Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет28/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33
27. ЕКІ КЕЗДЕСУ

Мисс Полли мистер Пендлтонға берген уәдесін ұмытпады. Бірақ оған хат жазуға не кездесуге баруға жүрегі дауаламады. Сондықтан да мистер Пендлтонға Мид дәрігер қойған диагноз жайлы айтуды Нэнсиге тапсырған еді.


Бұрындары мұндай тапсырма жүктелсе, Нэнси таңғалар еді. Әрине, мистер Пендлтонның жұмбақ үйін және қожайынды жақыннан көру қызық болатын. Ал қазір оған да қиын, ол жан-жағына да, мистер Пендлтонға да қарамады:
– Сэр, мен Нэнсимін, – деді Жон Пендлтон бөлмеге кіргенде. – Мисс Харрингтон мені сізге мисс Поллианна туралы айтуға жіберді.
– Керемет! – деді мистер Пендлтон Нэнсиден қобалжығанын жасыра алмай.
– Жоқ, сэр, ештеңе де керемет емес! Керісінше бәрі жаман. Мистер Пендлтон, мен сізге мынаны айтайын, жаман, – деп жауап берді Нэнси.
– Сен жаман дегің келе ме? ...– деп бастаған мистер Пендлтон сөзін аяқтай алмай, үнсіз қалды.
– Иә, сэр, – деді Нэнси басын қайғыра салбыратып. – Дәрігер оның ешқашан жүре алмайтынын айтты.
Бөлмеде тыныштық орнады. Олар бұл үнсіздікті ұзақ уақыт бұзғысы келмеді. Біраздан соң, мистер Пендлтон былай деді:
– Менің кішкентай балапаным! Қор болған Поллианна! – Нэнси оған бір сәт қарап қалды, бірақ бірден көзін төмен түсірді. Нэнси бүкіл әлемге наразы мына кісінің осылай шын күйініп отырғанына сене алмады.
– Қандай әділетсіз, – деді біраз үнсіздіктен соң ол, оның дауысы дірілдеп ақырын шықты, – сонымен ол ешқашан күн сәулесі астында билей алмай ма? Кемпірқосақты жақсы көретін, менің қызым-ай!
Ол қайтадан ұзақ үнсіз қалды да бір кезде:
– Ол өзі әлі білмейтін болар деп үміттенемін? – деді.
– Біледі, сэр, – деп қайғыра жауап берді Нэнси. – Бәрі де аяқ астынан болды. Құрып кеткір мысықтың кесірінен барлығын естіп қойды. Мені кешіріңізші, өтінемін, – деді. – Мен тек мысықтың есікті ашқанын, мисс Поллианнаның олардың әңгімесін естіп қойғанын айтқым келді.
– Қор болған менің қызым-ай, – деп тағы сыбырлады мистер Пендлтон.
– Сэр, сіз оның түрін көрсеңіз басқаша сөйлер едіңіз, – деді Нэнси демін ішіне тартып. – Шынында, мен оны, осы жағдай болғалы екі-ақ рет көрдім, сэр. Бірақ сол көруім жүрегімді тілім-тілім қылуға жеткілікті болды. Түсінесіз бе, ол үшін бұл тосын жағдай. Енді мисс Поллианна ештеңе істей алмайтыны туралы ауыр ойдан арыла алмай жатыр. Сол ойды көп ойлаған сайын ол қайғыға бата береді, енді ештеңеге қуана алмайтынын айтып өлетін болды. Сіз оның ойыны туралы білмейтін боларсыз.
– Жоқ, білмеймін, – деп асығыс жауап берді мистер Пендлтон.
– Бірақ, ол бұл ойыны туралы бәріне айтқан сияқты еді, – деп жалғастырды Нэнси. – Бірақ, қайғылысы сол – ол өзі бұл ойынды ойнауды ұмытып қалған сияқты. Бұл оны қатты алаңдатады. Ол, жүре алмағандықтан, қанша тырысса да, қуануға еш себеп таба алмай жатқанын айтты.
– Бірақ ол неге қуануы керек? – деді Жон Пендлтон.
– Маған да басында солай көрінетін, сэр, – деді бір аяғынан екінші аяғына ауысып тұрған Нэнси. – Содан соң маған егер ол қуанса, жеңілдеп қалар деген ой келіп, ойын туралы есіне салдым.
– Есіне салдың ба? Не туралы есіне салдың? – деп қадала сұрады Пендлтон.
– Басқаларды өз ойынына қалай үйреткенін есіне салдым. Енді миссис Сноуды, басқаларды, өзіңіз де білесіз ғой... Бірақ біздің кішкентайымыз, менің қошақаным, жылап тұрып: «Осы жағдайға тап болғалы бері бәрі бұрынғыдай емес, бәрі өзгерді. Мен қазір ғана түсіндім, басқа мүгедектерді өмір бойы қуануға үйрету бір басқа да, ал өзің мүгедек болып қалу бір басқа екен,» – деді. Біздің кішкентайымыз қанша рет басқа адамдарға жеңіл болсын деп қуанса да, қуанғанынан өзіне жеңіл емес екенін, жеңілдемегенін айтты. Ол тек, енді ешқашан тұрып, жүре алмайтынын ғана ойлай береді, басқа ой ойлағысы келмейді....
Нэнси үндемей қалды. Мистер Пендлтон да үндемеді. Ол бетін қолымен жауып алып креслода отырған.
– Міне, сол кезде мен ойын туралы оның есіне салдым, – деп жалғастырды Нэнси, – бұрын ол маған қиындықтар көп болса, ойын да қызығырақ болады дейтін. Бірақ қазір ол ойы өзгеріпті. Өйткені ол қиындыққа тап болғанда, ойнағысы келмейтінін түсініпті. Енді мен кетейін, сэр, – деп Нэнси аяқ астынан асығып, есікке қарай жүгірді.
Есік табалдырығына жеткенде артына қарап, қорқа тіл қатты:
– Сэр, мен мисс Поллианнаға не айтайын? Жимми Бин туралы. Сіз онымен кездескіңіз келе ме?
– Мен оны көрмесем, сен бұл туралы қалай айтасың, әлдене айтсаң, мен қатты таңғалар едім, – деп бұрқ ете қалды мистер Пендлтон. – Ал бұл сені неге қызықтырады?
– Жоқ, қызықтырмайды, сэр. Бұл тек Поллианнаны мазалайды. Оны сізге өзі алып келе алмайтынына қынжылады. Бірде оны сізге алып келгісі келгені туралы айтқан. Бірақ ол кезде өзін жақсы жағынан көрсете алмай қалады деп қорыққан екен. Ол сізге ұнамай қалса, «үйіме кіргізетін бала емес екен» деп ойлап қаласыз деп қорқыпты. Қызымыз осылай айтты. Шынымды айтсам, мен оны түсінбедім. Мүмкін, сіз оның не айтқысы келгенін түсінген боларсыз.
– Ол маңызды емес. Ол не айтқысы келгенін білемін.
– Міне, сэр, ол баланы сізге өзі алып келіп, «үйде бала болғаны бақыт екеніне» көзіңізді жеткізгісі келіп еді. Енді олай істей алмайды. Ех, қарғыс атқыр мәшине!... Кешіріңізші, сэр? Сонымен, сау болыңыз!
Артынан есікті жауып, дәлізден жылдамдата өтіп, Нэнси далаға атып шықты.
Белдингсвильде Поллианнаның сырқаттанып қалғанын бәрі естіді. Бұл қала бұрын ешқашан да ешкімді бұлай аямайтын. Көбі Поллианнамен танысып үлгерген еді, ал кейбіреуі оны жақынырақ танымаса да, ол туралы көп естіген. Оны кездестіре қалса, барлығы оның қуанышынан қуат алып, секпіл бетінде шуақ шашып тұратын сүйкімді күлкісінен нұрланатын. Барлық тұрғындар оның керемет ойыны туралы білетін. Бір сөзбен айтқанда, осы керемет қыздың ешқашан бұндай жағдайға тап болуы мүмкін еместей көретін. Бірақ қазір бәрі мұны тағдыр ісі деп ойлауға мәжбүр.
Бұл жағдай туралы әйелдер асханада, бөлмеде, үй артында сөйлескенде, көздеріне жас келетін. Бұл жаңалықты еркектер де бұрылыстарда, дәмханаларда, дүкендерде талқылайтын. Көбі іштей егілетін. Мид дәрігердің қойған диагнозынан соң, Нэнсидің «енді ештеңеге қуана алмайтынына өкінетін қыз» туралы әңгімесін естіген барлық адам одан бетер аяушылық таныта бастады.
Осы кезде Поллианнаның достарының бәріне бір мезетте бірдей ой келген екен. Харрингтондағы сарай, үй иесінің зор таңғалысына қарамастан, адам аяғы үзілмейтін үйге айналды. Мисс Полли көп адамды танымаса да, келген адамдарды қабылдаудан басқа шарасы қалмады. Ер азаматтар, әйелдер, балалар… о, мисс Полли жиенінің танысы мұнша көп екенін білмепті! Біреулері бөлмеге кіріп он минуттай отыратын да, қалғандары есік алдында тұратын, егер әйел болса, ұялғаннан сөмкелерін тербете, еркек болса, бас киімін желдеткіш орнына қолданып, желпіп тұратын. Кейбіреулері Поллианнаға кітап, гүл, тәтті тағамдар беретін. Кейбіреулері ашықтан-ашық жылайтын, кейбіреулері теріс қарап қатты сіңбіретін. Әр адам өзін қалай ұстаса да, барлығы бірдей қыздың жағдайын тәпіштеп сұрайтын, мисс Поллидің мазасын алатын сөздерді қызға жеткізуін өтінетін.
Бірінші болып Жон Пендлтон келді. Бұл жолы ол балдақсыз болатын.
– Сізге менің қалай есеңгіреп және қынжылып тұрғанымды сөзбен айтып жеткізу қиын, – деп орнында тұрып сөзін бастады ол. – Бірақ ештеңе істеуге болмай ма?
– Қолымыздан келгенінің бәрін жасап жатырмыз, – деді шаршаңқы түрмен мисс Полли. – Мид дәрігер көмектесетін дәрілерді жазып берген. Уоррен дәрігер оның жазғанын бұлжытпай орындап жатыр. Бірақ Мид дәрігер ешқандай үміт жоқ дейді.
Жон Пендлтон орындықтан жылдам ұшып тұрып, иіліп, шығуға бет алды. Бұл таңғаларлық жағдай еді, өйткені оның келгеніне бір минут қана болған. Бірақ оның ернін тістеп тұрғанын және бозарған жүзін көрген мисс Полли бәрін түсінді.
Есікке жете бере, мистер Пендлтон артқа бұрылды:
– Мен... – жылап тұрғанын білдірмеуге тырысып былай деді: – Поллианнаға менен мынаны жеткізгеніңізді қалаймын. Оған менің Жимми Бинмен кездескенімді айтыңызшы, өтінемін. Енді ол менің балам болады. Осыны айтыңыз, мүмкін бұл жаңалық оны қуантатын шығар, енді Жимми менімен бірге тұрады. Мүмкін, мен оны асырап алатын шығармын.
Мисс Харрингтон қобалжуын тия алмай, айқайлап жіберді:
– Сіз... Жимми Бинді асырап аласыз ба?
Жон Пендлтонның иегі кемсеңдеп кетті.
– Иә, мен асырап аламын. Поллианна мені түсінеді деп ойлаймын. Міндетті түрде осыны жеткізіңіз. Ол қуанып қалады деп үміттенемін.
– Иә, міндетті түрде, – деді мисс Полли сыбырлап.
– Рақмет!
Джон Пендлтон иіліп, шығып кетті, ал таңғалған мисс Полли әлі де бөлме ортасында тұрып, есіктен көзін алмады. Ол өз құлағына өзі сенбей тұр. Жон Пендлтон Жимми Бинді асырап ала ма? Бай, тәуелсіз және түнеріп жүретін Жон Пендлтон, «сараң, өзімшіл» деген атағы біраз жерге жайылған адам бала асырап ала ма?! Асырап алғанда, қандай баланы десеңізші! Мисс Харрингтон есіктен көзін әрең тайдырып, Поллианнаның бөлмесіне ілби басып, зорға кірді.
– Поллианна, қазір ғана осы жерде мистер Жон Пендлтон болды, – деп жай ғана сабырмен айтты. – Ол саған Жимми Бин енді онымен бірге тұратынын айтуымды сұрады. Бұл туралы есту – сені қуанышқа бөлейтінін айтты.
Поллианнаның мұң шалған жүзі бір мезетте нұрланып шыға келді.
– Қуанамын? – деп сенімсіз түрде қайта сұрады. – Иә, Полли тәте, мүмкін мен қуанатын болармын. Мен Жимми үшін сондай үй тауып бергім келген, ал мистер Пендлтонның үйі сондай керемет. Мен мистер Пендлтон үшін де қуаныштымын! Сіз түсінесіз бе, Полли тәте, енді оның үйінде бала шулап жүретін болады.
– Кімнің шуы?
Поллианна қызарып кетті. Оның есіне тәтесіне мистер Пендлтонның өзін асырап алғысы келетіні туралы айтпағаны түсті. Қазір ол туралы айтқысы да келмеді. Тәтесі мистер Пендлтон үшін оны тастап кете ме деп ойлап қалады деп қорықты.
– Бала шуы, – Поллианна асығыс айтты. – Мистер Пендлтон бірде маған: «Әйелдің қолы мен жүрегі және бала болмаса нағыз үй болмайды» деген.
– Иә, түсінемін, – деді мейіріммен, ол Поллианна ойлағаннан да тереңірек түсінген еді. Ол Мистер Пендлтонның Поллианнаны алу арқылы «сұп-сұр тастардың үйіндісін» «нағыз үй» жасау идеясына қарсы тұра білген сіңлісінің жігеріне разы болды.
– Иә, мен бәрін түсінемін, – деп қайталады ол көзі жасаурап.
Осы тақырыпты жалғастырмас үшін Поллианна үй туралы, Пендлтон жотасы туралы, оның қожайыны туралы айтып, әңгімені басқа жаққа бұрғысы келді.
– Чилтон дәрігер де: «Әйелдің қолы мен жүрегі және бала болмаса нағыз үй болмайды» деген.
Мисс Полли селк ете қалды.
– Чилтон дәрігер? Нағыз үй туралы Чилтон дәрігер олай ойлайтынын қайдан білесің?
– Мен оның үйінде болғам, сол кезде өзі маған солай айтқан. Оған қоса ол үйде емес, тек бөлмеде тұратынын айтқан.
Мисс Полли артқа бұрылып, терезеге қадала қарады:
– Сол кезде мен одан: «Неге сіз қолыңыз бен жүрегіңізді бір әйелге ұсынып, нағыз отбасын құрмайсыз?» – деп сұрағанмын.
– Поллианна! – деді мисс Полли оған бұрылып. Оның беті қызарып тұр еді.
– Осыны сұраған кезде ол көңілсіз болды.
– Ол саған не деп жауап берді? – деп сұрады мисс Полли.
– Енді, ол ұзақ үндемей тұрды да, қанша қатты тырысса да әйелге қолың мен жүрегіңді ұсыну қиын болатын кездер болатынын айтты.
Мисс Поллидің екі беті одан әрі қызарды, сондықтан ол терезеге қараған болып бұрылып кетті.
– Сол кезде мен Чилтон дәрігерге серік болар әйел керек екенін түсіндім. Соған оның қолы жетпейтіні қандай өкінішті!
– Оны қайдан білесің, Поллианна?
– Ол келесі күні тағы бір нәрсе айтты. Ол оны өте жәй айтқанмен, мен естіп қойдым. Ол бұл өмірде бір әйелдің жүрегін жаулап алу үшін бәрін беретінін айтты. Полли тәте, не болды, Полли тәте? – деп айқайлап жіберді Поллианна. Ал Полли тәтесі орнынан тұрып, терезеге қарай жүгіре жөнелді.
– Бәрі де жақсы, қалқам! Мен тек мына мөлдір шынының орнын ауыстырып қойғым келген, – деп жауап берді Полли тәтесі, оның бүкіл жан-дүниесінде төңкеріс болғандай күй кешті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет