Бірінші кезең. Бүкіл Орталық Азия аумағын мал баққан ежелгі арийлердің сансыз көп тайпаларының игеруі. Қара теңіз бен Еділ өңіріндегі Срубная мәдениеті, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан аймақтарындағы Андронов мәдениеті және Алтайдан шығысқа қарай созылып жатқан Афанасьев мәдениеттері сол замандағы халықтың рухын бейнелейтін материалдық айғақтар болып табылады. Ол б.д.д. ІІІ-ІІ мың жылдардағы заман.
Екінші кезең. Б.д.д. І мың жылдықта арийлер тарихы– Сақ, Савромат, Киммер патшалықтарымен ауысады.
Үшінші кезең – Б.д.д. І-ші мыңжылдықтың екінші жартысы мен біздің дәуіріміздегі шамамен V-ші ғасыр аралығында Арғы Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Кушан мемлекеттері орын алады. Ежелгі ведалық үштік үрдісі: Тәңірі-Аспан, Жер-Су, Ұмай-мәңгілік ана.
Төртінші кезең –Шамамен VІ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басы аралығында – түркілер-Ашина ақсүйек әулетінен тараған ұрпақтар орын алды. Осы үрдістер тоғысында тұңғыш Түркі қағанаты – Мәңгілік Ел бой көтерді. Бұл үшінші империя - Байкалдан Каспийге дейінгі аймақты қамтыды. Түркі ұлттық рухының осынау тегеуріні Күлтегін құлпытасында –өзінің табиғи жалғасын тапты. Сол замандағы оның рухани аспанында жарқырап көрінген үш жарық жұлдыз: Сыр бойында - әл-Фараби, Жетісуда - Жүсіп Баласағұн және Махмұд Қашғари. Әл-Фараби Орталық Азияда Гректің Платоны рөлін атқарды. Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білігі» - Қазақстан мен Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың бізге жеткен ең тұңғыш зайырлық шығармасы, Махмұд Қашқаридан қалған түркі тілдерінің «Диуани лұғат – ат – түрк» сөздігі – XI ғасырдағы түркінің ең тұңғыш энциклопедиясы. XI ғасырда Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Иассауи 1093 жылы туған. Ол негізін қалаған исламның тылсым құпиясы – сопылық (суфизм) нұсқасы Орталық Азияның барлық аумағына дейін тарады. Сөйтіп, Қожа Ахмет Иассауи Орталық Азияның барлық түркі халықтарына ұлттық ілім жүйесін ұсынды.
Бесінші кезең. XIIІ-XIV ғасырлар. Орталық Азияның тарихы Шыңғыс әулетінің көтерілуінен басталды. Бұл жойқын күш еді, Ұлық Ұлыс заманы орнады. Бұл кезеңнің басында атақты Майқы би дүниеге келді. Ел аузындағы аңызға қарағанда ол біздің тарихымыздағы билер институтының түп атасы. Бар қазақтың басын біріктіруге жұмылған Майқы би әйгілі қазақ шежіре-намасының негізін қалаушы болды.
Ел аузындағы аңыз бойынша халықтың санасына үш жүздің бас таңбаларын тасқа қашаған сол кісі екен дейді. Үйсіндердің нысаны – Ту, арғындардың нысаны – Көз, Алшындардың нысаны – Найза содан қалса керек. Бір ғажабы, қазақ халқының негізгі төрт Мұраты дәл сол тұста тұжырымдалыпты. Олардың үшеуі үш жүздің жауынгерлік ұраны: Ұлы жүздікі – Бақтияр – бақыт, Орта жүздікі – Ақ жол – әділет, Кіші жүздікі – Алшын – От-ана, барлық қазақтардың ортақ ұраны – Алаш ұғымына біріккен. Халық руханияты сол заманның ең бір қуатты империялық идеологиясы – шыңғысшылдықтың ықпалына түседі. Шыңғыс әулетінің ұлы империясының ұстынына тірек, көрік болған рухтың революциясы еді. Ол уақытқа дейін үстемдік еткен далалықтардың түркішілдігі, оғызшылдығы, ұрандары (жүздік және жалпы алаш), олардың бұрынғы шежіресі жаңа шежіре-намаға тарихи тамырласа кірігіп кетті және ішінара халықтың зердесінен өшіп қалды. Осы кезден бастап іс жүзінде тегі басқа ақсүйектердің екі тармағы – төрелер мен қожалар – түркілердің ру-тайпалық ақсүйектерінен биіктеу мәртебе алды да , оларды саяси және рухани биліктен ада қылды. Төрелер Шыңғыс әулетінің ұрпақтары, ал қожалар Мұхаммед пен оның үмбеттерінен тараған рухани биліктің иелері. Уақыт өте келе, бұл екі тармақ өкілдерінің өздері де жергілікті халықпен кірігіп, олардың, әдет-ғұрпын, дәстүрін қабылдап, қазақ халқының жалпы руханиятына сіңісіп кетті.