«Инновациялық әрекет» ұғымы мен «болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау» түсінігінің мәні, құрылымы
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде инновациялық үдерістерді қолдана отырып, жаңашаландыру ісі, шындап келгенде, ХХ ғасырдың 90-жылдарынан басталғаны белгілі. Инновациялық үдеріс әрдайым білім беру жүйесінің ішкі қозғаушы күші ретінде болып келеді.
Заман дамуының барысы бастауыш сынып педагогінің тек оқушыға білім мазмұнын жеткізуші, белгілі бір дағдыларды меңгертуші әрекетінен жоғарылап, жаңа инновациялық әрекеттерді, технологияларды игеру сатысына көтерілуін талап етеді. Осы мәселе, өз кезегінде, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау үдерісіндегі қарама-қайшылықтарды айқындап отыр. Ол қарама-қайшылық мынадан танылады: мектепте жаңартылған білім беру мазмұны енгізілгенімен, жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып педагогтерін даярлауда білім алушының сол жаңартылған білім мазмұнының маңызды қозғаушы тетігі (механизмі) болып саналатын инновациялық технологиялар мен инновациялық әрекеттерді меңгеріп шығуы толыққанды қамтамасыз етілмей келеді. Нақтырақ айтқанда, өмірдің табиғи үдерісі мен соған қажетті маман дайындау арасындағы қарама-қайшылықты көреміз. Инновациялық әрекетке дағдылану болашақ педагогтің жоғары оқу орындарында дайындалуы барысында меңгеретін пәндер мен курстардың өн бойынан табылуы керек. Ал инновациялық әрекетке арнайы дағдыландырудың жолы да, мазмұны да, жүйесі де ерекше болуы тиіс екендігі анық.
Ақпараттық кеңістіктің ерекше орын алуымен, мектепте білім беру мазмұнының жаңартылуына байланысты болашақ педагогтерді даярлауда педагогтің мәртебесі мен оқыту үдерісіндегі рөлінің де жаңа қасиеттерге ие болу қажеттілігі туындап келеді. Ол, ең алдымен, қазақстандық педагогтер мәртебесінің заң жүзінде жоғары дәрежеге көтерілуімен көрсетілді [64].
Болашақ бастауыш сынып педагогінің кәсіби дайындығының сапасын жоғарылату үшін педагогикалық білімнің құрылымы мен мазмұнына жаңа леп қарқындап енгізілуін ХХІ ғасырдағы мұғалімге жаңа ғасыр қойып отырған міндеттер талап етілуде. Жаңа ғасыр бастауыш сынып педагогтерінің алдына жаңа мақсаттарды қоюын, оған жетудің жаңа тетіктерін табуын қажет етеді, ал оның түп бастауы болашақ бастауыш сынып педагогтерін дайындайтын орынға, жоғары оқу орнына келіп тіреледі. Педагогтің де өмір бойы өзін-өзі жетілдіріп, дамытып, заман талаптарына сай бейімделуінен мұғалім тұлғасының сапасы танылмақ. Өзінің болашақтағы педагогикалық әрекетінде шығармашылыққа, өзгерістерге, белсенді инновациялық әрекетке дайын болуы студенттің бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Сондықтан кәсіби жетілу, инновациялық әрекетке дайын болу студенттің болашақ педагог ретінде қалыптасу үдерісінде маңызды орын алатын болуы тиіс. Инновациялық әрекетке дайындалу – болашақ бастауыш сынып педагогтерін дайындау үдерісінің құрамдас бөлшегіне айналуы керек.
Инновациялық әрекет туралы ұғымды қарастыру «әрекет теориясын» талдаудан бастау алады, оның жалғасы «педагогикалық әрекет», оның келесісі «инновациялық әрекет» болып жалғасады. Өйткені «инновациялық әрекет» ұғымының құрамында «әрекет» және «педагогикалық әрекет» ұғымдарының мазмұны орын алатыны белгілі (сурет 2).
Сурет 2 – Педагогикалық инновациялық әрекеттің логикасы
Зерттеу жұмысымызда болашақ бастауыш сынып педагогін инновациялық әрекетке даярлаудың теориялық негіздері мен практикалық жүйесін көрсетілген логика жолымен жүре отырып, анықтауға ұмтыламыз. Зерттеу жұмысымызда «әрекет» ұғымы орыс тіліндегі «деятельность» ұғымының аудармасы ретінде қолданылады, «іс-әрекет» ұғымы орыс тіліндегі «действие» ұғымының аудармасы ретінде, «операция» ұғымы аудармасыз осы күйінде қолданылады.
«Әрекет» ұғымын талдауда бұл ұғымның тарихи генеалогиялық жолына тереңдеп бармай, нақты ғылыми сала ретінде зерттеген Л.С. Выготский, А.Н.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйену дұрыс деп санаймыз. Л.С.Выготский әрекет теориясын тікелей қалыптастырмаса да, осы теорияның қалыптасуына іргетас қалаған еңбегі ретінде үлкен орын алатын «Ойын және оның баланың дамуында алатын орны» атты зерттеуін атауға болады. Бұл еңбегінде Л.С. Выготский баланың ойынына «жетекші әрекет» деген атау береді. Баланың ойнауы барысында санасында пайда болатын жаңа түзілімдер балада әрекет жасауға деген жаңа мотивтер туындауына негіз құрайды. Л.С.Выготскийге сүйенетін болсақ, адамның даму динамикасында жаңа мотивациялардың туындауы үлкен орын алады [65].
Психология ғылымында әрекет ұғымы туралы С.Л. Рубинштейн мен А.Н.Леонтьевтің пікірлері қатар айтылады. А.Н. Леонтьевтің әрекет теориясында әрекет ұғымының құрылымы келесідей екі қатарлы модельде беріледі (сурет 3).
Сурет 3 – С.Л. Рубинштейн бойынша әрекет теориясындағы әрекет ұғымының құрылымы
А.Н. Леонтьевтің анықтауынша, әрекет дегеніміз – ішкі (психикалық) және сыртқы (физикалық) белсенділік болып табылады, ол белсенділік қажеттіліктен туындайды және өзі мен қоршаған ортасын өзгертуге бағытталады. Әрекет импульсивті белсенділіктен өзінің мақсаттылығымен және саналылығымен ерекшеленеді (сурет 4) [66].
Сурет 4 – А.Н. Леонтьев бойынша әрекет теориясындағы әрекет ұғымының құрылымы
Әрекеттің өзінің нақты бір пәні (предмет деятельности) болады. Ол дегеніміз әрекеттің нақты байланысты болып отырғаны, бұл жерде егер танымдық әрекет туралы айтар болса, оның пәні – ақпарат болады, оқу әрекетін алсақ, оның пәні – білім мен дағды болады, еңбек әрекетін алсақ, оның пәні – жасалынатын материалдық өнім болады.
Осылардың қайсысына болса да итермейлейтін немесе жетелейтін нәрсені қажеттіліктер, мотивтер деп атайтыны белгілі. Әрине, қажеттілік дегеніміз – бір нәрсе қажет болған кездегі субъективтік күй, бірақ бұл күй - қажеттілік емес. Мұндай күй белгілі бір затпен, пәнмен байланысқанда пайда болады.
Мотив дегеніміз – қажеттіліктің пәні, ол – әрекеттің не үшін жүзеге асырылып жатқандығы. Осымен де байланысты мотивтің басты екі функциясы болады: бағыттаушы функциясы және ынталандырушы функциясы.
С.Л. Рубинштейн әрекеттің болмысын үш бөлшектен құралады деп көрсете келе, ол құрылымды келесідей етіп модельдеген (сурет 5).
Сурет 5 – С.Л. Рубинштейн бойынша әрекет болмысының құрылымы
С.Л. Рубинштейннің пікірі бойынша, әрекет өзінің нысаны арқылы анықталады, бірақ тікелей емес, оның ішкі заңдылықтары негізінде анықталады. Сыртқы себептер ішкі шарттар арқылы әрекет жасайды. Әрекетті, негізінде, мінез-құлықтан ажырата тану қажет. Әрекеттің жақсы нәтижеге жетуі білімге, дағдыға, мотивацияға көптен-көп байланысты болмақ [67].
Психологиялық ілім бойынша барлық менталдық үдерістердің табиғаты объектілік-әрекеттік болып табылады. Әрине, іс-әрекет талдаудың бірлігі ретінде, барлық дерлік зерттеулерде, сезіну, перцепция, зияткерлікке, эмоцияға байланысты көп қырынан қарастырылып келеді. Бұл ретте Л.С. Выготскийдің әрекет туралы теориясын тереңдете, одан әрі дамытқан ғалымдар А.Н. Леонтьев, С.Л.Рубинштейнмен бірге Д.Б. Эльконин [68], Л.И.Божович [69], В.В.Давыдов [70], П.Я. Гальперин [71], П.Зинченко [72], К.Гуревич [73] еңбектері екені белгілі. Бірқатар еңбектерде әрекеттің үш түрі көрсетіледі, олар: ойын, оқу, еңбек. Бірақ әрекет теориясын зерттеп, қалыптастырған көптеген ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, әрекеттің келесідей негізгі түрлері бар деп қабылдаймыз. Ол әрекеттің түрлерінің моделі 6-суретте беріліп отыр.
Сурет 6 – Әрекет түрлері
Әрекеттің осы көрсетілген түрлерінің өзіндік ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып өтейік.
Ойын – әрекеттің ерекше түрі, оның мақсаты – материалдық өнім өндіру емес. Ойын үдерісі, негізінен демалудан тұрады. Дегенмен, бұл демалудың өзінде белгілі бір шарттар қойылып, сол шарттардың қандай да бір шешімін табу қажет болады. Ойын арқылы нақты өмірлік жағдаяттарды модельдеу мүмкіндігі үлкен.
Достарыңызбен бөлісу: |