АРМАН ҚУЫП, АРҒЫМАҚ ОЙНАТҚАН
Мақаланың тақырыбындағы образды тіркес кімдерге арналған, кімдерді
меңзейді деген заңды сұрақ туады. «Арман қуып,
арғымақ ойнатқан!». Апыр-ау
кімдер екен олар?!
Таңғалатын түгі жоқ! Бұл – біздерміз!
ҚазҰУ-дың 81 жылғы түлектері– Біздерміз. Біз өзімізді өзіміз
осылай мадақтамасақ, осылай асқақтатпасақ, басқа кім айтпақ?! «Өсер
елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген қанатты қағида, сірә,
осындайда айтылған болар!
1976 жылдың қоңыр күзінде ҚазҰУ-ге пәленбай абитуриенттің
ішінен маңдайына бақ қонған 50 жас студент атанды.
Мұның қатарында Шарханның лексиконымен айтқанда рабфактан
келген біздер де бар едік.
Бес жыл бес күндей болмай өте шықты. Көзді ашып-жұмғанша.
Бүгінде көз алдыңызда кинолентасындай сырғыған сол күндер мен
жылдар елесі жүректі елжіретіп, сағыныштың қыл пернелерін шертіп-
шертіп өтеді-ай кеп.
Қайран бұла дәурен!
Осыдан 30 жыл бұрын комсомол-жастар бригадасында жүріп
Ақсуаттың ақ түтегімен арпалысқан, Сарысудың сағымды даласын
кезеген, содан серт алған, Жуалының жаңбырлы күндерінде жасын
болып жарқылдаған, бесіктен белі шықпай жатып «Аралдағы жеңеше-
айды» аңыратқан, өзім дегенде Торғайдың суы тобығынан келмеген,
Оңтүстіктің інжу-маржанына шөлі бір қанбай арманын Алатаудың ұшар
басына байлаған, Атыраудың ақшулан теңізіне бірде ән салдырып
сызылтқан, енді бірде күмбірлетіп күй ойнатып көбік шаштырған,
Алтайдағы азуын айға білеген арландармен арпалысқан менің
қанаттастарым бір сәт КазҰУ дейтін киелі мекенде төс қағыстырып,
оның қалашығында бас тоғыстырды!
Білім Меккесіне махаббатын арнаған менің курстастарымының қай
қайсысыда сөзіне берік, қиналғанға серік, мәрттіктің мәйегіне қанған
марғасқалар болды!
Олардың әрқайсысы бір-бір әлем еді. Ал оның сырына, шынына
қанығу үшін солардың әлемімен өмір сүру керек, тыныстау керек. Ал
мен бақытыма қарай осындай олжалы жанның бірі болдым.
Біз оқу бітіргелі 30 жыл өтіпті. 30 жыл!. Бір азамат ердің жасы!
Орда бұзар шағы. Осынау 30 жылда ауылдан арман қуып Алматыға
келіп, тағдыр тізгінін тартып арғымақ ойнатқан бұла дәурен иелері кең
өрістің кемесіне мінді.
Менің курстастарымның бақыты - екі дәуірдің қызығы мен
шыжығын көргендігі. Өтпелі кезеңнің, өлара шақтың қиындығын
қайыспай көтеріп, елдік мұрат жолындағы ұлан асыр істерге білек
сыбына араласқандығы.
Менің курстастарымның бақыты - еліміздің егемендік жолындағы
күреске білек сыбана кірескендігі, жас мемлекетіміздің буыны бекіп қаз
тұрып қадам басуына әр қайсысы өз шама шарқынша үлес қосқандығы.
Бұл жай әншейін мақтан сөз емес. Әңгіменің ашығы, ақиқаты осы.
Тағдыр талайымыздан шығар, екі ғасырдың тоғысында ата тарихты
таңбалаған уақиғалар үрдісіне куә болдық, бастан өткердік. Жоқшылық
пен тоқшылық, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен аярлық таразы
басына түскен сәттердің ен ортасында болдық. Осының бәрін көзбен
көріп жүректен өткізуімге біздің о баста өзіміз қалаған мамандығымызға
адалдығымыз басты өлшем болғанын атап айтқым келеді.
Ежелден белгілі қағида: «Өлі разы болмай, тірі байымайды».
Ауызға алуға қанша жерден ауыр болса-дағы осы бір нақылды айтпасқа
тағы болмайды. Сол елудің ішінде қазір арамызда жоқ, ал бірақ соңынан
өшпестей із қалдырған курстастарымыз бар еді.
Қатар құрбылардың алдынан көрініп ел дамуының өркендеуіне,
руханиятының қанат жаюына үлес қосқан достарымыздың атқарған ісі
біздер үшін мақтаныш! Ақ жарқын, ақиық Қалдыбай десе мәрт мінез
қызу қанды, үстіндегісін досына шешіп беретін азамат тұлғасы көз
алдымызға тұра қалады. Курсқа шынашақтай болып келіп,
республикамыздың бірқатар газет-журналында шарболаттай шыңдалған
Әмір, өтпелі кезеңде Қазақ телевизиясының бүкіл ауыртпалығын
мойымай көтеріп, телепублицистиканың дамуына үлес қосқан Абдолла,
Торғай өңірінің қияндағы түкпірінде жатып алып республика
тарихнамасына талмай қызмет еткен Мылтықбай, тәржіманың түбін
түсіре қызмет қылған, Елордамызға алғашқылардың бірі болып аттанып,
қазақ зиялы қауымның қалыптасуына үлес қосқан Болатбек, театртану
бойынша маманданып, табанды еңбек еткен Жұмабай, сырбаз қалыпты
Сапар есімдерін қалайша мақтанышпен айтсақ та жарасымды.
Олардың соңында ізін жалғастырар ұрпағы қалды, жан иірімдерін
әлдилеген шығармашылық мұралары қалды.
Оқу бітірісімен Ақтөбеге аттанып, аудандық, облыстық газеттердің
барлық қызмет сатыларынан өткен Әмір Оралбай салиқалы, салмақты
басшы бола білді. «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі ретінде де бір
мектептен абыройлы өтті.
Облыста шығатын екі тілдегі облыстық газеттің басын қосып, бір
жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрған ол сол мекеменің бас
директоры қызметіне тағайындалды. Бұл жауапты орында да ол
әріптестерінің ілтипатына бөленіп жүрді. Ал «Егемен Қазақстан»
газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметінде жүргенде оның бүкіл
қабілет-қарымы, қаламгерлік таланты бар қырынан ашылды.
Журналисттік жолдағы жемісті еңбегін ол ғылыми-зерттеушілік
салада да сынап көрді. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік
университетінің шәкірттері алдында лекция оқып, кейін филология
ғылымдарының кандидаты дәрежесіне жетті.Әттең не керек,
кандидаттық дисертацияны қорғағанымен оның дипломын көре алмай
кетті Әміріміз. Әмірдің соңында батыр қызымыз Әлия Молдағұлова
ғұмырнамасына арналған кітабы, очерктері мен сұхбаттары, көсемсөздік
желілері қалды.
Абдолла туралы тебіренбей жазу мүмкін емес. ҚазҰУ-дың
дайындық бөлімінде бірге оқып, журналистика факультетін бірге
бітірген досымыздың қаламгерлік шалымдылығы бірден байқалған.
Диплом алғанннан кейінгі оның тағдыр-талайы, шығармашылық
соқпағы Қазақ телерадио компаниясымен тікелей байланысты болды.
Абдолла Қазақ радиосының насихат редакциясында жүргенде оның
дайындаған хабарларының ерекше сапалы екендігін әріптестері әрдайым
бізге айтып жүруші еді. Ал Қазақ телевизиясына жұмысқа ауысқаннан
кейін оның шығармашылық ізденісі жаңа өрістерге бет алды. Әбекең
қазақ қаламгерлерінің алғашқыларының бірі болып Семей ядролық
сынақ аймағынан арнайы материалдар циклын дайындады.
Көрермендердің көкейіндегі мәселені қозғаған бұл хабарлар
тележурналистиканың алтын қорынан орын алуға әбден лайық деп
білеміз. Өмірінің соңғы жылдарында «Қазақ газеттері» жабық
акционерлік қоғамының білікті бір маманы болып қызмет атқарған
Абдолла осы мекеменің еліміздің ақпарттық кеңестігінен лайықты орын
алуына үлкен үлкес қосты.
Торғайдың сонау бір түпкірінде жатып еліміздің тарихнамасына,
әлеуметтік экономикалық дамуына қатысты сараптамалар жазатын
Мылтықбайымыздың жөні бір бөлек. Оқу бітірісімен-ақ жолдаманы елге
алған Мылтықбай аз уақыттың ішінде-ақ аудандық газетті оның
баспаханасын майлышекше айналдырып, өзін көрсете білді. Мұнысымен
қоса облыстық газеттің меншікті тілшісі қызметін қоса атқарды.
Мылтықбайдың мықтылығын бірден байқаған республикалық газеттер
мен телевизия басшылары талай рет оны қызметке шақырды. Қазақстан
Республикасы Телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі
мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары Мақсұт
Әубәкіров ағамыз Мылтықбайға деп бір қызмет орнын алты ай бойы бос
ұстағанын білетін едік.
Студент кезінен-ақ топты ортаның көшбасшысы бола білген
Болатбек досымыз туралы қалай айтсақ та жарасымды. Студент кезінен
дейміз-ау Бөкең бұл шақты қоя тұрып, тіпті пионер кезінен-ақ бүкіл
республика оқырмандарына танылған еді. «Қазақстан пионері» газетінің
ең белсенді тілшісі ретінде Артекте болды. Бұл ол кезең үшін үлкен
абырой, зор биік саналатын. Студенттік шағында қоғамдық ұйымдардың
басшысы болып курстастарының ілтипатына бөленген Болатбек кейін
мемлекеттік мекемелерде тіл саясатын жүзеге асыруда қыруар күш
жұмсады. Ол қай министрлікте жұмыс істесе де өз ортасының құрметіне
ие болды. Елордамыз Арқаға қоныс аударғанда алғашқылардың бірі
болып Бөкең де аттың басын Астанаға бұрды. Соның тұрғылықты
азаматы атанды. Жаңадан қалыптаса бастаған зиялы ортаның қатарынан
көріне білді. Жас қала жаңа Астананың әр қадамына өзінің төл
перзетіндей қуана біліп, мен іссапарға келеген сайын қуанышын бөлісуге
асығатын еді. «Жазып сызғандарым жетерлік, солардың басын құрап бір
жинақ шығарсам деп едім.Оның аты «Қоңыр күз еді» деп аталса». Бөкең
осы сөзді соңғы кезедері жиі айтатын. Бірақ сұм тағдыр оның бұл
арманды шаққа жетер жолын келте қылды....
Оқу бітіргеннен соң 90-жылдарыдың аяғына таман Жұмабаймен
кездесіп қалудың сәті түсті. Ол кез Жұмекеңнің кандидаттық дипломды
қалтаға басып, енді докторлыққа құлаш ұрып жүрген кезі екен.
Монографиясына пікір ұйымдастырып беру керек болды. Қали досымыз
сөзге келген жоқ, Жұмабайдың кітабына деген жылы лебізі «Жас
Алашта» жарқ еткізді. Кейін Жұмабай докторлық қорғады. Х.А. Яссауи
атындағы Қазақ-Түрік университетінің профессоры болды. Бұл біздің
курстасымыз бағындырған үлкен бір белес еді.
Сапардың қаламынан туған дүниелер Оңтүстіктің аудандық
облыстық газеттерінде жиі жарияланып тұрды. Ежелгі әдетімізше
орталық кітапханаға барған сайын мерзімді басылымдар бөліміне бас
сұқпай кетпейміз. Сондай кездері Сапардың жазған мақалаларын газет-
журналдардан оқығанда бір марқайып қалатын едік.
Қатарымыздан ерте кеткен қурстастарымыздың рухы пейіште
шалқысын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деген
тіркестерді жүрегімізден қан жылай отырып жазамыз. Алла тағала
оларға рахымы түсіп, жұмақтың төрінен орын бергей. Олардың аруағы
кейінгі ұрпақтарын желеп-жебеп жүрсін.
Сөз басында істеген істері айтуға тұрарлық ел игілігне қызмет
қылған азаматтар қатары біздің курстан да сән түзеп шықты дедік.
Ол – рас.
Желтоқасан дүмпуі бүтіндей алып империяның шаңырағын
шайқалтқаны белгілі. Ғаламға Қазақ деген ұлттың қаһармандығы мәлім
болды. Ал осы желтоқсан жаңғырығының алғашқы шежірешісі біздің
курстасымыз Талғат екенін бар дауыспен мақтанышпен айтуға хақымыз
бар. Осы тақырыпта сүбелі кітап жазып, есімі алты алашқа асқан
Қайымұнар досымыздың қаламгерлік шеберлігіне таңдай қақпағандар
кемде-кем!
Осыдан соң тәуелсіз ел тариханамасына біздің курс ерекше үлес
қоспады деп кім айтады?! Ал Қазақ журналистикасының өлара кезеңде
қатпар-қатпар шаруасына жегіліп, бар қиындығын көтеріп, оған
қалтқысыз қызмет қылғандар есімі аталғанда біздің жігіттердің еңбегі
туралы сөз қозғамай тұра алмаймыз. Дүрәлі, Өтеген, Мейрамбек,
Кәрібай, Еркін, Шархан, Ғазиз, Қали, Қайнар, Дәуітәлі, Уәлихан, Азат,
Самат, Әндіржан, Ержан, Сәбит, Иса, Мырзағали, Бауырғали, Мұрат,
Серғазылардың ел руханиятына сіңірген еңбегі аз емес. Бұл қатарда
осы жолдарды жазып отырған Жұмабек есімді курстастарыңыздың да
бар екенін айта кетсек артық болмас.
О бастан-ақ курс ағалары атанған Әшірбай, Жайлаубай,
Жаппарлар күні бүгінге дейін сол дәстүр иесі қалпынан танған емес.
Елге шыққаныңда құрақ ұшып қарсы алады, ауыл абыздарының қалпы
мен бар дәмдісін дастарханыңа қояды, ағыл-тегіл әңгіменің тиегін
ағытады.
Қыздар да қабырғалы істерге білек сыбана кірісуден шет қалған
емес. Бұл фәниде ұрпақ өсіру, ұлт ертеңін даярлау секілді миссядан
асқан абыройлы міндет жоқ шығар?! Кешегі жабайы нарықтың
жойдасыз қиындығына да төтеп бергендердің қатарында біздің
қыздарымыз болды. Сәтен, Оңлагүл, Балқия, Алма, Салтанат, Гүлмира,
Гүлбану, Тұрар, Қалдыгүл, Несібелі, Әтіркүл, Шолпан, Шара, Роза,
Бағдат, Светалар бір қолымен мақала жазып, өлең өрнектей білсе, екінші
қолымен «сары бала, қара қазанның» қарекетін күйттей білді. Сөйтіп
жүріп-ақ журналистика көшіне үлкен үлес қосты.
Қалтқысыз еңбек қашаннан қайтарымсыз қалмаған. Олай болса,
осы достарымыздың бірқатары жоғары мемлекеттік марапаттауларға ие
болды. Президент сыйлығының лауреаттарын, грант иегерлерін, түрлі
деңгейдегі атаулы сыйлықтың жеңімпаздарын біздің қатарымыздан
тануға болады. Енді бір тобымыздың кеудесінде бүгінде орден-
медальдар жарқырайды. Осының бәрі айтуға ғана жеңіл. Ал ақиқатында
бұның астарында тапжылмай атқарылған тірліктің, үздіксіз ізденістің,
ақадал маңдай тердің қалыбын жазбай тануға болады.
Курстастардың студенттік жылдардан кейінгі өмірбаянына көз
жүгіртсеңіз, көңіл тояды. Марқаясың, мақтанасың! Бәрі де үлкенді-кішілі
бір- бір басылымның тұтқасын ұстаған қаламгер қайраткерлер атанды.
Мемлекеттік қызметке араласып, ел өміріндегі тағдырлы мәселелердің
шешілуіне үлес қосып отыр. Бүгінгі заман талабына сай кәсіпкерлікпен
шұғылданып жүргендері қаншама?!
Арғымақ мініп, ат ойнатқан деген, міне, осы!
Тәңірім курстастар керуенінің сапарын ұзақ етсін, қолға алған
қарекеттің шырайын кіргізіп, мақсатымызға жете берейік!
2011
ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ИЕСІ ЕДІ
Ұмытпасам, 2001 жылдың күзі ғой деймін. «Қазақ газеттері» жабық
акционерлік қоғамында менеджер болып жұмыс істейтін Құдияр Біләл
«Парасат» журналына бас редактордың орынбасары қызметіне ауысты
да, оның орнына Әбекенді шақырдық. Әбекең деп отырғаным белгілі
қаламгер Абдолла Сүлейменов еді. Оның бізге жұмысқа орналасуы
акционерлік қоғамдағы қат-қабат науқандық шаруалармен тұспа-тұс
келді.
Тумысында еңбек десе жанып түсетін ол жаңа қызметке білек
сыбана кірісті. Осының алдында екі-үш ай жұмыссыз отырып
қалғандықтың ашуы ма қайдам, әйтеуір алғашқы күннен-ақ шаруаны
жапырып істеді. Бір мәселені екі рет қайталатқан жоқ. Кейде, тіпті,
қауырт мәселелерден мойын бұра алмай жатқанда зыр жүгіріп «алып
кел, барып кел» шаруаларды да атқарып кете беретін. Астындағы көлігі
зырғып тұр.
Акционерлік қоғам әкімшілігінің редакциялармен арадағы
байланысына дәнекер болу, әрине, оңай шаруа емес. Үлкендермен
інісіндей, кішілермен туған ағасындай сөйлесу қажет. Көп жағдайда
Әбекең осы талаптан көріне білді. Өзіне бөлінген учаскедегі шаруаны
тас-түйін етіп орындап отырды.
Министрлікке берілетін медиа-жоспарларды, басқа да құжаттарды
дайындауда үнемі жеделғабылдық танытып жүретін. Бірде
«
Теңізшевройл» компаниясымен арада келісім-шарт жасалды да, енді
осы кәсіпорын туралы материалдарды жазу қажет болды. Осы жұмысты
Әбекеңе тапсырдым.
–
Акционерлік қоғамға қарасты барлық газет-журналдарда
мақалалар шықса, осыған бас-көз боларсың. Өзің де атсалыс, – дедім.
Арада бір-екі аптадай уақыт өтпей жатып «Теңізшевройл» туралы
материалдар бірінен-соң бірі шыға бастады. Ал Әбекеңнің өзі жазған
мақалалары оқырмандардан зор баға алғаны есімде. Атыраудан
хабарласқан кісілер:
–
«Қазақ әдебиетіндегі»! мақала өте сауатты, жақсы жазылған
екен. Біздің жетістігіміз бен қоса проблемаларымыз да нақты
талданыпты, – деп ризашылықтарын білдіріп жатты. Ойдан ой туады.
Сол мақалаларын қарап отырып өзін кабинетіме шақырып алдым да:
–
Әбеке, о баста радионы қоя тұрып баспасөзге кеткеніңде осы күні
төрт-бес кітап шығып тұрар еді. Бірақ әлі де кеш емес, қамшыны басу
керек, – деп едім.
Менің мұныма ол кәдімгідей қанаттанып, серпіліп қалды. Екеуара
әңгімеден кейін ол тағы бірнеше мақала жазып тастады. Әсіресе,
Нұрғали Оразовтың кітабы туралы жазған пікірін, басқа да бүгінгі күн
тақырыбына арналған толғамдарын зиялы қауым жақсы қабылдады. Осы
айтылған әңгімелерден не түюге болады? Ең бастысы Абдолла досымыз
республика бұқаралық ақпарат құралдарының қай саласында қызмет
етсе де қалтқысыз еңбек ете білді. Бұл – әркімнің қолынан келе беретін
шаруа емес.
Нарықты экономиканың қыспағы Қазақ радиосын, телевидениені да
айналып кете қоймағаны белгілі. Тоқсаныншы жылдардың ортасында
ондағы журналист ағайындар да қаржы тапшылығының қылбұрауына
тап келді. Сол кездері әріптестерін сабырға шақырып, көрермендер мен
тыңдаушылардың талғамына сай материалдар ұйымдастырып, келелі
іске бас бола білгендердің де бірі осы Әбекең еді. Қиыншылық туғанда
өз қарақан басын ойлап, басқа жақтан нан іздеп кеткен жоқ. Бұл – оның
жауапкершілік жүгін тереңінен сезіне білгендігі еді.
Шыдамдылық пен төзімділік мен білетін Абдолланың бойына
сіңген қасиеті болатын. Экономика дұрысталып, облыс орталықтары
Алматыдан іскер кадрларды сұрата бастағанда таңдаулардың бірқатары
осы Әбекеңе түсіп еді. Бірде ол Қызылордаға кететін болды,
облтелерадио комитеттің төрағасы болып. Бірақ әлдебір мәселелер
килікті де тағайындау екі-үш айға созылып кетті. Соңы
сиырқұйымшақтанып барып тынды. Енді бірде Абдолла Талдықорғанға
баратын болды деген әңгіме шықты. Нақты жұмыс орнын, тұратын
жерін де барып көріп келгенге ұқсайды. Алайда, бұл жолы да
Қызылордадағы сценарий қайталанып, су аяғы құрдым болды.
Түсінген адамға осының бәрі оңай соққы емес, әрине. Ал бірақ
Әбекең жүрекке салмақ түсіретін мұндай жағдайларды көтере білді.
Көтере білді дейміз-ау, ал бірақ соның бәрі шығармашылықпен
айналысатын кісінің өміріне, денсаулығына әсер етпей қоймасы тағы
ақиқат.
Шыдамдылық пен төзімділік қасиеті Әбекең бойында қайдан пайда
болған десек, оған өскен ортасы, туған жердің тылсым табиғаты әсер
еткен болуы керек деген қорытындыға келесің. Әлі есімде Қазақ
университеті журналистика факультетінің дайындық курсында оқып
жүрген кезіміз. Қысқы демалыс келіп қалды. Елі жақын жігіттер
ауылдарына кетіп жатыр. Мен асыға қойған жоқпын. Ауыл шалғайда,
Торғайда. Қыстыгүні оған жетудің өзі қиямет. Барып қайтамын
дегеніңше демалыс уақытының өзі өтіп кетеді.
–
Жұмабек, біздің ауылға жүр. Сыр елін көресің. Жүсіп Қыдыров
шарлаған еңірді аралатам, – деді Абдолла. Қуанып кеттім. Осы әңгімеден
кейін екі күннен соң Талаптағы Әбекеңнің ауылында апасының қолынан
шәй ішіп отырдық.
Демапыс тамаша өтті. Демалыс дегенімізбен Абдолла үшін сол
күндер қарбалас жұмыспен, науқанмен өткен секілді. Таң атысынан,
күннің батысына дейін үй тіршілігінен, ағайындардың шаруаларынан
оның қолы бір босаған емес. Ал бірақ солардың ара-арасында жүріп
ойын-күлкіге де уақыт табатын.
Қауырт шаруадағы Тұрар ағасының да көңілін тапқысы келеді,
Әбжаппар інісінің де ойынан шыққысы келеді, ал апасының екі қолын
жылы суға малып қойсам деп те қиялдайтын. Көзді ашып-жұмғанша
демалыс уақыты да ете шықты. Алматыға қайтарда бітпей қалған
шаруаларды Тұрарға пысықтап табыстап жатқаны есімде.
... Поезда кетіп барамыз. Әбекеңнің жүзі жарқын. Қыс аяқталып,
көктемнің лебі сезіле бастаған. Форточканы ашып жіберіп, «Талаптың
таза ауасын жұтып-жұтып алайыншы» деді. Сосын тағы: «Тіршілік
қандай тамаша, енді жер құлпырады» деді.
Ол тіршілікке таңқалумен өтті.
2004
ӘДІЛДІК ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
1.Есеп айырысудың құралы болған емтихан
Бұл бұрнағы жылы болған жағдай еді.
–
Жұмеке, мемлекеттік емтихан төрағасы болуға қалайсыз? Ректорат
сізді осыған ұйғарып отыр. Келісім берсеңіз.
–
Басқа кісілермен сөйлесіп көрмедіңіздер ме? Шаруа бастан асып
жатыр.
–
Қазір баспасөзде басшылық қызметте жүрген, ғылыми атағы бар
азаматтар болу керек деген талап қойылып отыр ғой.
–
Онда ақылдасайық. Өзімнің жұмыс графигімді қарап шығайын.
Өндіріске кедергі келмейтіндей жағын қарайық.
–
Мақұл, сізбен алдын-ала келісім бар деп айта берейін, онда.
Арада апта салып мен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың журналистика
кафедрасының студенттерінен емтихан алуға келдім. Аудитория іші тап-
тұйнақтай. Менен соң ілесе өзге де экзаменаторлар кіре бастады. Оң
жағымнан келіп Рахаң ағамыз жайғасты. Баяғы Рахым Сатаев. Ол
осында соңғы 3-4 жылда оқытушы болып жүр екен.
Емтихан алуды бастап кеттік. Шәкірттердің дайындығы жақсы
көрінеді. Тақ-тұқ жауап беріп жатыр. Бір мезетте ұялы телефоныма
қоңырау түсті де, тысқа шығуға тура келді.
Аз-кем уақыттан соң қайтып келсем, екі экзаменатор әлгінде ғана
бірінші сұраққа әп-әдемі жауап беріп отырған студентті қыспаққа
алыпты. Рахаң ағамыздың дауысы ерекше шығады. Қаһарына мініп
алған. Бет қаратпайды, тіпті.
Студент бейшара торға түскен торғайдай болып, бүріскен де қалған.
Аудиторияға кіріп келген маған жаутаң-жаутаң қарайды. Бірдеңе дейін
десе, мұғалімдері ауыз аштырар емес.
Әңгімеге араласуыма тура келді. Экзаменаторларды сабырға
шақырдым. Сөйтіп, абдыраған студентке де 10-15 минутқа қайта
дайындалуға мұрсат беріп, келесі кезектегіні өткізе бастадық.
Аз-кем уақыттан соң әлгі студентіміз мүдірместен барлық сауалға
жауап берді. Теорияны да, бүгінгі күннің баспасөздегі практикалық
мәселелерін де қолмен қойғандай етті. Бұл жолы мен әріптестерімнің
пікірін сұрамастан-ақ «бес» деген баға қойдым да жібердім.
Бақсам, әлгі студентте түк кінә жоқ болып шықты. Екі оқытушы
егесінің құрбандығына шалынғалы отыр екен. Емтихан күнінің
қорытындысын шығарар сәтте, Рахаң ағамызға қарап бір пікір айтуға
тура келді.
–
Аға, – дедім мен оған. – Мен сіздің алдыңыздан лекция тыңдадым.
Шәкіртіңіз болдым. Оқу бітіргеннен соң да, қал-қадерімше бетіңізге
келіп, шай деген жерім жоқ. Ал енді мына жағдай осыдан тура 29 жыл
бұрын менің тағдырымда болған оқиғаны еске салып тұр. Ежелден теріс
ыңғайлас
декан
мен
кафедра
меңгерушісінің
арасындағы
дүрдараздықтың құрбандығына менің шалынғаным есіңізде болар.
–
Білем ғой, білем, – деді ол аз-кем мүдіріп. – Бәрі есте.
–
Егер есте болса, сол оқиғаны қайталамай-ақ қояйықшы. Мына
баланың жетекшісімен мәселені осы баланың тағдырын араластырмай-ақ
басқа жағдайда шешіп алсаңыз.
–
Бопты, онда, – деп бас бармағымен көзілдірігін әнтек бір қозғады
да, кафедраға қарай бет алды.
Рахаң екеуміздің әңгімемізге өзек болған осыдан 30 жыл бұрынғы
оқиға қалай болып еді? Енді соны баяндайын.
...Ғылыми
коммунизм
пәнінен
мемлекеттік
емтихан
тапсырмақшымыз. Әдеттегідей, ертерек келдік те экзаменаторлар
отыратын төралқа столын ақ жаймамен әдіптеп, гүл шоқтарын қойдық.
Онымен қоса қымыз-қымыранды, жеміс-жидекті де әкеліп, әйтеуір,
барынша әрлендірдік.
Өзіме-өзім сенімдімін. Дайындығымның ойдағыдай екендігін де
білемін. Сондықтан да алғашқы кезекте емтиханға кіріп, жауап беріп
шығып кететінмін. Сосын өзге жігіттер мен қыздарға қал-қадерімше
көмектесіп жүретінмін.
Бұл жолы да алғашқылардың бірі болып билет алдым. Көп
кідірместен жауап беруге шықтым. Комиссия төрағасы алдыңғы екі
сұраққа басын шұлғып, «дұрыс, дұрыс» деп ризашылығын білдіріп
отырған. Осы сәтте жалбыр шашты профессорымыз төрағаның алдына
тілімдей қағаз әкеп қойып кетті. Сол сол-ақ екен, манадан бері менімен
үндес отырған төрағаның бет-әлпеті сең бұзылғандай болды. Көзі
шатынап, көз әйнегін қайта-қайта түзегіштеп менде ежелден бір өші
кеткен адамдай қадалды-ай кеп дерсіз. Үшінші сұрақ жауабын жарытпай
тыңдаған ол: «Болды, болдының» астына алып, «қанағаттанарлық» деп
қайқайтты да жіберді. Онысы «үш» дегені.
Бес жыл бойына ұдайы «өте жақсыға» оқып келе жатқан маған бұл
жағдаят оңай тиген жоқ. Әділдік іздеп бармаған жерім қалмады. Бәрі де
«қайранымыз жоқ» деп алақан жаяды. Мен Лениндік стипендиатпын
ғой, қалалық кеңестің депутатымын ғой деп, бір көмегін жасар деген
ниетпен ректорға да бардым. Министрге сұрандым. Сөйтсем, менің
«жанашырларым» алдымды орап, бұл кісілерге мен туралы басқаша
әңгіме жеткізіп қойған екен.
Деканаттағылар қайтадан тапсыруға мүмкіндігің бар деді. Сәл тоса
тұрсайшы деді. «Тоса тұрмен» емтихан тапсырудың мерзімі аяқталып,
ақыры сол баға оқу орнын бітіретін құжатыма түсті...
Осы жағдаяттың бәрін әріптесім Рахым ағамызға қайтадан бастан-
аяқ тәптіштеп баяндап беруге тура келді.
–
Сіз осы әңгімелердің бәрін білесіз, – дедім мен. – Соның
ортасында жүрдіңіз. Осының бәрін алдыңызға барып, талай айтқанмын.
Онда куратор едіңіз. Ал бірақ, сіздің қолыңыздан да ештеңе келмейтінін
білетінмін. Өйткені, сіздің төбеңізде әкімшіліктің пәрмені, өзіңізден
жасы үлкен профессорлардың ызғарлы сұсы тұр еді. Сіз солардың
ыңғайынан аса алмадыңыз. Сондықтан да мен мына емтиханға төраға
болып отырғанда өзгелердің қиянатшылдығын қайталағым келмейді.
* * *
Міне, оқу бітіргенімізге 30 жыл болды. Ал мен мемлекеттік
емтиханнан «үш» алдым, дүниенің бәрі осымен тәмам болды деп
майырылған жоқпын. Осы оқиға мені қайрай түсті. Маған қиянат
жасаған кісілердің алдында өзімнің кім екенімді дәлелдеуім керек болды.
Талаптандық, қажырлы еңбек қылдық. Қазақ журналистикасына бір
кісідей еңбек сіңірдік. Өткелде ат ауыстырған жоқпыз.
Бірнеше республикалық газеттер мен журналдарға басшылық
жасап, бас редактор қызметін атқардым. Акционерлік қоғамның
президенті болдым. Бұл екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ.
Қалтқысыз еңбегім бағаланбай қалған жоқ. Атақ-абыройдан кенде
емеспіз. Президент сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты атанып, омырауыма «Құрмет» орденін тақтым.
Осының бәрі таза еңбектің, әділ жүріп, жақсылықтың жанашыры бола
білудің арқасында келдім.
Ал, адалдық, өз ісіме деген қалтқысыз тазалық, бұл менің өмірлік
ұстанымым. Балаларыма бойтұмар етіп қалдырар қағидатым!
Оқу бітіріп кеткеннен кейін де мен мемлекеттік емтихан тапсырған
күнгі «жанашырларыммен» қызмет бабында қатысып тұруға тура келді.
Қолымда газет-журналдардың билігі тұрғанда олар әкелген жазбаларды
дереу нөмірге салдырып, жіберіп отырдым. Қаламақыларын да
қомақтырақ еткізіп бергіздім. Қазақ «таспен атқанды аспен ат» дейді ғой.
Кектенбейік. Болашағымыз алда ғой дедім. Кейін өмірдің өзі
көрсеткеніндей, бұл дұрыс шешім болды.
Ал күні кешеге дейін Рахаңның – Рахым Сатаевтың алдын кесіп
өткен жеріміз болмапты. Ол кісімен көзі тірісінде ағалы-інілідей
сыйласып тұрдық. «Жетпіс жасқа толатын болдым, жігіттер, не қайран
қыласыңдар» деп сөз салғанда бәріміз жапа-тармағай қол қойып,
ұстазымызға қалалық әкімшіліктен үй сұрадық.
Кейін осы өзіміз бітірген журналистика факультетінде қатарынан
бірнеше жыл комиссия төрағасы болдым. Сол комиссия емтиханының әр
мәслихатында осыдан отыз жыл бұрынғы өз басымда болған жағдаятқа
килігіп қалмасақ екен деп тілейтінім жасырын емес еді.
Әріптестеріме: «Шәкірттерді тұқырта бермейік, қанаттандырайық,
ілгері ұмтылдырайық, олардың жүрегінде шабыт ойын тұтатып жүрейік»
деуден танбадым. Өйткені, мемлекеттік емтиханның әрбір күні, әрбір
сәті оқу бітіріп отырған жас маманның жүрегінде мәңгілікке
сақталатыны ақиқат қой. Сондықтан олардың үлкен өмірге өз ұстаздары
туралы тамаша естелік пен жан тербетер жақсылық нышандарымен
аттанғандары дұрыс.
Бұның ақиқатына менің өмірімнің бір сәт эпизоды көз
жеткізгендей.
Достарыңызбен бөлісу: |