60.Тынысалу және оны жаттықтыру, дауыс, дикция, интонация, кідірістер. Сөйлеу техникасы дыбыстау мүшелерінің қызметімен тығыз байланысты. Сөйлеу техникасына жақсы жаттықпаған адам шығарма мәтінін тыңдаушысына мәнерлеп жеткізе алмайды. Мәнерлеп сөйлеп оқи білу үшін тілдің дыбыс шығаратын мүшелерінің қызметін жақсы білу қажет. Сөйлеу дыбыстарын шығарудағы, жасаудағы дыбыстаушы мүшелердің қызметін артикуляция деп атаймыз. Дыбыстау мүшелері немесе сөйлеу аппаратына өкпе, тамақ, көмей, дауыс шымылдығы, тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл, тіс, ерін, иек жатады. Дыбыстау мүшелерінің ішіндегі ең негізгісі - өкпе.
Тіліміздегі дыбыстар өкпедегі ауаның сыртқа шығуымен байланысты жасалады. Сөйлеу процесінде ауа өкпеден біртіндеп баяу шығып, өкпеге бірден тез енеді. Келесі дыбыстау мүшелерінің бірі – тамақ. Ол кеңірдектің жоғарғы тұсына орналасқан. Ал, дыбыстар жасауда басты роль атқаратын дауыс шымылдығы көмеймен байланысты. Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болып, үн шығады.
Дыбыстау мүшелерінің ішіндегі ең негізгілерінің бірі және жылжымалысы – тіл. Тілдің бірде ілгері, бірде кейін жылжуынан, бірде жоғары көтеріліп, бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның ұшының, ортасының, артқы шенінің қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Дыбыс шығаруда астыңғы ерін мен үстіңгі ерін де басты роль атқарады.
Мәнерлеп сөйлеуде басты роль атқаратын тәсіл –интонация. Оны қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы Құдайберген Жұбанов сөз сазы деп атаған. Интонация немесе Сөз сазы дегеніміз – сөйлеудің мәндік эмоциялық нақыш болуы.
Интонация көркем сөз орындаушының немесе мәнерлеп сөйлеген адамның ішкі сезімінің, ойын білдіретін көркем образдарды бейнелеуге көмектесетін дауыстың алуан түрлі құбылысы. Интонация арқылы тәрбиеші балаларға адамның көңіл-күйіне байланысты болатын құбылыстарды түгел жеткізуі қажет. Сол құбылысқа байланысты дауыстың реңкі кейде ызалы, кейде байсалды, кейде күлдіргі, кейде дөрекі, кейде қызба, кейде назды, кейде қуақы болып шығуы мүмкін.
Мәнерлеп сөйлеудің келесі тәсілдерінің бірі – кідіріс /пауза/.Сөйлеген сөз немесе оқылатын мәтіндегі сөйлемдер толассыз, шұбатылып айтыла бермейді. Олардың арасында белгілі бір үзіліс болады. Сонда сөйлемдегі сөз тіркестері немесе сөз түйдектері немесе сөйлемдер арасындағы толасты кідіріс деп атайды.
Кідіріс 3 түрге бөлінеді:
1. Бір сөйлем ішіндегі сөз тіркестерін бөліп тұратын кідірісті қысқа кідіріс деп атайды.
2. Белгілі бір ойдың аяқталғанын білдіретін кідіріс орташа кідіріс немесе логикалық кідіріс деп аталады.
3. Тыңдаушының назарын аудару үшін яғни оның көңіл-күйіне әсер ету үшін жасалатын кідіріс ұзақ кідіріс немесе психологиялық кідіріс деп аталады.