«ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ В ОБРАЗОВАТЕЛЬНОМ ПРОСТРАНСТВЕ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН» 35
Шығып ең Алтын Орда бесігінен,
Болмақтық туа сұлтан несібіңнен.
Тақсырдың алтын жүзін бір көрейін,
Шатырдың қағыла бер есігінен.
Тақсыр-ау, танымасаң, алашыңмын,
Агарда жуық көрсең, қарашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген,
Ағаңның би Тобылбай баласымын [4, 255].
Осы сөздерден соң аталы сөзге тоқтаған ер Кенесары Арыстан ақынмен татуласып,
оның ақындық тапқырлығына тәнті болып, сый-құрмет көрсетіп аттандырады.
Арыстанбай Тобылбайұлының біздерге жеткен туындыларының арасында
«Жеткенде жиырма беске Ташкент бардым» жыры бар. Бұл жырда Ташкент қаласынан
еліне келген ақын мен оның жанындағыларды Кенесары хан адамдары бес жүз адам
қоршауға алып, ұрып соққанын, өз туған елі Қорғалжында өзге елдің жігіттері билеп-
төстеп бассыздық құрғандарын сөз етеді. Өлеңнің басты мәні қазақ баласы біріне-бірі жау
емес, барлығы айналып келгенде аталас, бауыр екендігін көпшілікке жеткізу. Өзі көрген
қорлықты былай суреттейді:
Хан шақырса, келмеген, сорлы Арыстан,
Жалынды: «Сауғабас!»-деп, төлеңгітке.
Ауылым Қорғалжынды қыстап алды,
Бөркім бар қызыл алтай тыстамалы.
Кене хан керуенді қаматтырып,
Ақынды Арыстандай ұстап алды.
Төлеңгіт тұс-тұсынан анталады,
Қанішер бет-бетімен балталады.
Қылышпен бірі шапты, бірі шанышты.
Бір жағы бүйірімнің қанталады.
Орнымнан бір отырған тұра алмадым,
Дірілдеп тұла бойым, бұраңдадым.
Бүйіріме қан ұйысып қалған екен,
Атыма үш ұмтылып міне алмадым.
Жоғарыда келтірілген оқиғалар мен ақын өлеңдерінен байқайтынымыз,
Арыстанбай өз заманының талантты ақындарының бірі болғандығы. Қажет кезде дұрыс
сөз тауып айта білген, ойы мен сөзі дара тұлға болған. Өз өлеңдерінде ақын көркемдегіш
құралдарды шебер пайдалана білген.
Олар ішінде литота, әсірелу, аллегория, метонимия мен синекдоха көптеп
кездеседі.
Арыстанбай өз артында қалдырған рухани мұраның бір бөлігі – айтыс өнеріне
қатысты. Жалпы айтыс өлеңдері - рухани құндылықтар бастауының қайнар көзі. «Айтыс –
халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуанышы да,
қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдениет дәрежесі де, замана идеологиясы
да, әдет-ғұрпы да, жалпы, әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да,
заманына лайық өрбіген тартыстың формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының
тақырыптары әлденеше тарау болып бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық
тұрмысының шындығын біршама дұрыс та, дәл бейнелей алады» [5, 5].
Арыстанды айтыс өнерінің дүлдүлі, «ақиықтай саңқылдаған» ақпа ақын деп те
атайды. Арыстанбайдың ел аузында қалған айтыстарынның бірі және бірегейі өз
заманының өзге бір көрнекті өкілі, ақын, айтыскер Орынбаймен болған айтысы екені
тарихтан мәлім. Оның Орынбаймен айтысына барлау жасар болсақ, ойды ойға
жалғастырып, сөзден сөз тудырып, бір уыс сөзді бір қаптай ғып түтіп, бір-бірімен әдемі