Ф 04 -01 Қазақстан республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі


«Ақбілек» романының жазылу хақында



бет7/9
Дата21.03.2023
өлшемі151,82 Kb.
#75639
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романы[1] (1) (1) (копия) (копия)

2.2 «Ақбілек» романының жазылу хақында 


Жоғарыда аталған кісілердің деректерімен да санасу керек сияқты. Ол кісілердің айтуынша Жүсіпбек Алтайға ақын Иса Байқазов пен бірге барған. Бірақ екеуі екі бөлініп, Жүсіпбек Үкіртайдың Зейнолласымен бірге кеткенде Иса ақын өз жолын ары қарай жалғап кеткен. Романның басындағы Алтай көріністерін «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар. Алтай, Күршім — не заманнан калың найман мекені. Сол Алтай мен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған — ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі — алты ай жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны. Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба емізіктеп, қою, салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі кымыз шара-шара шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды, аузы қобыз гуілдейді, мас болады, жас болады: жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүсірлетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс, асыр салып жатқаны» деп асқар Алтайдың ғажайып келбетін таң қала жазушы Ж.Аймауытов суреттейді. Ал Иса ақын болса: Марқаның көлі туралы:
Қайнаған етегінде қарт Марқакөл
Биіктен бетін сүйіп құлайды жел. 
Құбылтып судың бетін, толқындырып, 
Жарқырап жайқын Марқа тулайды сол, – деп жырға
қосады. Аңғарып қараған кісіге екі ұлы тұлғаның әдемі жарастығы айқын сезіледі. Мұндай деректердің Ж.Аймауытов шығармашылығын зерттегендер үшін бағалы екені рас. Әйткенмен қай зерттеуші қандай деректі қолданам десе өз еркі.
Жоғарыда айтылған деректер «Ақбілек» романының жазылу хақында зерттеушілердің аз – маз пікірлерін айттық. Енді романдағы кейіпкерлер турасында тоқталсақ.
Жазушы Ж.Аймауытов романның басында Алтай суреттерін қара сөзбен ақ өлең үлгісінде көркем суреттейді. Мұндай суретті Жүсіпбектен асып жырлаған әлі ешкім жоқ. Асқар Алтайдың мөлдіреген сұлу суретін сөзбен жасаған жазушының хас шеберлігін кезінде замандасы Б.Майлин де өте жоғары бағалап, «Мұндай суреткерді бұрын – соңды көрген емеспін» деп қара қылды қақ жара әділін айтады. Романға алтын арқау болған қазақтың бір қызының өмірі сол тұстағы қазақ халқының басындағы ауыр жағдай болды. Жазушы Ж.Аймауытұлы қазақ қоғамындағы әлеуметтік революциялар тұсындағы ахуалды, ел басына туған ауыр сәттерді Ақбілек бейнесін алға тарта отырып шынайы шындықты бейнелеп береді. Осы бір аласапыран кезде қоғамдық тенденциялардың алмасуы елдегі болып жатқан құбылыстарды тым шиеленістіріп, мұндағы жұртшылықтың еркінен тыс әрекеттер көбейеді. Патша өкіметінің қирай жеңіліп, жөңкіле қашқан офицер – солдаттары жолындағы момын да аңғал қазақ халқын жусатып кетеді. Текке ғана жусатып емес, асылын арамдап, жасығының бағы асып, қазақтар үшін аса қасиет саналатын, ұрпақ тәрбиесіндегі құндылық қыз абыройын аяқасты етіп, жүрекке жара, сүйекке таңба салып, елді күрсіндіріп өтеді. Романдағы адамдық мұрат пен міндет төңірегінде кейіпкердің монологтары жандүниелерін ашу үшін, шығармадағы орнын көрсету үшін шебер қолданылады. Романның соңғы бөлімінде әуелде кездескен бейнелердің іс – әрекеттерінің жемісі, нәтижесі көрініп біршама есейіп, өмірлік көзқарастары өзгере, нақты өмірге бейімделген қалпында кездеседі. Романның төртінші бөліміндегі Ақбілек пен Кәмиланың әңгімесі, Ақбала – Ақбілек – Балташ линиялары, күнделік жазбалары арқылы өткен өмірді салыстыра отырып, жаңа өмірдің шуағын оқырман алдына жайып салады. Бұл жайлар романға ешқандай кері әсер бермей, қайта шындық өмірдің бейнесі ретінде оқырманға жақсы әсер қалдырады. Романдағы кейіпкерлер екі дәуір арасындағы құбылмалы кезеңде уақыт талаптарына лайық іс – әрекет жасайды. Романда автор Ақбілекті өтпелі кезеңдегі тағдыр талқысына сала отырып, туған ауылынан қорлық пен мазақ, өсек-аяңнан, қара мұрт алдында бейшаралығын білдірмей, жаңарған, білімге кенеліп санасы ояна бастаған қала қоғамында пісіп жетіліп бақытын табуы – советтік кезең талабы, әйелдер теңдігін нақтылы суреттеу мұраты болатын [10,138].
Романда кейіпкер монологтары арқылы жазушы шығармадағы Мұқаш, қара мұрт офицер, Бекболат бейнелерін нанымды суреттейді. Бекболаттың монологы арқылы оның қандай адам екенін суреттейді. Бойында өнері бар, ауылдағы сылқым-сері жігіттердің қатарында екенін, Мамырбайдың Ақбілегіне ғашық екенін айтады. Алайда, ескі көзқарастың адамы екендігі кейбір қылықтарынан әшкере болып, сүйгенін өсек-аяң мен басына түскен тағдыр талқысына амалсыз көнген бейшара халінде тастап кетеді. Яғни, махаббат жолында әлдекімдердің қысастығы арқасында бейшара болып, абыройынан айырылып қалған аяулы жарына қайырылмай кетеді. Бұл – Бекболаттың махаббатта жігерсіз, жасық, өз арманы жолында табансыз бейне екенін жазушы роман соңында анық көрсетеді. Ақыры, Бекболат ескі көзқарасының құрбаны болады. Бұл ретте осындай жасық, жігерсіз адам ретінде шығармада Мамырбай бай бейнесі айқын көрінеді. Кемпірі өлгеніне қарамастан әлдекімдердің азғыруымен «сұр жылан сықылды» қатыгез Өрік тоқалды алуы, ақ түлегі Ақбілектің абыройсыз болып қалғанын өзге емес, өз әкесі бетіне басқандай ауыр халдегі жағдайы, тоқалының айтқанын шыға алмай бауырында еркелеп өскен бұла қызы Ақбілегін үйінен кетуіне ешқандай қарсылық білдіре алмай Өріктің тасасында бұғып қалуы, ақырып тұрып, қайрат көрсететін адамдық, адалдық қалпымен балаларын қорғаштар мінез Мамырбайдың бойында жоқ. Өйткені ол да ескі қоғамның басшыға жалпаңдар дүниеқоңыз, қараңғы адамы. Өз отбасына қайырымы жоқ адам ешкімге де жаны ашымайтын қара жүрек адам екенін жазушы анық суреттейді. А.С. Ысмақова өзінің «Роман және стиль» еңбегінде: «Ақбілекті өгей шешесі толғағы келген шақта үйден қуып шығады», – деп жазған. Жеңгесі Ұрқия Ақбілекті қарт кемпірдің үйіне әкеліп, босандырады. «Бұлайша баланың дүниеге келуі қазақ прозасында бұрын-соңды кездеспеген», - деп А.С. Ысмақова әкелік қамқорлықтан ада Мамырбайдың шынайы бейнесін ашына айтады.
Романдағы Ақбала мен Балташ бейнелерінің де суреті қанық емес. Өйткені іскер, оқыған Ақбаланың махаббатта жолы болмай, адамгершілік, сымбаттылығымен баураған Ақбілектің басынан өткен жағдайды естігенде теріс айналады. Ал Ақбілекке ғашық Балташтың оны қызғанып, Ақбаланың күнделігін ұрлап, қызға көрсету арқылы Ақбілекпен жанұя құруы, Балташтың жігіттікке ғана емес адамдыққа жат қылығы шығармада түсініксіз болып қалады. Біреудің затын ұрлап, айыбын ашып жүрген адамнан ұлылық күтудің өзі қисынсыз нәрсе. Бұл тұрғыда жазушы аталмыш кейіпкерлерді жеріне жеткізе суретін жасамаған деп топшылаймыз. Мұндай кейіпкерлер туралы әрқилы пікірлер де жоқ емес. Осы ретте біз С.Мақпырұлының пікірлерімен санассақ артықтығы болмас деп ойлаймыз [11,274].
Кәмила бейнесі де нанымды, тағдырына көнген ауыл әйелі ретінде суреттеледі. Оқыған Ақбілек пен туысы Кәмиланың таным көкжиегінің арасын оқырманға салыстыра көрсетеді. Роман соңында жеңгесі Ұрқия мен баласы Ескендірмен табысуы бәрі бәрі өмірден ойып алынған шындық. Жазушы арман еткен қазақ әйелінің теңдік таңын жазушы қуана, шабыттана суреттейді.
Кейіпкерлерінің жандүниесін, болмысын ашатын монологтарды жазушы Ж.Аймауытұлы «Ақбілек» романында тиімді қолданған. Бекболат, ақ офицері, Мұқаштың кім екендігі, олардың арман-мақсаттары, дүниетанымы, адамдарға қатынасы, айласы мен амалы, арамдығы олардың монологтарынан-ақ белгілі болады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы қазақ прозасын үлкен бір белеске көтерген күрделі шығарма. Автор қазақ қызы киліккен қасіретті көрсету арқылы аласапыран тұстың озбырлық бейнесін ашады. Оны сол нəубеттен, тағдыр талқысынан құтқарған жаңа өмір салтымен бірге кейіпкер бойына жинақталған ерік-жігер құдіреті екендігі романда айрықша ақындалған. Ұланғайыр уақыт пен жалпақ кеңістікте тағдырдың тар қапасына қамалған Ақбілек қасіретін оның өзін қоршаған ортаның қыспағына іштей қарсылығы мен адами күресін автор психологиялық талдау арқылы кейпкер жан дүниесіне бойлай отырып ашады.
Жүсіпбек кейіпкерлері туралы аймауытовтанушы ғалым Р. Тұрысбек: «Романда жекеленген бейнелердің монологтары, өмірдегі мұраты мен міндеттері айқын бейленген» – деген түйін жасайды
Ақбілектің жаңа өмірі басталған сəттен бастап, оған өздерінің сезімін ашқан Балташ пен Ақбала жаңа заманның адамдары ретінде көрінеді. Жаңа өмірдің салтына қадам басқан Ақбілек өмір белесіне қол ұстасып, қатар қадам басар серік іздеген сəтте өмір-тағдыр қос таңдауды алға тосады. Ақбілек тағдырдың талқысына түскен өмір атты қиын да қызықты құбылыстың қилы қиындықтарынан өткен жан ретінде, адалдық пен адамдыққа бас ұрады. Сөйтіп, көрсеқызар Ақбаладан гөрі, азаматтығы адамдығымен астасқан Балташты таңдайды.
Біздің бұған қосарымыз, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» атты классикалық шығармасы қазақ əдебиетіндегі əйел бейнесін кең түрде жан-жақты ашып, айшықты сомдаған тұңғыш көлемді көркем туынды. Оған талас болмаса керек-ті. Жүсіпбек Аймауытов шығармашылық шеберлігінің мың сан шындығының бір сыры осында жатыр.
Осынау қос ғасыр тоғысындағы қазақ қоғамы болмысын қазақ қызының қиын да қорлықты өмір сəті арқылы танытуға бағытталған романның арпалыс пен күрестен тұрар өмір күйінің тиегін ағытуы қалай десеңізші!!!
«Ақбілек» романынан ілкі көзге шалынатын Жүсіпбек Аймауытов қаламына тəн бір белгі – ақынжандылықпен кұбылта жазар қалам жүйріктігі. Бұл стиль оның кейінгі жазушылық шеберлігінің айқындауышына айналды десекте болады. Қаламгер ырғақты ұйқас үлгісімен төгіліп түскен жолдар арқылы оқырманды ə дегенде-ақ, өзіне еріксіз баурай жөнеледіАлтай, Күршім не заманнан қалың найман мекені. Сол Алтай мен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал. Күні жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы марқакөлі, Марқакөлді алқалаған – ақ ауылды Алтай елі».
Иə, шығарма төгіліп түскен шұрайлы тіл өрнектеген Алтай табиғатының таңғажайып сұлу суретіне оқырманды осылайша тамсантады. Сөйтіп жазушы тебірене жазған сұлу Алтай, сол Алтайды мекен қылған сұлу арулар тағдыры кімді болса да қызықтырып, шытырманды оқиғалар иіріміне, тылсым сырлы сезімдер тереңіне тарта жөнеледі.
Романның құрылымдық жүйесі Ж. Аймауытов шеберлігінің бір ерекшелігі ретінде танылады. Автор бірде баяндай отырып кейіпкерін сөйлетіп, шешуі қиын жұмбақтың сырын тарқатса, енді бірде тыңнан қосылған жаңа сарынды сюжет дамуының жаңа бір белесіне айналдырып жібереді. Оның бəрі бас кейіпкер Ақбілектің тартысты тағдырының үш кезеңімен жымдасып кеткен бүтіндік табады. Сондықтан шығарманың жалпы даму желісінде бірде-бір оқшау оқиға, қисынын таппай тұрған тосын сюжеттер жоқ. Жалпы Ж. Аймауытовтың «Абілек» романында кер заманның ең бір құбылмалы тұсында сынға түскен қазақ қызының жігер-қайраты мен ақыл-парасаты арқасында өз ортасынан озып шығып, биік қоғамдық сатыға көтерілуі көркем бейнеленген. Романның бас кейіпкері Ақбілек – əке-шешесінің көзінің ағы мен қарасындай ерке өскен, ажарына ақылы сай елге сыйлы ару. Жазушының Ақбілек портретін сомдауы да сонша сырлы: «Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп...». Ал енді жазушы кейіпкер портретін шығарманың өн бойындағы салмақсапасына, оқиғалар желісін дамытуға орай түрлендіріп отырады.
Орыс ортасынан оралғаннан кейінгі Ақбілектің мінезделуін жазушы Бекболаттың көзқарасы арқылы танытады: «... алғаш барып көргендегі оның түрі қандай еді! Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып, сүйріктей еді-ау! Тал бойында бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді! Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түре келгені, тізесімен ақ көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, тысқарыда жүріп, жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, дауысы күмістей сыңғырлап, тəп-тəтті күлгені; əнтек жылмиып келіп, шай жасап, өп-өтірік сызылғансып, үш саусағының ұшымен шын-аяқ əпергені, салалы қою кірпігін салмақпен қағып, анда-санда көз астымен бір қарап қалғаны;... «Қош болыңыз» дегенде, көзін жалт еткізіп, басын əнтек изеп, артынан қарап қалғаны, – бəрі-бəрі сондағыдай сайрап көз алдыңа келеді»
«Ақбілек» романында жазушы Ақбілектің жеңгесі Ұрқияның жақсылықтары, баласы Ескендірді бауырына басып өз баласындай тәрбие беруі, Мұқаш, Ақбала, Балташ, ағасы Төлеген, өгей шешесі Өріктің Құдайға шет қылықтары барлығыда өмірден ойып алынған шындық. Романның реалистік шығарма екендігін осындай кейіпкер табиғаты мен шынайы оқиғалар нақтылай түседі. Жазушы қазақ қоғамының төңкерісі тұсындағы қысқа ғұмырында надандықтан арылатын, білім алып ел болатын, әйел затына теңдік беру арқылы өмірдің жасампаз жолын ардақты әйел аналармен бірге жасау қажеттігін айтып, кемел шығармаларымен дәуірге үн қатты. Осы орайда профессор Р.Тұрысбек жазушы шығармашылығына қатысты мынадай ой айтады: «Жазушы шығармашылығына тән психологизм табиғаты, кейіпкердің жансарайы З.Бисенғали, Ш.Елеукенов, Б.Майтанов, Г.Пірәлиева т.б. зерттеу еңбектерінің негізгі нысандарына айналды» 
Жазушы Ж.Аймауытұлының аталмыш романында кейіпкер болмыстары арқылы замана шындығын шынайы бейнелеп, кейіпкер монологтары, әр түрлі нанымды оқиғалармен қазақ қоғамының сұлбасын анық таңбалайды. Бұл ретте жазушы Р.Тоқтаров: «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады» – деп азғана сөзбен түйінді пікір айтқан [12,321].
Қорыта айтқанда жазушы Ж.Аймауытұлының «Ақбілек» романына аудармашы әрі жазушы Г. Бельгердің «Аймауытовты оқығанда еріксіз таң қаласың, әсіресе сөз кестесі, айшықты, әшекей тілі оқушының өзін бірден баурап, үйіріп әкетеді. Шын мағынасында эстетикалық ләззат алып, шынайы сезімге бөленесіз» – деп баға бергеніне толық қосылуға болады. Атақты жазушы Ғ.Мүсіреповтың романды «Чудесный нәрсе» деуі талант табиғатын тап басы танығандығы болса керек.








Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет