1
ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ
ТІЛ САЯСАТЫ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКАЛЫҚ
КЕҢІСТІК
«G-global» форматындағы дөңгелек үстел материалдары
Астана, 2016
2
ӘОЖ 80 / 81 (063)
КБЖ 81.2
Қ 18
«Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты және ономастикалық
кеңістік» атты республикалық дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінің 2015-2017 жылдарға арналған «Қазақстан
ономастикалық кеңістігі: Астана қаласы бойынша ғылыми дәлелденген
номинативті саясат қағидаларын жете зерттеу» атты мемлекеттік гранты
аясында өткізілді.
Жауапты редакторлар: Ш.Қ. Жарқынбекова, Б. Әбдуәлиұлы
Редакция алқасы:
Ж.М. Қоңыратбаева, М.Ж. Түсіпбекова, М.К. Каирова, Ә.Т. Қожаева
(техн. ред.)
Қ. 18 «Қазақстан Республикасындағы тіл сясаты және ономастикалық
кеңістік» атты республикалық дөңгелек үстел материалдары
(13 қараша 2015 ж.). – Астана: «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
баспаханасы», 2016. – 178 бет.
ISBN 978-601-301542-2
Бұл жинаққа «Қазақстан Республикасындағы тіл сясаты және
ономастикалық кеңістік» атты республикалық дөңгелек үстел материалдары
енгізілді. Елімізде бүгінге дейін қабылданған құқықтық-нормативтік
құжаттардың талаптарын ескере отырып, ғалымдар мен әкімшілік-
басқару орындарындағы ономастика мәселесіне жауапты мамандардың
ой-пікірлерін жинақтап, ортақ қорытындыға келу мақсатында
ұйымдастырылған бұл іс-шараға Астана қаласы және еліміздің әр өңірінен
ғалымдар мен мамандар қатысып, қазақ ономастикасын дамытудың алдағы
бағыттары туралы ойларын ортаға салды. Мұндағы ой-пікірлер, қазіргі
қоғам сұраныстарын қамтамасыз етуге қызмет етеді, деген сеніммен жалпы
оқырман қауым назарына ұсынылып отыр.
Материалдар авторлық редакция негізінде жарияланды.
ӘОЖ 80 / 81 (063)
КБЖ 81.2
ISBN 978-601-301542-2
© Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2016
3
Алғы сөз
Құрметті әріптестер, дөңгелек үстелге жиналған қауым!
Қазақ ономастикасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан
бастап-ақ, мемлекеттік саясаттың бір тарауы ретінде арнайы қолға
алынып келеді. Оған қатысты көптеген құқықтық-нормативтік
актілер мен бағдараламалар дайындалып, жүзеге асырылды. Осы
құжаттардың арқасында қазірге дейін жекелеген аймақтарда
емес, бүкіл елімізде біртұтас жүйе қалыптасып, атау берудің
тиімді жолдары да айқындалып қалғандай. Өздеріңіз білесіздер
қазақ ономастикасы да халқымыздың қилы тарихы секілді
біршама өзгерістерді басынан кешірді. Бұл өзгерістер тарихи даму
ырғағымен үндесіп, сабақтастыққа құрылмағандықтан өзімен
бірге үлкен-үлкен проблемаларды да ала келді. Мысалы, бұрынғы
атаулардың көпшілігі қолдан жойылып, орнына қазақтың
ешқандай атау беру дәстүріне сай келмейтін жаңа принциптердің
орнығуы сол тарихи ырғақтың бұзылуының бірден-бір көрінісі
еді. Сонымен қатар, көшпелілік пен отырықшылықтың
арасындағы айырмашылықтардың ономастикадан да көрініс
беруі қазақ халқының өткені мен бүгінінің арасындағы
сабақтастыққа үлкен залалын тигізгені жасырын емес. Егемендік
алып, ел есін жинағалы бері біз қолдан жасалған қиянаттың
зардаптарымен күресіп келеміз. Ұмытылған атауларды қайта
еске түсіру мен жаңадан атау берудегі толғамды тұстар секілді
жауабын уақыттың өзі беретін кей сұрақтардың шешімі қандай
қиын болса да, алғашқы жылдардағы атқарылған жұмыстарды
нәтижесіз деп айтуға болмайды. Қазақ зиялыларының бірлесіп
қабылдаған көптеген шешімдері Тәуелсіздігіміздің басты тұғыры
ретінде халыққа қызмет атқарып келеді. Солардың бірі және
бірегейі ретінде «Ақорда» атауын алуға болады. Тарихымызбен
сабақтас, болашағы айқын мұндай атаулар қазіргі қала мен
ауылдарда көптеп саналады. Біз бүгін тағы да ономастика
мәселесі бойынша жиналып отырмыз. Алдымызда шешімін
күткен сұрақтар да көп, үлкен-үлкен міндеттер де тұр, алайда бұл
іркіліс пен дағдарыстың көрінісі емес, керісінше алға жылжыған
экономика, мәдени көзқарастар, тарихтың ашылып жатқан жаңа
беттері арқылы алдымызға қойылып отырған тың міндеттер мен
жаңа заман талаптары.
4
Бүгінгі дөңгелек үстелге жиналғандар, көріп отырсыздар,
әкімшілік қызметкерлері мен ғалымдардан құралып отыр екен.
Еліміздің әр аймағынан келіп, ортақ мәселені талқылау әрине
осыған дейін атқарылған жұмыстардың бір жүйеге түскенін
көрсетеді. Бұл дегеніміз теория мен практиканы ұштастыру болып
табылады, ол қашан да маңызды. Алып аймақты алып жатқан
еліміздің ономастикасын Тәуелсіздік талаптарына бейімдеу мен
тарихи сабақтастық сипатын қалыптастыру ісінде теориялық
еңбектердің маңызды рөл атқарғанын атап айтуымыз керек.
Ғылыми ізденістер мен тұжырымдарды басшылыққа алу алдағы
жұмыстар үшін де аса қажет, өйткені уақыт талаптары өмірге бізде
бұрын болмаған тың салаларды әкеліп жатыр. Олардың барлығы
ұлттық негіздегі атауларға деген сұраныс тудыруда. Егер біздің
теориялық ізденістеріміз сол сұранысты қанағаттандыра алмаса
немесе сырттан келетін атауларды игерудің ғылыми шешімдері
табылмаса, бос орынды шетелдік атаулардың толтыруы ғажап
емес. Қазірдің өзінде әлем елдерімен арадағы қатынастар
тереңдеген сайын сырттан енген тегі бөтен атаулардың қала
эргонимдері құрамынан орын алуына көзіміз үйреніп, етіміз өліп
барады. «Оған қалай тосқауыл қоюға болады және оның біртұтас
жүйесі мен тетігін қалыптастырудың оңтайлы жолдары қандай?»
– деген сұрақтың жауабын кең көлемді зерттеулердің нәтижесі
арқылы ғана таба алсақ керек.
Жаһандану үдерісі тек біздің елімізге ғана келіп отырған
құбылыс емес. Басқа елдер де әлемдік ақыл-ойдың жемісін ортақ
пайдаланып отыр, бізге келген жаңалықтар оларда да бар. Бұл
орайда шетелдік тәжірибелерге сүйенудің артықтығы жоқ. Әсіресе
құқықтық-нормативтік құжаттарда қалай көрініс тапқанын
зерделеп, сол тәжірибені өз елімізде пайдаланудың жолдарын
белгілеу аса маңызды. Тарихымыз бен бүгініміздің арасындағы
шырғалаңды кезеңдердің нәтижесі – ономастикалық атауларды
тек дамыту мәселесін ғана емес, өткеннің зардаптарын жою мен
тарихи сабақтастықты қалыптастыру міндеттерін алдымызға
көлденең тартып отырса, жаңа заман –жаһандану үдерісіне қарсы
«өзін-өзі сақтау иммунитетін» нығайтуды талап етеді. Қоғамдық
сана, экономикалық саясат, ұлттық тіл, тарих, мәдениет т.б. секілді
5
мүдделер тоғысындағы мәселенің біржақты шешімін табуы өте
қиын екені де белгілі. Осы тұрғыдан келгенде алдымызда кеңесіп
пішетін үлкен-үлкен жоспарлар бар – алдағы жұмыстарымыздың
стратегиялық құрылымы қандай мақсаттарға негізделуі тиіс.
Ғасырлар бойы санаға сіңіп, ұлттық ономастикамыздың
құрамынан орын алған атауларды бірер жылда өзгерте салудың
қиындығын көріп отырмыз. Тәжірибесіздіктің салдарынан
көп уақтымызды пайдасыз істерге шығындағынымызды да
таратып айтып жату артық. Егер осы бағытымыздан танбасақ,
алдағы ширек ғасырда да ойлағанымызға жете алуымыз қиын.
Сондықтан, қазірге дейін атқарылған жұмыстардың жетістіктері
мен кемшіліктері саралануы тиіс және шетелдік тәжірибелердің
ұтымды әрі біздің жағдайымызға сәйкес келетін тұстарын
негізге ала отырып, құқықтық-нормативтік құжат үлгілерін
дайындауымыз керек. Себебі, қазіргі құжаттарымызда атау беру
мен қайта атау негізінен мемлекеттік мекемелерге ғана қатысты
қолданылады. Біздің осал тұсымыз да сонда – жекеменшік
мекемелер бақылаудан тыс қалып отыр. Еліміздің біртұтас
ономастикалық келбетін қамтамасыз ету үшін ел аумағында
жұмыс істеп жатқан отандық және шетелдік кәсіпорындар,
басқа да түрлі мекемелердің барлығы атау беру ісінде белгілі бір
ережелерді басшылыққа алып, тәртіпке бағынуы тиіс.
Бүгінгі дөңгелек үстел осы және басқа да түйінді
сұрақтардың шешімі қарастырады деп ойлаймыз.
ҚАМЗАБЕКҰЛЫ Д.
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология
ғылымдарының докторы, профессор,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры
6
ҚАЗАҚ ОНОМАСТИКАСЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ МЕН
БОЛАШАҚ БАҒДАРЛАРЫ
ӘБЖАНОВ Х.М.
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты
Алматы қаласы
Аннотация: Сложные актуальные проблемы ономастики
подчиняются объективным законам. Особенно, справедливо
придавать значение законам, формирующим названия страны.
Настоящая статья направлена на привлечение вниманя общества,
ученых этим неотложным проблемам ономастики.
Ғасырларға созылған патшалық отарлаудан, кеңестік
тоталитарлық өктемдіктен құтылған Тәуелсіз қазақ елі мен
азаматтары бүгінде тарихи міндеттер үддесінен шығуда.
Соңғыларының бірде-біреуін ауыр немесе жеңіл деп алалауға
болмайды. Бәрінің шешімін табатын уақыты әлдеқашан
өтіп кеткендіктен интеллектуалдық ізденісті, бағыт-бағдар
анықтауды, нақты іс-әрекетті жеделдетуге мәжбүрміз. Әлемдік
бәсекеге жаһандану қосылған мына заманда тәуелсіздікті сақтап
қалу үшін биік технологиялар мен жасақталған экономиканы
түзу жеткіліксіз екен. Қоғам мүшелерінің тұтастығы, бірлігі,
кемелдігі бұрынғысынша тағдыр анықтағыш факторлар
қатарында тұр. Солардың маңдай алдысы ұлттық сана-сезім мен
намысты қалыптастыру болса керек. Тарихынан, тілінен, ділінен,
руханиятынан, салт-дәстүрінен көз жазып қалған халықтар
басқаның ықпалына түсіп, жетегінде кететіні өз алдына,
олар мемлекеттігінен де, қазба байлығынан да, жерінен де
айырылатынын ақбас тарих сан мәрте дәлелдеді. Осылай болған
және бола да береді.
Демек, болмыс-бітімін АҚШ пен Батыс Европа анықтап
отырған өркениет көшіне кештеу қосылған біздің ел жүгі ауыр
түйеден қимылы шалт, жүрісі жеңіл, жорығы олжалы барысқа
айналуға ниет қылса, өзіне, азаматарына, Елбасына қапысыз
сенгені ғой. Әзірге қарқынымыз жаман емес.
7
Дегенмен, шаруаның атқарылғанынан атқарылмағаны көп.
Ол ономастикаға да қатысты. Тәуелсіздік тұсында мыңдаған
көшелер, алаңдар, елді мекендер, әлеуметтік инфрақұрылым
объектілері, жер-су атаулары, отарлық және тоталитарлық
кереғарлықтан, белден басудан, әсіресе қызыл саясатпен
идеологиядан ада болғанымен әлі сірескен күйінде қалғандары
ұшы-қиырсыз. Ономастикалық келбеті қауырт өзгеріс үстіндегі
Астананың өзінде Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысы
жоқтығы былай тұрсын, қарапайым қисынға, ақылға симайтын
көше, нысан атаулары таудағы тастан көп. Бұларға азат ел
болғаннан бері де «Конгресс-Холл», «Синема сити», «Сити
маркет» тәрізді алабажақтар қосылғанын көргенде еріксіз «кім
кінәлі?», «не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды
екенсің.
Ономастикалық азаттығымызды бекемдеудегі шабандық
пен жаңа адасуларымыздың басты құнікері – ресми атқарушы
билік басындағылар, солардың дүниетанымдық, әлеуметтік-
кәсіби, мәдени-имандық кембағалдығы. Президенттік басқару
формасы орныққан елде атқарушы билік басындағылардың
өзі де, сөзі де өтімді екені ешкімге құпия емес. Дегенмен, бұл
әңгімені соза бермей, өткенге салауат айтып, кінәліні іздігенді
осымен доғарайық. Ономастикалық ілгерілеуіміз бұдан былай да
Тәуелсіздік идеяларына дөп келуі үшін не істеу керектігін ортаға
салайық.
Уақыт алға қойып отырған міндет үдесінен шығу ұлт
зиялыларынан бірлесе әрекеттесуді, зияткерлік табандылықты,
іскерлікті, тіпті әбжілдікті талап етеді. Бұл орайда Елордаға
шоғырланған зиялылардың жауапкершілігі мейлінше салмақты.
Бүкіл Қазақстан Астанаға қарап бой түзеуде, ой толғап, жаңалық
пен жақсылықтың бастауын көруде. Мемлекет құраушы ұлттың
зиялылары ономастика теориясы мен практикасын бұрын-соңды
болмаған биікке көтеруді елордадан бастаса, игілікті ықпалы
Алтайдан Атырауға дейін, Арқадан Алатауға дейін даритынына
зәредей күмән жоқ.
Астана зиялыларының батыл да байыпты ономастикалық
бастамасын Қазақстанның кез келген өңірі қолдап әкететін
алғышарттар ендігі толық қалыптасты. Олар мыналар:
8
Біріншіден, кеңестік жылдарда өскен-өңген әлеуметтік
қауымның қоғамдық санасы коммунистік идеология ұсынымдары
мен құдылықтарынан айтарлықтай қол үзді. Таяу арада қайтып
оралмайтынына әбден көз жетті. Мұның сыртында социалистік
идея түгілі суреттен Ленинді танымайтын жаңа буын ұрпақ қатарға
қосылды. Бұлар үшін «Ұлы Октябрь», «Коммунизм жолы»,
«партсъезд», «кемелденген социализм» тәрізді атау-ұғымдардың
бағасы бес тиын. Ең бастысы – ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды»
жою, тоталитаризмнің қылмыстарын әшкерелеу, оның отарлау
саясатымен үндестігін дәйектеу ономастикалық зорлықтың мәні
мен ауқымын ұғынуға шылбыр ұстатты. Өктемдікпен таңылған
ономастиканың астарында ұлттық жадын жою, тілден ажырату,
рухани адастыру, идеялық сансырату, халықтардың, зиялылардың
арасына жік түсіру тәрізді жымысқы саясат жатқанын ендігі
қазақ та, кәріс те, орыс та, неміс те ұғынып мойындады. Енді
қарап қалуға болмайды. Қоғамдық санадағы бетбұрысты дер
шағында игілікті арнаға бұрмаса, ондағы пиғылы бұзық күштер
иектеп кетуі әбден мүмкін.
Екіншіден, қазақ елінің саяси билігі өз қолында.
Мемлекеттік құзырлы орындар ономатикалық мәселелерді
шешудің – оң болсын, теріс болсын – баға жетпес тәжірибесін
жинақтады. КОКП-ның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс
болып тұрғанда қазақстандық билік жүйесі ауданға, қалаға,
облысқа, елді мекенге атау беру үшін Мәскеуге жүгінгені бүгінде
елеске айналды. Ендеше алтынның қолда барда қадірін біліп,
ономастикалық саясатты ширатқан үстіне ширата түсу керек.
Саяси ахуал зиялыларымызды белсенді ономастикалық позиция
ұстануға міндеттеп отырғанын түсінгеніміз абзал. Ерте уақытты
кеш қылмай, әрбір елді мекен, аудан, қала, облыс ономастикалық
саясатпен практиканың тұжырымдамасын жасап алса, нұр үстіне
нұр болар еді.
Үшіншіден, азаттықтың арқасында сәтімен жүзеге асқан
реформалар мен модернизация қазақ халқын жаңа қырынан
паш етті, қазақтар жайлы ескі қоғамдық сананың күлпаршасын
шығарды. Қазақты енді ешкім «бұратана», «барымташы», «мешеу
қалған», «масыл», «ұлтшыл» дей алмайды. Қайта біздің бәсекеге,
9
жасампаздыққа, жақсылыққа бейім екенімізді мойындап отыр.
Осы сәтті қазақ ономастикасының мүддесіне жегу оқығандар
мен зиялылардың, билік басындағылардың перзенттік парызы.
Төртіншіден, бұрынғы ономастикадағы «Кокчетав»,
«Медео»,
«Челкар»,
«Ермак»,
«Целиноград»
тәрізді
келеңсіздіктер мен ұлыдержавалық жүгенсіздікті табандылықпен
реттеу, есесіне хандармыздың, билеріміздің, батырларымыздың,
ақталған азматтарымыздың есімдерін ұлықтау, түптеп келгенде
отарлық-коммунистік атауларды ығыстыру қоғамдық санадағы
жалған, сыңаржақ интерноционализмді айтарлықтай бәсеңдетіп,
қазақстандық патриотизмді жандандырды. Егер тоқсаныншы
жылдары жаңа атаумен есім беруді сан-саққа жүгірткен
арандатушылар қалың қол құра алса, тап қазір бұлардың қатары
сирегені өз алдына, қызыл қыздырма сөзіне құлақ қоюшылар да
табыла бермейді. Тарихи әділдікке бет бұрудың қоғам мүшелеріне
етене тән болуын ел мен жер атауларын оң қалыптастырудағы
шешуші алғышарттарының бірі ретінде қабылдағанымыз жөн.
Бесіншіден, демографиялық алғышарт ұлт зиялыларын
телмірген жалтаңкөздіктен арылуға шақырады. Біз «көп
қорқытады, терең батырады» деген халықпыз. 1931-1933
жылдарғы аштықтан, турасын айтсақ – этноцидтен, тың игеру
жылдарындағы Қазақстанды жайпап өткен миграциялық
толқыннан кейін тұңғыш рет қазақтар өз елінде, өз жерінде басым
көпшілікке айналды. Демограф М. Тәтімовтің есептеуі, бойынша
кеңестік жылдары Қазақстанға әкелінген немесе стихиялы
миграциямен келген жат-жұрттықтар 7 миллион адамнан кем емес
екен. Осыдан кейін қазақ мәңгүрттенбегенде, қазақ маргиналы
қалыптаспағанда, ұлттық ономастика бұзылмағанда не болушы
еді. Шүкір, апат қаупі сейілді. Ендігі мәселе сандық басымдықты
сапа басымдығына айналдыруда. Біліміне білігі сай әрбір қазақ
баласы бірін-бірі дос, ниеттес жалғызы санағанда ел мен жер
атауларына ұлттық рең беру дау-дамай туғызбайтын қатардағы
көп міндеттердің біріне айналады. Басқа ұлт өкілдері басым
Солтүстік, Шығыс облыстарда отарлық кеңестік ономастика сеңі
бұзылмастан әлі сақталып отырғанын осы ойымызға айғақ дәлел
болады деп пайымдаймыз.
10
Алтыншыдан, ономастика шаруашылығының құқықтық
алғышарттары қаланды. Осы орайда қабылданған заңдар,
реттеуші актілер, ережелер шешуші қадам жасауға әкелді.
Қазақстан сияқты көпұлтты, көпдінді елде атаулар мен есімдер
берудің құқықтық алғышарттарының таяу арадағы биік шыңы
«Ономастика туралы» заң қабылдау болар еді деп топшылаймыз.
Әлемдік өлшемдерге жауап беретін, ұлттық ерекшелікті
қастерлейтін Заң жұмыс істеп тұрғанда көшеге, алаңға, мектепке,
елді мекенге атау, есім беруде талас-тартысқа орын қалмайды.
Сонымен, унитарлы еліміздің ұлттық ономастикасын
қалыптастыруға дем беруші алғышарттар сан алуан. Жеке
басының қам-қарекетін жыйып қойып, ақысыз-пұлсыз, жарғақ
құлағы жастыққа тимей тынымсыз ізденісте жүрген азаматтар
қаншама. Мемлекеттік саясат, ұлттық мүдде, интеллектуалдық
құлшыныс бір арнаға тоғысқандықтан бұл істің ертеңіне
үмітпен қарауға толық негіз бар. Ұқсата білсек, азаматтықты
ономастикалық әрлендірумен халқымыздың танымдық, рухани
қайта түлеуіне, мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтатуға серпін
беретін қуат көзі ашылады.
Ең кереметі – Қазақстан ономастикасына қанат бітіретін
ірі алғышарт, сирек мүмкіндіктер қолымызда болды. Осы
тәжірибені неге кеңінен таратпасқа. Әңгіме Есілдің сол
жағалауындағы жаңа әкімшілік орталықтардағы көшелер мен
алаңдарға атау беру туралы еді. Астана қаласы әкімшілігінің
жанындағы ономастикалық комиссия жаңа қаладағы қырық
шақты көше, оннан астам алаңға атау берудің оңтайлы шешімін
тапты. Ақорданы, Бәйтеректі қаумалай түзілген көшелер
мен алаңдар ұлт тарихын, мәдениет, ғылымын, өнерін, сұлу
табиғатын, әйгілі тұлғаларын ұлықтаған кеңістікке айналды. Бәрі
ойдағыдай шешілді, Елордадан бастау алған үрдіс бүкіл елге үлгі
боларлықтай.
Ономастиканың түйткілді, күрмеуі күрделі мәселелерін
шешу алғышарттардың пісіп-жеткеніне ғана тәуелді емес,
объективті заңдылықтарға да бағынады. Әсіресе, елдің атауын
қалыптастыратын заңдылыққа айрықша мән берген абзал.
«Ел» сөзінің мәні мемлекет, халық дегенді білдіреді. Бұл
ұғым алғаш рет Орхон бітігтастарында қолданылған. Байырғы
11
түркілер өз мемлекетінің мәңгі өмір сүруін мақсат етіп, оны
ұрпақтарына аманаттағаны тарихан белгілі. Мемлекеттің
әлеуметтік негізін халық қаласа, материалдық негізі жер болып
табылады. Қазақ: «Жері байдың – елі бай» деп айтқанда,
мәселенің мәнісін дөп басып отыр.
Ел атауының қалыптасуы үшін ұзақ тарихи үрдісті бастан
кешу керек. Бүгінгі таңда жер бетіндегі 200-ге жуық мемлекеттің
бірде-біреуі қазіргі атауын «ә» дегеннен қалыптастырған жоқ.
Бұл заңдылықты қазақ елі де тағдыр-талайынан өткізді. Қарап
отырсақ, көп жағдайда мемлекеттің атауын сол жердің иесі әрі
киесіндей тұрғылықты халық этнонимі анықтайды екен. Әрине,
Боливия, Әулие Елена аралы, Біріккен Араб Әмірлігі, Америка
Құрама Штаттары тәрізді этникалық нысаны ашылмаған
мемлекеттер бар екені рас. Бірақ бұлар жалпы заңдылықты
бұза алмайды. Мемлекеттің атауын алдымен сол мемлекеттің
этникалық негізін қалаушы халық береді, екінші кезекте кейде
географиялық, кейде саяси, кейде тарихи факторлар сөйлейді.
Міне, осы тұрғыдан келгенде «Қазақстан Республикасы»
атауы этникалық-саяси факторлардың өзара ықпалдастығының
нәтижесі екені күмәнсіз. Тарих сахнасына XV ғасырда «Қазақ
хандығы» атауымен шыққан біздің ел патшалық отарлау
тұсында құйрық-жалы күзелген (Батыс Сібір, Түркістан)
айналып, большевиктер билеген жетпіс жылдан астам уақыт
бойы алғашқыда «Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік
Республикасы», кейінде «Қазақ Кеңестік Социалистік
Республикасы» аталып келді де, кеңестер одағы ыдырауының
алдында – 1995 жылғы 10 желтоқсанда Президентіміз Н.Ә.
Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасы» атауымен
әлемдік саяси картадан ойып тұрып лайықты орын алды. Дұрысы
әу бастап «Қазақ Республикасы» атауын берген еді. Өйткені
«стан» сөзінің мәні «елге» саяды. Бұл – бір, екіншіден, қазақ елін
«Қазақстан» деп атаған дереккөз XVI ғасырға жатады. Оның өзі
басқа елде басқа елдің оқымыстысы жазған шығарма. Әрине,
уақыт өткен соң ақыл айту оңайдың оңайы. Ал тап сол 1991
жылдың 10 желтоқсанында бүкіл кеңестер елі, тіпті жер шары
Беловежская Пушада бас қосқан Б. Ельциннің, Л. Кравчуктың,
12
С. Шушкевичтің кеңестер одағы өмір сүруін тоқтатты, орнына
Туысқан Мемлекеттер Достатығы келді деген 8 желтоқсандағы
мәлімдемесінен кейін берісі ұлтаралық, азаматтық соғыс, әрі
ядорлық апат болып кетпес пе екен деген қауіп үстінде болғанын
қаперден шығармауымыз керек.
Содан бері 16 жылдай уақыт өтті. Тәуелсіздігіміз орнықты,
қазақ мемлекеттігі қалыптасты, Біріккен Ұлттар Ұйымына, басқа
да белді халықаралық ұйымдарға мүшеміз, әлемдік деңгейдегі
қоғамдық саяси форумдарды Астанада, Алматыда өткізетін
күнге жеттік. Қазақстан, оның Президенті Н.Назарбаев орасан
зор беделге ие екенін Астанада сәтімен аяқталған әлемдік және
дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі, оның алдында Санкт-
Петербургте өткен үлкен сегіздік басшыларының жиыны бүкіл
әлемге паш етті. Қазақстанның байырығы халқы қазақтар екеніне
енді ешкімінің күдік-күмәні жоқ.
Демек, «Қазақстан Республикасын» «Қазақ Республикасы»
атауымен өзгертетін сәт туды. Бұған еліміздің ішіндегі
демографиялық ахуал да міндеттеп отыр. Сонау XV ғасырда
қазақ хандығы деген атпен тарих сахнасына шыққан мемлекет
қазақ халқының елі екенін айғақтайтын бұдан артық қанай
көрсеткіш керек.
«Стан» жұрнағынан арылудың ешқандай сөлекеттігі, тіпті
салдары жоқ екенін көрші қырғыздар әлдеқашан дәлелдеді. Баз
біреулер ел атын өзгерту қосымша шығынды талап етеді деген
желеуді алға тартады. Иә, шығындаламыз, рас. Бірақ тап сол
шығын бүгінгі қазақ елінің экономикасына маса шаққандай
жайсыздық туғызбайды.
Ал жер атауының қалыптасу заңдылығына келсек,
алдыңғыдан өзгеше жайтты көреміз. Бүгінде тілдік қорымызға
«жер аты – тарих хаты» деген тамаша сөз орнықты. Мемлекет
атауында ұлттық-этникалық мазмұн басым түсіп, ол ұзақ мерзімді
әрі тұрақты сақталуымен ерекшеленсе, жер атауларының
құбылмалығы, нақты ахуалға байланысты тез ұмытылып, тез
өзгеретіні байқалады. Әрине, қандай жағдайда да топонимикалық
мұра толығымен, біржолата із-түзсіз жойылып кетуі мүмкін емес.
Сондықтан да еліміздегі жер-су аталуарында қазақ қазақ болғанға
13
дейінгі, қазақ хандығы дәуіріндегі, отарлау мен тоталитаризм
қыспағы кезіндегі қыртыс-қатпарлар бар. Осылардың арабтан,
моңғолдан, жоңғардан, түркі тектес көрші халықтардан
ауысқандары ұлттық санамызға, тарихымыз бен тілімізге
сіңісті болып кеткені соншалықты, қазір еш жатсынбаймыз.
Мән-мағынасын түсіне бермесек те, әбден қазақыланып кетті.
Біріншіден, ұзақ тарихи мерзім боларын болдырып, бояуын
сіңірді, екіншіден, ол атаулардың берісі түркілік, әрісі шығыстық
тамыры қазақ қоғамына етене жақын еді.
Бізді алаңдататыны отарлық және кеңестік топонимика.
Осыны тезге салатын уақыт келді. Ономастика оңалмай
елдігіміздің бетіне шіркеу түсіру тыйылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |