Сабақ тақырыбы. Кіріспе. Омыртқасыздар зоологиясы жеке ғылым ретінде. Сабақ жоспары


Дәріс № 5 (1 сағ.) Сабақ тақырыбы



бет10/56
Дата17.04.2023
өлшемі177,48 Kb.
#83523
түріСабақ
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   56
Дәріс № 5 (1 сағ.)


Сабақ тақырыбы. Сорғыш құрттар класы (Trematoda). Моногенетикалық сорғыш құрттар класы (Monogenoidea).
Сабақ жоспары:

  1. Сорғыш құрттардың құрылысы.

  2. Сорғыш құрттардың ас қорыту жүйесі.

  3. Сорғыш құрттардың зәр шығару жүйесі.

  4. Сорғыш құрттардың нерв жүйесі, сезім мүшелері.

  5. Сорғыш құрттардың жыныс жүйесі және көбеюі.

  6. Моногенетикалық сорғыш құрттардың эктопаразиттілігіне байланысты құрылысындағы өзіне тән белгілер.




  1. Сорғыш құрттардың құрылысы.

Сорғыш құрттардың дене пішіні көбінесе жапырақ тәрізді болып келеді. Бұлардың сорғыштары болғандықтан кластың атауы да солай. Сорғыштар ойыстау болып, шет қабырғалары бұлшықет талшықтарынан құралған, сақина тәрізді бұлшықеттерімен көмкерілген. Осы бұлшықеттердің қозғалысы арқылы сорғыштар үлкейе де, кішірейе де алады.
Денесінің алдыңғы және құрсақ бөлімдерінде бір-бір сорғыштары бар, яғни ауыз және құрсақ сорғыштары. Олар бекіну мүшелері болып табылады, себебі осы сорғыштары арқылы құрттар иесінің денесінде бекініп тұрады. Көпке дейін трематодтардың денесі эпителиальды клеткалардан бөлінетін қорғау қызметін атқаратын қатты зат - кутикуламен қапталған деп есептелді. Электронды микроскоп арқылы зерттеулер ол көзқарастың дұрыс емес екенін көрсетті. Трематодтардың жамылғысы - тегумент, кейбір турбеллярилердің батқан эпителиіне сәйкес келетіні анықталды, бірақ, паразиттік тіршілік етуіне байланысты кірпікшелері болмайды. Тегументтің сыртқы бөлігі - көптеген митохондрия мен вакуольдері бар ядросыз цитоплазмалы қабат. Бұл қабат цитоплазманың өсінділері арқылы паренхиманың ішіне батып жатқан ядросы бар цитоплазмамен байланысады. Сонымен, трематодтардың тегументі турбелляриялардың батып жатқан эпителиі сияқты синцитий болып табылады. Тегументтің жоғарғы қабатында кейде кутикулярлы тікенектері болады - бұлар паразиттердің қосымша бекіну мүшелері. Бұл қабаттың астында базальды мембрана, оның астында сақина және ұзына бойы бұлшықеттер орналасқан. Тері-бұлшықет қапшығы мен паренхиманың құрылысы кірпікшелі құрттарға ұқсас. Сорғыштар аз қозғалады.

  1. Сорғыш құрттардың ас қорыту жүйесі.

Денесінің алдыңғы жағындағы аузы эктодермальды жұтқыншаққа, ал ол жіңішке өңешке жалғасады. Энтодермальды ортаңғы ішек өңештен басталып, дененің бүйірімен артқа қарай созылып тұйықталған екі тармақтан құралады. Ірі трематодтарда, мысалы, бауырсорғыштың (Fasciola hepatica) ішегі көп тарамдалған. Бұл тарамдар қорытылған асты паренхималық денесіне таралуын оңайлатады.

  1. Сорғыш құрттардың зәр шығару жүйесі.

Зәр шығару жүйесі - протонефридиялы. Денесінің ортасында немесе екі бүйірінде негізгі түтіктері орналасқан, олардан ұштарында толқындалған алаулы жұлдыз тәрізді клеткалары бар көптеген тарамдар шығады. Негізгі түтіктер денесінің артқы жағындағы қуыққа, ал ол зәр шығару тесігімен сыртқа ашылады.

  1. Сорғыш құрттардың нерв жүйесі, сезім мүшелері.

Нерв жүйесі жұп ми ганглиясынан тұрады. Одан дененің алдыңғы жағына және ауыз сорғышына қарай нервтер, сонымен қатар артқа қарай үш жұп ұзына бойы нерв бағаналары тарайды. Әсіресе, ерекше қалыңдаған құрсақ бағаналары жақсы дамыған. Ұзына бойы бағаналар сақина тәрізді өсінділермен өзара байланысып, ортогон типіндегі нерв жүйесін түзеді.
Сезім мүшелері құрттардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты өте нашар дамыған. Сорғыштардың дернәсілдерінде турбелляридікіне ұқсас бір немесе екі жұп кішкене көзшелері болады.

  1. Сорғыш құрттардың жыныс жүйесі және көбеюі.

Жыныс мүшесі гермафродитті, жақсы дамыған. Бауырсорғыштың (Fasciola hepatica) жыныс жүйесін қарастырайық.
Аталық жыныс жүйесі тарамдалған екі тұқым бездерінен тұрады. Олардан алға қарай бағытталған екі тұқым жолы шығып, кейін олар қосылып тұқым қапшығына айналады да, тұқым шығарғыш түтікпен шағылыс мүшесіне жалғасады. Ол өзінің шетімен жыныс клоакасына қарай бағытталған.
Аналық жыныс безі әрқашан біреу. Одан шығатын қысқа жұмыртқа жолы кеңейіп, кішкене қапшықшаға - оотипке айналады. Кейде оотипті Мелис денешілігі деп те атайды. Оотипке аналық жыныс жүйесінің көптеген жолдары жалғасады. Дененің екі бүйірінде жұмыртқаларға қоректік затты беретін сарыуыз бездері орналасқан, сарыуыз бездерінің екі жолы денеден көлденең өтіп, оотипке жалғасады. Оотиптен әуелі артқа одан кейін алға бұрылып, жыныс клоакасына ашылатын ұзын ширатылған түтік - жатын басталады. Жатын ұрықтанған және дамып келе жатқан жұмыртқаларға толы болады. Оотип тұқым қабылдағышпен және өзінің бір шетімен арқа жағына ашылатын қысқа «Лаурер» түтігімен өзара байланысқан. Оотип ұсақ қабыршақты бездермен қоршалған.
Трематодтардың кейбір өкілдерінде жыныс жүйелері айтылған сызбадан бірқатар белгілері бойынша ерекше: жұмыртқа бездері кейде тарамдалмаған; аталық бездері жұп емес; жыныс клоакасы дененің артқы бөлімінде орналасқан, т.б.
Жұмыртқа аналық безінен, аналық жолы арқылы оотипке түсіп, онда ұрықтанады. Ұрықтандыру үшін сперматозоидтар шағылыс мүшесі арқылы әуелі жатынға, содан тұқым қабылдағышқа, содан оотипке өтеді де, жұмырқаларды ұрықтандырады. «Лаурер» түтігі оотипте жиналып қалған ұрықтардың артық мөлшерін денеден шығару қызметін атқарады. Сарыуыз бездерінен оотипке баратын жолдар арқылы қоректік затқа толы сарыуыз клеткалары өтеді. Әрбір ұрықтанған жұмыртқа осындай клеткалардың тобымен қоршалады. Сонан соң оның сыртына жұмыртқа қабығы түзіледі. Жұмыртқа қабығы сарыуыз клеткаларында болатын ерекше гранулдар арқылы сыртқа қарай шығарылады.
Трематодтардың тіршілік циклі иесін және ұрпақ алмастыруға байланысты өте күрделі. Гермафродитті жыныс жүйесі жетілген сорғыш немесе марита омыртқалы жануарлардың ішегінде және басқа мүшелерінде паразиттік тіршілік етеді. Бауырсорғыштың дамуын қарастырамыз.
Бауырсорғыш - Fasciola hepatica мүйізді ірі қара малдар мен қойлардың және адамның бауырында паразиттік тіршілік етеді. Олардың салған жұмыртқалары өт жолы арқылы ішекке түсіп, иесінің ішегінен нәжіспен араласып сыртқа шығарылады. Ары қарай даму үшін жұмыртқа суға түсуі керек. Су ішінде жұмыртқадан денесі толқынды эпителимен жабылған дернәсіл - мирацидий шығады. Мирацидидің екі көзшесі, ми ганглиясы және жұп протнефридиялары болады. Денесінің артқы бөлімінде ерекше ұрықтық клеткалар немесе партеногенетикалық жұмыртқалар жатады. Денесінің алдыңғы үштен бір бөлігінде, цитоплазмасы дәнді секретке толы үлкен без орналасады. Бұл бездің жолдары дернәсіл денесінің алдыңғы бөліміндегі кішкене бұлшықетті тұмсықшаның ұшында ашылады. Бездің секреттері мирацидидің аралық иесіне енуге көмектеседі. Мирацидий қоректенбейді, эмбриональды даму кезіндегі жиналған гликоген қоры арқасында өмір сүреді. Бірқатар уақыт мирацидий суда еркін жүзіп жүреді. Өзінің ары қарай дамуы үшін ол аралық иесінің денесіне түсуі керек. Көп жағдайда аралық иесі ұлулар болып келеді. Мирацидий тұмсықшасы арқылы ұлу денесіне еніп, оның ішкі мүшесіне өтеді. Ұлудың денесіне енуде дернәсіл безінің секреттері көмектеседі. Мирацидий кірпікшелерін тастап, формасыз, қозғалмайтын қапшық тәрізді спороцистаға айналады. Бұл көбею қабілеті бар, жыныстық жүйесі жетілген сатысы. Спороцистаның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары әрбіреуі бөлініп, келесі - редия деп аталатын ұрпаққа айналады. Редия, спороцистадан қозғалғыштығымен және денесіндегі саңылауымен ерекше. Ол саңылау, редия ішіндегі партеногенетикалық жұмыртқалардан түзілген ұрықтардың жаңа ұрпағын шығару қызметін атқарады. Спороцисталар сияқты редияның денесіндегі партеногенетикалық жұмыртқалары бөлініп, редияның ішінде жаңа ұрпақ - церкариялар пайда болады. Церкария - гермафродитті дараның дернәсілі, оған көптеген белгілері де ұқсас: сорғыштары, тарамдалған ішегі, миы және зәр шығару жүйесі болады. Оның негізгі ерекшелігі - денесінің артқы бөлігінде ұзын, бұлшықетті, қозғалғыш құйрықшасының болуы. Трематодтардың кейбір түрлерінде церкарияның тағы да уақытша мүшелері болады: жұп көзшесі, өткізгіш бездері деп аталатын бір клеткалы бездер тобы, дененің алдыңғы жағында болатын үшкір ине немесе стилет. Церкариялар редия денесіндегі саңылаудан шығып, одан ұлу денесінен шығып, құйрығының қозғалысы арқасында суға еркін жүзіп кетеді. Мирацидия секілді олар қоректенбейді, денесіндегі қорек қоры арқылы өмір сүреді.
Церкария су жағасындағы өсімдікке немесе балдырларға жабысып, құйрығын тастап, циста түзеді. Циста ерекше бездерден бөлініп шығады. Бұл саты адолескария деп аталады. Адолескария ересек түріне айналу үшін енді өзінің негізгі иесінің денесіне түсуі тиіс. Негізгі иесі, мысалы, ірі қара (сиыр) су қоймасына келіп, сумен немесе судағы шөппен бірге адолескариді де жұтады. Сиырдың ішегінде циста қабаты еріп, қан тамырлары арқылы жас сорғыштар жыныстық жетілетін орнына - бауырдың өт жолдарына өтеді. Егер, олардың тіршілік циклдерінің дамуына жағдайлар жасалмаса, олар өледі немесе толық дамымай қалады. Мысалы, жұмыртқа суға түскенде суда ұлу болуы керек, әйтпесе, дернәсіл мирацидий өледі, ал су қоймасына ірі жануарлар келіп тұрмаса, адолескария толық дамымайды. Қолайсыз факторлар көп болса да, паразиттер оларға бейімделе алады. Бейімделудің бір жолы - паразиттердің жұмыртқаны өте көп салуы. Турбелляриялардың көпшілігінде жұмыртқа саны жүздеген болса, сорғыштарда мыңдаған және ондаған мыңға жетеді. Бұл құбылыс паразиттердің жұмыртқаларының «көп болу заңы» деп аталады.
Кейбір сорғыштардың еркін жүзетін церкарияларының тіршілік циклінің мынадай ерекшеліктері болады. Сорғыштардың көпшілік түрінің церкариялары екінші аралық иесінің денесіне түсуі керек. Бұл көптеген жәндіктердің, мысалы, су насекомдарының, моллюскалардың, балықтардың, бақалардың дернәсілдері болуы мүмкін. Стилет арқылы церкария екінші аралық иесінің жамылғысын жаралап, сол жерге өткізгіш безінің секреттерін құяды. Церкария құйрығы мен стилетін тастап, жіңішке мөлдір қабатпен қапталады да, циста түзеді. Сол күйінде метацеркария деп аталады және дамудың бұл сатысы тыныштық сатысы болып табылады. Егер, екінші аралық иесін қандай да бір ірі омыртқалы жануар қорек етсе, метацеркарий оның ішегінде қабырғасынан босап, гермафродитті дараға айналып, дамуын аяқтайды. Омыртқалы жануарлар метацеркаридің соңғы иесі болып келеді.
Трематодтардың тіршілік циклінде көрсетілген жолынан әр түрлі ауытқулары болуы мүмкін. Мысалы, кең тараған қауіпті паразит - бауырсорғыштың (Fasciola hepatica) аралық иесі жалғыз. Ол кіші тоспа ұлуы (Lymnaea trancatula), денесінде спороцисталар мен редиялардың дамуы жүреді. Ал ланцет тәрізді кішкене сорғыш құрттың (Dicrocoelum lanceatum) негізгі иесінен (ірі қара, қой, ешкі) нәжіспен бірге сыртқа шыққан жұмыртқалары құрлықта тіршілік ететін моллюскалардың (Helicella туысының) ішегіне түсуі керек. Моллюсканың ішегінде жұмыртқадан дернәсіл мирацидий шығып, ол оның бауырына енеді. Осы жерде метаморфозға ұшырап, церкария стадиясына көшеді. Церкариялар моллюсканың өкпесіне өтіп, тыныс жолдары арқылы топыраққа түседі. Ары қарай даму үшін церкариялар екінші аралық иесіне - құмырсқалардың (Formica туысының) ішегіне түсуі тиіс. Құмырсқаларда церкария соңғы метацеркария сатысына айналады. Құмырсқалар паразиттің қосымша иесі болып саналады. Метацеркария ересек түріне айналу үшін енді өзінің негізгі иесінің денесіне түсуі тиіс.
Сонымен, сорғыштардың жоғарыда келтірілген даму циклдерінде ұрпақтарын ауыстырып отыру жолдары байқалады, яғни бір ұрпақ ұрықтанған жұмыртқадан дамыса (мирацидиялар), келесі ұрпағы ұрықтанбаған жұмыртқадан (партеногенез жолымен) дамып, кезектесіп отырады. Осындай даму процесін - гетерогония деп атайды. Сорғыштардың дамуына гетерогония тән.

  1. Моногенетикалық сорғыш құрттардың эктопаразиттілігіне байланысты құрылысындағы өзіне тән белгілер.

Моногенетикалық сорғыштар - балықтардың терісі мен желбезегінде, амфибиялар мен бауырымен жорғалаушылардың қуығында және басқа да мүшелерінде тіршілік ететін эктопаразиттер. Олардың түр саны 2500-ге жетеді.
Моногенетикалық сорғыштардың денесі созылыңқы, артқы бөлімінде ерекше бекіну дискісі болады. Оның ілмешектері, сорғыштары немесе ұлпаларды қысып алатын екі жақты қақпақтары бар. Арнайы бекіну мүшелері денесінің алдыңғы бөлімінде де болады. Олар паразиттің қоректену кезінде бас бөлімінің бекінуін қамтамасыз ететін, жабысқақ секрет бөлетін, бір клеткалы бездердің жолдары ашылатын қалақ тәрізді өсінділерден немесе кішкене сорғыштардан тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет