6.1 сурет Хвост придатка- Атабез қосалқысының құйрығы
Семявыносящий проток- шәует шығатын түтік
Тело придатка- Атабез қосалқысының денесі
Сеть яичка- Атабез өрімі
Семенные канальцы- Шәуеттік түтікшелер
Проток придатка- Атабез қосалқысының өзегі
Головка придатка- Атабез қосалқысының басы
Тубулярный просвет- Тубулярлы саңылау
Клетка Лейдига- Лейдиг жасушасы
Клетка Сертоли- Сертоли жасушасы
Сперматиды- Сперматидтер
Сперматогонии-Сперматогонилар
Аталық бездер қатар екі қызмет атқарады: репродуктивті және эндокринді. Лейдиг жасушаларында тестостерон синтезделеді. Аталық бездің репродуктивті қызметі-сперматозоидтарды түзуде. Сперматогенез үрдісі аталық без паренхимасында 85% көлемді алатын иірмелі түтікшелерде жүреді. Эндокринді қызметі еркек жыныс гормондарын (андрогендерді), соның ішінде барлық тіндерге дерлік биологиялық әсер көрсететін тестостеронды бөлуге негізделеді. Тестостеронның басты әсерлері:
• еркектік тип бойынша гипоталамус-гипофизарлы жүйе мен сыртқы, ішкі жыныс органдарының дифференцировкасы және стимуляциясы.
• бетте, қасағада, қолтық астында түктенуді ынталандырады.
• бойдың ұзына бойы өсуін, азоттың ағзада ұсталуын, дене бұлшықеттерінің өсуін, көмей ұлғаюының индукциясын және дауыс байламдарының қалыңдауын ынталандырады.
• эритропоэз стимуляциясы және тері асты шел май қабатының андроидты типті таралуы.
• ФСГ-мен бірге сперматогенез активациясы.
• еркек психикасы мен сексуальдылығын қалыптастыруды қамтамасыз ету.
Тестостерон секрециясы үнемі болмайды, эпизодты түрде бөлінеді, сондықтан оның қандағы деңгейі ауытқып отырады. Тестостеронның максимальды секрециясы 02.00–06.00 сағат аралығында болады, ал минимальды секрециясы— шамамен 13.00-де. Тек тестостеронның 2%-ы ғана қан арнасында бос күйінде айналымда болады, 30%-ы жыныс гормондарымен байланысатын глобулинмен (ЖГБГ), ал қалған 68%-ы альбумин және басқа да ақуыздармен байланысады.
Тестостерон стероидты гормон бола отырып, нысана-жасушаларға пассивті диффузия жолы арқылы енеді. Ол бас миында, гипофизде және бүйректе басты доминирлеуші ядроішілік андроген болып табылады. Басқа тіндерде тестостерон 5α-редуктаза ферменті арқылы белсендірек дигидротестостеронға айналады. Жасушаларда тестостерон мен дигидротестостерон андрогенді рецепторлармен байланысып, рецепторлы-стероидты кешен түзеді де, арнайы хроматин бөліктерімен байланысатын жасуша ядросына тасымалданады.
Тестостерон бауырда белсенді емес сульфаттар мен глюкуронидтерге метаболизденіп, зәр және өтпен экскрецияланады.
Аталық бездердің қызметі гипоталамус-гипофизарлы жүйе арқылы реттеледі. Гипоталамуспен синтезделетін гонадотропин-рилизинг-гормон (ГРГ) гипофизде өндірілетін гонадотропиндердің өндірілуін ынталандырады. Әйелдермен салыстырғанда ер адамдарда ГРГ секрециясының тоникалық орталығы үнемі қызмет атқарып отырады. Әйелдерде ол циклді секрецияланады. Гипоталамустың мұндай жыныстық дифференцировкасы құрсақ ішінде эмбриональды аталық без бөлетін тестостерон әсерінен өтеді.
ФСГ сперматогенезге белсенді әсер етіп, аталық без түтікшелерінің эпителийін ынталандырады. ЛГ ер адамдарда интерстициальды жасушалардың дамуы мен жетілуін, Лейдиг жасушалары мен тестостерон синтезіне әсер етеді. ЛГ-ның Лейдиг жасушаларын ынталандыруы сперматогенездің ерте сатыларында аталық безде жоғары мөлшерде тестостерон қажет болғанда үлкен маңыздылыққа ие болады. Сперматозоидтардың жетілуіне ФСГ қажетті. Сертоли жасушалары да эндокринді қызметке ие және тестостерон секілді гипофиз ФСГ-нің өндірілуін тежейтін ингибинді бөледі (6.2сурет).
Толығымен сперматогенез үрдісі 74 күнге созылады, ал 12–21 күні сперма аталық без қосалқысына тасымалданады.