ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫНДА АҒАШ КӨШЕТТЕРДІ ӨСІРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Нагиева М.А.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Өңірлік Мемлекеттік Унивеситеті
mikanagieva@mail.ru
Орман дақылдарының жəне көгалдандыру жұмыстары көлемінің үздіксіз көбеюі үшін үлкен
көлемде орман екпелері мен бұталар қажет. Облысымызда екпе ағаш осы бағыттағы
шаруашылықтардың тəлімбақтарында өсіріледі. Жыл сайын 3,5 млн. ағаш-бұта тұқымдастарының
орман екпелері жəне көшеттері отырғызылады. Орман көшеттерін жəне бұталарын отырғызатын
қолайлы уақыт көктем болып саналады. Себебі, осы мезгілде көшеттер тамырларының қалыптасу
қабілеттілігі күшті болады, сондай-ақ ауа райының ылғалдылығы, топырақ құнарлылығы ағаш
тамырларының өсуіне айтарлықтай қолайлы болып келеді. Осы мезгілден кешіктіріліп отырғызу
орман көшеттерінің тіршілігін бəсеңдетіп, айтарлықтай қурауына əкеліп соқтырады. Далалық
аймақтарда ағаш отырғызудың қолайлы уақыты сəуір айының бірінші жартысы болып есептеледі.
Негізгі орман екпелері стандартты көшеттер болып табылады. Тəлімбақтан жіберілетін орман
екпелері сау, тамырлары жақсы буылып байланған, ылғалды болуы қажет. Көшеттің жер бетіндегі
бөлігі де сау болуы тиіс. Көшеттің биіктігі – 0,7-1,5 м.
Алғашқы жылдары көшеттің отырғызылу тереңділігі сақталуы маңызды. Көшет тамырының
мойны жердің астында 1-2 см тереңдікте болуы тиіс, дегенмен кейбір зерттеушілер біздің
құрғақшылық жағдайды ескере отырып, тамырдың тереңдігі 8-10 см-ге дейін болуы керек деп
санайды. Қарағай, емен, өрікті терең отырғызуды қажет етсе, ақ қайың, алма, алмұрт ағаштарын тым
терең отырғызуға болмайды.
Ағаш отырғызу барысында (қолмен не механикалық тəсілмен отырғызу) міндетті түрде
бірқатар ережелердің сақталуы қажет, олар: көшет тамырларын желден жəне кеуіп кетуден қорғау;
тамырларын ұқыптап топырақпен көміп жабу, тамырларының майысып кетпеуіне жəне көмілген
тамырлардың айналасында бос жер қалмауы (көшетті қолмен тартқанда жұлынып қалмауы керек);
отырғызған кезде олардың отырғызу тереңдігін жəне отырғызу түзулігін сақтау; отырғызылатын
ағаштың түрлеріне қарай қатар жəне қатар аралық орналастырып отырғызу.
Көшетке шұңқыр қазған кезде, көшеттің көлемін жəне тамырының ұзындығынан 4-6 см
тереңдеу қазылуы қажеттілігін есепке алу қажет. Күрекпен шұңқыр дайындаған кезде жердің беткі
қабатын ойып алып, бөлек жиналады, ал топырақтың қалған бөлігі бөлек үйіледі. Көшеттің тамырын
алдымен топырақтың жоғарғы қабатымен көміп, содан кейін төменгі топырағымен
жабады.Құрғақшылық жерлерде көшетті отырғызғаннан кейін жиі жəне молынан суару ұсынылады.
Ғылыми жетекші: б.ғ.к., аға оқытушы А.Қ.Қалиева