С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



Pdf көрінісі
бет112/162
Дата06.01.2022
өлшемі7,49 Mb.
#14221
түріОқулық
1   ...   108   109   110   111   112   113   114   115   ...   162
Жер жыртып, егін егу
(ХVІ ғ. Дайвьет)
Бұл күрес елдің экономикасына біраз зиян келтірді. Бірақ оның 
пайдалы жақтары да болды. Ең алдымен шаруалардың бүліктері  
тыйылды.  Себебі  бұрынғы  құлдырай  бастаған  Ле  əкімшілігінің 
орнына  жергілікті  феодалдардың  жауынгер  жасақтары  келді  де, 
тəртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етті. Ол жасақтар Нгуен 
Ким,  Мак  Данг  сияқты  тəжірибелі  қолбасшылар  басқарған  үлкен 
армияға бірікті. Екіншіден, азаматтық əкімшілік құрамының 
қысқаруы да пайдалы болды. Үшіншіден, бұл кезде шаруалардың 
оңтүстік аудандарға (Тхуанхоа жəне Куангнам) қоныс аударуы 
күшейді.  Нгуендер  оларды  бос  жатқан  жерлерге  қоныстандырып, 
үкімет əскерінен гөрі жақсы қорғады. Тхуанхоа мен Куангнамда 
жаңа қауым қалыптасты: бұрын көшіп келгендер «негізгі», ал 
кейін қоныс аударғандар — «келімсектер» қауымы болып саналды. 
Мұндай бөлінушілік олардың арасында қақтығыстар туғызған жоқ. 
Себебі жер бұрын келгендерге де, кейін келгендерге де жетіп жат-
ты.
Чиндер де өздерінің онша бай емес иеліктерінде (Тханьхоа мен 
Нгеан облыстары) салық жүйесін реттеп, қазына мен жеке меншіктегі 
жерлердің есебін жүргізді. Бəрінен де Солтүстік Вьетнамдағы 
Мактардың иеліктеріндегі экономикалық жағдай ауыр болды.
Нгуендердің иеліктеріндегі экономикалық жағдай бəрінен жақсы 
болды. Онда жылнамалар «тонаушылық», «қарақшылық» деп атаған 
шаруалар бүліктері болған жоқ. 1558 ж. Нгуендер иелігінің солтүстік 
шекарасында бекіністер құрылысы қолға алынды. Ол бекіністер 
1571-1573 жылдардағы Мактардың жалдамалы отрядтарының ша-
буылынан аман сақтап қалды, деп жазып жатты .
1592 ж. Мактардың Тханьхоа провинциясына жасаған сəтсіз 
жорығынан кейін, Чиньдер шығыс астана Тханглаунгты басып 
алып, Ле əулетінің билігі қайта қалпына келтірілгенін жариялады. 
Мактар Каобанг провинциясының солтүстігіне бекініп алып, анда-
санда орталық алқапқа түсуге əрекеттеніп бақты.
1599 ж. Чиньдер ел басшысына Дайвьеттегі барлық əскери жəне 
азаматтық билікті солардың қолына бергендігі туралы жарлық 
шығартты. Сонымен қатар ең жоғарғы феодалдық Тюа деген лауа-
зымды иемденді.
Нгуендер біраз жылдар бойы жиналған салықтың едəуір бөлігін 
Ленің қазынасына жіберіп тұрды, сөйтіп олардың жоғарғы билік 
иесі екендігін мойындады. Бірақ корольдің таққа отыру салтанаты-
на келген Нгуен Хоангтың іс жүзіндегі билік Чинь феодалдарының 
қолында екендігіне, король Ле Тхе Тон тек қана салтанатты мейрам-
дарда, қабылдауларда халық алдына шығып көрінетін қуыршақ фи-
гура екендігіне көзі жетті.


284
285
Чиньдер елде өздерінің толық үстемдігін орнату жолында 
Нгуендерді қауіпті бақталастары деп санады. Қиыр солтүстікке 
қуылып, əлсіреген Мактар есепке алынбады. Сол себепті де Чиньдер 
Нгуен Хоангтың оңтүстікке қайтуына қалай да мүмкіндік бермеуге 
тырысты. Нгуен Хоангты Мактарға қарсы соғысып жатқан əскерге 
қолбасшы болуға зорлап көндірді. Енді Нгуен феодалдарының 
Чиндерге вассалдық тəуелділікке түсіп қалу қаупі туды. 1600 ж. 
Ниньбинь провинциясында үкіметке қарсы дүрбелең басталғанда 
Нгуен Хоанг жазалаушы отрядтардың қолбасшылығына сұранып, 
дегеніне жетті. Көтерілісті басқан соң астанаға қайтып келудің ор-
нына ол əскерімен өзінің оңтүстіктегі иелігіне кетіп қалды.
Сөйтіп Дайвьеттің оңтүстігінде құрамына Тхуанхоа мен 
Куангнам провинциялары кірген Нгуендер басшылығындағы 
тəуелсіз Дангчуанг иелігі пайда болды. Оған қарсы тұрған 
солтүстіктегі Чиньдер иелігі Дангнгоай деп аталып, Тханьхоа мен 
Нгеан провинцияларын қамтыды. Нгуендер де, Чиньдер сияқты, Ле 
əулетінің номиналды (аты ғана бар) билігін мойындап, тюа лауазы-
мын иемденді.
Нгуендер  өз  иеліктерінің  қорғанысын  күшейтуте  кірісті.  Олар 
шабуылды солтүстіктен күтіп жүргенде соққы оңтүстіктен келіп 
тиді. 1609 ж. бейбіт бітім шартын бұзып, тямдық князьдердің əскері 
Куангнам аумағына басып кірді. Соғыс Нгуендердің жеңісімен 
аяқталып, олардың иелігіне кейін Куангнгай, Биндинь, Фуйен про-
винцияларына бөлінген облыс қосып алынды.
1513 ж. өзінің мұрагері етіп баласы Нгуен-фук-Нгуенді 
тағайындап, Нгуен Хоанг қайтыс болды. Дайвьеттің оңтүстігінің 
корольдің рұқсатынсыз-ақ мұндай шешім қабылдауы Нгуендердің 
өз сюзерендерінен іс жүзінде бөлінгендігінің дəлелі еді.
Екі үйдің əрқайсысының өкілдері өздерін бүкіл Дайвьеттегі 
биліктің иесі деп санады. Сонымен қатар екі топ та халықтың ара-
сында кеңінен тараған көңіл-күйді — Ле монархиясымен байланы-
стырылатын  біртұтас  орталықтандырылған  мемлекет  құру  ниетін 
ескеруге  мəжбүр  болды.  Чиндер  өздерін  Лені  «қорғаушылар»  деп 
жариялады, ал Нгуендер абайлап халықтың Лені «босату» талабын 
жақтады.
Чиндер мен Нгуендер арасындағы ұзақ уақыт сақталып келген 
өшпенділік ақыры ашық жауласу түріне көшті. 1627 ж. Солтүстік 
Дайвьеттің билеушісі Чинь Чанг Нгуендер арасындағы тақ үшін 
күресті пайдалана отырып, Тхуанхоа мен Куангнам провинцияла-
рынан түскен салықты астанаға жіберуді талап етті. Талап орындал-
маса, соғыс ашатындығын жариялады. Нгуен-фук-Нгуен бұл талап-
ты орындаудан бас тартып, соғысқа дайындала бастады.
Солтүстік əскердің бірінші жорығы нəтижесіз аяқталды: астана 
жақта бүлік шықты-мыс деген қауесет таралды да, Чинь Чанг өз 
отрядтарын кейін қайтарды. Бірақ оңтүстікке жорықтар қайталана 
берді. Қорғанысты күшейту үшін Нгуендер Орталық Вьетнамда 
атақты Догхой қабырғасын тұрғызуға бұйрық берді.
Бұл кезде Үндіқытай жарты аралының елдеріне еуропалық от-
аршылар ене бастаған болатын. Голландтар Чиньдер жағында, 
португалдықтар Нгуендер жағында соғысқа араласып отырды.
1630 ж. Нгуендер солтүстікке жорық жасап, Ботиньді басып 
алды. Нгуендердің онан əрі табысқа жетуіне ішкі ала ауыздықтар 
кедергі келтірді. 1634 ж. Нгуен-фук-Нгуенге қарсы оның баласы 
Нгуен-фук-Ань көтеріліске шықты. Ол чиньдерді көмекке шақырды. 
Дананг маңында көтерілісшілер жеңілді. Бірақ чиньдер Ботиньді 
қайтарып алды. Қысқа мерзімге орнаған тыныштықты екі жақ та 
жаңа шайқастарға дайындық үшін пайдаланып қалуға тырысты.
Солтүстіктік феодалдардың басшысы Чинь Чанг нидерландтық 
Ост-Индия компаниясымен келісіп, 25 мың флоринға олардың 
бірнеше əскери кемелерін Нгуендерге қарсы шайқасқа аттандыр-
ды.  Голландтар  көмегі  еш  нəтиже  бермеді.  Чиньдер  əскері  мен 
голландтар флоты талқандалды, тіпті 1642 ж. маусымда эскадра 
командиры  ван  Лисвельт  қаза  тапты.  Келесі  жылы  адмирал  Бук 
басқарған голландиялықтар кемелері Сонг-Зиань өзенінде оңтүстік 
вьетнамдықтардың қоршауына түсіп, тағы да талқандалды. Аман 
қалған кемелері қашып құтылды.
ХVІІ ғасырдың ортасынан бастап шайқастар Сонг-Зиань 
өзенінің біресе оңтүстігінде, біресе солтүстігінде жүргізілді. 
Нгуендер де шет елдік державалардан, атап айтқанда, отар үшін 
күрестегі Голландияның қарсыласы Португалиядан көмек алып от-
ырды. Португалдықтар оңтүстік вьетнамдықтарды артиллериямен 
қамтамасыз ететін.
Чиньдердің Нгуендерді бағындыру үшін біраз үзілістермен 46 
жылға жуық жүргізген соғысы 1672 ж. сəтсіздікпен аяқталды. Елдің 
екіге бөлінуі онан əрі жүз жылдан астам уақытқа созылды.
Дангнгоай деп аталған солтүстіктегі Чиньдер иелігінде қауым-
ның ыдырауы поместьелік жер иеленушіліктің өсуімен, деревняға 
тауар-ақша қатынасының енуімен қатар жүрді. Өзара соғыстардың, 
сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алым-салық түрлері мен 
мөлшерінің өсе түсуі қауым мүшелерінің күн көрісін қиындатып 


286
287
жіберді, оларды өз үлестерін тастап, мемлекеттік салықтан 
босатылған жекелеген феодалдардың жəне ғибадатханалардың 
шаруашылықтарына барып қоныстануға мəжбүр етті. Кетіп қалған 
шаруалардың үлестерін ақсақалдар, ұсақ шенеуніктер мен ауыл 
дінбасылары кезекті жер санағы кезінде өз учаскелеріне айналды-
рып алып отырды. Ол жерлерді кедейленіп қалған қауым мүшелеріне 
өңдетті.
ХVІ ғасырдың 90- жылдарының ортасында ашаршылық пен 
көтерілістер орын алды. Чиньдердің 120 мыңдық əскерінің бо-
луына қарамастан «ұры-қарылар мен тонаушылар қаптап кетті». 
Чиньдер шаруалардың жағдайын жақсарту мақсатымен оларды 
үш жылға алым-салықтардан босатты. Өкімет қашқын шаруалар-
ды жинап, оларды жермен, жұмыспен қамтамасыз етуге тырысты, 
уақытша соғысты тоқтатып, билік аппаратына, ең алдымен вуа 
Ленің сəн-салтанаттық аппаратына жұмсалатын шығын мөлшерін 
қысқартты. Осындай шаралар көтерілістерді тоқтатты. Дегенмен 
1613 ж. Енкуангте көтеріліс болып, Чиньдерді шаруаларға тағы да 
біраз жеңілдіктер беруге мəжбүр етті.
Бірақ Нгуендермен жүргізілген ауыр соғыстар солтүстік 
тюалардың жағдайын қиындата берді. Кедейленген шаруалар ірі 
лауазымды феодалдардың иеліктеріне қашып барып, олардың 
қуаттылығын арттыра түсті. Қазынаға түсетін салық мөлшері де, 
əскер саны да қысқара берді. Шаруалар көтерілістері жиілей баста-
ды.
Чиндер өкіметі өзінің ішкі саясатында бұрынғысынша ұсақ 
феодалдар иеліктерінің экономикалық тұтастығын қорғай берді. 
Шаруалардың жеке бас салығының мөлшерін төмендетті. Бұл шара-
лар Чиньдердің бюджетін қысқартты, олар шаруаларының көптігіне 
қарамастан, Нгуендермен салыстырғанда кедейлеу болды.
ХV ғасырда Дайвьеттің əскери саяси бақылауының Орталық 
Вьетнамның көп бөлігіне орнауы мұнда жергілікті жер иеленуші 
феодалдарға бағынышты көптеген вьет шаруаларының қоныста-
рының құрылуына əкеліп соқты. Билік бірнеше гарнизонның 
қолында болды. Бұл жақтағы провинциялық əкімшілік тек 1545 
ж. орнады, онда да тек солтүстікте, Тхуанхоада; ол жергілікті 
феодалдардың өзіндік билігін ауыздықтай алмады.
ХV ғасырдың 50- жылдарының аяғында мұнда Тханьхоадан 
қоныс аударушылардың үлкен легі келді; ол қоныс аударуға 
Тхуанхоаны иелігіне алған Нгуендер басшылық жасады. Тың 
жерлерді игеру алғашқы жылдары өте мол өнім беріп тұрды, 
халықтың тұрмысы түзеле бастады. Жерінен айырылған шаруалар 
оңтүстікке, Куангнамға жылжи берді. Куангнамда «жер жақсы, адам 
көп,  бəрі  жеткілікті  өндіріледі,  ...  халықтың  жартысынан  астамы 
əскерилер».
Дангчуангтың мемлекеттік аппаратында əкімшілік міндеттері 
əскери жəне экономикалық міндеттермен тығыз ұштасып жатты. 
Мұнда Ленің азаматтық əкімшілігінің дəстүрлері кең орын алмады, 
ең алдымен əскери-помещиктік элементтерге арқа сүйеген тюаның 
əскери режимі таза күйінде билік құрды. Əскерде шақырылған ша-
руалармен қатар феодалдық жасақтар да сақталды. Əкімшіліктің 
қалыптасуы Дангчаунгты біржолата тəуелсіз иелікке айналдырды.  
1610 ж. феодалдық тарихнамада «мемлекеттің құрылуы» деп санал-
ды. Бірақ оның басшылары — Нгуендер өздерін вуа деп жариялауға 
тырысқан жоқ, керісінше, өздерінің узурпатор Чиньдер «тұтқында 
ұстап отырған» Леге адал берілгендігін мəлімдеп отырды. Лемен 
олар мезгіл-мезгіл байланыс «ырымын» жасап отырды.
1618 ж. Дангчаунгте жер иелену қатынастары тəртіпке келтірілді, 
қазынаның жері — шаруалардың қауымдық егістіктері өлшенді; 
қазыналық жердің екінші категориясы «шенеуніктердің жері» бол-
ды. Қазыналық жерлер «байлардың», яғни лауазым иесі емес ұсақ 
жəне орташа помещиктердің иемденіп қалу объектісіне айнала 
бастады; шаруалар да бұл таластан тыс қалмай, бірінің жерін бірі 
тартып алуға тырысып жатты. Бұл жанжалдар жер жетпеушіліктен 
емес, негізінен аграрлық нормалардың нашар реттелуінің нəтижесі 
еді. Нгуендер қазыналық жер иемденуді қорғаушылар болды, 
алқаптарды  өлшеп,  əр  алқапқа  тиісті  салық  мөлшерін  белгіледі. 
Соның нəтижесінде жер жанжалы азайды.
Дангчаунгте жиі-жиі жүргізіліп отырған жан басының санағы 
отбасыларын «негізгі» жəне «келімсектер» деп бөлуді онан əрі 
жалғастыруды көздеді. Əскерге, солтүстіктегідей байлардың емес, 
ең алдымен орташа бақуаттылардың балалары, сонан кейін өз 
бетімен «жалданушылар» алынды.
Дангчаунгтың экономикалық жағдайы ХVІІ ғасырдың 30- жыл-
дарында біраз нашарлап кетті. Оған Чиньдермен соғыс жəне күріш 
алқабына кедей Тхуанхоадағы жердің таусылуы себеп болды. 1637 
ж.  елде  ашаршылық  орын  алды.  1641  ж.  күріштің  бағасы  20  есе 
қымбаттап, адамдар аштан қырылды.
Жерді жеке-жеке иеленудің қалыптасуына орталықтанды-
рылған мемлекеттік биліктің əлсіз болуы, қауымдардан жинала-
тын салықтың есебінен өмір сүретін феодалдық-бюрократтық 
аппараттың оңтүстікте солтүстікке қарағанда əлдеқайда дəрмен-
сіздігі себеп болды.


288
289
Помещиктер қауым мүшелерін бірінен соң бірін біртіндеп 
кіріптарлыққа түсіріп отырды. Табиғи апаттар кезінде жекелеген де-
ревня түгелімен тəуелділікке түсіп қалатын.
Оңтүстікте, бұрынғы Тямпаның аумағында сыртқы сауда 
байланысы жақсы дамыған ірі сауда — қолөнерлік қалалар сақ-
талды.  Тау-кен  өндірісі  де  өркендеді.  Нгуендер  өз  монеталарын 
шығарып, Оңтүстік-Шығыс Азияның барлық елдерімен, Қытай-
мен, Жапониямен, Индиямен, Голландиямен, Португалиямен қызу 
сауда қатынасын орнатты. ХVІІ ғасырдың басында португалдықтар 
вьетнамдықтарды зеңбірек жасау ісіне үйретті.
Мемлекеттік аппаратты құрғанда Нгуендер адамдарды бай, 
кедей деп алаламай, шенеуніктік емтиханды ойдағыдай тапсыр-
ғандардың бəрін қызметке қабылдай берді. Мұны сол кездегі 
көптеген көрнекті қоғам қайраткерлері мен əскер басшыларының 
өмірбаянынан көруге болады.
Оңтүстіктің  əскерінде  адам  аз  болды,  бірақ  ол  оқ-дəрімен  аты-
латын қарумен жеткілікті түрде қаруланды. Мемлекеттің қуатты  
əскери  флоты  болды.  Артиллериялық,  атты  жəне  жаяу  əскер 
училищелері болды. Əскерде пілдерді де пайдаланды.
Нгуендер өз аумағын Кампучияға қарасты Тямпа мен Меконгтың 
есебінен ұлғайтып отырды. Тямдар қарсыласып бақты, бірақ олардың 
əскері аз болды. Оның үстіне Тямпа ішкі қарама-қайшылықтардан, 
мұсылмандар мен индустер арасындағы қырқысулардан қатты 
 
əлсіреп отырды. Тямдық шаруалар вьетнамдық феодалдарға тəуел-
ділікке түсіп отырса, тямдық феодалдар вьетнамдық шенеуніктерге 
айналды. Бұрын бос жатқан жерлерге Дангчаунгтық əскери бөлім-
шелер қоныстанып жатты.
ХVІІ ғасырда елдің солтүстігінде де, оңтүстігінде де като-
лик миссионерлері қаптап кетті. Егер Қытайда, Жапонияда, тіпті 
Сиамда олардың қызыметіне шек қойылып жатса, Вьетнамда 
керісінше,  оларға  кеңінен  еркіндік  берілді.  Вьетнамдық  өкімет 
басшылары католиктік дінді елде əлі күнге дейін тұғырынан түсе 
қоймаған қытай конфуциандығына қарсы қойылған тосқауыл деп 
қарастырған болу керек.
Католиктік миссионерлердің Вьетнамдағы қызметінің 
табысқа жеткендігінің бір дəлелі — латын алфавитіне негізделген 
вьетнамдық əдеби жазудың пайда болуы еді. Бұған дейін елдің 
бетке ұстар сауаттылары, ресми əкімшілік, барлық шенеуніктер 
қытайдың иероглифтік жазуын қолданатын. Жаңа жазу ең алды-
мен патриоттық рухтағы вьеттер тарапынан қолдау тапты. Осындай 
жағдайда католик шіркеуінің ықпалы онан сайын өсе түсті. ХVІІ 
ғасырда Вьетнамда христиандыққа (католиктік) енгізілгендер саны 
жүз мыңнан асты. Мұндай жағдай ақырында өкімет басшылары 
арасында қауіп туғыза бастады. Кейбір қалалардағы еуропалық 
факторилер жабылып, Вьетнамдағы католик шіркеуінің қызметіне 
шек қойылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   108   109   110   111   112   113   114   115   ...   162




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет