Білім беру құндылық ретінде. Қазіргі қоғам дамуындағы саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер білім беру саласына тікелей әсерін тигізіп, оның маңыздылығын арттыра түсті. Білім беру ұғымының күрделілігі көпжақтылығы оны жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Білім беру философиясының белгілі теоретигі Б.С.Гершунский білім беру ұғымын 4 аспектіде қарастыруға болатынын атап көрсетеді:
білім беру құндылық ретінде;
білім беру жүйе ретінде;
білім беру процесс ретінде;
білім беру нәтиже ретінде.
Білім беруді қалайша құндылықретінде қарастыруға болады? Әуелі құндылық дегеніміз не? Құндылық – кез келген индивид, топ, ұжым, этнос, т.б. үшін өмірлік маңызы жоғары материалдық немесе рухани нысаналар. Қазіргі кезде ұлттық құндылықтар, жалпыадамзаттық құндылықтар деген ұғымдар қалыптасып отыр. Әр ұлт үшін не құнды? Әрине, ол тілі, ұлтық мәдениеті, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, ұлт тарихы, т.б. Ұлттық құндылықтарды меңгеру негізінде жалпыадамзаттық құндылықтарға деген көзқарастар қалыптасады. Олардың қатарына қай елдегі, қай жердегі болмасын адамдарға құнды нысаналар жатады. Мысалы: адамның бас бостандығы, денсаулығы, адамгершілігі, қадір-қасиеттері, білімі, т.б. Сондықтан да білім беру немесе әр жеке тұлға үшін білім алу үлкен құндылық болып есептеледі.
Білім берудің құндылықтық сипаты үш тұрғыдан қарастырылады.
Білім беру мемлекетік құндылық;
Білім беру қоғамдық құндылық;
Білім беру жеке тұлғалық құндылық.
Неліктен білім беру мемлекеттік құндылық болып саналады? Себебі кез келген қоғамның адамгершілік, интеллектуалдық, экономикалық, мәдени әлеуеті білім беру саласының нақты жағдайына және оның ілгері даму мүмкіншілігіне тікелей байланысты болады. Осы тұрғыдан әрбір өркениетті дамып келе жатқан мемлекет үшін білім беруді қарқынды дамыту – оның стратегиялық міндеттерінің біріне айналған. Мемлекеттің ғылыми-техникалық прогрессі, саясаты, экономикасы, мәдениеті оның білім беру саласының даму деңгейіне тікелей байланысты.
Білім беру саласы болашаққа бағытталған. Білім берудің мемлекеттік маңыздылығын күшейтуге бағытталған нақты материалдық және моральдық міндеттер мемлекет тарапынан қарастырылуы қажет. Білім беру саласы мемлекет тарапынан басқарылады және толығымен мемлекет бақылауында. Сондықтан ҚР «Білім беру туралы» заңынан (2007), бастап, әр жылдардағы білім беруді дамыту Тұжырымдамалар мен ҚР білім беруді дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарламалары сияқты негізгі құжаттарда жоғарыда аталған мәселелерді шешу жолдары қарастырылған.
Неліктен білім беру қоғамдық құндылық болып саналады? Мемлекет пен қоғам тең мағыналы ұғымдар емес, олардың өзара қатынасы өте күрделі болып келеді. Білім беруді дамытуда олардың мақсат, мүдделері сәйкес келе бермейді. Дамыған қоғам мемлекет тарапынан қабылданған қаулылардың орындалуын талап етеді, білім беру заңын талқылап өзгертулер енгізеді. Қоғам мүшелері өзекті білім беру мәселелерін шешу үшін қоғамдық ұйымдар құрады және қозғалыстар ұйымдастырады. Қоғам мүшелерінің әлеуметтік белсенділігі, олардың өз мүдделерін қорғай алулары, қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуы білім беруді дамытудың негізгі жолдарының бірі және оның қоғамдық маңыздылығының көрсеткіші.
Неліктен білім беру жеке тұлғалыққұндылық болып саналады? Жоғарыда қарастырылып отырған білім берудің мемлекеттік және қоғамдық құндылықтары жалпы әлеуметтік мәселелерді қарастырады, бірақ жеке тұлғаның білім алуға деген өзіндік қатынасын, оның деңгейі мен сапасын көрсетпейді. Б.С.Гершунский пікірінше білім беруді дамыту саясаты жеке адамның дербес ерекшеліктерін, оның қызығушылықтарын және қабілеттіліктерін ескере отырып тұлғалық бағытта болуы керек.
Әрине білім беру үнемі ұжымдық сипатта болатыны анық. Бірақ сол ұжым ішінде әрбір адам өзінің дербестігін, даралығын, жеке «Менін» жоғалтып алмауы өзекті педагогикалық мәселе.
Қорыта келе, білім берудің құндылығы осы аталып көрсетілген мемлекеттік, қоғамдық, жеке тұлғалық құндылықтардың өзара үйлесімді және тығыз қатынаста болуын көздейді. Тек осындай құндылықтық негізде жүргізілетін білім беру барысында ғана әр тұлғаның жан-жақты дамуына, теориялық білімдерді меңгеруімен қатар өз бойында қажетті құзыркеттіліктерді қалыптастыруға қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін.