ӘлФараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Филология факультеті
Эссе
Тақырыбы: Дулат Бабатайұлының импровизациясы
Орындаған: ҚФ 303-топ студенті
Құдайберген Аяжан
Қабылдаған: Даутова Г.Р.
Алматы,2023
Эссе
Дулат Бабатайұлының импровизациясы
Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары сөз болғанда атап өтер тұлғаларымыз жетерлік,бірақ осы тұлғалар ішінен “Зар заманның” ақыны болған Дулат Бабатайұлын ерекше атап өтуіміз жөнге саналар.Өйткені болып жатқан нәрселерді өз көз алдында көріп,сол бір қайғыға бірге қайғырып,елдің қамын жеп,ел үшін өнерін сапр ету жүректілік,батылдық пен маңдай терді талап етер ерен еңбек.
Дулат Бабатайұлы-1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданында, найман-сыбан руы мекендеген Сандықтас өңірінде кедей отбасында дүниеге келген. Болашақ ақын ауыл молдасынан сауат ашып, мұсылманша хат таныды. «Көнелерден сұрасам, сөзін жинап, құрасам» деп өзі айтқандай, Дулат өз заманының «байғыз қарты» атанған дана. Ол ел тарихы, өмір сырынан жинаған білім, бірлігі де ұшан-теңіз кісі болған, ақындық атағы да шыққан.
19 ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, туіан елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас ақын. Дулат Бабатайұлы патшалық Ресейдің қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген. Отаршылдықтың сыншысы, елдіктің, еркіндіктің жоқшысы, жаршысы болды. Дулаттың ұлылығы да осында еді. Еркіндігі шектелген, азайған халықтың елдігі, бірлігі де кемитінін, берекелі бола алмайтынын Дулат терең түсіне алды. Дулат жасынан ақындық жолын қуып, талмай ізденген. Ақындықты тәңірдің сыйы, елдің жан сырын, мұң-шерін толғайтын даналық өнер деп түсінген.
Дулат Бабатайұлының шығармашылығы мен шешендік өнеріне тоқталсақ. Дулат ақынның шығармашылығы мен жоғарыда атап өткендей замана шыныдығына құрылған. Дулат – өз әрекеті мен өлеңдері арқылы қазақ жерін отарлауға қарсы шыққан адамдардың бірі. «Ақтан жас» өлеңінде ол қазақтардың бұрын жоңғарлардан қорғаған жері енді отаршылдардың қолына түскенін айтады. Ал «Еспембет» атты ұзақ поэтикалық еңбегінде сол тақырып дамиды. Алайда патша әкімшілігі өзінің басып алушылық жоспарларынан шегінбейді. Бірақ, сол уақытта қазақ халқының арасында отаршылдардың алдында жағымпазданатын сатқын билеушілер пайда болады. Пара алып, тек бай болуды ғана қалайтын адамдар қатары көп болды. Дулат ондай билеушілерді де сынап, оларға ең қатал баға береді. Дулат қазақ поэзиясына «а а а б» жаңа өлең жүйесін енгізген ақын. Тіпті осы бір жүйені Абай Құнанбайұлы да өз өлеңдерінде қолданғанын байқауға болады.Бұл Дулат ақынның тек жырлаушы,ел қамын жеуші ғана емес жаңашыл ақын екендігін де көрсетеді.Оған тағы бір дәлел – ақынның жыраулар мектебінен шыға отырып, ақындық мектептің жаршысы,суреткері болуы.Яғни,бұл да бір жыраулықтың әлсіздігінен емес, бүгінгі күнгідей заманның талабына құрылған бетбгрыс деген жөн болар. Дулаттың өлеңдері бұрынғы жырауларды былай қойғанда, тіпті кешегі Бұқар толғауларынан, одан қалды өзімен тұстас ақындардың туындыларынан мүлде өзгеше дүниелер.
Орынсыз күлер күлкім жоқ,
Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ...
Қорған құрыш сөзім бар.
Бұлттан өтіп мұнарды
Болжайтұғын көзім бар.
Кеудем – ақыл сарайы,
Кірем десең, кел, міне! –
деп бұдан бір жарым ғасырдай бұрын өзінің ақыл сарайына кіруге шақырған Дулаттың адамдық, ақындық әлеміне толық бойлап болдық па? Тіпті, Дулаттың өз сөзімен айтқанда, «сорғалаған нөсердей жырын» танып-біліп болған күннің өзінде әр кез сүйсіне оқып, осындай да алыбымыз болған деп сүйсіне атап жүрміз бе? Осы сауалдарға еш бүкпесіз жауап беретін болсақ, әрине, Дулаттай ақынымыздың мұрасын біз жеткілікті дәрежеде әлі де танып болған жоқпыз деп айтуға әбден болады. Сондықтан да Дулат Бабатайұлының тілін зерттеу, қарастыру, оның ерекшеліктерін айқындау – бүгінгі күнде өз өзектілігінен арылмаған іс болып табылады.
Дулаттың шығармашылығында өзі өмір сүрген Аягөз – Семей өңіріндегі жер-су атаулары жиі кездеседі.[1,103] Шығармаларында туған өлкенің тамаша бейнесі жасалады. Алайда, өлеңдерінде бейбіт дала көріністерінен гөрі отаршылдықтың езгісінен қисайып, сұлулығы мен сәнінен ,бастысы еркіндігінен айырылып бара жатқан өлкесі суреттеледі. Дулаттың өлеңдерінде Аягөз, Сандықтас, Ақжайлау, Сарыарқа, Сыр, Бұхар, Қаратау, Түркістан, Арыс, Келес, Талас, Шу, Тұран, Тарбағатай, Алатау, Көксала, Бақанас, т.б. деген жер-су атаулары кездеседі. Ақын жер мәселесін жырлау арқылы ұлттық, халықтық намысты жандырып, жігерді шыңдайды. Осы орайда ол кең даласының кешегісі мен бүгінін, қазіргісі мен ертеңін салыстырып,терең қорытындылар жасайды. Мысалы:
Ақжайлау мен Сандықтас –
Атамның қонған қонысы:
Түн асса тұтам түгі өскен
Басылмайтын сонысы![3,81]
Бұдан басқа, Дулат Бабатайұлы шығармаларында ономастикалық атаулар да кездеседі. Ақынның өлеңдері кей кездерде жалпылықтан арылып, қоғам дертіне байланысты елді азғырып жатқан жекелеген адамдардың мінез-құлқын, әрекеттерін суреттеуге арналатындықтан, Барақ, Ешен, Сүлеймен, Ақтан деген замандастарының есімдері, сонымен қоса, ел тарихына қатысты шығармаларында Ақсақ Темір, Абылай, Әбілмансұр хан, Хан Кене, Еспембет, Ер Қосай, Қабанбай, Ақтамберді, Саббас, Сасан, Әбілпейіз хан, Жолымбет, Ақтайлақ, Құттыбай, Нарынбай, Байғара, Сәтімқұл би, Құлмамбет, Жанғұлы, т.б. тарихи адамдардың есімдері кездеседі. Сондай-ақ, Найман, Жолымбет, Сыбан, Байжігіт, Төлеңгіт, Қалмақ, Төре, Арғын, Қаракерей сияқты ру атаулары да топонимдер жүйесінде ерекше қолданысқа ие.
Дулаттың ұлтжандылығына, елжандылығына байланысты оның шығармаларында ел, жұрт, халық, қазақ, алаш сияқты жалпы ұғымдардың қолданылуы көрініс табады. Өлең мәтіндеріндегі әлеуметтік терминдердің жиі қолданылуы да өлең тақырыбы мен мазмұнына сәйкес келеді. Бұл әлеуметтік терминдер мыналар: патша, атқамінер, сұлтан, қазы, бай, кедей, би, болыс, старшын, хан, дуан, ұлық, бек, батыр, аға сұлтан, сопы, пір, абыз, падыша, майыр, т.б.
Ақын өлеңдерінде көрініс табатын лексикалық қабаттың тағы біреуі – бұл этнолингвистикалық терминдер. Олардың ішінде туыстық атаулар болып келеді. Яғни, өлеңдерінде ел мәселесі, отан мәселесі отбасы, жанұя мүддесімен бірлікте қаралады. Бұл орайда ата-ана, қарындас, немере, шөбере, әке, қыз, ұлан, бәйбіше, жеңге, ақсақал, абыз, шеше, әже сияқты туыстық атауларды әрбір өлең мәтінінен кездестіреміз:
Бәйбіше – тантық, бай –сараң,
Бозбаласы – бошалаң,
Қырсыға туда қыз балаң.
Дулат өмір сүрген заман – оның өлеңдерінде бар қырынан көрініс табатын құбылыс. Оның шығармашылығы заманының айнасы болып келетіндіктен, көшпелі салтпен тұрмыс кешкен, төрт түлік малды өзінің негізгі кәсібіне айналдырған, басқа да шаруашылық түрімен айналысқан халқының тынысын танытатын тұрмыстық лексика қабатының мол болуы заңдылық. Өлең мәтіндерінде қақпан, жемтік, құрық, егіс, терлік, бұйда, аспап, сайман, кетпен, балта, ара, қысқыш, балға, келі, бесік, тұғыр, сондай-ақ, Дулат өзі өмір сүрген өңіріндегі адамдарға ғана түсінікті болып келетін диалектизмдер – керсен, бұл, үме, кілеңдей, сінелі, жүремете, жобалаң, шайырлы, тарлаулары, ызу, іш құста,т.б. бар.
Біріншіден, Дулат қара қылды қақ жару, арғымақ аттай аңқылдау, қыран құстай саңқылдау, көл қорыған қызғыштай, еңбегі еш, тұзы сор, бел шешпей жорту, айдын ала ту алып жауға тию немесе ту ұстап тұлпар жарату, аузын айға білеу сияқты кәнігі образдарды шебер пайдаланады.
Тіпті кей тармақтарда:
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай толғанып,
Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып...
деп, халық ауыз әдебиетінің батырлар жырында қолданылатын тіркестер мен оралымдар арқылы сөз ойнатады.
Сонымен, қорытындылай келетін болсақ, Дулат Бабатайұлы шығармаларының ерекшелігі – тақырыптарының ауқымдылығы мен кеңдігі, шынайы өмір сипатының айқын көрінуі, адамгершілік мүддесінің биіктігі болып табылады. Ақынның тілі бай, ойы терең болуының басты құпиясы шығармаларының нақтылық пен дәлдікке, даралық пен дәйектілікке бағытталғандығында. Сондықтан да Дулаттың лексикасы ұлттық рухты оятудың, шыңдаудың құралы ретінде қолданылады. Ақынымыздың тілі алмас қылыштай өткір, алдаспандай айбарлы, сыншылдық сипаты айқын көрінетін құнарлы лексика. Ол елдің жағдайына, халықтың мүддесіне, ұлттың келешегіне өзінің ортасы мен айналада болып жатқан түрлі құбылыстарға өткір сын, терең пайыммен қарап отырып өзінің әділ бағасын береді. Ащы сөз ақиқаттың айнасына айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |