Дегидрохол қышқылы – Asidum dechirdocholicum. Ақ түстi, иiссiз, ащы дәмi бар кристалды ұнтақ. Суда ерiмейдi, спиртте оңай еридi. Таблетка түрiнде 0,25 грамнан щығарылады. Ішке және вена тамыры арқылы холангиттерде, бауыр жұмысының нашарлауы салдарынан жүрек жұмысының бұзылуынан болған iсiнулерде, вена қан тамырларының iркiлiстерi мен өкпенiң домбығуларында қолданылады.
Ішке бергендегi мөлшерi: жылқы мен iрi қара малға 3,0-6,0 г, шошқаға 2,0-4,0 г, иттерге 0,6-2,0 г. Дегидрохол қышқылының натрийлi тұзы дехолин- decholinum деген атпен шығарылады. Ол ұнтақ немесе 20 % ерiтiндi түрiнде 5 және 10 мл-ден ампулаларда шығарылуы мүмкiн. Әсерi дегидрохол қышқылына ұқсас. Ішке және күре тамыры арқылы еккендегi мөлшерi: жылқы мен iрi қара малға 2,0-5,0 г; иттерге 0,25-1,0 г.
Холензим – Cholenynum. Ірi қара малдың өтi, ұйқы безi және iшектерiнiң ферменттерiнен жасалған препарат. Домалақ дәрiлер (драже) түрiнде шығарылады. Медицинада гепатит, холецистит, гастрит және энтериттер кезiнде қолданылады.
Аллахол - Allocholum. Құрғатылған өттің (0,08), белсендiрiлген көмiрдiң (0,025), сарымсақ экстрактiсiнiң (0,04) және қалакайдың құрға экстрактiсiнiң қоспасы. Таблетка түрiнде 03 граммнан шығарылады. Аллахол ас қорытылу жүйесiнiң секреторлық және моторлық, қызметiн жақсартып, ондағы ашу және шiру құбылыстарын бәсеңдетеді. Бауыр мен өт жолдарының жiтi және созылмалы ауруларында, тимпания, атоция және ацидотимпациялық жағдайларда қолданылады. Ішке бергендегi мөлшерi: бұзауларға 0,9-1,2 г, иттерге 0,6-0,9 г.
Холосас - Cholosasum. Итмұрын жемiсiнiң экстрактiсi. Қара- қошқыл түстi қоймалжың сұйықтық. Емдiк мақсаттармен бауырдың әртүрлi ауруларында қолданылады.
Жүгерi шашақтары – Stiqmata maydis. Жүгерiнiң шашақтары оның дәндерi сүттеп жетiлген кезінде, қатып пісіп кеткенге дейін жиналады. Өт айдағыш және несеп айдағыш зат ретiнде қайнатпа және сұйық экстрактiлер түрінде қолданылады.
Шай шөптiң гүлдерi-Froles Helichysi. Күрделi гүлдер тұқымдасна жататын көп жылдық шөптесін өсiмдiк.Құрамында гликозидтер, эфир майлары, органикалық қышқылдар, С витаминi және басқа да заттар бар. Гепатитте,холециститте, бүйрек, iшек және қарынның қабынуларында қолданады. Қайнатпа дәрi түріне қолданылады. Ішке бергендегі мөлшері: ірі қара малға 15,0-40,0 г,шошқаға 3,0-6,0 г, итке 0,5-1,0 г.
Өт айдағыш, өт түзгіш және бауыр жұмысын жақсартатын препараттар ретінде холагогум, холагол, кливафлавин,танацехол,хенолиол, Лив-52, лиобил т.б. қолданылады
Достарыңызбен бөлісу: |