Философия мен педагогиканың байланысы - XXI ғасырдағы білім беруді дамытудың басты бағыты. Жоғарыда атап көрсетілген білім беру саласындағы дағдарыстық жағдайлардан шығу жолдарының бірі – білім беруді жалпы әлеуметік мәселе ретінде қарастырып, барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың мүмкіншіліктерін біріктіріп, оны дамытудың жаңа бағыттарын іздестіріп іске асыру болып табылады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей әртүрлі ғылымдардың зерттеу пәндері әртүрлі болғанымен, кейбір мәселелерді шешуде олардың өзара ынтымақтастығы мен ықпалдастығы қажет.
Педагогика көптеген ғылымдармен тығыз байланыста болып келеді. Оның өзі философия ғылымы негізінде дамыған. Сондықтан, педагогика мен философия ғылымдарының жанасатын, түйісетін, тоғысатын жерлері жиі кездеседі. Ежелгі философтардың еңбектерінде философиялық ойлар мен педагогикалық мәселелердің тығыз өріліп жатуыда осы себептен. Шығыстың атақты философы, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлан-ғайыр еңбектері, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ибн Сина, Әбу-райхан әл-Бируни, Фирдауси, Низами, Қожа Ахмет Яссауи сынды көрнекті ойшылдарымыздың тәлімдік тағылымдары мен даналық ой-пікірлерінде философиялық, әлеуметтік, тәлім-тәрбиелік, психологиялық-педагогикалық идеялардың барлығы үйлесімді ұштасқан.
Философия ғылымы адам мен табиғат арасындағы қатынасты, адамның дүниетанымын зерттейтін болса, педагогика ғылымы адамның тәрбие арқылы қоршаған ортаға бейімделуін зерттейді. Философия заңдары, философиялық ілімдер, идеялар көптеген білім беру мәселелерін зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде қолданылады. Педагогика ғылымының философиямен байланысы ең ұзақ мерзімді және ең нәтижелі байланыс деуге болады, себебі көптеген жағдайларда философиялық идеялардың өздері педагогикалық теориялар мен тұжырымдардың пайда болуына әсер етіп, педагогикалық ізденістердің даму бағыттарын анықтайды. Педагогика мен философия ғылымдары тығыз байланыстылығы олардың гуманистік бағыттылығында. Гуманизм деген сөз латын тілінен аударғанда «адамгершілік», «ізгілік» деген мағынаны білдіреді. Педагогикалық сөздікте гуманизм - адам тұлғасын ең жоғарғы құндылық ретінде қабылдауға негізделген көзқарастар жиынтығы; тұлғаның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған және тұлғаның жан-жақты дамуын қарастыратын ілім ретінде түсіндіріледі. Гуманизм – адамның өмірлік ұстанымы, оның қағидалары адамның адами қасиеттерін сақтап, оны тек жағымды, жақсы ізгі істерге бағыттайды. Қазіргі жаһандану заманында білім беру саласының да жетекші идеясы, жоғарғы гуманистік мәні - әр бала тұлғасын ең жоғары құндылық ретінде қарастыруында. Сондықтан оқыту-тәрбиелеу процесін ізгілендіру мәселесіне басты назар аударылуы қажет. Бұл идея адамзат қоғамының даму тарихында қасиетті діни кітаптарынан басталып күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Осы ойды «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз; Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деген Рудаки сөздерімен негіздесе болады.
Гумнизация - қазіргі қоғам дамуының ең маңызды бағыты. Гуманизация ұғымы ғылымаралық ұғым. Білім берудегі гуманизм әр жеке тұлғаның мәдениет әлемінде өзін-өзі таныта алуына, еркін түрде өз орнын анықтай алуына, жақсылық пен жамандықты, дұрыс пен бұрысты, өмірдегі мәнді және мәнсіз нәрселерді саналы түрде ажыратып таңдай алуларына жағымды ықпал жасап септігін тигізуге бағытталған. Осындай өзгертулердің негізгі жолдарының бірі ретінде білім беруді гуманизациялау және гуманитарландыру жатады. Білім беру мазмұнын гуманизациялау барлық нормативтік, заңдық құжаттарда ең жетекші принциптердің бірі болып табылады. Бірақ көп жағдайларда олар жай ғана жалаң идея түрінде, ұран ретінде, сөз жүзінде ғана қалып қоймай, оны практика жүзінде іске асыру үшін көптеген өзгерістер енгізу қажет екені анық. Білім берудің гуманитарлық сипаты тек білім беруде ғана емес, сонымен қатар адамның объективті шынайылыққа деген дұрыс көзқарастарын, қатынастарын өзгертуде байқалады. Гуманитарлық білімдер адам тұлғасын қалыптастырып оның бойында философиялық, адамгершілік, мәдени негіздерді дамытады. Солар арқылы адам түрлі қоғамдық қатынастарға араласып мәдени құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді, азаматтық нормаларды тасымалдаушы және келер ұрпаққа жеткізуші болып табылады. Яғни философиялық-педагогикалық ғылымдардағы гуманистік бағыт маңыздылығы оның жалпыадамзаттық құндылықтардың сақталуына, жеке тұлғаның дүниетанымының дұрыс қалыптасуына, оның өмірде өзінің өзектілігін сезіне алуына жауапты екендігінде.
Ғасырлар тоғысында гуманитарлық білімдердің қажеттілігіне байланысты жаратылыстану ғылымдары мен гуманитарлық ғылымдардың өзара әрекеттестігі, өзара жақындауы білім беру саласының стратегиялық міндеттерінің бірі болып анықталуда. Адамның жаратылыстану ғылымдары негізінде алған білімі адамзат игілігіне жұмсалып әлеуметтік сұранысқа жауап бере алуы керек. Бүгінгі таңда гуманист болу әр адамның белсенді өмірлік ұстанымына айналуы шарт. Ал бұндай ұстаным ұстаздық мамандықты таңдаған болашақ педагогтер тұлғасының аса қажетті сапаларының бір қыры, өйткені нағыз мұғалімдердің барлық істері тек ізгілікке, адамзат игілігіне бағытталғандығы кімге болсын белгілі.
Сонымен гуманистік бағытты дамытып, сол жолда өз мүмкіншіліктерін біріктірген әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқыту қажеттілігі мамандардың әлеуметтік-гуманитарлық даярлығына саяды. Болашақ мамандардың жоғары деңгейде әлеуметтік-гуманитарлық даярлығы олардың табысты кәсіптік іс-әрекет ете алуларының негізгі факторы деуге болады.
Философия мен педагогикадағы гуманистік идея қазіргі ұлттық кәсіптік білім беру моделі негізінде іске асырылуы керек. Және олар болашақ маманның әлеуметтенуіне, гуманистік қатынаста өздерін іс жүзінде көрсете алуларына септігін тигізіп төменгі сұрақтарға жауап іздестірулері маңызды:
Болашақ мұғалімнің табысты кәсіби іс-әрекет жасай алуы үшін гуманистік идеялардың қажеттілігі қаншалықты?
Әрбір болашақ мұғалімнің жеке тұлғасын қалыптастыруда гуманистік идеялардың ролі, орны, үлесі қандай?
Гуманистік идеяларды практикаға ендірудің қандай жолдары бар?
Осындай сұрақтарға жауап іздестіретін болсақ, жоғары оқу орнын бітіретін жас маман тұлғасының қандай болуы керек екендігі аңғарылады. Ол тек қана білім беру стандарттарымен белгілеген нақты бір көлемдегі теориялық білімдерді меңгеріп, оларды оқушыларға тасымалдаушы емес, ерекше гуманистік бағдары қалыптасқан, өз шәкірттерін адамзат игілігіне қызмет етуге бағыттай алатын, түрлі әлеуметтік қатынастарға үйлесімді араласа алатын шығармашыл, құзыретті тұлға болады. Бұлай дейтініміз, егер болашақ мамандықтың теориялық негіздерін меңгеріп, бірақ кәсіби іс-әрекетті сол білімдер негізінде ұйымдастыра алмаса, онда жас маман өз жұмысына өзі қанағаттанбайды, мұндай жұмыстың нәтижесі оның өзін де, өзгелерді де қуантпайды. Жас маманның жоғарғы білім туралы дипломы оның шығармашылығының, шеберлігінің, құзыреттілігінің толық көрсеткіші бола алмайды, ол тек қана оның жоғарғы оқу орнында білім алып шыққанын растайтын құжат. Яғни, жоғары оқу орнын бітірген студенттердің көпшілігінің дипломдары бірдей болғанымен, олардың педагогикалық шеберліктері, кәсіби құзыреттілік деңгейлері бір емес. Осы жағдайдың өзі маманның кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мәселесінің өзектілігін айқындайды. Педагогика ғылымында адам тұлғасының қалыптасуына ең әсерлі факторлардың бірі – оның қоршаған ортасы. Сондықтан болашақ маманның гуманистік бағдарларын қалыптастыру үшін кәсіби білім беру барысында жаңа технологиялар қолданылып студенттерге қолайлы психологиялық-педагогикалық жағдайлар жасалуы керек. Студентерді қоршаған орта да, жоғары оқу орнының оқыту-тәрбиелеу үрдісі де біртұтас әлеуметтік-гуманитарлық кеңістікке айналуы қажет.