Сабақ тақырыбы. Кіріспе. Омыртқасыздар зоологиясы жеке ғылым ретінде. Сабақ жоспары



бет11/56
Дата17.04.2023
өлшемі177,48 Kb.
#83523
түріСабақ
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   56
Дәріс № 6 (1 сағ.)


Сабақ тақырыбы. Таспа құрттар класы (Cestoda).
Сабақ жоспары:

  1. Паразиттік тіршілік етуімен байланысты таспа құрттардың ерекшеліктері.

  2. Таспа құрттардың зат алмасуындағы ерекшеліктері.

  3. Таспа құрттардың нерв жүйесі, сезім мүшелері.

  4. Таспа құрттардың жыныс жүйесі.

  5. Таспа құрттардың дамуы.




  1. Паразиттік тіршілік етуімен байланысты таспа құрттардың ерекшеліктері.

Денесі барынша созылыңқы, арқа-құрсақ бағытында жалпайып келген, таспа тәрізді, ұзындығы 1 мм-ден 10-15 м-ге дейін жетеді. Көбінесе денелері проглоттидтер деп аталатын жеке буындардан тұрады, ал проглоттидтердің тізбегі стробила делінеді. Кейбір түрлерінің денесі тұтас бөлінбеген. Денесінің алдыңғы ұшында сколекс (scolex) деп аталатын басы болады, одан бөлшектенбеген мойыны және бірқатар буындар (проглоттидтер) тіркесіп созылып жатады. Олардың саны 2-4-тен бірнеше мыңға жетеді. Буындардың немесе проглоттидтердің пішіні мойынынан қашықтаған сайын өзгере береді. Алдыңғы буындары қысқа, гремафродитті немесе пісіп жетілмеген буындар деп аталады, артқы жағындағы буындары ұзынырақ, жалпақтау - пісіп жетілген (ұрықтанған жұмыртқаларға толы) буындар. Олар құрттың денесінен үзіліп нәжіспен бірге сыртқа шығарылып тұрады, ал үзілген буынның орнына келесі буындар жетіледі, себебі мойын бөлімінен үздіксіз жаңа буындар түзіліп, олар артқа қарай ығысып, пісіп жетіліп тұрады.
Басы немесе сколекі домалақ, сүйір, жалпақ пішінді болып келеді. Басы қадалып, жабысатын мүшелерімен қаруланған, олар: ботридиялар - ерекше ұзын қысқыш аппараты; ботрия немесе сорып қадалатын саңылау; тіркелгіш шұңқырлар; ілмешектер; имекқармақшалар; тістер, т.б.
Таспа құрттардың тері жабындысы трематодтар мен моногенеяларға ұқсас болады, тек тегументтің сыртқы ядросыз цитоплазмалық қабатының бетінде көптеген кірпікшелі өсінділері бар. Кірпікшелі өсінділер - микротрихиялар деп аталады, өте ұсақ, тек электронды микроскоп арқылы көрінеді, құрттың қоректенуінде маңызды қызмет атқарады.
Базальды мембранасының астында бұлшықет талшықтарының шумағынан құрылған тері-бұлшықет қабы жатады. Оның ішінде сақина тәрізді және ұзына бойы созылған бұлшықеттер қабаты, сонымен қатар арқа-құрсақ (дорзо-вентральды) бұлшықеттері де орналасқан. Құрттар бұлшықеттерін жиырып қозғалады.
Таспа құрттардың тағы бір ерекшелігі - асқорыту жүйесі толығымен жойылған. Иесінің ортаңғы ішегінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты, қорытылған коректік сұйық заттың ішінде батып жатады. Осы қорытылған коректік затты паразиттер сыртқы ядросыз цитоплазмалық қабатының бетінде орналасқан көптеген кірпікшелі өсінділер - микротрихиялар арқылы сіңіреді.

  1. Таспа құрттардың зат алмасуындағы ерекшеліктері.

Таспа құрттардың паренхимасында едәуір көлемде гликогеннің жиынтығы және шашыранды түрде орналасқан көмірқышқылды ізбест денешіктері болады. Гликогеннің болуы, құрттардың анаэробты тыныс алатын жағдайда тіршілікке қажет энергияны бөлетіндігіне байланысты. Ал өте ұсақ ізбесті денешіктердің құрылысы және атқаратын қызметі толық анықталмаған, бірақ оларды экскретті (зат алмасу процесіндегі соңғы, организмге қажеті жоқ өнімдер) денешіктер деп қарастырып, буферлік жүйенің қызметін атқарып, құрттарды қышқыл ортаның зиянды әсерінен сақтайда деген болжамдар бар.
Зәр шығару жүйесі - протонефридиялы. Денесінің бүйірі жағынан ұзына бойына созылған екі негізгі зәр шығару түтіктері өтеді. Түтік дененің артқы жақ шетінен басталып алдыңғы жаққа қарай бағытталады. Бас бөлімге жеткен түтік қайта кері бағытта артқа қарай жетіп, зәр шығару саңылауымен аяқталады. Кері бағытталған екі түтік денесінің соңында бірігіп, жиырылғыш қуықпен аяқталады. Денесі буындалған құрттарда бүйірлік ұзына бойына созылған зәр шығару түтіктері әрбір буында көлденең түтікпен байланысып, сатылы түрде болады. Соңғы буындардың үзіліп түсуінің нәтижесінде жиырылғыш қуығы жоқ, бүйірлік түтіктер тікелей сыртқа қарай ашылады. Зәр шығару жүйесіндегі бүйірлі түтіктерден дене ішіне (паренхимаға) қарай көптеген түтікшелер тарап, олар бос ұшында жұлдыз тәрізді «кірпікше жалынды» терминальды клеткалармен аяқталады. Терминальды клеткалар арқылы жиналған несеп заттар түтікшелерге өтіп, негізгі түтіктер арқылы сыртқа шығарылады.



  1. Таспа құрттардың нерв жүйесі, сезім мүшелері.

Нерв жүйесі, сезім мүшелері нашар дамыған. Орталық жүйке жүйесі жұп ми түйінінен тұрады. Бұл екі түйін бас бөлімінде орналасып, өзінен артқа қарай бірнеше жұп нерв бағаналарын таратады. Бағаналар өзара көлденең байланысып, ортогонды нерв жүйесін құрайды. Ерекше дамыған екі бағана дененің бүйірінен өтіп, өзінен көптеген тармақтарды бөледі, олар өзара тұтасып, тері асты нерв қабатын түзеді. Сезім мүшелері денесінің беткі жағында сезу клеткалары түрінде шашырап таралған. Көп мөлшерде олар бас бөлімінде (сколексте) кездеседі.

  1. Таспа құрттардың жыныс жүйесі.

Жыныс жүйесі гемафродитті, құрылысы жағынан сорғыштарға ұқсас, бірақ таспа құрттардың әр түрлі топтарының жыныс мүшелерінің пішіні, орналасуы, саны жағынан әр түрлі болатыны байқалады (мысалы, бірқатар түрлерінің жыныс тесігі құрсақ немесе арқа жағында ашылады, кейбір түрлерінің жыныс бездері біреу болса, екіншілерінде жүзден асады, т.б.).
Таспа құрттардың жыныс жүйесінің құрылысын және дамуын өгіз солитерін (Taeniarhynchus saginatus) алып қарастырайық. Өгіз солитерінің (цепенінің) кішкене басы, қысқа мойны және буындардан құралған ұзын 10-20 м-ге жуық денесі болады. Солитердің алдыңғы ең жас 3-4 буындары болмаса, басқа буындарының әрқайсысында күшті дамыған гермафродитті жыныс жүйесі бар. Осындай буынды - гермафродитті буын деп атайды.
Көпіршік пішінді аталық бездері паренхиманың арасында шашырап орналасқан. Аталық бездерінің тұқым шығару түтіктері бірігіп ортақ аталық жолын құрайды. Аталық жолы кеңейіп шағылыс мүшесіне (penis) айналып, буынның бүйір бөлігіндегі жыныс клоакасына еніп жатады.
Аналық мүшесі тарамдалған екі аналық бездерінен құралып, аналық жолы арқылы оотипке ашылады. Оотипке екінші жағынан сарыуыз безі де ашылады. Оотиптен екі канал шығады. Біреуі қынап, аталық жолымен қатар созылып жыныс клоакасына ашылады, екіншісі буынның алдыңғы бөлігіне бағытталып тұйық бітетін жатын.
Жұмыртқа клеткалары аналық безінен оотипке түсіп, осы жерде қынап арқылы келетін сперматозоидтармен қосылып ұрықтанады да, сарыуыз және қабыршақпен қапталып, тұйық бітетін жатынға өтеді. Осы жерде дамуының бірінші сатысы басталады. Жатынға түскен жұмыртқалардың саны өте көп, сондықтан жатынның орталық бөлімінен оң және сол жаққа қарай жанама тармақтары тарап, жұмыртқаларға толып жатады. Осылайша гермафродитті буын «пісіп жетілген» буынға айналады. Денесінің соңғы жағындағы пісіп жетілген буындар үзіліп, иесінің ішегінен сыртқы ортаға шығарылып тұрады. 18-20 жыл өмір сүретін өгіз солитері бір жылда 600 млн-нан аса жұмыртқа шығарады. Сонда бүкіл тіршілігі барысында солитер 11 млрд. жұмыртқа бөледі.

  1. Таспа құрттардың дамуы.

Адамның ішегінен нәжіспен бірге сыртқы ортаға шыққан пісіп жетілген буындар шіріп, ішіндегі жұмыртқалары топыраққа түседі. Дамуы үшін жұмыртқа аралық иесіне енуі қажет.
Өгіз солитерінің аралық иесі өгіз немесе сиыр. Осылардың ішегіне түскен жұмыртқадан онкосфера деп аталатын алты ілмешегі бар ұрық шығады. Осы ілмешектерімен онкосфера ішек қабырғасын тесіп, лимфа және қан жүйесіне түседі. Қан тамырлары арқылы онкосфера ішкі мүшелерге көбінесе бауырға, бұлшықеттерге, өкпеге, кейде миға жетеді. Осы мүшелерде ұрық - онкосфера финна деп аталатын дернәсіл сатысына айналады. Финна бұршақ тәрізді сұйықтыққа толы көпіршік, оның ішінде төрт сорғышы бар басы болады. Осындай дернәсілді цистицерк деп те атайды. Дернәсіл аралық иесінде бірнеше жыл өмір сүре алады. Финна ересек формасына айналуы үшін негізгі (түпкілікті) иесі - адамның ішегіне түсуі қажет. Финнозбен ауырған сиырдың толық қуырылмаған немесе пісірілмеген етін жеген адамның ішегіне түскен финна басын шығарып, сорғыштары арқылы ішекке жабысады. Көпіршігі еріп, қалған басы мойнымен бірге жедел өсе бастайды да, мойны жаңа буындарды түзеп, денесі ұзарады.
Сонымен, Taeniarhynchus saginatus-тың тіршілік циклі иесін алмастыру арқылы және күрделі құрылысты онкосфераның финнаға, финнаның таспа тәрізді ересек түрге ауысуымен байланысты.
Таспа құрттардың басқа түрлерінің де тіршілік циклі иесін алмастыру және онкосфераның финна дернәсіліне, финнаның ересек түріне ауысуымен өтеді. Финнаның бірнеше формалары болады: жоғарыда көрсетілгендей цистицерк - сұйықтыққа толы көпіршік, ішінде жиырылып жатқан бір басы болады; ценур - сұйықтыққа толы көпіршіктің қабырғасында бірнеше басы орналасқан, олардың әрқайсысы жеке дараға айналады; финнаның ерекше түрі - эхинококк, көпіршігі үлкен, ішкі қабырғасында және көпіршіктің ішінде бірнеше басы бар көптеген көпіршіктері түзіледі; цистицеркоид - көпіршіктің құйрық тәрізді өсіндісі болады; плероцеркоид - құрт тәрізді дернәсіл.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет