Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет25/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   33
24. ЖОН ПЕНДЛТОН
Поллианна мектепке келесі күні де, үшінші күні де бармады. Ол есін жия алмады. Ал есін жиған кездерде өз халінен қорқып, алаңдап сұраумен болды. Осындай жағдай бір аптаға созылды. Кейіннен ауруы басылып, ыстығы түсіп, қыз өз-өзіне келе бастады. Сонда ғана Полли тәтесі оған болған оқиғаны қайта түсіндірді.
– Сонымен мен ауырып қалмай, жай ғана жол апатына түскен екенмін ғой! – деді Поллианна жарқын үнмен. – Осылай болғанына қуаныштымын!
– Сен қуаныштысың ба, Поллианна? – деді төсекте отырған тәтесі.
– Әрине, миссис Сноу секілді өмір бойы жүре алмай қалғанша, мистер Пендлтон сияқты аяғымды сындырып алғаным артық қой! – деп қуана сөйледі. – Өйткені мистер Пендлтонның аяғы жазылады, ал миссис Сноу өмір бойы төсекте таңылып жатады. Егер мүгедек болып қалсаң, ештеңе де көмектеспейді.
«Сынған аяқ» туралы естіген тәтесі төсектен ырғып тұрып, бөлменің қарама-қарсы жағында тұрған үстелдің жанына келді. Ары қарай паң, алдына мақсат қоя білетін тұлғаның үстелде тұрған заттардың орнын бейберекет ауыстырып тұрғанын көру мүмкін емес еді. Тек оның қуқыл тартқан жүзіне қарап қана көз жасын шығармауға тырысып, тістеніп тұрғанын байқауға болатын.
Ал Поллианна бұл уақытта мистер Пендлтон сыйлаған мөп-мөлдір шыныдан өтіп, түрлі-түсті сәулеге айналып, төбеде ойнап жүрген кішкентай кемпірқосаққа қарап, қызықтап жатты.
– Мен шешек ауруымен ауырмағаныма қуаныштымын, – деді ол қанағаттанған кейіппен. – Өйткені ол аурудан кейін бетімде секпіл емес, шұбар ала іздер қалар еді. Көк жөтел болмағаныма да қуанамын. Ондай аурумен ауырғанмын. Қызылша не баспамен ауырмағаныма да шүкір, олар жұқпалы аурулар ғой, ондай кезде менімен бірге өзге біреудің отыруына тиым салынар еді.
– Сен көп нәрсеге қуана алатын сияқтысың ғой, қалқам, – деп мисс Полли кимінің жағасы қысқандай, тамағын ұстады.
– Әрине, – деп күлді Поллианна. – Қазір мен кемпірқосаққа қарап, көп нәрсе ойлағанымды білсеңіз ғой. Мен кемпірқосақты жақсы көремін. Мистер Пендлтонның маған осы мөп-мөлдір шынысын сыйлағаны қандай жақсы болды! Мен тағы бір нәрсе айтпағаныма қуаныштымын, бірақ бәрінен де жол апатына түскеніме қуаныштымын.
– Поллианна! – деп мисс Полли таңғала дауыстап жіберді.
– Иә, тәте, мен шынымен қуаныштымын. Түсінесіз бе, осы жағдай болғалы бері сіз мені үнемі «қалқам» деп айтасыз. Ал бұрын мені ешқашан бұлай демеуші едіңіз ғой. Ал мен барлық туысқандарым мені «қалқам» дегенін қалаймын. «Әйелдер көмегінен» біраз адам мені солай атаған, бірақ олар менің туыстарым емес еді, ал сіз... Сіз менің туған тәтем болғаныңызға қуаныштымын!
Бұл жолы мисс Полли ештеңе деп жауап бере алмады. Ол тағы да көзі жасаурап, қолын тамағына апарды. Орнынан атып тұрып, есікке қарай асықты, есіктен күтуші әйел де кіріп келе жатқан.
Сол кеште ентіккен Нэнси қарт Том қайысын тазалап отырған сарайға жүгіре кірді.
– Мистер Том! Мистер Том! – деп қатты дауыстады Нэнси көзі аларып. – Не болғанын білесіз бе? Қанша болжасаңыз да, таба алмайсыз! Мың жыл болжасаңыз да таба алмайсыз, мистер Том, қазір мен сізге айтып берейін.
– Мен онда табуға тырыспай-ақ қояйын, енді он жылдан артық өмір сүре де алмаймын ғой, – деп әзілдеді қарт. – Сен одан да маған тезірек не болғанын айтып бер.
Олай болса, тыңдаңыз. Қазір қожайынның бөлмесінде кім отыр деп ойлайсыз? Сонымен кім, мен сізден сұрап тұрмын ғой.
– Сұрағың қиын екен, – деп басын шайқады қарт Том.
– Әрине, қиын. Бірақ мен сізге айтайын: ол жерде Жон Пендлтон отыр!
– Әй, қыз, сен мені мазақ қылып тұрсың ба?
– Жоқ, мазақтап тұрған жоқпын! Мен оны жол бастап өзім кіргіздім. Оның аттары мен арбасы да есік алдында күтіп тұр. Бәрі де ашуланшақ қарт, ешкіммен сөйлескісі келмейтін адам емес, жай қонақ келгендей қарсы алып жатыр. Мистер Том, ол қабылдауға келіпті, ойлаңызшы!
– А, неге болмасын? – деді қарт, Нэнсидің әңгімесі оны зеріктіріп жіберген еді.
Нэнси оған тәкаппарлана қарап:
– Маған қарағанда сізге белгілі ғой неге екені, – деді.
– Не?! Не дейді?
– Мистер Том, дым білмес болып көрінбеңізші, олай етпеңізші, – деп Нэнси қырсыға жауап берді. – Бұл туралы сіз маған бірінші боп айтқансыз.
– Не туралы?
Нэнси жартылай ашық тұрған сарай есігіне қауіппен қарап қойды. Үйде бәрі тыныш екеніне көзі жеткен соң, қарт Томға жақындап, сыбырлады:
– Сіз маған бірінші болып мисс Поллидің ғашығы болғанын айтқансыз, солай ма? Содан соң мен ойлана келе іздегенімді таптым деп ойлаймын. Содан соң мен екіге екіні қостым, бірақ менде төрт емес, бес шықты.
Қарт Том оны тыңдамай жұмысына кірісті.
– Мен саған мынаны айтайын, – деп ашуланды ол. – Егер менімен сөйлескің келсе, жұмбақтамай ашық айт. Түрлі сандар мен жұмбақтағанды иттің етінен жек көремін. Енді қалғаны сенің жұмбақтарыңды шешу еді!
– Жарайды, ренжімеңізші, мистер Том! – деп күлді Нэнси. – Жалпы, мен бір нәрсе естідім, содан соң сіздің айтқаныңызды есіме түсірдім. Сонымен мен мисс Полли мен мистер Пендлтон бір-бірін жақсы көрген екен деп ойлап қалдым.
– Мистер Пендлтон? – деп таңғалғанынан қарт Томның бүкір белі бір сәтке түзеліп кетті.
– Оның олай еместігін қазір түсіндім. Мистер Пендлтон біздің қызымыздың анасын жақсы көріпті ғой. Сондықтан да ол... – Осы кезде Нэнси Поллианнаға Пендлтонның ұсынысы туралы ешкімге айтпаймын деген уәдесі түсті. – Бұл маңызды емес – деп жалғастырды ол. – Жалпы мен біраз адамнан сұрағанымда, барлығы бірдей мисс Полли Мистер Пендлтонды жек көретінін айтты. Бұл жағдай он сегіз немесе жиырма жасында болған. Біреулер оларды ғашықтар деп өсек таратқан, содан олар араздасып қалған.
– Иә-иә, есімде, – деп басын шұлғыды қарт. – Бұл жағдай мисс Женни оған келісім бермей, басқа жігітпен кетіп қалғаннан кейін үш-төрт жылдан соң болды. Мисс Полли мистер Пендлтонды қатты аяйтын. Ол оған мейірімді болуға тырысты. Бұл мейірімі өзіне сор боларын білмеді ғой. Мұның бәрі әпкесін алып кеткен пастордың кесірі еді. Содан соң біреулер біздің қыз жігіттің басын айналдырғысы келіп жүр деп өсек таратты.
– Қыз ба? Басын айналдыру? – деп Нэнси сөзін бөлді.
– Иә, мен де сенбеп едім. Бірақ өсек бүкіл қалаға тарап кетті. Қандай тәрбиелі қыз төзеді бұған? Осы кезде қыз бен сүйіктісінің арасында түсініспеушіліктер басталды. Сол кезден бастап, ол бар әлемге есігін тарс жауып алды, жүрегі қатып қалды.
– Иә, естідім, көбі солай дейді. Міне, сондықтан да, мистер Том, мен оны көргенде, құлап қала жаздадым. Сосын оны кіргізіп, ол туралы мисс Поллиге айттым.
– Ол не деп жауап берді? – деді қарт Том қобалжығаннан дем ала алмай.
– Басында ол бір орында тырп етпей отырып қалды, менің айтқандарымды естімей қалды ма деп қайталай бастадым, сонда барып ол маған жай дауыспен: «Бар да, мистер Пендлтонға қазір түсетінімді айт» деді. Мен барып оған айттым, содан соң жүрегімді қолыма алып, сізге ұшып келдім, – деп ол тағы да есік алдына абайлап қарап қойып, әңгімесін аяқтады.
Қарт Том күлімсіреп, жұмысына қайта кірісті.
Мистер Пендлтон көп күтіп отырмады. Тықырлаған аяқ үнін естіп, бөлмеде мисс Полли тұрғанын сезді. Мистер Пендлтон өзінің балдағына сүйеніп орнынан тұрғысы келіп еді, бірақ мисс Полли оны ишарамен тоқтатты. Мисс Полли оған қолын да бермеді, салқын қарсы алды.
– Мен Поллианнаның жағдайын білуге келдім.
– Көп рақмет! Ол бір қалыпты.
– Бірақ оған не болғанын айтыңызшы? – деді мистер Пендлтон даусы дірілдей.
Мисс Поллидің жүзі құбылып сала берді, манағы қатаң қабақтың ізі де қалмады.
– Мен айта алмаймын, – деді әрең естілетіндей. – Егер менің қолымнан келсе....
– Сіз ештеңе білмеймін дегіңіз келе ме?
– Иә.
– Ал дәрігер ше?
– Уоррен дәрігер де түк түсіне алар емес. Ол Нью-Йорктағы мамандармен ақылдасты. Олар жуық арада кеңес береміз деп келісті.
– Сіз оның қай жері жарақаттанғанын білесіз бе?
Оның басы ісіп кеткен, бірнеше жері көгерген және... және омыртқасы зақымданған. Содан екі аяғы сал болып қалған.
Жон Пендлтон күңіреніп кетті. Екеуі де ләм-мим деуге дәрменсіз болды. Біраздан кейін мистер Пендлтон бәсең дауыспен:
– Поллианна бұл туралы біле ме? – деді.
– Жоқ, әлі білмейді. Мен де ... мен де оған айта алмадым.
Мисс Полли қолын тамағына апарды. Осы әдетін ол қанша рет қайталағанын ешкім де білмейді.
– Ол жүре алмайтынын біледі. Тек аяғы сынып қалды деп ойлап жатыр. Ол сіздің аяғыңыз сияқты тек аяғы сынғанына тәуба дейді. «Сынған аяғым қалпына келеді, ал егер миссис Сноу сияқты ауырып, мүгедек болып қалсам не болар еді, ол өмір бақи солай қалады» дейді. Осы сөзін қайталай береді... Мен қайғыдан өлетін сияқтымын.
Мистер Пендлтонның көзіне жас толса да, ол мисс Харрингтонның қайғыдан есеңгіреген жүзін көрді. Оған қарап, соңғы рет кездескенде Поллианнаға көшіп келу туралы айтқан өтініші еріксіз есіне түсті.
«Мистер Пендлтон! Мен енді Полли тәтемді қалдыра алмаймын!» деген қыздың үні құлағында тұр. Мистер Пендлтон бар күшін жинап, дірілдеген дауысын білдірмеуге тырысып:
– Мисс Харрингтон, бір емес, бірнеше рет мен Поллианнаға маған көшіп келші деп өтінгенімді білесіз бе?
– Поллианнаны? Сізге? – деп мисс Полли шытынай қарсы сұрақ қойды.
Қонақты мисс Поллидің өзін ұстауы шошындырды. Бірақ ол өзін қолға алып, жай ғана сөзін жалғастырды:
– Иә, мен оны өз атыма жаздырып алғым келген. Заңды түрде қызым қылып алғым келген. Әрине, содан соң ол менің барлық мұрама ие болып қалар еді.
Осы кезде мисс Полли «Поллианна келісуі керек еді» деп ойлады, «сол кезде ол ақшадан қыжалат көрмес еді, болашағын қамтамасыз етер еді». Мисс Поллиді сіңлісінің мистер Пендлтон ұсынысын қалай түсініп, қалай қабылдағаны мазалады.
– Мен Поллианнаға бауыр басып қалыппын, соны білесіз бе? – деп сөзін жалғады мистер Пендлтон. – Ол маған ұнайды және ... анасының көзі ғой... Мен осы балаға жиырма бес жыл бойы жалғыздықта жиналған бар сүйіспеншілігімді беруге әзірмін.
Сүйіспеншілік! Осы сөзді естіген мисс Полли қызды үйге алған кезде нені басшылыққа алғанын есіне түсірді. Осы туралы ойлағанда, Поллианнаның таңертең «Мені туысқандарымның бәрі «қалқам» деп атағанын қалаймын» дегені құлағына келді. Осындай махаббатқа зәру қызға жиырма бес жыл бойы жалғыздықта жиналған сүйіспеншілігін ұсынып тұр. Одан бас тартуға оның күші жетпей ме? Мисс Полли осы туралы ойлағанда, жан дүниесі аласұрып, тап қазір осы қызсыз өмір сүре алмайтынын, өмірдің мәні жоқтығын түсінді.
– Сонымен? – деп сұрады ол мистер Пендлтоннан.
Сұрақ жедел шыққандықтан, мистер Пендлтон еш қиындықсыз оның халін түсінді.
– Ол қарсы болды, менің ұсынысымды қабыл алмады, – деп көңілсіз жауап берді.
– Неге?
– Ол сізді тастап кеткісі келмеді. «Полли тәтем мейірімді, оны қалдырып кете алмаймын» деді. Поллианна сізді таңдады. Сонымен бірге ол сіздің де қалауыңыз – екеуіңіздің бірге тұруыңыз екенін айтты.
Мистер Пендлтон орнынан әрең тұрды. Көзі мисс Поллидің көзімен түйісіп қалмау үшін ол сенімді түрде есікке қарай бет алды. Бөлмедегі есіктен шыға бере, артынан асығыс келе жатқан аяқ дыбысын естіді. Сол сәтте мисс Полли онымен қатарласып, оған дірілдеген қолын созды.
– Нью-Йорктан мамандар келгенде және Поллианнаның жағдайы белгілі болғанда, сізге міндетті түрде хабар беремін, – деді дауысы дірілдеп. – Сіздің келгеніңіз туралы да оған міндетті түрде айтамын. Ол естігенде, қуанып қалатын болды. Ал, сау болыңыз, – деп оның қолын қатты қысты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет