Дәріс 1. Мәдениет морфологиясы.
1. Мәдениет түсінігінің қалыптасу тарихы: мәдениеттің мәнін және қызметін анықтау ыңғайларының көптүрлілігі.
2. Материалдық және рухани мәдениет.
3. Мәдениет және өркениет.
1. Мәдениет» |культура| сөзi – әрбiр адамның сөздік қорында кездеседi, бiрақ та бұл сөзге сан-қилы мән-мағына берiледi. Мәдениет бiрде рухани өмiр құндылығы ретiнде түсiндiрiлсе, кейде ол өнер, әдебиет құбылыстарына жатқызылады, сондай-ақ мәдениеттi шаруашылық мiндеттердi шешуге қатысты идеология ретiнде қарастыратын дәстүрлерде бар. Мәдени құбылыстарды көптеген нақты ғылымдар – археология, этнография, тарих, социология, сондай-ақ, сананың түрлi формаларын қарастыратын философия, өнер, эстетика, дiн, мораль және т.б. зерттеген түсiнiктер бар.
Мәдениет (культура) терминi қоғамдық және гуманитарлық пәндердiң категориальдық аппаратына ене отырып, онда химиядағы – зат, физикадағы күш, биологиядағы – организм секiлдi маңызды роль атқарады. Жалпы мәдениет күнделiктi жай ғана баға беруден бастап, ұқыптылық, сапалылық, орындылық, шеберлiк түрiнде көрiнедi. Көп жағдайда мәдениеттiлiк қала өмiрiне, сауаттылыққа, рухани сұранымға, ғылым жетiстiгiне де қатысты түсiнiктемеде ұғындырылады.
Мәдениет – бұл, ғалымдардың айтуынша, осыдан 40 мың жылдай уақыт бұрын қалыптасып дамыған «Саналы адам» (Ноmo sapiens) өмірімен бірге біте қайнасып келе жатқан ең ежелгі құбылыстардың бірі. Әлемдік мәдениет алғашқы қауымдық құрылыстан бастау алады. Осы кезеңде, яғни осыдан 40 мың жылдай бұрын биологиялық эволюцияның күрделенуі мен түрлерінің өзгеруі нәтижесінде «Саналы адам» (Ноmo sapiens) қалыптаса бастады. Олардың өздеріне ғана тән. мінез-құлықтары мен өмір сүру ережелері мен дәстүршілдік қасиеттері қалыптасты. Ол өз кезегінде адамдардың мінез-құлықтарын, мәдениетін де айқындай бастады. «Ноmo sapiens»-ке тән алғашқы белгілердің бірі «екінші табиғатты жасау» мен мәдени құндылықтар жасай алу қабілеттерінің пайда болуы. Әдетте, мәдениетке адамның ықпалымен, оның қолымен жасалынған нәрселердің барлығы да жатқызылады. Адамға тән осындай жасампаздық, әрине, материалдық және рухани тұрғыда болады, сондықтан да мәдениет о бастан-ақ жасалуына орай: материалдық және рухани болып екіге бөлінеді.
«
5
5
Мәдениет» (культура) терминi латынның «cultura» сөзiнен келiп шыққан, топырақты өңдеу, культивация жасау деген ұғымды бiлдiредi. Гректер культура ұғымын «пайдея» - бала жетектеуші, білім беруші, ал римдіктер тәрбиеші, ұстаз мағынасында қолданған, араб тілінде «маданият» - қала деген мағынаны білдірді. Мәдениет ұғымы және оның мәні туралы ерте дәуірден бастап-ақ философтардың еңбектерінде көзқарастар қалыптасқан. Б.з.д. 45 жылы рим философы М.Цицерон «Тускулан әңгімелері» шығармасында мәдениет дегеніміз адам жанын рухани жетілдіру деп түсіндірген. «Мәдениет» түсінігінде адам өмірінің шығармашылық қызметі мен оның биологиялық формасының арасындағы айырмашылық жатады.
Мәдениет жайлы түсініктердің тарихи қалыптасып дамуына, оларды ғылым саласы ретінде жүйелеп саралауға неміс оқымыстылары көп еңбек сіңірді. Алайда, олардың мәдениеттануды жеке ғылым саласы етіп жасауға ұмтылғандарымен, алғашқыда оның зерттеу саласы тек қана дін болып қалды. Ал мәдениеттану өзінің дербес зерттеу объектісі бар бүгінгі кейпінде ХХғ ғана пайда болды.
Мәдениеттану ғылымының қалыптасуына американдық ғалым Л.Уайт (1900-1975) өзінің «Мәдениет жайлы ғылым» (1949) атты кітабы арқылы көп еңбек сіңірді. Оның еңбегі мәдениеттің зерттеу пәнін анықтауда өте зор. Ол өзінің осы танымал еңбегінде мәдениеттанудың зерттеу объектілерін топтастыра келіп, үш жүйені бөліп көрсетеді. Олар: технологиялық, әлеуметтік және идеологиялық жүйелер. Оның біріншісі өндіріс құралдарын қамтып, адам мен табиғаттың өзара қатысын реттеуге бағытталған. Екіншісі адамдар арасындағы – экономикалық, адамгершіліктік, саяси қатынастарды құрайды. Үшінші жүйенің мазмұны идеялар, наным-сенімдер, аңыз-әпсаналар және білімдерден тұрады. Бұл жүйелердің ішіндегі бастысы ретінде алғашқы жүйені атап өтеді.
2. Материалдық және рухани мәдениет. Материалдық мәдениет бұл адамдардың материалдық өндірісінің, қызметінің нәтижелерін: өндіріс пен тұрғын үйді, тұрмыста тұтынатын заттарын, киім, көлік, байланыс құралдары мен дене тәрбиесін және т.б. қамтиды, қысқаша айтқанда, адамның қолымен жасалынған өзін қоршаған заттық ортасы.
Материалдық мәдениетке еңбек пен материалдық өндіріс мәдениеттері, тұрмыс мәдениеті, тұрғылықты мекен-жайдың, ауыл, қала мәдениеттері, адамның өзінің кескін-келбеті мен сымбатына деген қарым-қатынас мәдениеті де жатады
Рухани мәдениет – философия, құқық, этика, эстетика, ғылым, білім, әдебиет, діни-мифологиялық сенімдерді, яғни адамдардың рухани дүниесін қамтитын сананы қарастыратын таным, адамгершілік, тәрбие беру және білім алуды қамтиды. Рухани мәдениет ол көп салалы болып келеді де философиялық, адамгершілік, көркемдік, құқықтық, педагогикалық, діни-танымдық және интеллектуалдық мәдениеттерді қамтиды.
Мәдениеттің құрылымы: мәдени түрлердің саналуандығы және мәдени құрылымның күрделілігі. Адамның жасаған әрекеті алдымен ойда, рухта пайда болады, тек содан кейін ғана белгілер мен нәрселерде көрініс табады.
Достарыңызбен бөлісу: |