Көмекші етістіктер – атауыш сөздің жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе лексикалық мағынасынан сөйлемде уақытша айырылған), өзі тіркескен сөзге әралуан грамматикалық мағыналар жамап түрлендіретін, өзі етістік сияқты түрленетін (етіс, болымсыз етістік, шақ, рай, модаль тұлғаларын қабылдайтын) көмекші сөздер. Көмекші етістіктердің атауыш етістіктер сияқты түрлену қабілеті оларды морфологиялық принцип бойынша етістіктердің аясында қарастыруға негіз болған. Көмекші етістіктер де шығу төркіні жағынан толық мағыналы етістіктерден қалыптасқан. Олардың көмекші етістікке айналуына өзі тіркескен сөзге грамматикалық мағына жамау үшін жұмсалуы, лексикалық мағынасынан айырылуы себеп болған.
Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер қатарына отыздан аса сөз жатады. Бұлардың саны соншалықты аз болғанмен, тілдегі атқаратын қызметтері орасан зор және білдіретін мағыналары аса бай.