Бертольт Брехт (1898-1956) - немістің атақты драматургы, драма теоретигі, режиссер, прозаик әрі ақын. Мюнхен университетінде білім алып, әдебиет пен философияны, кейін медицинаны оқыған. 1918 жылы майданға аттанып, Аугсбергтегі госпитальде санитар болған. 1924 жылы Брехт Берлинге келіп, онда неміс театрында драматург қызметіне орналасады. 18 ғасырдың ағылшын драматургы Джон Гэйдің «Бейшаралар операсы» атты шығармасының желісінде жазылған Брехтің «Үш тиындық операсы» (1928) үлкен жетістікке ие болады. Б. Брехт 20 жылдардың ортасынан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін «эпостық театр» теориясымен айналысып, «Опера жайлы» (1930), «Тәжірибелік театр жайлы» (1939), «Театрға арналған шағын органон» (1949), «Театрдағы деалектика» (1953) атты мақалалары мен трактаттарында театр мәселелерін сөзге тиек етеді.
Фашисттер Польшаға басып керген сәтте Б. Брехт Отыз жылдық соғыстың тарихы жазылған «Кураж апай мен оның балалары» (1939) атты драмасын аяқтап қалған еді. Кураж апай соғыста балаларын жоғалтса да, бұл соғыстың сырын түсінбейді. Оқырмандар мен көрермендер ұлдарынан айырылған осы ананың өмірінен сабақ алады.
Брехтің «Галилейдің өмірі» атты драмасы үлкен жетістікке ие болып, екі рет басылып шығады. Бұл пьесаның бас кейіпкері ұлы ғалым Галилео Галилей мен оның шәкірті Андре Сартидің арасында айтыс жүреді. Шығармада ғалымдар өздернің жаңалықтары мен ғылымдағы ашылулары үшін жауапты екені айтылады. Брехтің туындысы әлі күнге дейін адамзат баласына ескерту ретінде өз маңыздылығын жоғалтпады.
Эрих Мария Ремарк (1898-1970) он жеті жасында гимназияны бітіре салысымен, майданға аттанып, бес рет жарақаттанады. Соғыстан кейін провинцияларда мұғалімдік қызмет атқарып жүріп, кейін Берлинге қоныс аударады. Ремарк соғыстан оралған соң өзінің «Өзгеріссіз Батыс майданында» (1929) атты тамаша романын жазып шығады. Бұл шығармада автор тек оқиғаның куәгері ретінде емес, соғыстың құрбаны ретінде танылады. Ремарк «Қайта оралу» (1931) атты романында да соғысқа қатысқан сарбаздардың бейбіт өмірге қайта оралуы жайлы жазады. Ол дене жарақатын алған немесе рухани азған жандардың соғыс туралы естеліктері мен достарының мәйіттерінен өмір бойы айырыла алмайтындығын айтады.
1932 жылы Ремарк Швейцарияда тұрып, ем алады. Осы кезде оның кітаптары ұлтшылдардың бұйрығымен көпшілік алдында өртенеді. Ол Швейцариядан Францияға, кейін 1939 жылы Америкаға қоныс аударады. Ремарк «Үш жолдас» (1938) атты шығармасында «фашизм», «ұлтшыл» деген сөздерді қолданбаса да, өз замандастарының алдағы қиындықтарын айтады. Ремарктың көптеген шығармаларында махаббат ұшқыны баяу пайда болып, кейіпкер бір сәтте махаббаттың өмірдегі ең құнды нәрсе екенін түсінеді.
Ұлтшылдық жойылғаннан кейін Иоганнес Р. Бехер, Бертольт Брехт, Эрих Вайнерт, Анна Зегерс, Арнольд Цвейг, Леонгард Франк сынды көптеген қуғын-сүргінге ұшыраған фашизмге қарсы жазушылар өз Отандарына қайта оралады. Бехердің басшылығымен 1945 жылы маусымда Германияны қайта жаңарту үшін Культурбунд - мәдениет қызметкерлерінің одағы құрылады. Культурбунд ұлттың рухани дамуы үшін күрескен барлық өнер қайраткерлерінің басын қосады. Одақта қуғын-сүргінге ұшыраған неміс жазушыларының еңбектері шығарылатын «Ауфбау» басылымы пайда болады.
XX ғасырдың ортасына қарай неміс әдебиетінде жазушылардың жаңа толқыны пайда болды. Германияның халқы сияқты неміс әдебиеті де екіге бөлінеді. Шығыс Германияның жазушылары жаңа заман адамдарын қайта тәрбиелеуді басты орынға қойып, өз шығармаларында әдетте ұлтшылдықтан бас тартуға шақырады. Мұндай шығармаларға Д. Нолльдің «Вернер Хольттың басынан кешкендері», М.В. Шульцтың «Біз желге қарсы қойылған тозаң емеспіз» атты романдарын жатқызуға болады.
Батыс Германия жазушылары әрбір немістің болған оқиғаларға жауапты екеніне басты назар аударады. Олардың шығармаларында кейіпкерлер өздерінің кінәлары мен қателіктерін түсінеді. Вольфганг Кеппен «Шөптегі кептерлер», «Жылыжай», «Римдегі өлім» атты романдарында, Ганс Эрин Носсак «Д`Артездің ісі» атты шығармасында, Мартин Вальзер «Емен мен қоян» және «Қара аққу» пьесаларында ұлтшылдық саясатына әрбір немістің жауапты екенін дәлелдеуге тырысады.