Меркантилизм – Ең алғаш экономикалық ілім XVIXVII ғасырларда меркантилизм мектебі болды (итальян сөзі «мерканте» - саудагерлер көпес, сауда, пайда). Бұл ілімнің негізінде қоғам байлығының қайнар көзі материялдық өндіріс емес, тауар ақша қатынастарында болды. Бұл ілімнің көрнекті өкілдері: Антуан де Монкретьен, ағылшын экономисі Томас Мэн (1571-1641), Уильям Стаффорд (1554-1612), француз экономисі Жан Батист Кольбер (1619-1683), орыс экономисі Иван Посошков (1652-1726) табылады.
Меркантилистер экономикалық теорияның ғылым болып қалыптасуына айтарлықтай өз үлестерін қосты. Сонымен, меркантилизм – бұл байлықтың сыртқы сауда нәтижесінде жасалатынын түсіндіретін және айналыс аясын зерттейтін экономикалық теорияның бір бағыты.
Демек меркантелистер тек сауда капиталының мүддесін қорғады. Сондықтан халық шаруашылығын толық қамтитын ілімге айнала алмады. Бірақ сауда қоғам байлығын, адамдардың әл-ауқатын көтеретін күш емес. Оның себебі айналыс сферасында тек қана құн формасы ауысып тұрады, жаңадан құн жасалмайды. Меркантелистердің осы осалдығын экономикалық теорияның ғылым ретінде дамуындағы екінші бағыт – физиократтар мектебінің өкілдері байқады да қоғамдық байлық өндірісте пайда болатындығын дәлелдеді. Бірақ олар өндірістін ішінде өнімдісі ауылшаруашылығы деп түсінді.Физиократтардың өндіріске көңіл бөлуі үлкен жаңалық болды.
Бұл мектептің негізін салушылар болып француз ғалымдары Франсуа Кенэ (1694-1774) мен Анн Роберт Жак Тюрго (1727-1781) болды.
Өндіріс ретінде олар ауыл шаруашылығы саласын ғана жақтады, яғни ауыл шаруашылығындағы жұмысшылардың еңбегі арқылы ұлттық табыс жасалады, ал жер табиғаттың берген сыйы, олай болса, жерден алынған өнім ғана қосымша пайданы арттыра алады деп дәріптеді. Бұл жерде ауыл шаруашылығынан басқа экономиканың салалары (өнеркәсіп, сауда, т.б.) «өнімсіз» деп саналды. Физиократтардың жеткен жетістігі болып олардың алғаш рет ұлттық экономика шеңберінде (әсіресе, Кенэнің Францияның ұлттық шаруашылығын зерттеуі) ұдайы өндіріс үдерістерін зерттеуі табылады. Сонымен, физиократизм – бұл пайда табудың жолы ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласында қалыптасатынын және өндіріс аясын зерттейтін экономикалық теорияның бір бағыты.
Экономикалық теорияның келесі бағыты – классикалық саяси экономия. Оның өкілдері қоғам байлығы жалпы өндірісте пайда болатындығын өздерінің еңбектерінде айқын көрсетті. Бұл бағыттың негізгі өкілдері: ағылшын экономистері Уильям Петти (1623-1687), Адам Смит (1723-1790), Давид Рикардо (1772-1823), Джон Стюарт Милль (1806-1873), француз экономисі Жан Батист Сэй (1762-1832) қосты.
Классикалық саяси экономияның басты табысы еңбек құн теориясының негізін қалады. Осы ой пікірдің қалыптасуы өндірістін қоғамдағы ерекше рөлін атап көрсеткен ғылыми қағида болғаны белгілі. Еңбек құн теориясын маркстік саяси экономия ілгері дамытып, қосымша құн туралы ілімді жан-жақты дамытты.
Экономикалық теорияны ең ашық идеологияландырған марксистер болды. Басты өкілдері неміс экономистері Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельс (1820-1895) еңбек құнының теориясы негізінде классиктердің тұжырымдамаларын жалғастырып нарықты шаруашылықты тереңірек зерттеді.Олар өздерінің теориялық көзқарастарында жұмысшылар табының мүдделерін ашық қорғады. Сондықтан олардың экономикалық ғылымын жұмысшы табының саяси экономикасы деп атайды. Олардың теориясының басты жорамалы– өндіріс құралдарына қоғамдық меншік пен жұмысшылар мүддесі негізінде барлық экономикаға орталықтандырылған жоспарлау басшылығын орнату болатын. К. Маркс экономикалық теорияға мынадай жаңалықтарды алып келді: қоғамдық-экономикалық формация, ұдайы өндіріс, экономиканың циклдік дамуы, жалдамалы жұмысшылардың еңбегі, рента теориясы, социализм, тауарға сіңген еңбектің екі жақтылығы, т.б. Бұл бағыт XIXғ. алғашқы жартысында қалыптасып, XX ғ. алғашқы ширегінде Лениннің еңбектерінде дамыды.
Маркстік теорияға қарама-қарсы бағыт XIX ғ. 70жылдарында дүниеге келген Маржинализм болды. Бұл бағыттың негізін қалаушылар: Карл Менгер (1840-1921), Евгений Бем-Баверк (1851-1914), Фридрих Визер (1851-1926), Леон Вальрас (1834-1910), Вильфредо Парето (1848-1923), Август Фридрих фон Хайек (1899-1992), Людвиг фон Мизес (1891-1973) болды. Олар экономика ғылымының мақсаты шектеулі ресурстарды бөлудің тиімді әдістері мен шаруашылықты ұтымды жүргізудің әдістерін іздестіруде деп таныды. Осы ғалымдардың еңбектерінде «шекті пайдалылық» теориясының негізгі қағидалары қалыптасты. Бұлар құндылық, баға, айырбас, шығын, сұраныс және ұсыныс туралы көзқарастары арқылы экономикалық ғылымға төңкеріс алып келді. Маржиналистер экономикалық талдаудың негізіне экономикалық субъектілердің шаруашылық қатынастарын зерттеуде субъективтік бағалаулардың теориясын енгізді.
Маржинализм өкілдері «саяси экономия» ұғымының орнына «экономикс» ұғымын енгізді. Сонымен қатар шекті өнім, шекті пайдалылық, шекті шығын, шекті табыстар ұғымдарын пайдаланып экономикалық құбылыстарды түсіндірді. Маржинализм экономико-математикалық тәсілдер мен үлгілерді кең қолданады
Қазіргі заманғы экономикалық ғылым негізгі екі бағытта жүреді: неоклассикалық және кейнсиандық. Бірінші бағыт ХІХ ғасырдың 70-жылдарында пайда болды. Бұл бағыттың негізін салушылар ағылшын экономисі Альфред Маршалл (1842-1924) мен Артур Пигу (1877-1959) болды. Бұл бағыт негізінде экономикалық теория шектеулі ресурстарды тиімді пайдалану ғылымы ретінде қарастырылады. Маршаллдың басты назарында тұтынушылар мен өндірушілер өздерінің әл-ауқаттылық дәрежелерін қалайша арттыратындығы туралы мәселелерді талдау жағдайы тұрды. Оның ойынша, әл-ауқаттылықты максималдау тек еркін бәсекелестік жағдайында ғана болуы мүмкін және осы тұрғыда ғана нарық тепе-теңдікке келе алады.
Неоклассиктердің жасаған негізгі талдау құралдары, бүгінде әлемдік экономикалық ғылымның «алтын қорына» жатады. Ол талдау құралдары мыналар болып табылады: шекті талдау, сұраныс икемділігі, нарықтардың өзара тәуелділігі, уақыт факторын ескеру арқылы қысқа және ұзақ мерзімдер арасындағы айырмашылықты көрсету, фирма теориясындағы өндіріс ауқымы тиімділігін талдау, т.б. Неоклассиктердің еркін бәсекелестікті жақтауы және мемлекеттің рөлін бағаламауы (ол тек «түнгі күзетші» қызметін атқарады) тұрғысынан экономикалық теория ХХ-ғасырдың соңына дейін бірнеше онжылдықтар бойы микроэкономикалық талдау шеңберінде дамып келді.
Неоклассикалық доктрина ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін кең тарады, бірақ оны экономикалық ағым кейнсиандық «ығыстырып» шығарды. Бұл бағыттың негізін қалаушы, ағылшынның көрнекті ғалым-экономисі Джон Мейнард Кейнс (1883-1946) болды. Кейнс өзінің 1936 жылы шыққан «Жұмыспен қамтудың, ақшаның және пайыздың жалпы теориясы» деген басты еңбегінде экономикалық мәселелерді реттеудің макроэкономикалық негіздерін жасай отырып, микроэкономикалық талдау шеңберінде шешіле алмайтын көптеген сұрақтарға жауап бере алды. Осы теория негізінде экономикалық екінші құрамдас бөлігі – макроэкономика қалыптасты. Кейнстің бұл еңбегі оны және оның теориясын әйгілі етті.
Кейнс неоклассикалық ілімнің негізгі қағидаларынан бас тарта отырып нарық өзін-өзін реттей алмайтын тетік екенін дәлелдеді. Мұндағы Кейнстің басты идеясы болып экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі табылады. Өйткені, таза нарық жағдайында экономиканың күрделі мәселелері, атап айтсақ, жұмыссыздық, инфляция, экономиканың кезеңдік ауытқуы, әлеуметтік қамсыздандыру, халықтың әл-ауқаттылығын жақсарту сияқты күрделі мәселелер өздігінен шешілуі мүмкін емес, осыларды реттеу үшін мемлекет нарыққа міндетті түрде араласады. Кейнс ең алдымен, экономиканың қозғаушы күші деп ұсынысты емес, сұранысты бірінші орынға қояды, олай болса, ол жиынтық сұранысты көтеру және қолдау үшін мемлекеттің бюджет-салық және ақша-несие саясаттарын жүргізуді ұсынды. Кейнстің макроэкономикалық теориясын Элвин Хансен, Пол Самуэльсон, Джон Хикс, Евсей Домар және Рой Харрод сияқты ғалымдар әріқарай дамытып неокейнстік бағыттың негізін қалады.
1929-1933 жылдардағы Ұлы депрессиядан кейін, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге рынок қабілетті емес екенін,әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілуін мемлекеттік реттеу қажет екенін көрсетті. Неоклассиктер мен кейнсиандықтардың арасындағы айтыстағы түйінді мәселе- мемлекеттің экономикадағы рөлі болды. Неоклассикалық бағытты қолдаушылар экономиканы тиімді дамыту үшін, экономикаға мемлекеттің араласуы шектелуі тиісті деп есептеді. Кейнсиандықтар керісінше, нарық экономикасынын мемлекеттің бақылауымен және макрореттеудің белсенді көмегімен дамытуға болады деп есептеді.
Сонымен қатар әлеуметтік мәселелерді шешуде институционалды-әлеуметтік бағыт қалыптасты. Бұл теорияның негізгі өкілдері: американдық экономистер Торстейн Веблен (1857-1929), Джон Коммонс (1862-1938), Уэсли Митчелл (1874-1948), Джон Гэлбрейт (1908 жылы туылған). Бұл теорияға сәкес экономикалық даму сипаты тек рыноктың өзі ғана емес, тұтас экономикалық институттардың жүйесі. Сонымен, институционализм – бұл адамдардың экономикалықтан басқа, әлеуметтік, мәдени, саяси, адамгершіліктік, құқықтық құндылықтарын зерттейтін ерекше бағыт.
Институционализм теориясынан негізгі екі бағыт тарайды: неоинституционализм және қоғамдық таңдау теориясы.
Неоинституционализм бағыты меншік құқығының экономика-лық теориясы деп аталады. Негізін салушы болып американдық экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Рональд Коуз (1911 жылы туылған) табылады. Бұл бағыт трансакциондық шығындар теориясына аса мән бере отырып, нарықтық қатынастарды дамытудағы меншік құқығының жаңа рөлін қалыптастырды және өндірісті нарықтық тұрғыдан тиімді үйлестірудің шығындарын анықтауды алға тартты.
Қоғамдық таңдау теориясы экономикалық және саяси құбылыстардың өзара байланысын зерттейді. Американдық экономистер, Нобель сыйлығының лауреаттары Джеймс Бьюкенен (1919 жылы туылған) мен Кэннет Эрроу (1921 жылы туылған) осы теорияның негізін қалаушылар болып табылады. Қоғамдық таңдау теориясы саясат қызметін экономикалық талдауды ұсынады. Саясат саласы ерекше нарық қарастырылады, бұл жерде саясат басындағы қоғамдық лауазымды тұлғалар жеке индивидтер мен фирмалар сияқты өздерінің жеке пайдасын басшылыққа ала отырып маңызды шешімдер қабылдайды. Сонымен қатар, атқарушы және заң шығарушы билік органдары басқару шешімдерін қабылдай отырып әл-ауқаттылықты арттыруға тырысады.
Соңында, экономикалық ғылымның әртүрлі бағыттары мен ілімдеріне және олардың ерекшеліктеріне қарай отырып, біз қазіргі экономикалық теорияның жай ғана заңдар мен нормалардың қалыптасқан жиыны емес екенін, оның әртүрлі экономикалық жүйелерді зерттеуде туындайтын сұрақтарға жауап бере алатын танып білудің икемді және үнемі жетілдіріліп отыратын құралы ретінде түсіне аламыз.
Сонымен, экономикалық теория пәні - бұл адамдардың шексіз қажеттілігін барынша қанағаттандыру үшін материалдық игіліктерді өндіруде қолданылатын шектеулі ресурстарды тиімді пайдалануды зерттеу.
Қазіргі экономикалық теория пәнінің негізгі мақсаты-болашақ мамандарды қоғам өміріндегі экономикалық проблемалармен терең таныстырып, егеменді мемлекетіміздің экономикалық саясатын құру мен оны жүзеге асыруға белсене қатынасу қабілеттілігін дамыту.
Экономикалық теорияның пәні болып нарықтық қатынастарды талдау болып табылады.
Қазіргі кезеңде "экономика" термині үш негізгі мағынамен анықталады (кесте 2).
Кесте 2 Экономика ұғымының негізгі мағынасы
Экономика - бұл
адамдардың шаруашылық іс-әрекетімен және өндіріспен байланысты қоғамдық қатынастар жиынтығы.
жеке шаруашылық немесе өндірістік жүйе (жеке қаланың, облыстың, аймақтың, мемлекеттің немесе мемлекет топтарының экономикасы).
қоғамның шаруашылық өмірінің белгілі бір саласын зерттейтін ғылыми және оқыту пәні.