1 ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЖАҒДАЙЫНДА БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП ПЕДАГОГТЕРІН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘРЕКЕТКЕ ДАЯРЛАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау мәселесінің зерттелу жайы
ХХІ ғасырда білімнің, жалпы қоғамның дамуын қамтамасыз ететін басымдықтағы құндылықтардың жеделдете ауысып жатқаны айқын байқалуда. Жалпы адамзат өркениетінің алға қарай қарқынмен басқан әр қадамы өмірге бейімделгіш жаңа шарттар мен оларға тән амал-тәсілдердің де туындауына негіз болып отыр. Әлемнің барлық елдерінде дерлік ұлттық білім берудің барлық жүйесіне қозғау салатын реформалау немесе жетілдіру үдерісі жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының бастауыш білім беру жүйесі Тәуелсіздік алғаннан бері үздіксіз жетілдіріліп, қарқынмен дамытылып келеді. Осы даму жолындағы күрделі қиындықтарды еңсере отырып, бағыттан таймай ұстанған басты мақсаты кеңестік дәуірдің әкімшілік-бұйрықшыл жүйесінің «субъект-объект» дидактикалық жүйесінен демократиялық «субъект-субъект» дидактикалық жүйесіне көшу болған еді. Білім беруші мен білім алушының субъект-субъектілік дидактикалық жүйесінде білім беру үдерісіне инновациялық жаңашылдықтарды енгізу қалыпты жағдай болып танылады. Ол инновациялық үдерістердің бастауы білім берудің мемлекеттік стандарттарынан бастау алып, одан оқу бағдарламаларының білім мазмұнындағы инновациялық жаңашылдықпен толығуына жетелейді. Осыдан соңғы кезекте оқулықтар мен оқу құралдарының инновациялық болмысын қалыптастыруға жол беріледі. Бірақ инновациялықты енгізудің ең маңызды нүктесі – дидактикалық құралдарды оқыту үдерісінде оңтайлылықпен сәтті және тиімді басқара алатын болашақ педагогтерді инновациялық әрекетке дайындау барысы.
Қазақстандық білім беру саласындағы басым ұлттық бағыттарды айқындауда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары үлкен орын алады. Ол құжаттарда білім беру саласындағы инновациялық үдеріске әрдайым маңызды орын беріліп отырылады. 2012 жылы Назарбаев Университет студенттерінің алдында оқыған интерактивтік дәрісінде Елбасы «Білім-ғылым-инновация» үш тірегі басқаратын постиндустриалдық әлемге басқан қадам туралы атап көрсеткен болатын [10].
Қ.К.Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі саммитіне қатысқандағы сөзінде еліміздің келешегі ғылыми-техникалық және инновациялық даму саласындағы жетістіктерге байланысты екеніне сенім білдіргені белгілі. Президент Қ.К. Тоқаевтың ғылым мен білім берудегі инновациялық үдеріс туралы сөздерінен инновациялық үдерістер қысқа уақытта жүзеге асырылуы арқылы Қазақстанның ғылымы мен білім беру саласын дамытатын негізгі бағыттың катализаторына айналуы мүмкін екенін айқын тани аламыз [11].
Осы тармақшаның мақсаты – жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау мәселесінің зерттелу жайына шолу жасау және талдау. Қазіргі замандағы ғылыми зерттеулерге талдау жасау алдында қазақстандық ағартушылардың инновациялық әрекеттің бағытында қалдырған ой-пікірлеріне тоқталып өтеміз.
Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» деп, жаңалықты қабылдауға жақсы дайындықтан өткен мұғалімнің білім беру ісіндегі рөлін жоғары бағалағаны белгілі [12].
Ұлы Абайдың «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деген нақыл сөзінде мұғалімнің барлық уақытта ізденісте, барлық уақытта жаңашылдыққа дайын, өз ісінде инноватор болуы керек екенін көреміз. Мұғалімге пәндік білімі жоғары, өзіндік кәсіби қасиеттері ерекше дамыған, педагогикалық іс-әрекет теориясын терең меңгерген, өз ұлтының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрін білітін, өзге мәдениетке құрметпен қарайтын тұлға ретінде талап қойған.
Инновациялық оқыту технологиялары туралы ой-пікірлердің бастауын Я.А.Коменскийдің еңбектерінен де табамыз. Я.А.Коменскийдің айтуынша, дидактика үшін аса қажет нəрселер ретінде: біріншіден, жан-жақты ойластырылған мақсаттарды атаймыз; екіншіден, сол мақсаттарға жетуге сәйкес орайластырылған құрал-жабдықтарды айтамыз; үшіншіден, мақсаттың орындалуын қамтамасыз ететін нақты құралдарымызды қолданудың берік ережелерін табуды айтамыз [13].
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының кезінде жақсы дайындалған жас мұғалімдер туралы айтқан сөзінің дәл осы күнгі инновациялық үдеріске қатысты айтқандай екенін көруге болады: «Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері, пікірлері жаңа. Ниеті – жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан-таянғанын жұртынан аяп қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебіндегі жұмысын қолдарына алуға лайық адамдар. Әр жайдан хабардар, дүнияда не істеліп, не қалыпта тұрғанынан бұлардың мағлұматы мол. Қысқасы, қазақ арасына білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар» [14]. А.Байтұрсынұлының осы сөздері мұғалімдікке арнайы дайындалып, мектепке жаңа келген жас маманның өмірмен тығыз байланысы орнап, ол тұрақты сақталуы үшін әрдайым әр жайдан хабардар, ізденімпаз, жаңа мағлұматы мол тұлға деңгейін жетілуі тиіс екенін танытады.
Жоғарыдағы ойшыл-ағартушыларымыздың ой-пікірлерімен толық келісеміз. Өйткені, болашақ педагогтерді даярлау білім беру жүйесіндегі ең маңызды үдеріс болып табылады. Сонымен бірге қазіргі ақпарат пен сандық технологияның кең дамыған кезеңінде педагогтерді даярлау үдерісі күнделікті дамытып, жетілдіріп отыруды қажет етеді [15]. Педагогтерді даярлау мәселесі әр уақытта да өзекті тақырыптардың бірі болғандықтан, бұл мәселесені ғалымдар жан-жақты қарастырған. Мұғалім даярлаудың маңыздылығы жайында ғалымдардың педагогикалық және философиялық ой-пікірлеріне тоқталып өтсек.
Тәрбие бағыты бойынша көптеген зерттеулер жүргізген орыс ғалымы С.Т. Шацкий мұғалім дайындығын олардың тәжірибелік жұмысты ұйымдастыру барысында жүргізу қажет деп санаған. Ғалым болашақ бастауыш сынып педагогтерін оқытуда бақыланған деректер мен құбылыстарды сараптау негізінде жиналған педагогикалық тәжирибенің алғашқы қоры мен жаңа деңгейдегі педагогикалық тәжірибе, қабылданған материалдың жаңа теориялық түсіндірмесі, іс жүзіндегі тәжірибені қорытып, түсіну бойынша соңғы теориялық курс ұстанымын ұсынған [16].
А.С.Макаренко бастауыш сынып педагогтерін дайындау мәселесін жан-жақты қарастырған. Педагог-ғалым мұғалім іс-әрекетіндегі педагогикалық шеберліктің маңыздылығын, оны игеру жолдарын атап кеткен [17].
Болашақ педагогтерді даярлаудың әр түрлі жақтарын дамытуға өз үлесін қосқан ғалымдар ЖОО-ның студенттеріне жүргізілетін сабақтардың әдістемелік, теориялық және тәжірибелік деңгейін өсірудің жолдарын, студенттердің жалпы педагогикалық дайындығының біртұтастығы мен жүйелілігіне қол жеткізудің шарттарын көрсетеді.
Педагогтерді даярлаудың көптүрлілігі бұл үдерістің маңызыдылығын білдіреді және оның ерекшелігіне байланысты негізгілеріне тоқталып кетуді жөн санаймыз.
Болашақ педагогтерді кәсіби іс-әрекетке даярлау мәселесін отандық ғылыми әдебиетте зерттеп, тұлғаны құндылық бағдарлау жүйесіне мұғалімдерді даярлау Г.К.Нургалиева [18]; болашақ мұғалімдерді дидактикалық даярлауды Т.С.Сабыров [19]; педагогикалық іс-әрекет пен қарым-қатынастың субъектілік сипатын Х.Т.Шерьязданова [20], болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруды Б.Т.Кенжебеков [21] және т.б. қарастырған.
Елімізде болашақ мамандарды шығармашылық іс-әрекетке даярлау мәселелерін Б.А.Әбдікәрімов [22], В.В. Егоров [23], Қ.Б. Жарықбаев [24], С.В.Илларионов [25], З.А.Исаева [26], М.М.Мұқанов [27], Г.Ж.Меңлібекова [28], А.П.Сейтешев [29] және т.б. ғалымдардардың еңбегінде көрініс тапқан. Аталған авторлардың еңбектерінде шығармашылық іс-әрекеттің құрылысы, мазмұны мен мәнін білім беру үдерісінде жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері арқылы нақтылаған.
Болашақ педагогтерді даярлаудың тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде инновациялық технологиялар мен ақпараттық сандық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу қажеттілігі туындап келеді. Бұл өз кезегінде, білім алушылардың оқу үдерісіндегі танымдық қызығушылықтарын дамытуды көздейді. Еліміздегі жоғары білім беру ордалары әлемдік білім беру жүйесіне көше бастады. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетін білікті мамандарды дайындау үшін ЖОО-да түрлі инновациялық әдістемелерді пайдалана бастады. «Академиялық мобильділік» бағдарламасы еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында жүзеге асуда. Жоғары білім саласына көп сатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу, қос диплом алу, қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру, оқыту әдістемелерін жаңғырту, оқытудың онлайн жүйелерін дамыту сынды жоғарыдағы бағыттың негізгі тетігі ретінде қарастырылу да болашақ педагогтерді даярлаудың инновациялығы болып табылады.
Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау болашақ педагогтердің шынайы өмірдегі оқыту-тәрбиелеу тәжірибесінде жаңашылдықты жасауға, игеруге, меңгеруге және пайдалануға кірісуі дегенді танытады [30]. Сондықтан ЖОО-да болашақ педагогтерді инновациялық әрекетке даярлаудың қажеттілігі артып отыр. Бұл өз кезегінде, өздері қызмет ететін білім беру мекемелерінде жергілікті ерекшеліктерді ескеретін стратегияларды қолдануға, жүйелі өзгерістерге бейімделетін инновациялық орта құра білу дағдылары қалыптасқан маман дайындау дегенді танытады. Осы бағыттағы мәселелерді тиімділікпен шешу мақсатында қазақстандық педагогикалық сала ғалымдары мен мамандары көпқырлы зерттеулер жүргізіп келеді. Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау тәжірибесі мен осыған байланысты жүргізілген зерттеулерді талдау барысында осы мақсатқа жетуге бағыт ұстанған жобалар мен инновациялық алаңдардың, еңбектердің молдығы анықталды. Олардың әрқайсысының түрлі көлемде қамтитын мақсаттары мен міндеттері, түрлі теориялық тіректері, өзара бір-біріне тәуелсіз жүйелері қалыптасқанына талдау негізінде көз жеткізуге болады.
Қазақстандық білім беру жүйесінде педагогтерді инновациялық әрекетке даярлау мәселесін арнайы зерттеген және еңбектерінде қарастырған ғалымдар қатары мол. Көптеген ғалымдардың еңбектеріндегі инновациялық ой маржандарын талдау арқылы оларды зерттеуімізге тұтас тұғыр етіп түзуге мүмкіндік жасалынды.
Қазақстандық педагогика саласында инновация туралы алғашқы қарастырған ғалымдардың бірі Н.Н. Нұрахметовтың пікірінше, инновациялық үрдіс (тенденция) – білім беру ұйымдарында жаңашылдықтарды жасаумен, оларды басқарумен, пайдаланумен және таратумен анықталатын құбылыс [31]. Инновацияны ғалым білім беру мазмұны арқылы, әдістемемен, технологиямен, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырумен, мектеп жүйесін басқарумен тығыз байланысты деп тани келе, инновацияның келесідей жіктемесін ұсынады: инновацияның жеке түрі, инновацияның модульдік түрі, инновацияның жүйелі түрі. Ғалымның осы жіктемесіне өз тарапымыздан қосарымыз – инновацияның осы көрсетілген әр түрінің жүзеге асырылуы инновациялық әрекетке тікелей байланысты болады.
Ш.Т. Таубаева өзінің еңбегінде педагогикалық инновацияға педагогикалық жаңашылдықтарды жасау, оларды бағалау, сонымен қатар педагогикалық қауымдастықтың ол жаңашылдықты меңгеруі және оларды педагогикалық практикасында пайдалануы мен қолдануы туралы ілім деп анықтайды [32]. Ғалымның айтуынша, педагогикалық инновацияға беріліп отырған бұл анықтама өзінің жаңа болмысымен ерекшеленеді, өйткені мұнда педагогикалық инновацияның жасалуы, меңгерілуі және қолданылуы біртұтастықта анықталып отыр. Ғалымның осы пікірін, яғни педагогикалық инновациялық үдерісті жасау, меңгеру және қолдану туралы біртұтастықта қарастыру пікірін қостаймыз.
Қ.Қабдықайырұлының инновациялық технологияны қолданудың тиімділігін арттыратын әдіснамалық ұстанымдарды анықтауы дидактиканы толықтыра түсті деп бағалауға болады. Ол ұстанымдар келесідей:
біріншіден, мұғалімнің педагогикалық кәсіби дайындығының беріктігіне сену ұстанымы;
екіншіден, оқыту барысында барлық пән бойынша студенттің дайындығы жеткілікті болу ұстанымы;
үшіншіден, студенттердің білім алу барысын модульдік жобалау ұстанымы;
төртіншіден, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындауда дәстүрлі оқыту әдістерін жаңашылдықпен пайдалану ұстанымы;
бесіншіден, білім беру үдерісін ұйымдастыру мен оқыту технологияларын қолдануда және болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің қажетті дағдыларын қалыптастырудағы педагогтік тұрғыдан дұрыс және шынайылыққа сәйкес келу ұстанымы;
алтыншыдан, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерінің оқу үдерісіндегі өзара қатынасының жарасымды дамыған біртұтас педагогикалық үдерісті сақтау ұстанымы;
жетіншіден, студенттерге бастауыш сынып мұғалімінің жалпы педагогтік және жекелеген пәндік біліктілігін қалыптастыруды жүйелілікпен үйлестіру ұстанымы;
сегізіншіден, инновациялық технологияны жобалауда оның мазмұндық, жүйелілік, мотивациялық қырларының біртұтастығын сақтау ұстанымы;
тоғызыншыдан, барлық студенттің кәсіби дайындығының деңгейін базалық деңгейге міндетті түрде жеткізу ұстанымы [33].
Ж.А.Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясының теориялық және технологиялық негіздерін зерттеген еңбегі өз заманында қазақстандық білім беру жүйесіне алып келген үлкен жаңалық болды. Кеңестік дәстүрлі оқыту жүйесінен мұғалімдерді жаңаша қарқынмен білім берудегі жаңашылдыққа, инновациялыққа алып шыққан деңгейлеп оқыту технологиясы мұғалім мен оқушының арасындағы дидактикалық қарым-қатынасты жаңаша келбетке түсірді. Мұғалім мен оқушының арасындағы байланыстың, кері байланыстың, тапсырмалардың оқушылардың танымдық деңгейіне лайықталуы, барлығы, түптеп келгенде қазақстандық дидактиканың жаңа қырға көтерілгенін көрсете алды [34]. Ж.Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясын болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындауда қолданудың тиімді тұстары өте көп. Өйткені осы технология бойынша тапсырмалар орындауға дағдыланған студент өзінің болашақ кәсібінде оны тиімділікпен қолданып, оқушыларына дифференциалдық тапсырмалар орындатудың жаңа жолдарын іздеп табуға ұмтылады. Сондықтан да Ж. Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау үдерісіндегі студенттердің инновациялық әрекетін қалыптастыру бойынша ерекше орында болады.
Р.М. Қоянбаевтың «Педагогика» атты кітабында педагогикалық үдерісті жетілдірудің, болашақ педагогтерді дайындауды әрдайым жетілдіріп отырудың жаңа бағыттары сөз етіледі [35]. Р.М. Қоянбаев: «Қазіргі заман талабына сай мектептерде білім мазмұнын өзгерту – басты міндеттердің бірі», – дей келе, білім беруді ізгілікті ету, өскелең жас ұрпақты бейбітшілік рухында, ынтымақтастықта, халықаралық достық бағытында тәрбиелеудің маңызы туралы ерекше тоқталады. Ғалымның осы атап көрсетіп отырғандарының барлығы – қазіргі инновациялық, дербес дидактикалық жүйе құрайтын оқыту технологиялары, атап айтқанда, гуманистік ізгілікті оқыту технологиясы, ынтымақтастықта оқыту технологиясы, тұлғалық бағдарлы оқыту технологиясы.
С.Р. Рахметованың зерттеулері мен еңбектерін талдау барысында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық ойлауын дамытудың, инновациялық әрекеттерін қалыптастырудың ерекшеліктері шығармашылық, ғылыми-теориялық, тіл дамыту қырларынан қарастырылғаны анықталды. Ғалым көрсетілген әрбір компонент болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық әрекетке дағдылануын қамтамасыз ететін тіл дамытуға, шығармашылыққа баулуға қызмет ететінін атап көрсетеді [36].
Ж.У.Кобдикова өзінің зерттеу еңбектерінде Ж.А. Қараевпен біріге отырып, инновациялық технологияны қолдануда арнайы ұсынылған талаптарды орындаудың маңызы зор екенін атап көрсетеді. Ол талаптарға келесілер жатқызылады:
біріншіден, білім алушының жеке басының зияткерлік, эмоциялық, мотивациялық ерекшеліктері, темпераменті, қабылдау, есте сақтау ерекшеліктері ескерілуі керектігі;
екіншіден, білім алушыға оның зияткерлік мүмкіндіктерін асыра жүктеп, нәтижесінде эмоциясын, жүйкесін тоздырып алмау; қысқа уақыт мерзімінде оңтайлы білім нәтижесіне қол жеткізуге ұмтылу;
үшіншіден, оқу үдерісінде білім алушылардың жайлы моралдық-психологиялық күйде болуын әрдайым қамтамасыз ету;
төртіншіден, білім алушыларды гуманистік технологияларды қолданудың арқасында түрлі негативтерден қорғау ғана емес, білім алушылардың өздерінің ішінен түрлі сыртқы негатив жағдаяттармен күресе алатындай деңгейге өсіру керектігі.
Осындай талаптарды түйіндей келе Ж.Қараев пен Ж.Кобдикова үшөлшемді әдістемелік жүйенің «психосақтаушы», «денсаулықсақтаушы» оқыту технологиясына үндесіп жататынын атап көрсетеді [37].
Инновациялық технологияларды пайдаланудың практикалық ерекшеліктерін К.Ж. Бұзаубақова кең және жан-жақты қарастырған [38]. Ғалым өз еңбегінде қазақстандық педагогикадағы инновациялық үдерістің табиғаты қарастырылған зерттеу жұмыстарын талдай келе, инновациялық үдерісті танудың логикалық жолын модельдейді (сурет 1).
Сурет 1 – К.Ж. Бұзаубақова бойынша педагогикалық инноватиканың теориялық және әдіснамалық негіздері
К.Ж. Бұзаубақованың айтуынша, «Оқу-тәрбие үдерісінде педагогикалық жаңалықтардың теориясы және практикалық маңыздылығын анықтау үшін жаңалықтың шығу тегін, құндылығын білуіміз қажет».
Қ.А. Сарбасова бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық дайындығын инновациялық педагогикалық технологиялар арқылы жетілдіру мәселелерін зерттеген монографиясында өзінің жоғары оқу орнындағы тәжірибесінің негізінде қазіргі күннің білім беру жүйесі қойып отырған инновациялық талаптарға сәйкес білім беру жүйесінің ерекшеліктері туралы қарастырады [39].
Отандық ғалым Ә.Е.Жұмабаева «Инновация» терминіне «жаңалық енгізу» деген мағынаны береді. Ал жаңалық – бұл құрал, жаңарту осы құралды игерту үдерісі екендігін қарастырды. Инновациялық үдеріс – жаңалықты енгізетін, қолдануға жағдай жасайтын кешенді әрекет. Сонымен қатар, инновациялық оқыту жүйесі білім алушының жеке дара қабілетін, арнайы мүмкіндіктерін, сондай-ақ өзіндік шығармашылық ізденістерін дамытуға тікелей септігін тигізетіндігін баяндаған [40].
Б.А. Тұрғынбаеваның жоғары оқу орындарында инновациялық технологияларды қолдану арқылы болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін шыңдау туралы пікірлері маман дайындаудың заманауи талаптарының үдесінен шығу жолдарын көрсетеді [41]. Ғалымның дамыта оқыту технологияларының табиғаты мен оларды қолданудың тиімділігі туралы пікірлері болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке дайындау үдерісінде тиімді технологияларды пайдаланудың тетіктерін танытады.
А.С.Амирова болашақ бастауыш сынып педагогтерін даярлауды жан-жақты қарастырған ғалым. Мұғалім инновациялық әрекеттің субъектісі, әрі оның ұйымдастырушысы ретінде педагогикалық үдерісте жаңалықты қолданушы, таратушысы қызметін атқарып, пәндік білім беруде оның жаңа мазмұнын және ондағы өзгерістің нәтижесін көре білген. Сонымен қатар, иннновациялық әрекеттер әрбір бастауыш сынып педагогтерінің педагогикалық үдерісінің негізгі көзі болуы керектігін атап көрсеткен [42].
Қазақстандық бастауыш білім беру жүйесі уақыттың дамуымен иықтаса, қатардан қалмай дамуы үшін бастауыш сынып мұғалімі сол қарқынды үдерістің катализаторы ретінде заман тынысымен бірдей жүріп отыруға университетте оқып жүрген кезден дайындалуы керек. Мұғалімнің осындай дайындығының нәтижесі дегеніміз, сонда мұғалімнің мектепте қызмет ету барысында оқушылардың да заман дамуымен бір қатарда, мүмкін болса, ой-өрісін дұрыстықпен дамытудың арқасында көкжиегі көріне бастаған келер заманның лебін де алдын ала болжай алатындай дәрежеге жете алуы болмақ.
Сонымен қатар, осы бағытта жасалынған ізденістердің нәтижесінде жарық көрген еңбектерінде Г.Уәйісова мен Ж.Қ. Астамбаеваның инновациялыққа байланысты пікірлерінің құндылығын жоғары бағалаймыз. Авторлардың айтуынша: «Қазіргі білім беру саласындағы жеке тұлғаға бағытталған, жан-жақты тәрбиелі тұлға қалыптастыруға ұмтылған тенденцияға орай оқыту мәселесіне ерекше мән беріле бастады. Дифференциялап оқыту дегеніміз оқушының дара ерекшелігіне қарай, дифференциялды өзіндік жұмыс, үйге тапсырмалар беру, өзін-өзі бағалауға үйрету деп ойлаймыз. Дифференциялды өзіндік жұмысты карточкамен және перфокартамен жұмыс, дифференциалды тест тапсырмалары арқылы ұйымдастыруға болады» [43].
Жоғарыдағы талдауға сүйене отырып, бүгінгі күні білім беру жүйесінде, оның ішінде жоғары білім беру жүйесінде, орта білім беру жүйесінде, бастауыш мектепте инновациялық технологияларды қолдану мен басқару мәселелері біршама деңгейде зерттеліп, белгілі бір деңгейдегі қор жинақталған деп айтуға болады. Аталған мәселенің зерттелу барысын жан-жақты толтыруға үлес қосқан келесі еңбектер бастауыш мектепте инновациялық технологияны қолдануды қарқындатуды түрлі қырынан қарастырған.
Бұл ретте Б.Т.Барсай қарастырған болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі инновациялық әрекетпен байланысты болады деп ойлаймыз. Зерттеуші жоғары педагогикалық білім беру жүйесінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау мазмұнын анықтаудың ұстанымдарын нақтылап көрсетті: кәсібилік (профессиографиялық) ұстанымы; біліктілік (квалификациялық) ұстанымы; құзыреттілік ұстанымы [44].
Ал Қ.М. Нағымжанованың зерттеуінде қарастырылған студенттердің педагогикалық креативтігін инновациялық білім беру ортасында қалыптастыру проблемасында да инновациялық әрекет өзіндік ерекше орынға шыға алады.
Қ.М.Нағымжанова зерттеу барысында субъектілердің бойында «Мен» қағидасын қалыптастырудың маңыздылығына ерекше мән берген. Ғалым студенттердің «Мен» қағидасының қалыптасуы негізінде мамандарға көптеген ерекше қабілеттерін дамыту мүмкіндігі анықталған. Қазіргі таңда әр студенттің бойында қалыптастыруға міндетті болып табылатын қабілеттің бірі – «Мен» қағидасы. Өзіне, біліміне сенімді маман әрқашан креативті ойлау арқылы бәсекеге қабілетті, еркін дами алады. Студенттің «Мен» қағидасы – өзі туралы, қабілеттері мен адамгершілік ұстанымдары, моральдық қасиеттері мен мінез-құлықтары, басқа адамдардың осы қасиеттеріне деген қатынасы туралы түсініктер. Студенттің «Мен» қағидасы мүмкіндіктерінің шеңберін анықтайды [45].
С.Көшімбетованың білім сапасын көтерудің сенімді тетігі ретінде инновациялық технологиялардың мүмкіндіктерін зерттеген еңбегі де инновациялық әрекеттің бір қырын тануға тірек болады [46]. С. Көшімбетова өзінің зерттеуінде оқу-тəрбие үдерісінде оқытудың инновациялық əдіс-тəсілдерін қолданудың ерекшеліктерін сипаттаған.
Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекет мотивациясын зерттеген Н.Т. Сартаеваның диссертациясында ақпараттық технологиялар негізгі тірек етіп алынады. Бұл ретте ақпараттық технологияны қолдану арқылы зерттеушілік іс-әрекеттер орындау қалай десек те, инновациялық әрекеттің бір тармағы болып саналады [47].
C.А. Фейзулдаева өзінің зерттеу еңбегінде пәнаралық байланысты нысан ете отырып, жоғары оқу орнында пәнаралық сабақтастықты жүзеге асыру арқылы болашақ бастауыш сынып мұғалімін дайындау ісін жаңа сапалы деңгейге көтеру жолдарын қарастырады. Ол: «...пәнаралық сабақтастық арқылы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлау – жаңартылған білім беру жағдайында студенттерге кәсіби білім жүйесін, жеке, жалпы және кәсіби құзыреттілікті, тұлғаның өзін-өзі реттейтін интегративтік сапаларын меңгерту»,– деп түйін жасайды [48].
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін жоғары оқу орындарында даярлау мәселесінің аса маңызды қырының бірі болашақ маманның инновациялық әрекетке тәжірибе барысындығы дайындығының маңыздылығы болады. Болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекет барысындағы жұмысын ұйымдастыруы оқушының жеке тұлғалық қасиеттерін, пәнді игерудегі кең ауқымды дағдыларын, тілдік дағдыларын, өзіндік ой-пікірлерін қалыптастыру дағдыларын жүзеге асыруға толықтай мүмкіндік береді. Жоғары оқу орнында болашақ педагогтерді инновациялық әрекетке даярлауда алдымен алған теориялық білімімен оның тәжірибеде қолдану біліктілігі, кәсіби құзыреттілігінің басты бағыттарының бірі ретінде алға шығады деп тұжырымдаймыз.
Зерттеу тақырыбымыздың нысанына қарай Б.М. Баймұхаметов [49], А.Т. Туралбаева [50], Сыздықбаева А.Д. [51], К.Т. Мулдабекова [52], М.Н. Оспанбекова [53], Э.Уайдуллақызы [54], А.Н. Умирбекова [55] және т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектері ерекше орын алады, сондықтан болашақ бастауыш сынып педагогтерін даярлауда өзіндік ізденістерімен ерекшеленген Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жас ғалымдарының еңбектерін кестеге түсіріп, оларға талдау жасадық (кесте 1).
Кесте 1 – Абай атындағы ҚазҰПУ-ы жас ғалымдары еңбектерінде инновациялық әрекетке даярлау мәселелерінің зерттелуі
Автор
|
Ғылыми еңбек атауы
|
Қорғау жылы
|
Баймұхаметов Б.М.
|
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің лидерлік сапасын қалыптастыру
|
2014
|
Туралбаева А.Т.
|
Отбасы мен мектептің ынтымақтастығы жағдайында дарынды балаларды тәрбиелеу
|
2014
|
Мулдабекова К.Т.
|
Ақпараттық технологиялар арқылы болашақ мамандардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру
|
2014
|
Уайдуллақызы Э.
|
Бастауыш сынып мұғалімдерінің ақпараттық-кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру
|
2014
|
Сыздықбаева А.Д.
|
Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің зерттеушілік құзыреттілігін қалыптастыру
|
2016
|
Оспанбекова М.Н.
|
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық технологиялар негізінде оқушылардың рефлексиясын дамытуға даярлау
|
2018
|
Умирбекова А.Н.
|
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әлеуметтік зияттылығын дамыту
|
2018
|
Сартаева Н.Т.
|
Ақпараттық технологиялар негізінде бастауыш сынып оқушылардың зерттеушілік іс-әрекет мотивациясын қалыптастыру
|
2019
|
Жұмабаева Ж. А.
|
Бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқыту
|
2021
|
Кожамкулова Н.С.
|
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің IT аркылы интеллектуалды әлеуетін қалыптастыру
|
2021
|
Астамбаева Ж. К.
|
Алгоритмдерді оқыту барысында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамыту
|
2022
|
Искакова Л. М.
|
Сыни ойлау негізінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің зияткерлігін дамыту
|
2022
|
Кестеден байқағанымыздай, болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық технологиялар, оның ішінде ақпараттық технологиялар, IT арқылы зерттеушілік іс-әрекетке, интеллектуалды әлеуеті мен әлеуметтік зияттылығын, рефлексиясын дамытуға, кәсіби және коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруға даярлау мәселесін А.Д. Сыздықбаева, К.Т. Мулдабекова, М.Н. Оспанбекова, Э. Уайдуллақызы, Н.Т. Сартаева, Н.С. Кожамкулова және т.б. зерттесе, болашақ бастауыш сынып педагогтерінің әлеуметтік зияттылығын, зияткерлігін, әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамытуды және лидерлік сапасын қалыптастыруды Б.М. Баймұхаметов, А.Н. Умирбекова, Ж.К. Астамбаева, Л.М. Искакова зерделеген. А.Т. Туралбаева отбасы мен мектептің ынтымақтастығы жағдайында дарынды балаларды тәрбиелеу, Ж.А. Жұмабаева бастауыш білім беру пәндерін метапәндік тұрғыда оқыту мәселелерін қарастырған.
Болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау мәселесінің қазақстандық ғалымдардың зерттеулері мен еңбектерінде қаншалықты және қандай деңгейде қарастырылғанына және басқа елдердегі, яғни жақын және алыс шетелдердегі ғалымдардың осы мәселенің қарастырылу барысына қысқаша шолу жасалынды.
Әрине, қысқаша шолу барысында жақын және алыс шетелдердегі бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық әрекетке даярлығы туралы толыққанды мәлімет келтіру мүмкін еместігі белгілі. Десек те, зерттеу тақырыбымыздың аясында қазақстандық контексте қолдануға мүмкіндігі мол деген тұрғыдан неғұрлым пайдалы зерттеулерді талдауға тырыстық. Олар Кларина Л. [56], Беспалько В.П. [57], Иванов Д.А. [58], Ляудис В.А. [59], Морозов Е.П., Пидкасистый П.И. [60], түрік ғалымдары Semra GÜVEN, Zeynep KILIÇ [61] Yasin HİÇYILMAZ, Semiha ŞAHİN [62] және т.б.
Түрік ғалымдары Semra GÜVEN, Zeynep KILIÇ өз зерттеулерінде білім беру үдерісінде оқыту әдістерінің тиімділігін және ұтымды таңдалған оқыту әдістерінің білім алушылар үшін артықшылығы тұрғысынан мазмұнды талдау жасаған. Ғалымдар зерттеу барысында білім беру үдерісінде қолданылатын әдістерді оқытушыға және студенттерге бағытталған, ынтымақтастық негізіндегі оқыту әдістері деп үш түрге бөлген.Ғалымдардың пікірімен біз де толық келісеміз, білім беру үдерісінде инновациялық оқыту технологияларын және медиатехнологияларды қолдану білім алушылардың қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуларын мүмкін етеді. Оқытудың белсенді тәсілдерін қолдану білім алушылар арасында қарым-қатынас құруға да өз септігін тигізіп қана қоймай, уақытты да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Көрсетілген ғылыми еңбектерді талдау барысы шетелдік білім беру жүйесінде орныққан «өмір бойы білім алу» бағыты жыл санап қарқын алып келе жатқанын көрсетті [63]. Сол тұрғыдан қарайтын болсақ, болашақ бастауыш сынып мұғалімінің университеттегі дайындығы өмірлік білім алу жолының бір буыны ғана болып қалады. Тіпті университеттегі болашақ бастауыш сынып педагогін дайындау уақыты өмірлік білім алу жолымен салыстырғанда, жүріп өткен қысқа жолдай ғана болып қалады. Шетелдік білім беру жүйесін осы тұрғыдан қарастырған кезде, қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің өзіндік ерекшелігі байқалады. Әлі де болса, болашақ педагогтерді дайындауда қалыптасып қалған жолмен жүріп келе жатқанын байқау қиын емес. Болон үдерісіне ену қазақстандық жоғары білім беру жүйесіне де елеулі өзгерістер алып келуде. Дегенмен, болашақ педагогтерді инновациялық әрекетке дайындаудың бір ізге түсірілген жүйесі әлсіз екендігі, тіпті мүлде болмауы анық.
Білім берудегі инновациялылық, заманымыздың феномендік құбылысы ретінде, мұғалімнің жаңа болмысын талап етіп отыр. Ол жаңа болмыстың сан қырлы шеберлігін «инновациялық әрекетке дайын болу» деп бір түйінге жинақтайтын болсақ, онда шәкіртіне білім беру мен тәрбиелеуге, мемлекетіміздің сұранысына сай мазмұнын іріктеуге, оны жүзеге асыратын сапалы әдістер мен амал-тәсілдерді игеріп, оларды сапалы деңгейге жеткізе қолдануға әр уақытта дайын мұғалім дайындау – басты міндет. Бұл міндетті шешудің бір жолы – болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау үдерісінде студенттерді инновациялық әрекетке даярлау. Инновациялық педагогикалық әрекеттің өзіндік ерекшеліктері мен аспектілерін зерттеген кең ауқымды қорды талдай келе, жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың мәні мен мазмұнын тануға мүмкіндіктер бар екені анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |