ЕСЕНҒАЛИ ҚАСАБОЛАТОВ – БАТЫС АЛАШОРДАНЫҢ КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРІ
Дауесова Айжан Жангазиевна, Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих магистрі
Диярова Бақытгүл Ғарифоллақызы, Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университеті, Тарих мамандығының 3 курс студенті
Ұлт тарихы тек қана саяси, әлеуметтік-қоғамдық оқиғалардан ғана емес, сонымен қатар ұрпақ жалғастығынан,өміршең дәстүрлерден құралатыны да белгілі. Сол игі дәстүрлерден тағылым ала отырып, мемлекет, әлеумет, жеке адам күшін түзейді,бағытын айқындайды. Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндеріне көз салсақ,тарих ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді көрер едік.
Қазақ тарихының осындай белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқандалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі.
Сол Алаштың өткен тарихын халқына қайтаратын ақтаңдақ оқиғалардың айқындалатын уақыты жетті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, оңы мен солын таныды. Халықаралық деңгейде бай тарихы бар, іргелі мемлекет ретінде таныла бастады десек артық айтқанымыз болмас.
Бүгінгі егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың үлесі орасан екендігі дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатып кетті. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы, бастауы – осы Алаш арыстары: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, М.Дулатов, т.б. Ақ тумен көтерген тегеурінге бергісіз батыл, мемлекетшіл және отандық идеясы болатын. Алаш қайраткерлері атқарған тарихи міндеттің зор маңызы да осында. Сондай азаматтырдың бірі де бірегейі, елі үшін жанын беріп еңбек еткен, Батыс Алаш Ордасының құрамында болған алғашқы дәрігерлердің бірі Есенғали Қасаболатов жайлы айта кетсем [1].
Есенғали Керейұлы Қасаболатов Орал облысы, Ілбішін уезінің Құрайлы болысының № 8 ауылында 1889 жылдың 8 ақпанында дүниеге келген. Әкесі Антановка стансасындағы бай казактарда жалшылықта жүріп, қазақ қызына үйленген. Ол еті тірілігінің арқасында Калмыков уезіне қарасты 3-ауыл маңынан енші жер алып, шаруашылықпен айналысады. Мал бағумен қатар шөп шабатын, балық аулайтын, егін егетін дамыған шаруашылығы бар, ауқатты шаруа дәрежесіне жетеді. «Керейдің оры» деп аталатын атажұртының орны әлі де бар. Қасаболатов 1901 жылы Калмыковтағы орыс-қазақ мектебін бітіреді. Орал әскери губернаторының куәландыру анықтамасында Есенғали Қасаболатовтың Орал әскери-реалды училищесін бітіргендігі, өрескел тәртіп бұзушылықтың болмағандығын растағаны тіркелген және әскери қызметтен босатылғаны жазылған.
Есенғали Қасаболатов Орынбор оқу бөліміне жолдаған өтінішінде латын тілінен сынақ тапсыруға рұқсат сұраған. Содан кейін 1903 жылдың тамыз айында Орал әскери-реалды училищесіне оқуға түсіп, оның 1909 жылдың 6 маусымында толық курсын аяқтады. Осы Орал әскери-реалды училищесін бітіргендігін дәлелдейтін аттестатқа көз жүгіртсек, Қасаболатов жақсы жетістіктерге жеткен.
Сонымен қатар Қасаболатовтқа мамандығы бойынша оқу орнының жанынан бірінші разрядты жеңілдіктер берілген.
Императорлық Саратов университетіне берілген жеке куәлігінде Қасаболатов 1909 жылдың тамыз айында училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын 1 жылдық класты оқып, оны 1910 жылдың 5 маусымында тамамдайды. Ол қосымша кластың толық курсын жақсы бағамен аяқтады [1, 161-162 б.].
Ол 1910 жылы Император атындағы Саратов медицина университетіне қабылданып және «Еркін тыңдаушы» студент болған. Е. Қасаболатов 1912 жылы 27 сәуірде Саратов губерниясының Петровск уезінің Сулавка деревнясының Сүлеймен Ахмалетдинұлы Мұхитдивтың қызы Айшаға үйленуге рұқсат сұраған, 23 маусымда рұқсат берілген. Е.Қасаболатов 1915 жылы чума ауруының шығуына байланысты Орал облысының Гурьев, Темір, Ілбішін уездеріне іссапарға жіберілген.
Мақсат Тәж-Мұрат өз еңбегінде «Е.К. Қасаболатов студент кезінде мерзімді басылымдарға бірнеше мақала жариялаған. Тырнақалды «Қазақ жастарына» деген мақаласында жастарды ел игілігі үшін еңбек етуге, өнер-білім игеруге шақырады; «Бас қосу турасында бір-екі сөз» мақаласында(«Айқап»,1913 ж.№20) қазақ зиялылары арасындағы жалпы қазақ съезін шақыру туралы айтыс, ел басқару, әкімшілік іс жөнінде өз ойын білдіреді; «Баспасөзге қарсы» атты өткір мақаласында(«Айқап, 1914 ж №5») баспасөздегі сын мәдениеті, қазақтың басшы адамдарының арасында алалық кіру себебі мәселелерін көтерді; «Кімге өкпелеуіміз тиіс» мақаласында(«Қазақ» 1915 ж. 20 мамыр) оқып жүрген қазақ жастарының мұқтаждық көруін, бұл орайда жүйелі қамқорлық жасалмай отырғанын сөз етеді. Қазақ арасындағы етек алған ауру түрлерінің алдын-алу тақырыбында бірнеше мақала жариялады: «Чума»(«Қазақ»,1913ж №5,42,44), «Күйік»(«Қазақ», 1913ж.№37) жөнінде мағлұматтар келтіріп кеткен.
«Қазақ» газетінің басқармасы 1914 жылы 1-нөмірінде атсалысқаны үшін алғыс айтқан 16 автордың бірі. Есенғали 1915 жылы университеттің толық курсын аяқтап. Дәрігер мамандығын алып, елге оралды. Калмыков уезінде Жылықоңыс ауылдық-дәрігерлік учаскесінде дәрігер болып қызмет етті. Бұл жөнінде «Қазақ» газеті 1915 жылғы 25 маусымдағы нөмірінде «Жас доктор» деген шағын мақаламен хабарлады [2].
1916 жылы Қазақстан тыл жұмысына адам алуға байланысты туындаған толқуға қатысып, алғашқы кезде еріктілер жасағын құруға атсалысты. Кейін «Қазақ» газеті бетіндегі түсінік жұмысынан соң, Алаш қайраткерлерінің соғыс жағдайындағы Уақытша үкіметке көмектесу жөніндегі үндеуін қолдады, майдандағы қазақ жастарына бас-көз болып, дәрігерлік көмек ұйымдастыруға шақыруын қабыл алды. М.Дулатов 1917 жылы наурызда «Қазақ» газеті майданға шақырылған дәрігерлерден Ә.Алдияров пен Е. Қасаболатовтың Минскіге келетінін хабарлайды.
1917 жылы шілдедегі 1-інші жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысына депутаттыққа қосымша ұсынылған 43 кандидаттың тізіміне кірді. Сол жылы жазда елде земство съезін шақыру жөніндегі уездік ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты, осы орайда И.Қашқынбаев, М.Балтанов бастаған топпен арада ру алакөздігінен туған қақтығысқа араласты. 1917 жылы қыркүйектен бастап Ғ.Әлібеков, Н. Ипмағамбетов, М.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков тобына қосылды. Сол шамада Ғ.Әлібековтің қызына үйленді. 1917 жылғы желтоқсандағы 2-інші жалпықазақ съезінде Алашорда Ұлт Кеңесі (Алашорда үкіметінің) мүшелігіне кандтдат (мүше орынбасары) болып сайланды.
1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен 3-ші Орал облыстық Қазақ съезіндегі идеялық емес, топтық жікке бөліну тұсында Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер жақтастарына қарсы шықты. Съезден соң құрылған құрамына 13 мүше енген «Ақжол» саяси ұйымының төрағасы болды.
1918 жылы наурызда өткен Орал облыстық жұмысшы, шаруа, солдат және қазақ депутаттарының 1-ші съезіне қатысты. Сол жылы 29 наурызға қараған күні Мұфтах Меңдіғазиевтің пәтеріне заңсыз қару сақтағаны үшін М.Мырзағалиев, Ә.Әлібековпен бірге жергілікті қазақтар земство управасы үкіметі тарапынан тұтқындалды. Көп ұзамай Жайық сырты қазақтарының земство управасы төрағасының орынбасары К.Жәленовтің көмегімен босатылды. Сол жылғы жазды елде өткізді.
1918 жылы күзде Самардағы Құрылтай жиналысы мүшелері комиеті (Комуч) тарапынан мойындалып, күшейе бастаған Алашорда үкіметінің қызметіне араласты [2, 164 б.].
1919 жылы қаңтарда Қаратөбе ауданында өткен Ойыл облыстық земство басқармасының съезінде Жымпиты уездік земство управасы төрағасы Б.Жанқадамовтың орынбасары болып сайланды. Сол жылы тамыз айындағы Қызыл Армияның шабуылы тұсында Алаш әскер құрамаларын толықтыру үшін құрылған комиссияны және жүзбасы Балғымбаевтың конвой командасын бастап Жымпиты, Калмыков, Тайпақ өңірінде әскерге жігіт алу жұмысын жүргізді. Батыс Алашорданы тарату кезінде Жымпитыда болды.
1920 жылдың қаңтар айының аяқ шенінде Жымпитыға келген Батыс Алашорданы тарату жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазревком өкілі С.Меңдешевке кейін «Қасаболатов тобының мәлімдемесі» деп аталған мәлімдеме тасырды. Онда Батыс Алашорда қызметі жөнінде алғашқылардың бірі болып неғұрлым толық мәлімет берді.
1920 жылдың басында М.Х.Мырзағалиев, М.Жолдыбаевпен бірге Ә.Әлібеков төрағалық еткен Жымпиты уездік ревкомының құрамына кірді.Сол жылғы 20 қаңтарда РК(б)П қатарына қабылданды.
1920 жылы көктемнен Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. Қазәсревкомның 1920 жылы 24 маусымдағы шешімімен құрамына Чеботаров (орынбасар), Почиталин, С.Қартілеуов, Н.Ипмағамбетов т.б. кірген губатком құқындағы Орал губревкомының төрағасы болып тағайындалады. Орал облысындағы қазақ интеллигенттерін Кеңес мекемелеріне жұмысқа тарту жөніндегі Струппе төрағалық ететін айрықша комиссияға Қаратілеуовпен бірге мүше болды. Алайда қазақ РК(б)П облыстық бюросы сол 24 маусым күнгі мәжілісінде Қазревком шешімімен өзгеше шешім қабылдап, Орал губкомының және оның төралқасының төрағалығына Струппен бекітті, Есенғали Қасаболатовты губревком мүшесі етіп белгілейді. Кейінірек төралқасының төрағасы жұмысын, ал Есенғали Қасаболатов губревком төрағасы қызметін атқарып, екі шешім бірқатар уақытқа шейін қосарланып келді.Сондықтан көптеген құжатта және әдебиетте Есенғали Қасаболатов Орал губревкомы төрағасы деп көрсетіліп жүр.
1920 жылы шілдеде аталмыш төралқа шешімімен Бүкілқазақ Кеңестерінің Құрылтай съезіне дайындық комиссиясына губревком тарапынан мүше болып кірді.Осы съезде Орал облысы делегациясының ұсынуымен КАКСР ОАК мүшелігіне сайланды. Қазақ РК(б)П облысы комитеті бюросының 1921 жылғы 3 мамырдағы шешімімен Орынборға қызметке шақырылады [3].
1921-1922 жылдары Қазақ РК(б)П облысы комитетінде жауапты қызметте.Осы жылдары зайыбы қайтыс болғаннан кейін,белгілі дәрігер, Батыс Алашорда қайраткері Д.Күсепқалиевтің қызы Ғайни-Жамалға үйленді.1922 жылы бұрынғы Алашордашыларға қарсы науқан тұсында 3-Қазақ өлкелік Кеңестер съезінің қаулысымен қызметтен босатылды.Қазақ РК(б)П облыс комитеті төралқасының 1922 жылғы 19 қазандағы шешімімен Бақылау комиссиясының мақұлдауымен Ішкі істер халық комиссариатына (ІІХК) жұмысқа жіберіледі.
1925-1928 жылдары ҚАКСР Тұтынушылар кооперациясының төрағасы.Осы қызметте жүріп кооперациялау тақырыбына «К кооперированию казахского кочевого населения» тәрізді бірнеше мақала жариялайды.
1928-1929 жылдары Тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру науқанына батыл қарсы шықты. Сол үшін 1929 жылы қарашада «Меңдешев тобы құрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен Ф.И.Голощекин жетекілік еткен оны Қазақ өлкелік РК(б)П комитетінің бюросы 1929 жылы қарашада қызметтен босатады.
1931-1932 жылдары Астрахан қаласындағы РК(б)П аудандық комитетінің хатшысы, Астрахан округтік атқару комитетінің төрағасының орынбасары болды. Негізінен ұлтаралық қатынас, ұлт мәселесімен айналысты.
1931 жылы маусым айында жаңадан ұйымдастырылып жатқан Алмат медициналық институтына қызметке шақырылып, қыркүйектен осы оқу орнының тұңғыш директоры болып тағайындалады. Қазақстанда аталмыш осы оқу орны арқылы маман дәрігерлер даярлауды жүйелі жолға қою ісі Қасаболатов есімімен байланысты. Ол директор болған кезеңде әзірленген кадрлар арасынан кейін академик-эпидемолог И.Қарқұлов,академик-вирусолог Жұматов,профессор-хирург Е.Өмірзақов тәрізді білікті мамандар шықты [3,16 б.].
1933 жылы ол «студент жастардан ұлтшыл-контрреволюциялық топ құрды» деген желеумен директорлықтан босатылды.
1933-1935 жылдары Алматы облысындағы «Қызыл қайың» кеңшарының директоры. 1935 жылдың қазан айында РК(б)П қатарынан шығарылды. 1936 жылы мамырда РК(б)П-ға мүшелігі қалпына келтірілді.1936-1937 ж.ж. Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомында экономикалық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, «Главнефть» тресі өлкелік конторы басқарушысының 2-орынбасары. «Нефтьторг» қоғамының Қазақстандағы уәкілетті өкілінің орынбасары болып жүріп, 1937 жылы 29 тамызда Алматы қаласында ІІХК органдары тарапынан тұтқындалады.
1938 жылы 26 ақпанда «Мемлекеттік қылмыс жасады» деген айыппен ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының 1957 жылы 7 желтоқсандағы ұйғарымымен ақталады. Соңында Хұпби-Жамал, Шафхат, Мара, Шәміл, Бану, Нинель-Нәзір, Раиса есімді ұл-қыздары қалады. Республика опера және балет театрының бұрынғы әншісі Хұпби-Жамал Есенғалиқызы 2001 жылы Алматы қадасында қайтыс болған. Жиен-немерелері Ғалия мен Клара ата жолын қуып, дәрігер мамандығын игерді.
Қазіргі уақытта Қасаболатовтың ұрпақтары Алматы және Қызылорда қалаларында тұрады. Есенғали Қасаболатовтың еңбек жолын толық жазып көрсеткен Батыс Қазақстан облыстық мұражайында құжаттар сақталған [4, 167 б.].
Пайдаланылған әдебиеттер
Сүлейменова Д.Д. «Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов» «Ағартушы»; 2010
Сүлейменова. Д. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлігі. / Д. Сүлейменова – Алматы: Арыс баспасы. – 2007. – 142-147 бб.
Душманов С.Х Очерки истории медицины и здравоохранения Казахстана.-Актобе:Раст,2000-75с.
Батыс Қазақстан энциклопедиясы. Алматы, 2002. 592 б.
Достарыңызбен бөлісу: |