Тоқтамға келгіштік дегеніміз адамның қиын-қыстау кезеңдерде қажетті шешімдерге келіп, оны жүзеге асыруға қабілетінің болуы. Тез тоқтамға келу үшін адам асығып-аптықпайды. Бұл әрбір істі ой таразысына салуды қажет ететін қасиет. Тек осындай жағдайда ғана адам алдындағы ісін дұрыс бағалап, жоспарлай алады, өзінің барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланады. Басқалардың ақыл-кеңесін тыңдау, ақылға салу, өзін тежей алу, қателерді көре білу - тоқтамға келгіш адамға тән қасиеттер.
Табандылық
Мінез-құлықты ұзақ уақыт бойы белгілі бір мақсатқа сай бағыттап, бақылап отыру қабілетінен көрінетін жеке адамның еріктік қасиеті. Табанды адам жағдайды дұрыс бағалайды, одан мақсатқа жетуге көмектесетін нәрселерді таба біледі. Ол қиындықтан тайсалмайды, тап болған күдікке, тағылған кінәларға мойын ұсынып берілмейді. Өмірден біз табандылығы төменгі дәрежеде қалып қойғандай болып көрінетін адамдарды аз кездестірмейміз. Мұндай адамдар ақылды, тіпті талантты да болуы мүмкін, бірақ біршама күрделі жағдайда немесе алғашкы қиындықтармен кездескенде өз мінез-құлықтарын ұзақ уақыт бойы басқара білуге қабілетсіз болып шығады. Оларға пайда болған кедергі алынбас қамалдай болып көрінеді де сондықтан босқа күш жұмсағылары келмейді.
Ұстамдылық
Ұстамдылық дегеніміз адамның оқыс қимыл-қозғалыстан, орынсыз сөйлеуден, босқа күйіп-пісуден бойын тежей алу қабілеті. Ұстамды адам әр кез терең ойланып, ағат істерге бара бермейді. Мұндай адам өзінің бар күш-жігерін тек алдындағы мақсатын орындауға ғана арнап отырады.
Ұстамдылық, өзін-өзі меңгере алу - адамның төзімділік, шыдамдылық, батылдық сияқты ерік сапаларымен тығыз байланысып жатады. Адам осындай қасиеттердің арқасында ғана өзін нағыз ерлерше ұстай білуге үйренеді, өзін қорқу сезіміне билетпей, көңілге алған ісін қажетінше істеп шығады.