3. Әлеуметтік бақылау девиантты мінез-құлықты реттеу механизмі ретінде. Адам баласының мінез-құлқы айналысындағы адамдардың тұрмыс қалпы, іс-әрекеті, қылықтарының көрінісі болып табылады. Өйткені қоғамда өмір сүрген индивид қай уақытта болса да физикалық немесе ойша басқа адамдармен қатынаста болады. Міне, сондықтан да жеке мінез-құлық қоршаған ортамен байланысты болып, әлеуметтік сипатта болады. Әлеуметтік мінез-құлық - адамның қоғам, қоршаған адамдарға, табиғатқа қатысты іс-әрекеті. Сол адамдар арасындағы қатынас уақыт пен кеңістік аралығында күрделі және көп қырлы болып келеді.
Өзінің сипаты жағынан әлеуметтік мінез-құлық альтуристік (өз мүддесінен басқаның мүддесін жоғары қою), эгоистік, заңға бағынушылық пен заңды мойындамау, мұқият пен мұқиятсыздық т.б. болуы мүмкін. Ол қоғамдық және жеке тұлғалық көптеген фактілермен анықталады. Төмендегі таблицадан біз адамдардың қоғамдағы мінез-құлқын анықтайтын негізгі факторларды көре аламыз. Таблицадан көріп отырғанымыздай қоғамдық факторларға қоғамда қалыптасқан салт-дәстүр, әлеуметтік құндылықтар мен ережелерді, әлеуметтік элитаның мінез-құлқын (еліктеуге болатын үлгі ретінде), қоғамда қалыптасқан жағымды және жағымсыз мінез-құлық қалыптасуының жағдайларын (айталық, салық көлемінің шектен тыс өсуі оған қарсы жаппай қарсылықты тудырады, әлсіз әлеуметтік бақылау мен тәртіп бұзушылықтың жазаланбауы - бұзақылықтың өсуіне әкеледі және т.б.) жатқызуға болады.
Жеке факторлар - бұл индивидің жүріс-тұрысынан көрінетін мінез-құлық. Олардың ішінен алтауын бөліп көрсетуге болады.
1) Адам туа біткен инстинкті, психикасы, темпераменті. Ежелгі грек дәрегері, «медицинаның атасы» Гиппократ (б.з.д. 460-377/356) темпераменттің сангвиник, холерик, флегматик және мелонхоликтік 4 түрін анықтады.
2) Индивидтің өмірлік мақсаты мен мүддесі, құндылықты бағыты мен әдеті. 3) Референттік топтың типі, мінез-құлықтын үлгісі ретінде индивидтің өзі таңдаған өлшемі (айталық, космонавт, әртіс, саясаткер).
4) Өзіне тән қайталанбас ерекшелігі, құрғақ еліктеуден аулақ болып, өзімен-өзі бола алуы.
5) Индивидтің өзіне-өзі бола бере алуы, қадағалауы, өз мінез-құлқындағы жағымсыз қылықтарды тізгіндеп ұстай білуі.
6) Қоғамда өмір сүре білуі, адамдармен тіл табыса білуі:
• әлеуметтік ережелер мен басты қағидаларға бағынуы;
• басқаның еркіндігіне нұқсан келтірмей, өз іс-әрекетін еркін ұйымдастыра білуі;
• басқа адамдар ойындағы артықшылықты көре білуі және оны сыйлап, мойындауы; «өзіңе не тілесең, өзгеге де соны тіле» деген «алтын қағиданы» ұстана білуі.
Кемшіліксіз адам жоқ. Міне, сондықтан да адамдардың әлеуметтік мінез-құлқында ауытқушылықтар орын алады. Бұл мәселе әлеуметтанудың девианттық мінез-құлық ұғымымен байланысты.