Эссе:
Бопай Қасымқызы
Ұлы даланың батыр әрі қайсар қыздырының бірі – Бопай Қасымқызы. Бопай- Қасымнан туған алты ұлдың ішіндегі жалғыз қыз және Көкшетауда дүниеге келген. Қасым мен оның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары, Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай атты ұлдар мен Бопай атты қыз туған екен. Бопай жастайынан сұлулығымен, өжеттілігімен көзге түскен. Өзінің əскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды.
Бопай Әбілқайыр ханның Сәмеке атты ұлына ұзытылады. Кейбір деректер бойынша, Сәмеке сұлтан және оның туыстары Кенесары хан бастаған қозғалысқа қосылудан бас тартады. Бопай ханша болса, ағасына тілекші әрі демеуші болып, өз бауырынан өрбіген алты ұлын алып, 1837 жылы әскерге келіп қосылады. Бопай 600 адамнан тұратын ерекше топты басқарады. Көтерілісшілердің бұл тобы Кенесары әскерлерін жабдықтаумен шұғылданып, елден зекет, көтеріліске қосылмаған сұлтандардан мал-мүлік жинады.Бопай ханшайым қатысқан ірі майдандардың бірі – 1838 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының Аманқарағай дуанына жасалған шабуыл. Сондай-ақ ол 1847 жылдардағы қырғыз манаптарына шабуыл жасағанда Кенесары ағасымен бірге болады. Кескілескен қан майдан, қабаққа қар, кірпікке мұз тоңған қаһарлы жорық әйел затының қолы да, жолы да емес. Десек те, ұлтымыздың тарихында ерлермен бірге ерлік жорығына аттанған қыздар аз емес екенін білеміз. Солардың бірегейі Бопай ханшайымның ерекше батылдығын, қайтпас қайсарлығын танытатын аңыз әңгімелер ел арасына кең тараған. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Бопай ханшаның қасында көп қыз жасағы болған. Олардың ішінде Арғын руынан шыққан Алтыншаш және Табын руынан шыққан Ақбөкен деген қыздар болған екен. 1840 жылы Қасым төре, балалары Көшек, Бопай қолдау іздеп, Хиуаға барар жолда Ташкент бегінің қолына түсіп, Бопай Әзірет бекінісіне қамауға алынады. Көшек Ташкентке жіберіледі. Тұтқында жүріп Бопай Кенесары әскерінің құрамындағы ұлы Нұрқанның Ақтөбе жасағының қолына тұтқынға түскенін естиді. Бопай 1847 жылы қырғыз манаптарына қарсы шабуылда Кенесарымен бірге болған.
Бопай ханша қазіргі Ақтөбе облысында, Ырғыз өзенінің бойында дүниеден өткен. Әйтеке би ауданында Бопай ханша атындағы ауыл бар. Батыр анамыздың зираты осы ауылға жақын төбешікте орналасқан деседі.Елінің азаттығы жолында ерлермен қатар майдан алаңына кірген батыр қыз Бопай ханша да қаһарман арулар қатарынан орын алатын айтулы тұлғаларымыздың бірі ретінде ұрпақ жадында сақталуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |