Орта кәсіптік білім – колледждер мен лицейлерде орта білім базасында кәсіби бағдар бойынша конкурстық негізде беріледі. Колледждер мен лицейлерде оқу мерзімі 3-4 жыл. Жалпы орта білімі, не бастауыш кәсіптік білімі бар азаматтар өз кәсіп салалалы бойынша орта кәсіптік білімі қысқа мерзім ішінде, жеделдетілген бағдарламалар арқылы алуына болады. Колледждер мен училищелер тиісті лицензиясына сәйкес бастауыш және орта кәсіптік білім беруді жүзеге асырады. Орта кәсіптік білімі бар азаматтар болса ықшам әрі икемделген бағдарламалар арқылы қысқа мерзімде қосымша мамандық иеленуіне болады. Сондай-ақ колледждер мен училищелерде салалық мамандықтар бойынша республикалық оқу әдістемелік бірлестіктер құрылады. Бастауыш және орта кәсіптік білім берудің типтік оқу бағдарламалары тиісті кәсіп саласы бойынша білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандартын жүзеге асырады.
Білікті жұмысшы мамандығының қалыптасуы және оның кезеңдеріне тоқталатын болсақ әлеуметтік жағдайлар мен кәсіби қызметтің сипаттамасына қарай маманның кәсіби біліктілігін жетілдіруің бес сатысы бар, олар:
Кәсіптік білім беру – жеке тұлғаның кәсіби білім, білік және дағдыларын типтік үлгідегі әлеуметтік және кәсіби мәні бар қасиеттеріне қарай бағыттау арқылы жетілдіру.
Кәсіби бейімделу - өз бетінше кәсіби бағдар айқындауда игеруі тиіс әлеуметтік жаңа бағыт, яғни кәсіби қызмет дағдыларын үйренуге өз бетінше тәжірибе жинақтау.
Оптация – адамның психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарай кәсіп таңдауын қалыптастыру.
Кәсібилену – кәсіби ұстанымды қалыптастыру, маңызды кәсіби қасиеттер мен дағдыларды ұштастыра білу, кәсіби қызметті жоғары біліктілікпен атқара алу.
Кәсіби шеберлік – жеке тұлғаның кәсіби қызметін жоғары шеберлік деңгейіне жеткізіп, шығармашылықпен жұмыс істейалу қабілетімен ұштастыру. Авторлық қызмет жүйесіне ену. Осы аталған кәсіби біліктіліктердің ең жоғарғы шегі – кәсіпті игерудің түпкі мақсаты – кәсіби шеберлік деңгейіне жетіп, өз ісінің маманы атану.
Қазірге дейін жұмысшылар мен мамандарды даярлау мәселесі олардың кәсіптік біліктеріне сипаттама беру тұрғысынан негіздеу кең сипат алып келді. Кәсіптік мектепті бітірушілерге оқу орындары беретін біліктілік сипаттамасы – оның оқу барысында білім, білік және дағдыларына қойылатын талаптарды анықтайды, ол орталық атқарушы органдардың кәсіптік білімге біліктілік тағайындайтын саласы арқылы белгіленеді. Мұнда байқағанымыздай, бітірушілердің білімі, біліктілігі және дағдылары ғана айқындалған.
Бітірушілерге қажетті маңызды кәсіби сапа мен жеке тұлғалық қасиеттер байқалмайды. Сондай-ақ бітірушінің шығармашылық қабілеттілігі мен іскерлік әрекеттерінің кәсіпкерлікпен ұштастыру, оның шыңы кәсіби шебер деңгейіне жету, сөйтіп авторлық қызмет жүйесіне енуі көрсетілмеген. Мұны қазіргі кәсіптік мектеп бітіруші түлектерді дайындауда олардың біліктілік сипатын анықтайтын негізгі кемшіліктер деп түсінеміз. Кәсіптік дайындау мәселесін профессиографиялық тұрғыдан қарау ғана бұл тығырықтан шығара алады. Кәсіби дайындау деңгейін, оның сапалық дәрежесін біліктілік сипаттама емес, профессиограмма анықтап бере алады.
Орта кәсіптік мектептерде кәсіби білім беру дегеніміз инженер – педагогикалық ұжым мен оқушылардың бірлескен іс - әрекеті, олардың теориялық білім негіздерін, практикалық қабілеттері мен кәсіби дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар белгілі бір кәсіп саласы талап етіп отырған біліктіліктер деңгейін қалыптастыру.