Асқақтық — жоғары құндылығымен адамды шаттық сезімге бөлейтін эстетикалық ұғым. Бірақ ол өзінің орасан зор күшімен және ауқымдылығымен адамның қабылдау мүмкіндіктерінен асып түсетін нәрселер мен құбылыстардың эстетикалық құндылығын білдіретін категория. Осы игерілмеген, кейде шамадан тыс қатерлі күштердің алдында тұлға еріксіз болып кетеді. Егер сұлулық еркіндік саласына жатса, онда асқақтық адамның салыстырмалы тәуелділік аймағында қалып қояды. Бұл жағынан асқақтық әрекет етіп отырған объектінің қабылдаушы субъектіден басымдылығын білдіреді. Табиғаттың орасан зор пәрменді құбылыстары, тарихи төңкерістер, тұлғалардың жанқиярлығы, рухани немесе әлеуметтік ерліктері мен ауқымды шығармашылығы адамдағы асқақтықтың объективті бастауларына жатады.