1.5. ГОРМОНДЫҚ ТЕРАПИЯ (ГОРМОНМЕН ЕМДЕУ) Қазіргі таңда гормондық терапияны қолданбайтын медицинаның саласы жоқ десек қателеспейміз. Гормондар, олардың туындылары, гормон тәрізді заттар, гормондар антагонистері кеңінен қолданылады. Гормондық терапияның кем дегенде төрт түрі бар:
Орынбасушы терапия- эндокринді без жеткіліксіздігі кезінде
гормональды дәрілік заттар тағайындалады (гипотиреоз кезінде тироксин, гипогонадизм кезінде тестостерон). Ол әдетте өмір үшін маңызды болып табылады (гипотиреоз, гипокортицизм, қантты диабеттің 1 типі). Орын басушы терапияның басты мақсаты гормонды физиологиялық мөлшерде, жеке бас ерекшеліктерін ескере отырып тағайындау, яғни орын толықтырушы гормонның циркадианды ырғағы мен бірқатар түрткілерді ескерес отырып, физиологиялық мөлшерде өндірілуін максимальды түрде имитациялау. Адекватты емес төмен мөлшерде гормонды тағайындау сырқат симптоматикасының сақталуына әкеледі, ал артық мөлшерде тағайындау эндогенді гормон гиперфункциясы сияқты салдарға әкеледі.
Фармакодинамикалық терапия- бұл кезде жеке жүйелерге
гормондардың әсері қолданылады (кей аутоиммунды аурулар кезінде глюкокортикоидтармен терапия, остеопорозды емдеуде паратгормонды тағайындау).
Супрессивті терапия – бұл кезде бір гормон екінші гормонның
өндірілуін тежеу мақсатында қолданылады. Мысалы, шеткері бездер гормоны тропты гормондардың өндірілуін супрессиялау мақсатында тағайындалады (жемсаудың кейбір түрлерінде тиреоидты гормондармен терапия жүргізу, контрацепция мақсатында эстроген тағайындау және т.б.).
Ынталандырушы терапия- шеткері эндокринді бездердің қызметін
белсендіру мақсатында тропты гормон дәрілерін тағайындау арқылы жүзеге асырылады (овуляцияны ынталандыру мақсатында гонадотропиндер, қалқанша бездің йодты сіңіруін ынталандыру мақсатында ТТГ қолдану).