Ономастиканың зерттеу нысанасы мен зерттелу тарихы, ономастикалық номинация



Дата27.11.2022
өлшемі16,97 Kb.
#52934
Байланысты:
1 тақырып


Токтажанова АК
Ономастиканың зерттеу нысанасы мен зерттелу тарихы, ономастикалық номинация
XX ғасырдың 30-жылдары ономастика ғылым ретінде дәрежеге ие болды. 1930 жылы Альбер Дозаның нұсқауы бойынша әр елде жыл сайын екі рет өтетін І-ші Халықаралық ономастикалық конгресс Францияда шақырылды. 1949 жылы Бельгияда 1950 жылдан ономастика бойынша библиография жасайтын «Онома» журналын шығарушы ЮНЕСКО шеңберіндегі Халықаралық ономастикалық комитет құрылды. Ғылыми пән ретінде құрылғанға дейін ономастика үш кезеңді басынан өткізді:
— ғылымға дейінгі (XIX ғ. дейін);
— ономастиканың ғылым ретінде қалыптасуы алдындағы кезең (ХІХ-ХХ ғ.ғ. басы);
— ғылыми кезең (XX ғасырдың 30-жылдарынан қазірге дейінгі уақыт).
Г.Б.Мәдиева қазақ ономастикасының қалыптасуы мен дамуының үш кезеңін шартты түрде былай сипаттайды:
— бірінші кезең — 1949-1970-ші жылдар. Бұл кезеңде қазақстандық ономастикалық мектеп қалыптасты; қазақ топонимдері мен антропонимдері зерттелді, олардың этимологиясы, құрылымдық және лексика-семантикалық топтары анықталды; топонимиялық жүйенің стратиграфиясы айқындалды; географиялық терминдердің топонимдер жасаудағы орны мен рөлі анықталып, зерттелді;
— екінші кезең — 1970-1995 жылдар арасы. Бұл кезеңде аймақтық, топонимиялық зерттеулер дами түсті; ономастикалық теорияларға назар аударылды; топонимдер мен антрононимдер этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады; ономастикалық зерттеулердің ауқымы кеңейді — космонимдер, зоонимдер, Қазақстан территориясындағы орыс топонимдері зерттелді; топонимиялық және антропонимиялық атауыштық уәждер анықталды; түркі-моңғол топонимиялық сәйкестіктері зерттелді; ономастикалық қолданбалы аспектілер қарастырыла басталды, транскрипция мен транслитерация негіздері жетіле түсті, жалқы есімдерді стандарттау мәселелері қарастырылды, ономастикалық сөздіктер жасалды;
— үшінші кезең — 1995 жылдан күні бүгінге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде аймақтық топонимиялық зерттеулер өз жалғасын тапты; ономастикалық (топонимиялық, антропонимиялық) сөздіктер жасалды; топонимдер мен антропонимдердің салғастырмалы зерттеулері даму үстінде; ономастикалық зерттеулердің нысандары эргоним, идеоним, мифонимдер болуда; жалқы есімдерді зерттеуде жаңа әдістер мен бағыттар қолданыла бастады.
Ономастика қазақ тілі лексикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, ол ерекше лексикалық жүйе ретінде қаралып, оны зерттегенде жалпы тіл бөліміне тән методология мен әдістемені қолданып жүрміз. Ономастикалық зерттеудің мынадай негізгі бағыттары бар: тізімдегі ономастикалық жүйелердің дамуы мен қолданыс аясын зерттейтін теориялық ономастика, материалдарды сипаттамалы ономастика атаулардың шығу, пайда болу жолын, олардың бір атаудан екінші атауға ауысуын, атаулардың белгілі бір тарихи дәуірлерге тәндігін зерттейтін тарихи ономастика, ономастикалық материалдардың күнделікті тұрмыста қолданылуы жайлы ұсыныс, нұсқау беретін қолданбалы ономастика, көркем әдебиет шығармаларындағы атауларды зерттеумен шұғылданатын поэтикалық ономастика [3,35-б]. Ономастика мәселесінің ұлттық сана қалыптастырудағы қарқынды дамуы – оның саралануына және дамуына себепші факторлардың бірі. Ономастика салаларының бірнеше түрлерінің бар екендігін айта отырып, олардың ғылыми тұрғыдан зерттелу деңгейінің бірдей еместігін анық байқауға болады. Сондықтан қазақ тіл білімінің маңызды міндеттерінің бірі – қазақ ономастикасын және оның жаңа бағыттарын кешенді түрде зерттеу болып табылады. Негізінде, бұл бағыттардың белгілі бір мақсаты, міндеті мен жол-жөні, әдістері болады. Дәлірек айтсақ, қазіргі ономастика кешенді ғылым болып табылады: ол әртүрлі филологиялық, гуманитарлық, жаратылыстану, әдебиеттану ғылымдарының әдістері мен мүдделерін қамтиды, оның дамуына филолог-лингвистер, фольклоршылар, тіл тарихын зерттеушілер, әлеуметтанушылар, философ-логиктер, тарихшылар, қоғамтанушылар, географтар, мифологтар, астрономдар, археоРухани жаңғыру 5 ХАБАРШЫ Ономастикалық логтар, мәдениеттанушылар, т.б. қатысады. Дегенмен ол ең алдымен тіл біліміне қатысты. Көпшілік мұны тек ономастика жеке ғылым статусын алғаннан кейін ғана XX ғасырда мойындады. Оның бергі жағында еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ономастика ғылымы қайта түлеп жаңғырды.
Қазақ ономастикасының даму барысындағы үш кезеңге де тән ономастикалық зерттеулердің басты ерекшеліктері төмендегідей: 1) негізінен антропонимдер мен топонимдер зерттелген; 2) антропонимдер мен топонимдердің этимологиясы, стратиграфиясы, құрылымдық-сөзжасамдық лексика-семантикалық топтары қарастырылған; 3) Қазақстанның көптеген аймағы топонимиялық зерттеулермен қамтылды; 4) тоқсаныншы жылдардан кейін аймақтық топонимия лексика-семантикалық, морфологиялық бағыттармен қатар, этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1) Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер.- Алматы, 1965 -142 бет.
2) Мәдиева Г., Иманбердиева С. Ономастика: зерттеу мәселелері.– Астана, 2005.- 240 бет.
3) Мадиева Г. Теория и практика ономастики. – Алматы, 2003.- 152 стр.
4) Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. – Астана, 2006.- 400 бет.
5) Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері/ Б.Тілеубердиев.- Алматы: Арыс, 2007.- 278 бет.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет