Ильясибн Йусуф Низами Ганджеви (1141/43-1203/05 ж.) Ганджада дүниеге келген, сол жерде білім де алған. Сол уақытта Ганджа қаласының қолөнершілері топтарға бірігіп, феодал қанаушыларға қарсы көтеріліс жүргізеді. Сол көтерілістердің жаңғырығы Низами шығармаларында да көрініс табады. Сол кезеңде Ганджа қаласы мәдениет пен білімнің орталығы болған. Онда көптеген білімді ғалымдар мен ғұламалар өмір сүрген. Низамидің өлеңдерінен оның түрлі ғылымдардан хабардар екенін көре аламыз. Оның дәлелі ретінде Низамидің шығармаларындағы астрономия, астрология, математика сияқты нақты ғылымдарға жасалған сілтемелерді келтіруге болады (мысалы, математикалық «иррационалды түбір» термині «Жеті сұлу қыз» атты поэмасында орынды қолданылған). Сондай-ақ ақынның тарих пен философия жайлы да терең білімі болған. Ол мұсылман теологиясын, заң ғылымын, логиканы біліп қана қоймай, антикалық философияға да қызығушылық танытқан. Оның соңғы поэмасы «Бестікте» Ескендірдің жорықтарын, ақынның география жайлы түсінігін сипаттайды, ал «Ләйлә мен Мәжнүн» поэмасындағы жұлдызды аспанды керемет сипаттауы оның астрономиядағы білімінің жоғары екенін дәлелдейді. Низами араб және парсы тілдерін жетік меңгерген болатын, сондай-ақ осы тілдердегі әдебиеттермен жақсы таныс болған. Ақынның жеке өмірі жайлы мәліметтер бізге белгісіз. Низамидің әдеби мұрасы ретінде «Бестікте» («Хамса») біріктірілген эпикалық шығармалары, ғазалдары, қасыдалары, өлең шумақтары және лирикалық жанрда жазылған басқа да шығармаларын көрсетуге болады. Кейбір деректерге сүйенсек (Доулат-шах Самарқанди), Низамидің 20 мың бәйттен тұратын лирикалық өлеңдер жинағы болған, бірақ өкінішке орай бізге үлкен лирикалық мұрадан тек 6 қасыда, 116 ғазал, 30 рубаи ғана жеткен.
Низами өмірінің соңғы 30 жылын «Хамса» - «Бестік» атты өткен және сол заманғы тарихи оқиғаларды қамтитын кең көлемді эпикалық шығармалар жинағын жазуға арнаған. «Хамса» – бес маснауи - поэмадан тұратын жанрлық форма. Оның біріншісі – «Сыр сандығы» (1173-1180), екіншісі - «Хосроу мен Шырын» (1181), үшіншісі – «Ләйла мен Мәжнүн» (1188), төртіншісі – «Жеті сұлу қыз» (1197) және соңғысы – «Ескендір-наме» (1203). «Хамсаға» енген алғашқы шығармасы «Махзан әл-асрар» («Сыр сандығы») 1173-1179 ж. аралығында жазылған. Ол - Шығыс Ирандағы (Хорасан мен Орталық Азия) атақты дидактикалық-философиялық жанрмен жазылған поэма. Кітап кіріспеден және мақала деп аталатын 20 бөлімнен тұрады. Бірінші мақала Адам атаның жаратылуы туралы - адамның әлемдегі негізгі қызметі жайлы ойлардан, екінші әңгіме билеушілерге арналған әділеттілікке алып келетін рухани игілікті сақтау жайлы кеңестерден, үшінші әңгіме өмірдің құбылмалылығы мен ақынның қайғы-қасіретке толы жырларынан тұрады. Кейін ақын кәрілік, «құдайдың жаратқан мақұлығы», адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас, адамның әлемге деген қарым-қатынасы сияқты маңызды мәселелерді де сөз етеді.
Бұл бес поэма тек әзірбайжан халқының ғана емес, сонымен қатар бүкіл Таяу Шығыс халықтарының әдеби қазынасына айналған. Осындай керемет үлгідегі туындыны жарыққа әкелген ортағасырлық ақын-классик Низами Ганджавидің шығармашылығы әлемдік мәдениетті толықтырып, оның алтын қорына енеді. Низами шығармалары Таяу және Орта Шығыс ақындарының шығармашылығына үлкен ықпалын тигізеді.