Бронхолитиктер бронх бұлшық еттерін босаңсытады, бронхтарды кеңейтеді.
Бронх демікпесінде қолданылады. Бронх демікпесінде тыныс шығару қиындайды. Парасимпатикалық жүйкенің қозуынан бронх бұлшық еттері жиырылып, тарылып, бронх бездерінің секрециясы артып тұншығу болады.
Бронхолитикалық әсерлі дәрілер:
Адреномиметиктер - Изадрин, Астмопент, Сальбутамол (Вентолин), Сальметерол (Серевент), Беротек, Адреналин гидрохлорид (Эпинефрин), Эфедрин гидрохлорид.
β2-адренорецепторларды қуаттандырғанда бронх бұлшық еттері босаңсып, бронхолитикалық әсер береді. Сальбутамол β2-адренорецепторларды қуаттандырады. Селективті емес β-адреномиметик Изадрин β1 және β2-адренорецепторларды қоздырады. Жүректегі β1-адренорецепторларға әсер беріп, тахикардия және аяқ қолдың дірілдеуі байқалады.
Эфедрин гидрохлорид адреномиметикалық симпатомиметик.
Адреналин мен Эфедрин кардиотоникалық әсері болғандықтан бронх демікпесінде сирек қолданылады. Эфедрин наркотикалық дәрі, дәріге тәуелділік туғызады.
М-холиноблокаторлар: Метацин, Ипратропий бромид (Атровент), Тровентол, Атропин.
Бронхтардағы М-холинорецепторларды тежейді. Сондықтан мүшелерге парасимпатикалық әсер төмендеп, симпатикалық әсер артады, бронх бұлшық еттері босаңсиды. Бронх демікпесі ұстамасының алдын алуға Ипратропий бромиді жиі қолданылады.
Миотропты спазмолитиктер (метилксантиндер): Эуфиллин (Аминофиллин), теофиллин. Бронх бұлшық еттерін, жүрек, ми, бүйрек тамырларын босаңсытады. Артериальды қан қысымын төмендетіп, кіші қан айналымы шеңберіне түсетін күшті төмендетеді, диурез артады, тромб агрегациясын төмендетеді. Адреномиметиктерді қолдану мүмкіндігі болмағанда таңдау препараты болып келеді.
Миотропты спазмолитиктердің жанама әсері: асқазан ішек мүшелерінде тітіркену, диспепсия, гипотония, тахикардия, бас ауру, бас айналу, қозулар, тырысу.
Миотропты спазмолитиктердің қарсы көрсеткіші: гипотония, аритмия, стенокардия, жіті жүрек жеткіліксздігі, эпилепсия, жоғары сезімталдық.
Эуфиллиннің әсерінен жүректің оттегіге сұранысы артады.
Біріктірілген препараттар: Беродуал (беротек+атровент), Теофедрин (құрамында эфедрин бар), Бронхолитин (құрамында эфедрин бар).
Бронх демікпесінде қосымша қолданылатын дәрі топтары:
Мес жасушаларының стабилизаторлары: Кромолин- натрий (Интал), Недокромил-натрий Кетотифен. Әсері: аллергияны өршітетін гистаминннің бөлінуіне кедергі жасайды, қабыну процесін төмендетеді. Бронхоспазманың алдын алуға қолданылады.
Глюкокортикоидты гормонды препартаттар: Преднизолон, Беклометазон дипропионат, Симбикорт (құрамы: глюкокорткоид-Будесонид+β2-адреномиметик-Формотерол), Флунизолид. Қандағы глюкокортикоидтарды арттырып, қабынуға қарсы, аллергияға қарсы, иммунодепрессивті әсер береді. Бронх бітелуінде бронхтарды кеңейтіп, ісінуді басады.
Глюкокортикоидтардың жанама әсері: иммунитеттің төмендеуі, бас айналу, көз ішілік қысымның көтерілуі, ауыз қуысының кандидозы байқалады.
Лейкотриенді рецепторлардың блокаторлары: Зафирлукаст, Монтелукаст. Бронхоспазманы тежейді, тамыр өткізгіштігін төмендетіп, ісінуді азайтады, бронх сөлінің бөлінуін азайтады. Сүйемелдеуші дәрі ретінде ингаляциялық глюкокортикоидтармен және β-адреномиметиктермен бірге әсіресе аспиринді бронх демікпесінде қолданылады. Зафирлукаст күнделікті екі мезгіл тағайындалады. Монтелукастты күніне бір рет қабылдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |