Клавдий Гален дәрілік өсімдіктерден сірке қышқылын, шараптар пайдаланып, тұнбалар, қайнатпалар, микстуралар дайындаған. Қазірдің өзінде тұнбалар, экстрактылар жаңа Гален препараттары деп аталады.
Ғалым-энциклопедист және атақты шығыс табибі Абу Бакр ар-Розий (865-928 ж) медицина мен фармакология саласына 36 еңбек жазып қалдырған.
Әбу Әли Ибн Сина (Авиценна) (980-1037ж.) «Медицина каноны», «Шипагерлік ғылым негіздері» атты кітаптарында адам ауруларының түрлері, оларды емдеу әдіс-тәсілдері мен олардан сақтану жолдарына сипаттама берген. 5 томдық «Дәрігерлік ғылым» жазбаларында өсімдіктерден алынған көптеген дәрілер туралы деректер бар. Олардың кейбіреулері қазіргі уақытқа дейін қолданылып келеді. Мысалы: камфора, итжидек, қара күйе препараттары және т.б. препараттар. Ибн Сина Европа дәрігерлерінен 400 жыл бүрын мерезді емдеуге сынап препараттарын қолданған.
XI ғасырда өмір сүрген атақты ойшыл Әбу Райхон Беруни «Емдік заттар» атты еңбегінде Орта Азия аумағында өсетін шипалы шөптерге толық сипаттама берген.
XV ғасырда өмір сүрген қазақ ғалымы, дарынды ойшыл, данышпан, емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Жәнібек ханның тұсындағы жеті жарғысының бірінде, жеті атаға дейін қыз алыспауға жарғы шығарған. Жарғы тектің (геннің) таза сақталуына негізделген. Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты қолжазбасында ауруларды емдеу тәсілдері, дәрі-дәрмектер жинағы келтірілген және 1446 ж. желшешекке қарсы егуді Эдуард Женнерден (1796ж.) бұрын ашқан болатын. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жара мен жарақаттарға және т.б. қабынған жерлерге ағаш ыдыстағы ашыған сүт өнімдерінен пайда болған өңезді (плесень) жаққан. Оған қазіргі уақыттағы антибиотиктермен емдеудің дамығаны дәлел.
ХVІІІ-ғасырда I Петрдің дәуірінде дәріханаларда дәрі-дәрмектер сатуға тиым салынып, «дәріханалық бақшалар» құрылып, онда дәрілік өсімдіктер өсірілген. Ең алғаш дәріхана 1422ж. Солтүстік Европада ашылған.
Ресейде ең алғаш дәріхана 1581 ж. Мәскеуде ашылған. 1673 ж. 2-ші, 1682 ж. 3-ші дәріхана ашылуына жарғы шығарылған.
XV- XVIғ. Швейцария дәрігері Парацельс (Филиппус Теофрастус Бомбастус фон Гогенхейм) (1493-1541 ж.) бірінші болып бейорганикалық заттарды (ауыр метал тұздарын) медицинаға енгізген. Олар: темір, сынап, қорғасын, мыс, мырыш, күкірт және т.б. қосылыстар.
ХVIII- ХІХ ғасырдың аяғында Ганеман гомеопатияның (аз мөлшермен емдеу) негізін қалаған.
XVIII ғасырда қазақ даласында өмір сүрген шипагер Құртқа Сұлтанқожаұлы өз өмірін халқын емдеуге арнаған. 56 жасында Санкт- Петербургте медициналық университетті бітіріп, қазақтың жоғары дәрежелі дәрігерлерінің бірі болған. Сол кезде Европа медицинасына бейтаныс есімдіктер тізімін келтірген. Бұхара, Самарқанд, Тәжікстан елдерінен дәрілік өсімдіктерді алдырып, өзі дәрі-дәрмек дайындаған. Жылан ұстап, оның уын дәрі құрамына аздап қосқан. Ең қауіпті рак, оба ауруларын емдеген көрінеді.
Қазақстан аймағында ең алғаш дәріхана 1842жылы Орал қаласында Жәңгір ханның тұсында ашылып, дәрі-дәрмектер дайындалып, халыққа қызмет ете бастаған. 1880-1889 ж. сібір күйдіргісін жараға ине шаншып, одан оны мүсәтір спиртімен өңдеп, темекі жапырағын қойып емдеген.
XIX ғ. 80-ші жылдары қазақ дәрігері Әмре Дүрмұхамбетұлы Айтбакин өзі дәріхана ашып, дәрі-дәрмек дайындаған. Ол жылдары Қазақстан бойынша 3 фармацевт қана болған. Оның саны 1890ж. 8-ге; 1910ж. 44-ке жетіп, 1915ж. 64-ке өскен. Осы дәріханаларды басқарудың бір орталығы қажет болған соң, 1925ж. Каз.Госмедторг ашылып, 1928ж. Қызылорда қаласында (республика астанасы болатын) Қазақстан дәріханаларын басқару ұйымы болып өзгертілген. Оны ең алғаш басқарған М.М.Чумбалов болатын. Ең алғаш арнайы фармацевтикалық білімді маман, республикаға еңбегі сіңген фармацевт Қуанышбай Махмұдұлы Ұмекенов болатын. 1928ж. 65 дәріхана, 10 дәріханалық дүкендер болған. Сол жылдардағы халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ат салысқандар: Б.А.Абдрахманов, М.М.Чумбалов, И.Р.Сафран, И.А.Пивень, В.Р.Циринский, Қ.М.Ұмекенов, Г.Н.Кустанович, Н.Д.Давиенов сынды ұйымдастырушылар.
1951ж. Алматы мемлекеттік медицина институтында (АГМИ) фармацевтикалық факультет, ал Алматы, Қостанай, Орал, ІІІымкент медицина училищелерінде фармацевтикалық бөлімдер ашыла бастады.
Дәрі-дәрмектерді дайындау әдісі мен сапасын бір жүйеге келтіру үшін 1778 ж. бірінші Мемлекеттік фармакопея латын тілінде, ал 1866 ж. (II-1871 ж., III-1880 ж., ІV-1891 ж.) орыс тілінде жарық көрді. XVIII ғасырда медицина мен фармацияның дамуына үлес қосқан орыс ғалымдары: М.В.Ломоносов, С.М.Крашенинников, М.В.Севергин, Т.Е.Ловиц, Н.М.Максимович-Амбодик, К.И.Щепин болатын. XIX ғасырда фармакологияның эмпирикалық жолмен дамуы басталды. Жаңа препараттар жануарларда зерттеліп, одан соң клиникалық колданылуына рұқсат етілген. XX ғ. V-ші фармакопея, ал 1910 ж. VI-шы, 1925 ж – VII-ші, 1946ж.-VIII-ші, 1961ж – ІХ-шы, 1968 ж – Х-шы, 1987 ж- ХІ -ші фармакопея шығарылды. Қазақстан Республикасының алғашқы фармакопеясы 2008ж шығарылды.
Ғылыми фармакологияға үлес қосқан ғалымдар: А.П.Нелюбин (1785- 1858ж.), О.В.Забелин, неміс ғалымы Шмидеберг, француз ғалымы Мажанди және Клон Бернар, А.А.Иовский (1796-1857ж.).
XIX ғасырдан бастап өсімдіктерден әсер етуші заттар таза күйінде бөлініп (алкалоидтар: морфин, кофеин, атропин, папаверин, кокаин және т.б.), химиялық қосылыстар синтезделіп және фармакологиялық зертханалар ашылып, зерттеулердің экспериментальды әдістері дами бастады.
Ресейде зерттеулер хирург Н.И. Пирогов, физиолог А.М.Филомафитский, И.П. Павловтың басқаруымен жүзеге асып отырды. И.П. Павлов 1879-1890ж.С.П.Боткин атындағы клиниканың экспериментальды зертханасын басқарып, ал 1890-1895жж әскери медициналық академияның фармацевтика кафедрасын басқарып, фармакология оқулықтарының авторы атанған. И.П. Павловтың тобының зерттеуімен бромидтердің, кофеиннің орталық жүйке жүйесіне әсері, қышқылдар мен сілтілердің, этил спиртінің, дәмдеуіштердің ас қорытуға әсері анықталды.
Фармакологияны оқытуда Николай Павлович Кравков (1865-1924жж),
Дмитрий Александрович Харкевич,
Михаил Давыдович Машковскийдың еңбектері зор.
Николай Павлович Кравков жүрек қан-тамыр жүйесін, эндокринді жүйе, зат алмасу процесін емдеуге байланысты дәрілерге зерттеулер жасады.
Академик Д.А.Харкевич - медициналық оқу орындарының студенттеріне арналған «Фармакология" атты оқулықтың авторы.
Михаил Давыдович Машковский Ресейдің атақты фармакологы, 1954ж. дәрігерлердің және провизорлардың қолдан үзбейтін «Лекарственные средства» атты кітабын шығарған, ол 16 рет жаңарып, қайта басылып шығарылған. Академиктің 500-ден астам ғылыми жұмыстары жарияланған. Оның басшылығымен Мемлекеттік Фармакопеяның IX және X басылымдары дайындалған.
1990ж. Қазақстан Республикасында нарықтық экономикаға кіру бағдарламасы ұсынылды. 1990 ж. Қазақстан аймағында 1763 дәріханалар, 5494 дәріханалық бекеттер, 1402 дәріханалық киоскілер, 21 дәріханалық қоймалар, 14 фармацевтикалық өндірістер қызмет атқарған.
XX- XXI ғасырда Қазақстанда фармация саласының дамуына үлес қосқан ғалымдар:
Салкен Хасенұлы Субханбердин,
Галина Иогановна Самарина,
Есболған Тегісбайұлы Тегісбаев,
Танагүл Әкімбайқызы Арыстанова,
Намазбай Жаппарұлы Орманов,
Ильяс Райханұлы Құлмағамбетов,
Марат Нүкенұлы Мусин.
Салкен Хасенұлы Субханбердин. 1938 ж. Алматы облыстық дәріхана басқармасында (АУ) басшылық қызмет атқарып, Ұлы Отан Соғысы жылдарында орасан еңбек еткен. 74 ғылыми еңбектердің, 14 дәрілік заттар туралы монографиялардың авторы.
Галина Иогановна Самарина. Фармаколог, медицина ғылымдарының докторы (1972 ж.), профессор (1974ж.), Ұлы Отан Соғысының ардагері, АММИ фармакология кафедрасын 26 жыл бойы басқарған. 90-ға жуық еңбектің, 1авторлық куәліктің иегері;
Есболған Тегісбайұлы Тегісбаев. Фармация ғылымдарының кандидиты (1967 ж.), доцент, Отүстік Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясының (ОҚММА) құрметті профессоры. 95-ке жуық ғылыми еңбектердің және т.б. оқулықтардың авторы;
Танагүл Әкімбайқызы Арыстанова. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, фармация ғылымының докторы, профессор, ОҚММА фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының меңгерушісі. Т.Ә.Арыстанова - фармация ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан белгілі ғалым. Оның ғылыми бағыты - Отандық өсімдік шикізатынан дәрілік препараттар дайындау.
Намазбай Жаппарұлы Орманов. Медицина ғылымдарының докторы (1992 ж.), профессор (1994 ж.), ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, ҚР денсаулық сақтау үздігі (1996 ж.) атағын алған. 164 ғылыми еңбектердің, 8 оқу құрал, 20 әдістемелік нұсқау, 10 авторлық куәліктің авторы.
Ильяс Райханұлы Құлмағамбетов, Реаниматолог, клиникалық фармаколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 120ғылыми еңбектері, 6 монографиясы, 1 оқу құралын (2 томда) және т.б. оқулықтар жазған. Оның басқаруымен Қазақстанда клиникалық фармакология кафедрасы (1991ж.) ашылды. 1994 ж. Қазақстанда дәрілік заттардың Мемлекеттік реестрінің бірінші шығарылуын дайындаған. 1997ж. Қазақстанда „Фармакология", «Қлиникалық фармакология» мамандығы бойынша 1-ші рет 22.05.1998 ж. № 286 аумақтың докторлық диссертациялық бұйрығы күшіне енді.
Марат Нүкенұлы Мусин. Фармаколог, медицина ғылымдарының докторы (1993 ж.), профессор (1995 ж.), 80-ге жуық еңбектің авторы.
XX ғасырда фармакология қарқынды дамыды. Антибиотиктер, сульфаниламидтер, антигистаминді дәрілер, Н2- гистамин блокаторлары, кальций арналарының блокаторлары, психотропты дәрілер, анаболикалық стеридтар, контрацевтивті заттар және т.б. шығарылып, қолданысқа енгізілді.