Тотығулық стресс тотыққан ТТЛП және F2-изопростандар мөлшерінің жоғарылауына әкеледі.
Жүйелік қабыну кезінде фибриноген және С-реактивті ақуыз экспрессиясы жоғарылайды.
ҚД-2 кезінде ЖИА дамуына септігін тигізетін басты факторларға жатады: ТТЛП деңгейінің жоғарылауы, ТЖЛП деңгейінің төмендеуі, артериялық гипертензия, гипергликемия және темекі тарту. ҚД кезінде атеросклероздық үрдістің басты ерекшелігі окклюзиялық зақымданудың дистальді сипаты және кең таралуы болып табылады. Атеросклероздық үрдіске майда қантамырлардың ілігуі хирургиялық емді қиындатып, болжамды нашарлатады.
Эпидемиологиясы ҚД-2 кезінде ҚД жоқ науқастармен салыстырғанда ЖИА-мен сырқаттану қаупі 6 есе жоғары. Артериялық гипертензия ҚД-1-мен сырқаттанған науқастардың 20%-да, ал ҚД-2-мен сырқаттанған науқастардың 75%-да дамиды. ҚД кезінде шеткі қантамырлардың облитерациялаушы атеросклерозы науқастардың 10%-да, бас миы қантамырларының тромбоэмболиясы 8%-да көрініс береді (ҚД-мен сырқаттанбаған науқастармен салыстырғанда 2–4 есе жоғары).
Клиникалық көрінісі ҚД жоқ науқастардың клиникалық көріністерінен ерекшеленбейді. ҚД-2 кезінде макроқантамырлық асқынулар (миокард инфаркті, инсульт, аяқ қантамырларының окклюзионды зақымдалуы) алдыңғы орынға шығады және осы асқынуларды анықтау барысында алғаш рет гипергликемия анықталады. ҚД-мен сырқаттанған науқастарда автономды нейропатияның дамуына байланысты 30% жағдайда миокард инфаркті ангинозды ұстамасыз өтеді (ауырсынусыз инфаркт).
Диагностикасы Атеросклероз асқынуларын диагностикалау қағидалары ҚД жоқ науқастарда асқынуларды диагностикалаудан еш ерекшелігі жоқ (ЖИА, бас миы, аяқ қантамырларының окклюзионды зақымдануы). Артериялық қан қысымын өлшеу ҚД-мен сырқаттанған науқастардың әрбір дәрігерге келуі кезінде міндетті түрде орындалуы тиіс. Қанның липидті спектр көрсеткіштерін анықтау (жалпы холестерин, үшглицеридтер, ТТЛП, ТЖЛП) жылына бір реттен кем зерттелмеуі қажет.