Еуропоцентристік фонетика зияны



бет1/3
Дата25.11.2023
өлшемі38,26 Kb.
#128125
  1   2   3
Байланысты:
Еуропоцентристік фонетика зияны-emirsaba.org


Еуропоцентристік фонетика зияны

Еуропоцентристік фонетика зияны
Қазір біз тіліміздің табиғи бітім-болмысына жат, бөгде тілдік ­дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерінен тұратын сол сөздерге қазақша қосымшаны (жалғау-жұрнақты) қиналып жалғап, тілімізді бұрап сөйлеп-жазуды тоқтата алмай жүрміз. Әрине, бұған қазіргі жазуымыздың мейлінше орыстанып кетуі, яғни өзгетілдік (орыс тілінің) сөздерді сол қалпында жазып-айтуға мәжбүрлейтін қазақ тіліне тән емес орыс тілі дыбыс-әріптерінің әліпбиіміздің құрамында ­болуы мен өзгетілдік сөздердегі тілімізге жат дыбыс тіркесімдерінің қолданыста жүруі және соларға сәйкес емле ережелеріміздің ­болуы негізгі себеп екені баршаға аян.


«Халықаралық термин» деген ұғым жоқ. Бұл – отаршылдық саясаттың ­санамызды улау үшін әдейі шығарған сөзі. Біздің солай деп ойлап жүрген сөздеріміздің баршасы – бізге араб-парсы тілінен енген «ғылым, ғалым, ілім, ұстаз, мұғалім, шәкірт, кітап, дәптер, қалам», т.б. сөздер секілді орыс тіліне латын-грек тілінен орысшаланып енген, қазір нағыз орыстікі болып кеткен сөздер. Рас, орыс тілінің сөздік құрамын­дағы кейбір сөздер латын-гректік түбірге 100 пайыздай сәйкес келіп қалатын кездері болады, алайда бұл – орыс тілі еуропалық тілдердің барлық сөзін еш өзгеріссіз алған екен дегенді білдірмейді. Өйткені орыс тілі үнді-еуропа тілдері тобына жататын болған соң, оның дыбыстық жүйесі ­(фонетика) мен тілдік құрылымы (грамматикасы) оларға қазақ тілінен гөрі бір табан жақын. Сондықтан да кейбір сөздердің грек, латын, неміс, ағылшын, французша­ дыбысталуы орыс тілінің табиғатына толық сәйкес келеді. Пуризм ілімінің зиянды ­жағы­ның­ қазақ тіл білімінде кең насихат­талуының себебін де кеңестік тілдік саясаттан іздеуіміз қажет (Пури́зм (лат. Purus, ­«чистый») – повышенная требовательность к сохранению изначальной чистоты,­ строгости стиля, приверженности канонам в языке, искусстве, спорте и тому подобное. Языковой пуризм – лингвистический термин, обозначающий преувеличенное стремление к чистоте литературного языка. Пуризм – течение во французской живописи и архитектуре конца 1910-1920-х годов. Основные представители – художник А.Озенфан и архитектор Ле Корбюзье). Өйткені олар (орыс тілші ғалымдары) пуризмнің жағымсыз жағы деп бізге тыйым салғандарын өздерінің сөздік құрамына шетелдік сөздерді орысшалап қабылдауда еш қолданбаған. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері өзгетілдік сөздерді, әсіресе өзгеріссіз қолданыста болып келе жатқан қоғамдық-саяси сөздер мен ғылыми-техникалық терминдерді қазақшалау мәселесі өзекті мәселелердің бірі ­болып келеді. Бұл мәселе жөнінде қазақ ғалымдарының көзқарастары әртүрлі. Біреулер жалпы кірме сөздерге балама табуды көздесе, енді біреулері тек орыс тілінен енген сөздерді ғана қазақшалау керек, ал орыс тілі арқылы енген, бірақ арғы тегі грек, латын, т.б. тілдерінің сөздері болып келетін­дерді қазақшалаудың еш қажеті жоқ деп есептейді. Өзгетілдік сөздер мәселесін сөз еткенде­ қоғамдық-саяси сөздер мен ғылыми-техникалық терминдердің аражігін ажыратып алу қажет. Себебі бұл екеуін жай тіл тұтушы тұрмақ маманданған тілші ға­лым­­дардың қайсыбірі шатастырып алып жатады. Қоғамдық-саяси лексика да сөздер. Дегенмен, олардың сөздік құрамдағы өзге сөздерден, әсіресе ғылыми-техникалық терминдерден ерекшелейтін өзіндік сапа-белгілері бар. Олар бір қарағанда терминдерге ұқсас болып көрінгенімен, олардан қолданылу пәрмені мен жалпыхалықтық сипаты өзгеше. Осыған байланысты оның сөздік құрамнан алатын орны мен қолданылу аясы, қолданылу ауқымы және қоғамдық-әлеуметтік қызметі де терминдерден ерекше. Терминдер де сөз. Алайда жалпыхалық­тық қолданыстағы өзге сөздерден өзіне тән белгілерімен олар да ерекшеленеді. Термин сөз деп белгілі бір ғылым мен оның салаларына және оның пәніне ғана қатысты сөздерді айтамыз. Бұндай сөздер өздеріне тиесілі ғылым түрінің ғалымдары мен мамандарының барлығына бірдей түсінікті, барлығына ортақ болып келеді, бірақ жалпы халыққа түсініксіз болады. Оларды жалпы халықтың білуі-білмеуі міндетті емес. Ал қоғамдық-саяси лексиканың терминдерге ұқсайтын жағы, көбінесе, өзге тілдерден дыбыстық-құрылымдық жақтан игерілмей, еш өзгеріссіз тілімізге енуінде жатыр. Өзгетілдік сөздер екенін олар­дың түр-тұрпаты аңғартып тұрады. Осы белгісі оны термин сөздерге ұқсатып-жақын­датып, кейбір адамдарды, тіпті қайсыбір тілші-ғалымдардың өзін де ­шатастырады. Әлбетте, қоғамдық-саяси сөздер де экономика, саясаттану, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, тарих сияқты, т.б. гуманитарлық бір ғылымға телініп, соларға тікелей қатысты ­термин сөздер ретінде қарастырылады. Бұл ретте олар шартты түрде ғана аталған ғылымдардың термин сөздері болып ­саналады. ­Сондай-ақ­ қоғамдық-саяси лексика белгілі бір саяси-әлеуметтік кезеңде, ­мысалы: кеңестік билік кезіндегі «колхоздастыру», «қызыл отау», «электірлендіру», «индустрияландыру», «қайта құру», ­«жеделдету», т.б. пайда болып, сол кезеңнің дәуірлеп тұрған шағында кең қолданылып, оның уақыты өтіп, бағы тайған шағында қолданыстан шығып қалуына орай, ­«тарихи сөздер (историзмдер)» деген атау алса, керісінше, жаңа заманның жаңа лебімен пайда­ ­болып ­жататындары «жаңа сөздер ­(неологизмдер)» деп танылады. Ал белгілі бір ғылыми-техникалық ұғымның атауы ретінде қалыптасқан терминдердің қолданылуы уақытпен шектелмейді. Енді қоғамдық-саяси сөздердің қолданылу аясы мен ауқымына келсек, бұл сөздерді тілді тұтынушылардың белгілі бір тобы ғана емес, қоғам мүшелерінің барлығы – өздерінің қажетіне және білім-біліктілік мүмкіншілігіне қарай күнделікті тұрмыс-тіршіліктің сан алуан­ саласында жаппай пайдаланады. Оның жалпыхалықтық тілдегі белсенді қолданысын қалыптастыратын және оның тілде орнығуына жағдай жасайтын салалардың ішіндегі ең негізгісі – бұқаралық ақпарат құралдары. Қоғамда болып жататын саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер мен жаңалықтар жаңа ұғым мен құбылыстардың немесе заттардың атаулары ретінде кез келген тілдің сөздік құрамына, көбінесе, мерзімді баспасөз, теледидар, радио тілі арқылы енеді. Өзгетілдік қоғамдық-саяси сөз­дердің осындай қолданыс аясы мен қол­даныс ауқымының кеңдігі, осыған орай, қолданысының аса белсенділігі оларды жат тілдік термин сөздерден түбегейлі ажыратады. Және олардың сол сапа-қасиеті тілді бүлдіруде терминдерден әлдеқайда күшті болып келеді. Сондықтан да Халел Досмұхамедұлының: «Біздің қазақ-қырғыздың ішінде Аурапа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурапа тілдері бізге орыс тілі арқылы жалғасады. Аурапа сөздерін алғанда түбін тексеріп, шамадан келгенше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек. Сөз франсоздікі болса, франсоздың айтуына, немістікі болса, немістің айтуына жақындатып алу керек. Көпке дейін Аурапа мен біздің арамызға орыс тілі дәнекер болды. Орыс­тар Аурапа сөздерін өзінше өзгертіп алды. Мұны үнемі ұмытпасқа керек. Аурапа сөздерін орыс арқылы алғанда өте сақтық керек» (Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы: Ана тілі, 1998. 151-бет), «Аурупа жұрты латын сөздерін термин қылып қолданғанда бұлжытпай алып отырған жоқ, әр сөзді әркім өз тіліне бейімдеп өзгертіп қолданып жүр, сөзді өзгерткенде әрқайсысы өз тілдерінің заңымен өзгертеді» (Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы, 1991. 95-бет) деп сонау заманда жат тілдік сөздердің сыр-сипаты мен тілге әкелер залалын дөп басып айтқан пікірі бүгінде де өз маңыздылығын жойған жоқ. Ал «Ұлы Октябрь революциясынан кейін орыс тілінен қазақ тіліне жаңа сөздер­дің ауысуына зор мүмкіндік туды. Ғылымның, мәдениетіміздің, экономи­камыздың дамуында орыс халқының рөлі қандай болса, қазақ тілі лексикасының баюында, дамуында орыс тілінің орны сондай еді. Әсіресе, қазақ тілінің терминология саласында орыс тілінің әсері зор болды. Жаңа ұғымдардың енуімен байланысты жаңа атаулар кірді: трамвай, аэроплан, мотор, машина, пороход, электр, общежитие, трагедия, пьеса, факультет, театр, группа, опера, выставка, устав, аренда, совет, конференция, капиталист, буржуазия, большевик, революция, ­либеральный, аппарат, палата, коммунист, комитет, программа, комиссия, т.б.» (Исаев С. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2008. 343-344-беттер) немесе «Біз кез келген шетелден енген сөзді аударуға әуес болмауымыз керек. Олардың жалғау-жұр­на­ғын қазақыландырайық» (Жүнісов С. Тіл мықты болу үшін мінез керек/«Қазақ әдебиеті» газеті, №18, 2014.) деген сияқ­ты ой-тұжырымдар кеңестік жүйе саясаты­нан (идеологиясынан) туындағаны даусыз. Алайда кеңестік саясаттың түпкі мақ­сатын түсініп, қазақ ұлтын орыстандыруға қарсы болғандар да болды. Солардың бірі – Мұхтар Әуезов еді. М.Әуезов барлық ұлы адамдар сияқты өзінің жасынан бұрын ерте есейді. Рухани тәуелсіздіктің негізі тіл екенін ерте түсініп, өзінің «жасқа жас» кезінің өзінде-ақ ана тілінің қамын жеп, оның болашағына алаң боп, «ойға кәрінің» сөзін айтты. Өз заманының тынысын, қазақ ұлтының тұрмысы мен тіршілігін, мәдениеті мен әдебиетін жан дүниесімен терең сезінген ол жиырма жасында, 1917 жылы, қазақ ғылымына көңіл бөліп, «Қайсысын қолданамыз» деген мақала жазса, 1918 жылы өзінің редакторлығымен Семейде шығып тұрған «Абай» журналының №7 санында «Ғылым тілі» атты мазмұнды да көлемді тағы бір мақала жариялап, сол кездегі қазақ зиялыларын ашық пікірталасқа шақырды. Кейін кеңестік тілдік саясат күшейіп, қазақ тілі мәселелерін қозғау мүмкін болмай қалды. И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі жылымықты пайдаланып, М.Әуезов қазақша ғылым тілі мәселесіне 33-34 жылдан соң қайта оралып, 1951 жылы жас кезіндегі қазақша ғылым тілі туралы айтқан ойын кеңейтіп жазған «Қазақ әдеби тілінің мәселелері» [Әуезов М. Қазақ әдеби тілінің кейбір мәселелері// Коммунист. 1951, №3, 40-41-беттер] деген мақаласында оны тағы да көтерді. Ол осы мақаласында қазақтың ғылым тіліне еш өзгеріссіз ендірілген кірме атаулардың емлесі (орфографиясы) туралы пікір айтады. Және академик-жазушының осы мақаласындағы ой-пікірлерінен қазақтың ғылым тілі туралы өзінің алғаш қалам тартқан уақыттан бері тілімізге еш шектеусіз мейлінше еніп жатқан жат сөздердің оған қалай әсер етіп жатқанын сезінгендіктен туындаған «қазақ тілінің болашағы қалай болар екен» деген алаңдаушылықты айқын аңғарамыз. Ешқандай даусыз, өзге тілдік ­термин сөздерге, термин сөздерге ұқсас келетін қоғамдық-саяси сөздерге қазақша атау беру қажет-ақ. Бірақ, көбінесе, қазіргі термин жасаушылар қазақ тілінде бұрыннан бар сөздерге түрлі қосымшалар жалғап (мазь – жағылма, пломба – бітем т.б.), жаңа сөз деп ұсынып жүр. Бұндай сөзжасам тілімізде бағзы заманнан бері келе жатыр, әлі де осы әдіс-тәсілдер арқылы қазақ тілі сөздік құрамы үздіксіз байи беретіні даусыз. Солай десек те, әр ұлттың бөтен тілдік сөздерді дыбыстық, құрылымдық жағынан игеріп, өз тілінің байлығына айналдыруы да көнеден келе жатыр. Тіпті бұл – жаңа ұғымға, затқа, құбылысқа атау берудің ең оңтайлы да оңай жолы. Алайда бұлай етуге қазіргі қазақ тілінде зор кедергі бар. Осы күнге дейін қазақша баламасы табылмай жүрген немесе табылса да, жалпы жұрт жатырқап қабылдамаған, онша сіңісті бола қоймаған сөздердің әуелгі қалпының дыбысталуын қазақшалап айтып-жазуға қоғамдық-саяси, психологиялық кедергілерді айтпағанның өзінде, тілдік жүйеміздің өзінде үлкен кедергі бар. Ол – кезінде кеңестік жүйенің орыстандыру саясаты негізінде жасалған қазақ тілі әліпбиі (алфавит) мен емле (графика) ережелері болып отыр. Себебі қазіргі әліпбиде орыс сөздері мен орыстанған латын, грек, т.б тілдердің термин сөздерін сол қалпында айтып-жазуға мәжбүрлейтін бөтен дыбыс­тар мен солардың әріптері, бұған қоса олардың қазақ тілі табиғатына жат бір-бірімен тіркесімі бар. Осылар қазақша баламасы табылмаған термин сөздерді қазақшалап айтып-жазуға кедергі болып жүр. Сондықтан да қазақ әліпбиі орыс тіліне тән дыбыс-әріптерден бүгін-ертең толықтай (латыншаланған жаңа әліпбиімізде в, ф, х, ч дыбыстарының әрпі қалып қойып отыр) құтылмайынша, бөтен тілдік термин сөздерді қазақшалап игеру өте қиын. Қазір қазақша атауы табылмай, қазақ тілінің лексикалық құрамына кіре алмай (олар кірме сөз бола алмайды, өйткені кірме сөздер болуы үшін дыбысталуы қазақша болуы керек) жүрген бүкіл термин сөздерді қазақ тілінің төл дыбыстарымен жазып-айтуға тарихи мүмкіншілік туып отыр. Ол – қазіргі орыс-қазақ әліпбиін латыншаға көшіріп, төл әліпбиімізді құру екенін біраз ғалымдар айтып жүр. Қазақ тілінің латынша төл әліпбиін құрып алған соң, оның табиғатында жоқ, орыс тілінен және сол арқылы «халықаралық сөз» деген желеумен орысшаланып ­енген терминдерді жаңа әліпбимен ­жазып, қазақ сөзіне айналдыра аламыз. Сөйтіп, олардың қазақ тіліне бейімделмей ­толассыз енуіне тосқауыл қоюға болады. Егер осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай, жаңа әліпбиді орыс тілі дыбыс-әріптерінен тазаламай құрастырсақ, ісіміздің бәрі бекер.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет