Айқын офтальмопатия мен тиреотоксикоз симптомдарының ұштасуы ГА диагнозын науқасты алғаш қарағаннан-ақ қоюға мүмкіндік береді (3.11сурет).
ГА ассоцирленген, сирек дамитын (1 % жағдайда) аурулардың бірі- претибиальды микседема (3.12 сурет). Претибиальды шелмайдың зақымдалу патогенезі эндокринді офтальмопатиядағыдай (3.5 бөлімді қараңыз). Балтырдың алдыңғы бетінің терісі ісінген, тығыздалған, қошқыл-қызыл түсті («апельсин қабығы»), жиі эритема мен қышу сезімімен сипатталады.
Тиреотоксикоздың клиникалық көрінісі дәстүрлі нұсқадан ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, жас науқастарда ГА айқын клиникалық көрініспен ерекшеленсе, егде науқастарда олиго- немесе моносимптомды (жүрек ырғағының бұзылуы, субфебрилитет) ағымда өтеді. ГА егде жастағы науқастарда дамитын «апатиялық» түрі кезінде клиникалық көрінісі тәбеттің төмендеуімен, депрессиямен, гиподинамиямен көрінеді.
ГА сирек кездесетін асқынуларының бірі (тиреотоксикозбен дамитын басқа сырқаттардан сирек) тиреотоксикалық кризболып табылады, патогенезі толық белгісіз, себебі аталған бұл криз қанда тиреоидты гормондардың аса қатты жоғарыламай-ақ дамуы да мүмкін. Тиреотоксикалық криздің себептеріне Грейвс ауруымен бірге дамитын жедел инфекциялық сырқаттар, операциялық араласулар, тиреостатикалық терапияны тоқтату, науқасқа құрамында йоды бар препараттарды енгізу жатады. Тиреотоксикалық криздің клиникалық көріністеріне тиреотоксикоз симптомдарының кенеттен ауырлауы, гипертермия, естің бұзылуы, лоқсу, құсу, кейде диарея жатады. Минутына 120 соққыдан астам синусты тахикардия тіркеледі. Кейде жыпылықты аритмия, айқын гипотониямен ауысатын жоғары пульстік қысым көрініс береді. Клиникалық көріністерінде жүрек жеткіліксіздігі, респираторлы дистресс-синдром басым болады. Тері гиперпигментациясымен дамитын бүйрек үсті безінің салыстырмалы жеткіліксіздігі де анықталады. Токсикалық гепатоздың дамуына байланысты тері жабындылары сарғыштанады. Зертханалық зерттеулерде лейкоцитоз (жұптасқан инфекция болмасада), орташа дәрежелі гиперкальциемия, сілтілі фосфотазаның жоғарылауы анықталады. Тиреотоксикалық кризде дамитын өлім көрсеткіші 30–50 %-ға жетеді.