Тұрақты көмекші етістіктерге бүгінде тек көмекшілік қызмет қана атқаратын, лексикалық мағынасынан толық айырылған етістіктер жатады. Тіліміздегі бұл қатардағы етістіктердің саны шектеулі, олар: е-, ет, қыл, жазда көмекші етістіктері. Осы қатарға шартты түрде бол етістігін де қосуға болады. Бол етістігін, негізінен, уақытша көмекші етістік деп те тануға болады. Өйткені бұл сөз кей жағдайларда тездету және біту, бару етістіктерімен синонимдес лексикалық мағынаны білдіре алады (мысалы, Бол! Бас аяғыңды! Бүгінше болдым. Ол аймақта болғанмын.).Сонымен қатар бол етістігі ет, қыл етістіктері сияқты көмекшілік қасиетке де ие. Бұл үшеуі, негізінен, есім сөздерден құранды етістік жасайды: ыза болу, ие болу, еңбек ету, қанағат қылу, т.б. Бол етістігі, сонымен қатар, қимылдың соңғы, аяқталу кезеңін білдіретін аналитикалық формант құрамында да кездеседі. Мысалы, Үйді салып болған. Бұл қасиет ет және қыл етістіктеріне тән емес. Ет етістігі еліктеу сөздерден де құранды етістік жасайтын қызметке ие: бұрқ ету, сарт ету, т.б..