Әділдің түйесі боталады. Бота сүп-сүйкімді. Әсіресе ботаның көзі әдемі-ақ. Балалар ботаға қатты қызықты. Ботаны сипалап, қасынан кетпей қойды.
Мәтін бойынша әр топпен жүргізілетін жұмыстар:
Мәтінге ат қой.
Әр сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.
Хабарлы сөйлемді сұраулы сөйлемге айналдырып жаз.
«Сөз тіркесін құра» ойынының мақсаты – берілген сөздерден сөз тіркесін құрай білу және тіркестердің мағынасын бір сөзбен түсіндіру машығын қалыптастыру. Шарты: бағанның сол жағындағы құбылыс-аттарға оң жағындағы белгі-қасиеттердің қайсысы тән екендігін таптыру, тіркестерін атату қажет. Сонымен бірге тіркестердің мағынасын бір сөзбен түсіндіру керек.
Жүрек перде
Қараңғылық шыжық
Тағдыр от
Үміт сызық
өмір көз
Жауап: жүректің көзі – саналылық; қараңғылық пердесі – надандық, тағдырдың сызығы – жазмыш, үміттің оты – үміттену, өмірдің шыжығы – қайғы.
Ойынның аты – «Сұрақ-жауапқа құрылған хат». Оны итальян жазушысы Дж.Родари ойлап тапқан. Ойынның шарты бойынша алты ұялы топқа алты түрлі сұрақ беріледі. Ол сұрақтарға әр топ жазбаша түрде жауап береді. Бірақ бұлар – кез келген сұрақтар емес. Белгілі бір қалыпқа түскен тұрақты сұрақтар[50].
Бірінші сұрақ: «Кім? Не?» (яғни бірінші ұялы топ зат есімнен болған кез келген сөзді қағазға жазады).
Екінші сұрақ: «Қай жерде?» (яғни жатыс септігінде тұрған кез келген зат есімді екінші ұялы топ жазады).
Үшінші сұрақ: «Не істеді?» (бұл тіркес «нені? немесе кімді? сұрағына жауап беретін сөз+етістік» болып құралады. Оны үшінші ұялы топ жазады).
Төртінші сұрақ: «Ол не айтты?» (Бұл сөйлем төл сөз түрінде берілуі керек). Оны төртінші ұялы топ орындайды.
Бесінші сұрақ: «Адамдар не деді?» (Бұл сөйлем де төл сөз түрінде берілуі шарт. Ол – бесінші ұялы топтың міндеті).
Алтыншы сұрақ: «Оқиға немен аяқталды?» (Бастауышы жоқ бір-ақ сөйлем. Оны алтыншы ұялы топ орындайды).
Әр ұялы топ келесі ұялы топтарға қандай сұрақ берілгенін білсе де, олардың қандай жауап жазғанын білмеуі тиіс. Әйтпесе, ойын шарты бұзылады. Жаттығу аяқталғаннан кейін, мұғалім әр ұялы топтың жеке-жеке сөйлемдерін, сөздерін біріктіріп тұтас мәтін құрайды да, балаларға оқып береді. Мәтін әр түрлі мазмұнда шығуы мүмкін. Мысалы:
Тауық
Мектепте
Би биледі.
Ол айтты: «Мен әдемімін».
Адамдар: «ғұмырың ұзақ болсын», - деді.
Тауық риза болды.
Осы мысалдағы соңғы сөйлемге назар аударыңыздар. Алтыншы ұялы топ соңғы сұраққа бастауышсыз сөйлем құрайды: «Риза болды». Бастауышты мұғалім өзі мәтін құрау кезінде қосып айтады: «Тауық риза болды». Әрине, жауап барлық уақытта ұтқыр шыға бермеуі мүмкін. Дегенмен, бұл – өте тартымды ойын. Әсіресе, сабақ үстінде, сергіту минуттарында жүргізілсе, оқушылар сергіп қалады, сабаққа деген белсенділіктері артады.
Ойын мен сабақтың табиғи үйлесуінде мұғалім тапқырлығы да шешуші рөл атқарады. Рөл бөлуде әр баланың таным деңгейі, психикасы өте дәлдікпен өлшену керек. Рөл баланың ұялы топ мүшесі екендігін сезінуіне себеп болады. Әр ұялы топ психологиялық ахуалдың тұрақтануына, балалардың өзара тіл табысуына, өзара әсер етуіне жағдай жасайды. Ең тиімдісі сол, рөлдік ойындарға ұялы топтарға бөлінген сыныпты түгел қатыстыруға мүмкіндік мол. Әр оқушының өзін әр рөлде танытуына жағдай туады. Өз тобын алға шығару, артта қалдырмау жауапкершілігі пайда болады. Рөлдік ойындар ауызша да, жазбаша да жұмыс түрлерімен орындатуға қолайлы, әрі баланың ойдан шығарушылық, суырып салып айту қабілеттері шыңдалады. Ал өзінің тапқырлығының мұғалім тарапынан қолдау тауып, оқушыларға әсер тудыруы баланың белсенділігін одан әрі арттырып, пәнге қызығушылығын дамытады.
Рөлдік ойындарға әуелде балалардың үйренуі, оны қабылдауы оңай бола қоймайды. Себебі, бірден басқаның орнына тұрып сөйлеп кетуі мүмкін де емес. Сондықтан тақырыпты балалардың өз өмірлеріне жақын жайлардан бастап, бірте-бірте дамыту мақсаты етіледі. Мысалы, алғашқы кезде «Танысу», «Сәлемдесу» тақырыптары бойынша ұйымдастырылған ойын бірте-бірте күрделеніп, дамып отырады[54]. Мұнда жұптардың арасындағы табиғилық, балалардың сөз саптауы, әңгіме тақырыбының ауқымы бағаланады. Ал, 2-сынып Қазақ тілі сабағында «Сөйлеу мәдениеті» тақырыбын өту барысында «Телефонмен әңгіме» ойынында телефонмен сөйлесу мәдениетін үйрету мақсат етіліп, кім сыпайы әрі ұтқыр екенін бағалау көзделеді. Оқушылардың өздеріне қай жұптың сөйлеу мәнері дұрыс шыққанын таптыруға болады.
1-жұп
«– Алло! Сәлеметсіз бе? Мен Сәуленің Мұрат деген жолдасы едім. Сәулені телефонға шақырып жібере аласыз ба?
– Мұрат, сәлеметсіз бе? Қазір шақырайын.
– Рахмет».
2-жұп
«– Алло! Сәлеметсіз бе? Бұл кім?
– Мен Дидармын. Сізге кім керек?
– Айнұр бар ма екен?
– Бар, қазір».
Рөлдік ойын түрлерін синтаксис тақырыптарын қайталау кезінде де ұйымдастыруға болады. М.Төрежановтың жаттығу ретінде берілген «Ақселеу» мәтінін басшылыққа ала отырып, «достық интервью» жүргізу де өзінің жақсы нәтижесін береді. Сабақ соңына қарай ұйымдастырылатын бұл ойында әр ұялы топтағы балалар өзі қалаған жұптарымен ортаға шығып, диалог құрады. Мұнда оларға достық жайлы әңігмелесуге, пікір алмасуға мүмкіндік беріледі. Бұл да оқуға ынталылық тудырудың бір жолы болып табылады. Қазақ тілі сабағын сөйлесу, ой бөлісу сабағы деп қарауға үйрету көзделеді.
Пікіралысу сабақтары белгілі бір тақырып төңірегінде өзара сынға арналады. Бұл тапсырманың сабақ тақырыбынан алшақ кетпеуі арқылы ондағы тілдік объектінің болуын қадағалау керек, ал екінші жағынан, сын айта білудің өзінде әділдік, мәдениеттілік, достық ниет жататынына, сондықтан оны дұрыс қабылдай білудің өзінде де ұлттық үрдістегі сөзге тоқтау, жеңілгенін дер кезінде мойындай алу секілді жағымды қасиеттердің қалыптасатынына көз жеткізуге болады. Баланың көзқарастарына ортасы арқылы әсер ету басты нысанаға алынады. Мұнда балалардың тілге тиек ететін фактілерін өз ортасынан, сыныбынан алу қажеттігі олардың әңгімесіндегі өзара сынға, пікір таласына арқау болады. Бұл жерде тек кемшіліктерді сынау емес, үлгі етуге лайық балалардың қасиеттерін бағалауға, өз көзқарастарын талдап, таратып айтуға мүмкіндік беріледі. Ал балалардың әңгімеге қатысу белсенділігімен бірге олардың сөз саптауына, өзін ұстауына, тақырыпты дұрыс аша білуіне назар аударылатынын алдын ала ескерту әңгіменің жүйелі өтуіне әсер етеді. Әрі білімді бекітетін, әрі танымды кеңейтетін мұндай жұмыстар оқу әрекеті мотивтерін жандандыруға үлкен көмек береді.
Сонымен, интерактивті әдістер арқылы жүргізілетін дидактикалық ойындар мен пікіралысу сабақтары оқу үдерісінде оқушыға объекті деп қарамай, олардың субъекті ретіндегі даралығын тануға, білім берудің демократиялық сипатына ден қоюға бағытталады.
Синтаксисті дамыта оқытуда барынша белсенді түрде қолданылатын әдістер тобының бірі – логикалық қырынан анықтау деңгейі.
Бұл топқа жататын әдістердің бірі – салыстыру әдісі, әсіресе, жаңа ұғымды және әр тілдік бірліктің өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындауда, олардағы негізгі және қосалқы белгілерді ажыратуда жиі қолданылады. Салыстыруға негізделген жаттығу үлгісі:
Достарыңызбен бөлісу: |