы Қызылорда облысына қоныстандырылды.
Ойлан Қоныс аударылған ұлт өкілдерін қазақтар қалай қарсы алды?
1944 жылы қаңтарда Мемлекеттік қорғаныс комитеті қаулысымен Қазақ КСР-і және Қырғыз КСР-і жеріне шешен және ингуш халықтарын көшіру туралы шешім қабылданды. Аталған халықтарды көшіру 1944 жылы ақпанда басталды. Шешен-Ингуш АКСР-і таратылды. Архив құжаттары бойынша 1945 жылы қазан айында республикаға 400 мыңнан астам адам, жалпы 90 мыңдай отбасы көшірілді.
Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1944 жылы қаулысымен Қазақстанға балқар, месхетиялық түріктер, күрдтер қоныстандырылды.
Шығармашылықпен айналыс
Депортацияның түрлі салаларда қандай із қалдырғанын анықтап, ойыңды екі мысалмен қорытындыла.