Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет26/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   33
25. Күту ойыны
Харрингтон сарайында Жон Пендлтон болған күннің ертеңінде мисс Полли мамандардың келуіне дайындалу керек деп шешті.
– Поллианна, қалқам, – деді мейіріммен, – біз Уоррен дәрігермен келісіп саған тағы бір дәрігер шақыруды ұйғардық. Ол сенің тез жазылуыңа көмектеседі. Сен түсініп отырсың ба?
Поллианнаның бет-әлпеті қуаныштан нұрланып кетті.
– Түсінемін, Полли тәте! Полли тәте, маған Чилтон дәрігер келетініне сондай қуаныштымын! Көптен бері сол дәрігердің келгенін қалап жүр едім. Мен тек сіз оны шақырмайды екен деп қорыққанмын, өйткені ол сізді сол күні террассада көріп қалды ғой. Енді сіздің оны шақыратыныңызды естіп қуанып отырмын, Полли тәте!
Мисс Поллидің беті бір бозарып, бір қызарып, сан құбылды. Ол өзін жинақтап, бұрынғыдай қуанышты үнмен:
– Жо-жоқ, қалқам. Мен Чилтон дәрігер туралы айтып тұрған жоқпын. Саған Нью-Йорктан атақты маман келеді. Ол сен сияқты сырқаттармен айналысады.
– Ол Чилтон дәрігер білгеннің жартысын да білмейді деп ойлаймын, – деп сенімді сөйледі Поллианна.
– Жоқ, қалқам, ол өте жақсы маман, – деп өзінің айтқанынан қайтпады мисс Полли.
– Бірақ мистер Пендлтонды Чилтон дәрігер емдеді ғой, – деп берілгісі келмеді Поллианна. – Оның да аяғы сынды ғой, қазір ол жазылып келе жатыр. Полли тәте, егер мүмкін болса, маған Чилтон дәрігер келсінші.
Полли тәтесі тағы да қызарып кетті. Біраз уақыт ол үнсіз тұрды да, мейірімді келбетін бұзбай жауап қатты, бірақ бұл жолы оның дауысынан табандылық пен қаттылық білінді.
– Жоқ, Поллианна, мен сенімен келіспеймін. Мен сенің бар қалауыңды орындауға әзірмін, тек бұл емес. Чилтон дәрігерді шақыра алмайтын себептерім бар, сенші маған. Әрі Чилтон дәрігер сенің сырқатың туралы мына Нью-Йорктан келетін атақты дәрігердей білмейді.
Тәтесінің бар дәлеліне қарамастан, Поллианнаның Чилтон дәрігерге деген сеніміне селкеу түспеді.
– Полли тәте, – деп қайғыра сөйледі ол, – егер сіз Чилтон дәрігерді жақсы көрсеңіз ғой....
– Поллианна, сен не айтып отырсың! – Бұл жолы мисс Поллидің дауысы қатты шықты, ал оның екі беті лап ете түсті.
– Мен сіз Чилтон дәрігерді жақсы көрсеңіз ғой деймін, – деп ақырын ғана сөзін жалғастырды Поллианна, – ана басқа дәрігерді шақырмасаңыз ғой. Менің ойымша, Чилтон дәрігер бір жақсы іс жасар еді. Мен оны өте жақсы көремін!
Осы кезде бөлмеге күтуші кірді, оның келуі мисс Полли үшін жоғарыдан жіберілген көмек сияқты болды.
– Поллианна, – деді орнынан тұра бере тағы бір нықтай түсіп: – Бұл сұрақты өзім шешуге тура келетін сияқты. Сонымен қатар Нью-Йорктағы атақты дәрігерді шақыртып қойдық, ол ертең осында келеді.
Бірақ келесі күні Нью-Йорктан дәрігер келмеді. Оның орнына «дәрігер аяқ астынан ауырып қалғаны, оның келуі белгісіз уақытқа шегерілгені» туралы телеграмма келді. Бұл жағдайды естіген Поллианна тәтесінен Чилтон дәрігерді шақыру туралы қайта өтіне бастады. «Полли тәте, өтінемін, енді бұл қиын іс емес қой!» Бірақ Полли тәтесі бұрынғыдай келісімін бермеді. Поллианна үшін «барлығын орындауға әзірмін, тек бұл емес» дегені рас сияқты.
– Сене алмаймын. Маған қанша түсіндірсе де, өмір бойы сене алмас едім, – деді Нэнси қарт Томға. – Бірақ өз көзіңмен көрген соң, қалай сенбейсің? Ол күні бойы біздің қыздың бөлмесінде жүреді. Ол тек өзі үшін біреудің бір нәрсе істегенін күтіп жүр. Мистер Том, сізге айтқым келгені, күні бойы отырып, күтеді. Мысалға, біздің Флафи мен Бафиді алайықшы. Мисс Полли бір апта бұрын оларды қыздың бөлмесіне кіруіне рұқсат етпеуші еді. Ал қазір, мистер Том тыңдаңызшы, ол мисс Поллианнаның төсегінде ит пен мысықтың секіруіне рұқсат береді, өйткені бұл біздің қызға ұнайды. Біздің қыз тілесе, мисс Полли терезедегі мөлдір шыныларды сыңғырлата бастайды, біздің бала айтқандай «кемпірқосақ биін» ұйымдастырады. Мисс Полли Тимотиді Кобба жылыжайына әдемі гүлдер алып келуге үш рет жіберді. Ол тіпті мисс Поллианна үшін өз қолымен гүл дестесін жасағанын айтпай отырмын. Ал жақында, мистер Том, мен бір нәрсе көрдім, сіз естісеңіз құлап қалар едіңіз. Біздің мисс Полли мисс Поллианнаның керуетінің жанында отырып, шашын тарады, күтуші әйел оларға қарап қалыпты. Ал мисс Поллианна тәтесіне шашын қалай тарау керегін айтып, нұсқау беріп отыр. Күн сайын мисс Полли өзіне солай шаш үлгісін жасайды. Мұның барлығын біздің қызды қуанту үшін жасап жүр екен.
Қарт Том жай күлімсіреді.
– Менің ойымша, мисс Поллиге жаңа шаш үлгісі жарасып тұрған сияқты. Мына бұйра шаштары керемет әдемі екен, – деді ойлы үнмен.
– Тура айттыңыз, мистер Том! – деп оны қолдады Нэнси. – Қазір ол адамға ұқсап қалды. Ол тіптен...
– Мен саған өткенде не дегенім есіңде ме, Нэнси? – деді қарт Том салтанатты түрде оның сөзін бөліп. – Есіңде ме, мен саған кезінде ол өте әдемі қыз болған дегенмін!
– Әдемі қыз болуға оған әлі ерте, – деп Нэнси иығын қиқаң еткізді, – бірақ мисс Поллианна шілтер орамалды жамылып, бұйра шашпен жүруге көндіргеннен бері күннен-күнге сүйкімді болып барады.
– Мен саған айттым ғой, – деп жалғастырды сөзін қарт. – Ол тіпті де қартайған жоқ деп айттым ғой саған.
Нэнси күліп жіберді.
– Иә, мистер Том, қазір ол бұрынғыдай емес, қартамыс әйелге ұқсамайды. Мисс Поллианна келгелі, оны тану қиын. Мистер Том айтыңызшы, оның сүйікті адамы кім еді? Мен оны біле алмадым ғой. Сонымен сізге айтарым, мистер Том, біле алмадым ғой.
– Біле алмай қалдың ба? – деп қарт Том қулана қарады. – Олай болса, менен де сен ештеңе біле алмайсың.
– Айналайын, мистер Том, өтінемін, айтып беріңізші, – деп сұрады Нэнси, – сізден сұрамағанда, енді кімнен сұраймын.
– Егер ешкім айтпаса, оны еш уақытта білем деп те ойламай-ақ қой, – деп күлімсіреді қарт Том. Содан кейін ақырын ғана:
– Одан да маған біздің қызымыз қалай екенін айтшы? – деді.
Енді оған Нэнси көңілсіз қарады.
– Иә, бәрі бұрынғыдай, мистер Том. Әзірге ешкім ештеңені түсіндіре алар емес. Ол үнемі төсекте жатады. Біресе ұйықтайды, біресе сөйлейді. Ай сәулесі түскенде, күн шыққанда, әйтеуір, қуаныш табуға титтей мүмкіндік тапқан кездің бәрінде де қуануға тырысады.
– Әрине, бұл оның ойыны екенін білемін, – деп жауап қатты қарт Том. – Оның нәзік жүрегіне Құдай мейірімін төксін!
– Сонда ол сізге де өз ойыны туралы айтты ма? – деп Нэнси таңғалып қалды.
– Баяғыда айтқан, – деді қарт көзін жыпылықтатып, еріндерін қымқырып. – Бұл былай болған. Бірде мен белім бүкірейіп, тік жүре алмаймын деп налыдым. Ал ол маған қандай ақыл бергенін білесің бе? Мен неге қуануым керегін тауып көрші?
– Таба алмаймын, мистер Том, сіз бұл жерден қандай қуаныш таба алатыныңызды білмеймін, – деп шынын айтты Нэнси.
– Ал біздің кішкентайымыз ойлап тапты. Ол маған: «Мистер Том, сізге бақты арам шөптен тазалау үшін қатты бүгілудің қажеті жоқ, сіз онсыз да жартылай бүгіліп тұрғаныңыз үшін қуануыңыз керек», – деді.
Нэнси көңілсіз кекетті:
– Несі керемет? Бірақ мен таңғалмаймын, мистер Том, мен де сізге мынаны айтайын: таңғалмаймын. Сіздің кішкентай балапаныңыз әрдайым қуану үшін бірдеңе ойлап табады, маған сеніңіз. Ол екеуіміз басынан бастап ойынды бірге бастадық қой. Сол кезде бұл ойынды ойнайтын ешкімі болмаған және ол бұл ойынды тәтесі де ойнаса екен деп тілеп жүрген.
– Мисс Полли? – деп Том таңдана сұрақ қойды. Нэнси күліп жіберді.
– Байқаймын, сіз де қожайын жайында мен сияқты ойлайды екенсіз, – деп кекесінмен айтты.
Осы кезде қарт Том томсарып қалды.
– Мен тек мисс Поллиді бұл ойын таңғалдырады деп ойлап едім, – деп суық жауап қатты.
– Рас, ол таңғалар еді, – деді Нэнси. – Бірақ қазір мен олай дей алмас едім. Мистер Том, мен олай айта алмас едім, сізге тура солай айтамын. Ол сіңлісі үшін бәрін істеуге даяр. Қазір ол ойынға қосылса да, мені еш таңғалдыра алмайды, мистер Том.
– Біздің қыз оған бұл ойын туралы айтпағаны ма? Менің ойымша, ойын туралы бүкіл қалаға айтқан сияқты. Ол жол апатына түскелі бері, барлығы осы ойын туралы айтып жүр.
– Жоқ, Поллианна оған сол күйі айтпады, – деп жалғастырды Нэнси, – Өйткені Полли тәтесі оған әкесі туралы айтуға тиым салған. Ал бұл ойынды марқұм әкесі ойлап тапқандықтан, әкесін еске алмай айта алмайды.
– Енді түсінікті болды, – деп қарт Том басын шұлғыды. – Барлығы оны мисс Женниді алып кеткені үшін кешіре алмады. Ал мисс Полли ерекше қатты күйзелді, өйткені ол да мисс Женниді өте жақсы көретін.
– Осының барлығы не деген сұмдық! – деп күрсінді де Нэнси теріс қарады. – Иә, бұл қоқынышты. Мен сізге осылай айтамын, мистер Том, бұл қорқынышты. Мен де сізге осылай айтамын.
Мистер Томға қарағанда тереңірек және қаттырақ күрсініп Нэнси асүй жаққа кетті.
Бұл күндер бәріне ауыр тиді. Күтуші әйел өзін көңілді де жарқын ұстауға тырысты. Бірақ оның көздерінен үрей көрінетін. Дәрігер күннен-күнге баланың жүйкесінде шаршау белгілері күшейіп келе жатқанын айтты. Мисс Полли көп сөйлемейді, тіпті үндемеуге тырысады, оны жасартып тұратын шаш үлгісі де оның арықтаған және бозарған жүзін жасыра алмады.
Тек Поллианна ғана Флафи мен Бафимен ойнап, гүлдерді қызықтап, достары жіберген жемістер мен тәттілерді жеп, денсаулығы туралы уайымдаған хат авторларын тыныштандыруға тырысты. Алайда оның жағдайы нашар еді, ол өзінің сүйікті ойынын ойнай отырып осы шақтан болашаққа өтіп кететін. Ол әрдайым қайта мектепке баратынына, қайтадан миссис Сноуды көретініне, мистер Пендлтонға қонаққа баратынына, мистер Чилтонмен сырғанауға баратынына сенетін, сол қуанышты күндерді күтетін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет