Тақырып: Кіріспе. Білім беру философиясы Білім беру – кәсіби іс-әрекет жүйесі мен құзыретті маман қалыптасу нәтижесі Мақсаты


Тақырып: Қазіргі білім беру парадигмасындағы негізгі бағыттар Мақсаты



бет7/57
Дата15.12.2023
өлшемі231,15 Kb.
#138247
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   57
Байланысты:
дарис-2

Тақырып: Қазіргі білім беру парадигмасындағы негізгі бағыттар
Мақсаты: студенттерге білім беру саласындағы дағдарыстардың негізгі белгілерін ашып көрсету және білім берудің дамуындағы негізгі бағыттарды айқындау.
Негізгі ұғымдар: әдіснама, білім берудегі дағдарыс, әлеуметтік фрустрация, гуманистік бағыт, философия мен педагогика байланысы
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Білім берудегі дүниежүзілік дағдарыстың негізгі белгілері. Кәсіптік білім беру саласында болашақ мамандарды даярлаудағы кездесетін проблемалар
2. Философия мен педагогиканың байланысы - XXI ғасырдағы білім беруді дамытудың басты бағыты
3. Болашақ мамандарды даярлау барысындағы тұлғалық-бағдарлық, іс-әрекеттік, аксиалогиялық, құзыреттілік тұрғыдан қарау бағыттары
Дәрістің қысқаша мазмұны: Білім берудегі дүниежүзілік дағдарыстың негізгі белгілері. Кәсіптік білім беру саласында болашақ мамандарды даярлауда кездесетін проблемалар. Өзгермелі әлеуметтік құбылыстар жағдайларында қоғамдық өмірді жан-жақты түрлендіруде жалпыадамзаттық құндылықтарды қайта қарастыру өзекті мәселе. Әсіресе жастар арасында гуманистік қатынастардың жеткіліксіздігі, жастардың жалпыадамзаттық құндылықтардан, моральдық нормалардан, адамгершілік қағидаларынан алшақтауы, білім алуға деген құлшыныс пен қоғамдағы білім беру мәртебесінің төмендеуі жағдайында жеке тұлғаның ролі мен орнын анықтау - білім беру саласындағы көкейкесті мәселелер. Білім берудегі байқалып отырған жалпы дағдарыс оның мазмұнын қайта қарастыруды, түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Қоғам дамуындағы өзгерістермен білім беру жүйелері арасында өткен ғасырдың ортасынан бастап шытынау байқалғаны белгілі. Жылдан жылға ол қайшылық өсе түсуде. ЮНЕСКО-ң бағдарламалық құжаттарында белгіленгендей қазір білім беру жүйесіне толығымен қанағаттанып отырған мемлекет, ел, педагогикалық қауымдастық жоқ. Яғни, бұл тек бір мемлекет ішіндегі күрделі мәселе емес. Білім беру саласындағы дағдарыс туралы көптеген мемлекеттер дабыл қағуда. Және де әр мемлекеттердегі дағдарыстық қиыншылықтар бір-бірінен көп ерекшеленбейді. Мысалы, білім алуға деген қызығушылықтың бәсеңдеуі, үлгерім көрсеткіштерінің төмендеуі, функционалдық сауатсыздықтың артуы, мұғалімдердің біліктіліктерінің төмен дәрежелігі т.б. көптеген елдердің білім беру жүйелеріндегі кездесетін өзекті мәселелер. Осы мәселелер негізінде адамзаттың болашақ ұрпақтар алдындағы жауапсыздығы, тәрбие мәселелеріне немқұрайлы қарауы жиі көрініс табуда.
XXI ғасырға адамзат үлкен ғылыми-техникалық жетістіктермен жетіп отырғаны баршамызға мәлім. Жоғарғы дамыған электрондық техника, өндірістік технологиялар, медициналық ғылымдардың жетістіктері, генндік инженериядағы ашылып жатқан жаңалықтар, физика, космос жетістіктері тағы сол сияқты басқа жетістіктер адамзат қоғамының өркендеуіне, адамның жұмыс істеуіне көп жеңілдік жасауда. Бірақ осындай жетістіктерге қарамастан неліктен қоғамда жағымсыз құбылыстар жиілеп барады? Жұмыссыздық, тастанды балалардың көбеюі, қылмыскерлер санының артуы, зорлық-зомбылық, ланкестік т.б. Бұлардың себебі неде? Неге қоғам өркендеген сайын мұндай жағымсыз әлеуметтік құбылыстар сирек байқалмайды? Бұл қарама-қайшылықтардың себептері неде? Мұндай себептердің тамыры тереңдеп,бүкіл дүниежүзі бойынша байқалған білім беру саласындағы дағдарыстық жағдайлармен байланысып жатыр.
Қазіргі әлеуметтік-философиялық, психологиялық, педагогикалық салалардағы зерттеушілер бұл дағдарыстан шығу жолдарын жан-жақты іздестіруде. Дағдарыс дегеніміз не? Жалпы дағдарыс деген ұғым – кез-келген құбылыстар тереңіндегі ішкі қарама-қайшылықтардың күшейген жайы. Ғалымдардың пайымдауынша, егер осындай қарама-қайшылықтар дер кезінде зерттелмесе, олардың пайда болу себептері мен шешімдері іздестірілмесе, онда бұл үрдіс үлкен дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Керісінше, егер дағдарыстың шынайы себептері анықталып, оны шешу жолдары айқындалып, сол бағытта нақты шаралар қолданылса, дағдарыс үлкен бір жетістіктерге жеткізуі де ықтимал.
Дүниежүзілік дағдарыс көріністері ретінде үлкен жастағы адамдар мен тіпті жас өспірімдеріміздің арасында ішімдікке, нашақорлыққа, токсикоманияға салынып кеткен адамдардың көбеюін, экологиялық ситуацияның нашарлауын, әлеуметтік фрустрацияның байқалуын атап өтуге болады. Осылардың нәтижесінде адамдардың интеллектілерінің төмендеуі, балалар ауыруының көбейюі, туа біткен ауырулар (ақыл-есінің, есту қабілеттерінің, көру, сөйлеу қабілеттерінде кемістіктері бар балалар санының көбеюі), жұқпалы ауырулар жиі байқалуда.
Осындай кездесіп отырған құбылыстар негізінде адамдардың тұлғааралық қатынастар мәдениетінің нашарлауы жиі орын алады. Көптеген жағдайларда адамгершілік қағидаларының сақталмауы, жетіспеушілігі, жас өрендердің гуманизм принциптерінен алшақтауы, жалпы адами әдеп негіздерінің жетіспеушілігі, қызбалық, ашуланшақтық, қатыгездік, кек сақтаушылық, жағымпаздық, өркөкіректік т.б. жағымсыз қасиеттер жас өспірімдер, ересек адамдар арасындағы түсініспеушіліктердің, шиеленістердің туындауының негізгі себебтері болып табылады. Осындай әлеуметік қолайсыз жағдайларға кездескенде адамдардың көпшілігін болашақтың қандай болатындығы алаңдатады. Осы мәселелерді зерттеуде психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде әлеуметтік фрустрация ұғымы көп қолданылады. Әлеуметтік фрустрация – адамдардың болашақтың белгісіздігіне алаңдаушылығы, мақсатқа жете алмауындағы торығып күйзелуі, жеке тұлғаның өзін дәрменсіз, ешкімге қажетсіз сезінуі, балалар мен ересектердің әлеуметтік қорғаныссыздығынан абыржуы, уайымға салыну сияқты психологиялық жағдайы.
Адамдардың рухани және дене тәрбиесі жағынан даму барысындағы қайшылықтарды шешуде білім беру саласының мүмкіндіктерінің аймағы кең. Білім беру арқылы адамдар жаңа құндылықтарды игереді, тек жан-жақты тәрбие мен терең білім арқылы ғана жоғарғы адамгершілік нормаларды қалыптастырып, адамның өмірлік даму бағыттарын жетілдіруге болады.
Жоғарыда көрсетілген жалпы дағдарыстық жағдай кәсіптік білім беру саласына да әсерін тигізуде. Мамандарды даярлау саласындағы шоғырланып қалған күрделі проблемалар қандай? ҚР үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасында көрсетілген проблемалардың негізгілерін атап өтетін болсақ:
- педагогтердің әлеуметтік мәртебесінің төмендеуі, қоғамдағы мұғалім мамандығының тиісті деңгейде бағаланбауы, соған байланысты жас кадрлардың білім алған саласы бойынша жұмысқа орналаспауы, олардың төлемақысы неғұрлым жоғарырақ экономикалық салаларға бет бұрулары;
- болашақ педагогтірдың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көпмәдени, экологиялық тәрбиелер деңгейінің төмендеуі;
- педагогикалық білім беру жүйесіндегі ақпараттық орта мен мәдениеттің нашар дамуы;
- білім беру мекемелерін басқару жүйесі және оның құрылымындағы олқылықтар;
- педагогикалық білім берудегі бір-бірімен сабақтасқан стандарттар мен бағдарламаларды құрастырудағы ғылыми негізделген тұрғыдан қараудың жеткіліксіздігі;
- педагогикалық білім беру сапасын диагностикалаудың ғылыми-әдістемелік негіздердің жеткілікті дәрежеде құрастырылмағандығы:
- педагогикалық мамандықтардың стандарттарында психологиялық-педагогикалық пәндерді және педагогикалық практика көлемінің минимумға дейін азайтылуы;
- арнайы пәндер мен психологиялық-педагогикалық пәндердің арасындағы байланыстың нашарлауы;
- жаңа педагогикалық технологияларды тәжірибеге енгізудің жеткіліксіздігі;
- болашақ мамандарды даярлау практикасында аймақтық ерекшеліктердің толық ескерілмеуі;
- болашақ мұғалімдерді кәсіптік даярлауды қамтамасыз ететін ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалық, ақпараттық базаның жетіспеушілігі т.с.с.
Осындай күрделі мәселелерді шешуде қазіргі жоғары оқу орындарына үлкен міндеттер жүктелген. Бір жағынан кәсіптік білім берудің сапасы қоғамның мәдени, әлеуметтік, экономикалық, саяси дамуының маңызды компоненті болып қарастырылса, екінші жағынан - адамдардың құндылықтық бағдарларындағы қайшылықтарды шешудегі, рухани және адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың компоненті ретінде маңызды роль атқарады. Мұндай ауқымы кең мәселелерді шешуде барлық ғылымдардың байланыстары күшейтіліп, мүмкіншіліктері жұмылдырылып, нақты гуманистік бағыттарда жүйелі іс-шаралар жүргізіліп тиімді нәтижеге қол жеткізуге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   57




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет